Ақбөпе Әбілқасымова: Сот және құқық қорғау жүйесі қалай өзгеріп жатыр?
Сот жүйесі мен құқық қорғау органдары жұмысы үздіксіз реформаланып келеді. Алайда, одан шыққан нақты оң нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай емес.
Десе де, соңғы өзгерістер қатқан сеңді қозғалтып, жақсы хабар беретіндей. Осы ретте қазақ сотының жүйесі қысқаша шолу жасап көрген едім. 2000 жылы 25 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңға соңғы 23 жылда 24 рет өзгеріс енгізілген екен. Жалпы, елімізде Жоғарғы Сот және жергілікті сот санатынан тұратын бірыңғай сот жүйесі жұмыс істейді. Жергілікті сот жүйесіне – облыстық және оларға теңестірілген соттар мен аудандық және оларға теңестірілген соттар жатады. Одан бөлек, әскери, экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі, қылмыстық істерді қарау және басқа да мамандандырылған соттар жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда аудандық және оған теңестірілген 390 сот (2021 жылы – 392), оның ішінде 134 мамандандырылған сот (2021 жылы – 125) жұмыс істейді, атап айтқанда:
27 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша сот,
21 ауданаралық әкімшілік сот,
қылмыстық істер бойынша 21 ауданаралық сот (оның ішінде әскери сот),
кәмелетке толмағандар жөніндегі 20 ауданаралық сот,
20 ауданаралық экономикалық сот,
20 тергеу соты,
гарнизондардың 5 әскери соты.
Одан бөлек, 22 азаматтық, 21 қылмыстық және 213 жалпы юрисдикциялық сот бар (оның 52-сі шалғай аймақтарда орналасқан). 2022 жылғы 31 желтоқсандағы ахуал бойынша Қазақстанда 21 облыстық және оларға теңестірілген сот жұмыс істейді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы 18 сот болған екен.
Жоғарғы Сот – азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша жалпы юрисдикциясы бар және сот қызметіне қатысты сұрақтар бойынша түсініктеме беруге құзырлы жоғары сот органы болып есептелінеді.
Барлық деңгейдегі сот судьялары өкілеттігі бойынша айырмашықтары бар бірыңғай мәртебеге ие. Судьяның тәуелсіздігі Конституция мен заң талаптарына сәйкес қорғалады. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында судьялар тәуелсіз және тек Конституция мен заң талаптарына ғана бағынады. Ешкімнің сот төрелігін іске асыруға араласуға және судья мен алқабилерге қандай да бір ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай теріс әрекеттер заң бойынша қудаланады. Енді, 2019 жылдан бастап сот жүйесінде қандай реформалар жүргізілді деген сауалға жауап іздеп көрейік. Жүйені одан ары жетілдіру үшін тағы не қажет?
«Қазақстан Республикасы азаматтарының арыз-шағымдарының дені сот және құқық қорғау жүйесінің жұмысына қатысты. 2022 жылдың 9 айы ішінде Президент әкімшілігіне 41 мың азамат шағым жолдаған. Әрбір төртінші арыз құқық қорғау органдары мен сот шешімдерімен келіспеушілікке арналған». Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 19 қазанда Алматы облысы жұршылығымен кездесуде сөйлеген сөзінен үзінді.
Сот жүйесін цифрландыру
Сот жүйесін цифрландыру – бұл осы жүйеде жасалған үлкен ілгерілеушіліктің бірі саналады. Оның негізінде, судьялар корпусының жұмысы, заңгерлер мен адвокаттардың, сот кабинетін пайдаланатын басқа да мамандардың жұмысын жеңілдететін ірі IT-жобалар іске асырылды. Атап айтқанда:
«Сот практикасы» жобасы. Жоба соңғы 5 жылда азаматтық істер бойынша шамамен 2,5 млн сот актілерін қамтиды. Бұл барлық судьяларға бірдей қол жетімді, сот практикасындағы ұқсас жағдайларды тез және оңай табуға мүмкіндік береді. Табылған құжатты барлығы да өздері шешім қабылдау барысында кедергісіз қолдана алады. Барлық деректер автоматты түрде біріктірілген. Ал тиісті талдау сүзгісінен өткен деректер аймақты, сотты, істің санатын және т.б. таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бағдарлама арқылы апелляциялық, кассациялық тұрғыда қанша шешімге шағым жолданғанын білуге болады.
Адвокаттар мен заңгерлерге, сондай-ақ, қарапайым пайдаланушыларға да қолжетімді «Талдау» форумы. Ол жерде, дау-жанжалды түрлі санат бойынша жіктейтін сот практикасы бір жүйеге келтірілген. «Талдау» форумы Жоғарғы соттың ресми сайты базасында қолжетімді. Аталған жоба – істер мен материалдар санатын бірыңғай жіктеу, сот практикасын жалпылау, сот актілері банкі, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жекелеген нормативтік қаулылары негізінде қалыптастырылған. Бұл қызметті электрондық-цифрлық қолтаңбамен «Сот кабинеті» сервисіне кіріп, тіркелу арқылы пайдалануға болады.
Бірыңғай сот практикасын қалыптастыру мақсатында әзірленген «Судья күнделігі» және «шешім қабылдау бойынша ұсыныстар» жобасы.
Судьяларға арналған тағы бір IT-жоба – жасанды интеллект элементтерін пайдалануға мүмкіндігін беретін «цифрлық сот талдауы» жобасы. Сервис модульдері сот істерін тек сөзбен емес, нақты жағдайға байланысты іздейді. Осының көмегімен ізденуші барлық сот органдары шешімдерін бақылай алады. Бағдарлама сот шешімдерінің мәнін түсінуге, оларды бір-бірімен салыстыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, барлық деректердің талдау қорытындысы – жасанды интеллектіге істің нәтижесін алдын ала болжауға жағдай жасады.
Бүгінгі таңда Жоғарғы Соттың ақпарат жүйелері сотқа келіп түскен барлық материалдарды бақылауға ала алады. Онлайн режимінде сот қызметінің 700-ден астам аспектілерін қадағалауға, талдамалық баяндамалар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы бағдарламаның арқасында судьялардың қарауына жатпайтын және талассыз талаптарды қамтитын істер мен материалдарды қарау уақытының ескіру қаупі толығымен жойылады. Яғни, жаңа бағдарлама – материалды өндіріске енгізгеннен кейін шешім жобасын бірден автоматты түрде дайындаған соң, судья оны тексеріп, қолын қояды. Мысалы, заң бойынша сот орындаушысының борышкердің елден шығуына шектеу қою туралы қаулысын қарау мерзімі – 3 күн деп белгіленген. Мұндай шешім қабылдаудың құқықтық тұрғыда еш қиындығы жоқ. Ең басыты судья борышкердің қайтаруы тиіс қаржысының көлемі 40 АЕК-ке тең немесе одан асатынын білуі және борышкер толық мән-жай мен тиісті талап мерзімі сақталғанынан хабардар болуы тиіс.
Әкімшілік әділет институтын құру
2021 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі елімізде қолданысқа енгізілді. Осы құжаттың негізінде Әкімшілік әділет мекемесі құрылды. Жаңа құрылымның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың кінәлілік презумпциясы қағидатын сақтай отырып, азаматтар мен бизнесті шенеуніктердің теріс әрекеттерінен қорғау. Мемлекет басшысы өзінің алғашқы Жолдауында Әкімшілік әділет құзыретін құру ұсынысын – азаматтардың мемлекет аппараты алдында тең құқылы дәрежедегі дауларды шешудің ерекше тетігі деп айтқаны есте. Ол үшін Жоғарғы Сотта 10 судьядан тұратын алқа тобы құрылды. Олардың тең жартысы ешқашан судья болмаған, бірақ заңгерлік тәжірибесі мол және корпоративтік даулардың, салықтардың, қаржы сұрақтарының қыр-сырын меңгерген мамандардан құралды. Жаңа әкімшілік соттар бір жыл ішінде 24 мың істі қарады. Әрбір екінші істе мемлекеттік органдардың талабы қанағаттандырылмады (жеке сот орындаушыларына қатысты сот істерін есептемегенде бұл жалпы көрсеткіштің 55% құрайды).
Алайда, өткен жылдары азаматтық сот ісін жүргізген судьялар орын алған дау-жанжалдың 85%-ын мемлекеттік органдардың пайдасына шешіпті. Бұрын сот істері тараптар тең азаматтық іс жүргізу кодексіне сай бекітілген рәсімдер бойынша өткендіктен, жеке тұлғалар мен бизнес өкілдеріне тұтас заңгерлер штаты мен әкімшілік ресурсқа ие мемлекеттік органдарға қарсы тұру қиынға соғатын еді. Ендігі жерде, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес кез келген іс-әрекетке немесе әрекетсіздікке не шенеуніктердің шешіміне қарсы сотқа шағымдануға болады. Бұл мүмкіндік кейінгі уақытта өте жиі қолданылып жүр. Сондай-ақ, бұрын мемлекеттік органдардың татуласуға құқығы болмаған еді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қазір мемлекеттік органдарға дау туындаған жағдайда татуласу құқығын берді. Бұл сонымен қатар азаматтар мен бизнеске де сотта болатын дау-жанжалдарға уақыт пен қаржыны кетірмей мемлекеттік органдармен мәселені жылдам шешуге мүмкіндік береді.
Судьялардың тәуелділігін жою
ҚР Конституциялық заңымен (21.02.2019 № 226-V) облыстық соттарда төралқа органы таратылды. Бұрын олардың құрамын төрағалардың өздері анықтайтын және солар арқылы судьяларды жазалау туралы материалдарды Сот қазылығына беретін. Ендігі жерде ондай істерді төралқа құрамы емес, облыстық соттың барлық судьялары жасырын дауыс беру арқылы шешеді.
Бұған дейін сот төрағалары әр аймаққа ауысу арқылы сот төрағалығын 20-30 жыл бойы басқарып отыра беретін. Қазір бұл тәжірибе тоқтап, олардың қызмет ету мерзімі қысқартылды. Бүгінде төрағалар ең ұзақ дегенде 10 жылдан аспайтын мерзімге 2 рет қана тағайындала алады.
Құжаттарды қабылдау процесі автоматтандырылған соң кез-келген төрағаның қажетті істерді өзіне ыңғайлы судьяға бұрып жіберу мүмкіндігіне шектеу қойылды. Нәтижесінде, сыбайлас жемқорлық ықтималдылығының тағы бір қаупі сейілді деуге болады.
Судьялардың тағдырын шешетін Жоғарғы Соттың қарауындағы Сот қазылығы мен резервтік Комиссия – Жоғарғы Сот Кеңесінің қарауына берілді. Соның негізінде ешкімге тәуелділігі жоқ бұл алқалы орган – барлық деңгейдегі судьяларды конкурстық негізде іріктеп, оларды мансаптық ілгерілетуді және тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе қажет болған жағдайда жұмыстан босату ісімен айналысатын болды.
Судьяларды іріктеу тәртібі өзгертілді. Қойылатын талаптар күшейтілді. Заманауи HR әдістемелері, тест, сұхбат, полиграфпен тексеру, сот практикасынан нақты оқиға желісіне құралған міндеттерді шешу, берілген тақырып бойынша эссе жазу талаптары енгізілді. Жоғары Сот Кеңесі жүктелген өкілеттіктерді жүзеге асыру барысында кадрларды іріктеудің барынша ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл мақсатта 2022 жылы қараша айында конкурс рәсімдерін онлайн-трансляциялау институтын енгізу, сондай-ақ олардың қорытындылары бойынша толыққанды және дәлелді түсініктемелер жариялауды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданды.
Осының нәтижесінде оң өзгерістер байқала бастады. Мысалы егер бұрын әрбір 4-ші үміткер судья атана алса, 2019 жылдан бастап бұл лауазым әрбір 20-шы үміткерге әрең бұйыра бастады. 2018 жылға дейін Біліктілік комиссиясы жүздеген үміткерге келісім беріп келсе, 2019 жылы – 10, 2020 жылы – 13, 2021 жылы – 28 үміткерге оң шешім шықты.
2022 жылдың қорытындысында бастапқыда біліктілік емтиханына жіберілген 598 үміткердің 58-і (9,7%) ғана сынақты сәтті тапсыра алды. Компьютерлік тестілеу, эссе жазу, мысал ретінде берілген оқиғалар бойынша шешім шығару және психологиялық тест тапсыру кезеңдерінен өткен 55 (9,2%) адам қазір арнайы тексеру нәтижелерін күту үстінде. Салыстыру үшін, 2021 жылы үміткерлердің 11% (256-дан 28) барлық сынақтан өткен болатын.
2022 жылдың 31 желтоқсанындағы ақпарат бойынша судьялардың штат саны 2719 бірлікті құрайды. Оның ішінде нақты қызметтегілердің саны – 2374 судья. Қалған 345 судья лауазымы (немесе судьялардың жалпы штат санының 12,7%) бос тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы судьялардың жалпы штаттық саны 2684 бірлікті құраған болатын. Оның ішінде, 2367 судья нақты қызметтегі, ал бос орындар саны – 317 бірлік (немесе 11,8%)[1] болатын.
2022 жылы Жоғары Сот Кеңесі мен оның жұмыс органдары құрамында кадрлық өзгерістер болды. Биліктің атқарушы тармағының судьяларды іріктеу процесіне ықпалын азайту және Жоғары Сот Кеңесінде қоғам өкілдерінің үлесін арттыру мақсатында оның құрамынан Әділет министрі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы шығарылды.
2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жоғары Сот кеңесінің кадрлық функциялары бар толыққанды институт ретіндегі мәртебесін күшейту ісі қолға алынды. Бұл міндетті орындау үшін Сот төрелігі Академиясын Жоғарғы Соттың қарауынан Жоғары Сот Кеңесінің құзырына беруді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот құзырынан қызметтегі судьялардың өкілеттігін тоқтата тұру немесе жою мәселелерін қарау, судья қызметіне талап етілетін заңмен бекітілген шекті жасты ұзарту, Жоғарғы Сот судьялары мен аудандық сот төрағаларын сайлау элементтерін енгізу бойынша бірқатар кадрлық функцияларды алып қою көзделген.
Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту
2019 жылдың сәуір айында судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту реформасы жүргізілді. Сот қазылығы сот билігінен бөлініп, Тәуелсіз тәртіп органы ретінде Жоғарғы Сот кеңесіне берілді. Оның мүшелерін іріктеу жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Оның негізінде судьялар қауымдастығына өзінің құрамына ең лайықты кандидаттарды өзі дербес таңдау құқығы берілді. Оның құрамына судьялардан басқа екі қоғам өкілі және Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі кірді. Тәртіптік жауапкершіліктің негізі ретінде саналатын судьяның еңбек тәртібін бұзу фактісі заңнан алынып тасталды. Судьялардың тәртіптік жауапкершілігін қарауға бастамашы бола алатын субъектілер шеңбері кеңейтілді. 2021 жылы желтоқсан айында жазаның бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету үшін судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімі – олар теріс әрекет жасалған күннен бастап бір жылдан екі жылға, теріс әрекеті анықталған күннен бастап үш айдан бір жылға ұзартылды.
2022 жылдың ақпан айында тәртіптік істерді қараудың жаңа мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін тәртіптік іс жүргізуге бастамашылық жасау тәртібінің регламенті әзірленіп, Сот қазылығының шешімдерді қайта қарау тетігі енгізілді. 2022 жылы Сот жюриі 13 отырыс өткізіп, 78 судьяға қатысты 92 тәртіптік іс (оның ішінде бір судьяға қатысты бес рет, бір судьяға үш рет және сегіз судьяға екі рет) және тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау бойынша 1 материал қаралды.
Сот жүйесін реформалаудың қорытындысы
Жоғарыда жазылған реформалардың барлығы да әрине сот жүйесінің кезең-кезеңмен өзгеруіне ықпал етіп жатқанымен, жалпы халықтың дәл қазіргі сот жүйесіне деген сенімінен толық шықты деп айтуға әлі ерте. Бұл ретте, сот жүйесін одан әрі өзгерту қажет. Атап айтқанда, сот қызметін қамтамасыз етуде әкімшілік және шаруашылық жұмыстармен айналысатын сот әкімшісін тағайындау арқылы аудандық және облыстық сот төрағаларының лауазымдарынан құтылу қажет.
Сондай-ақ, алқабилер сотының қарауына тиесілі істер санатын кеңейту ұсынылады. Біздің еліміздегі алқабилер соты жүйесі 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. 15 жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда алқабилер соты қараған істердің 10% ақтау үкіміне жетті. Жалпы сот отырыстарында бұл көрсеткіш 1,5-2% құрайды. Алқабилер соты 2015 жылдан бастап аса ауыр қылмыстардың 14 құрамын қарайды. Біз алқабилер сотына ауыр қылмыстарды қарауға рұқсат беру арқылы бұл көрсеткішті тағы да арттыра алар едік.
Қарапайым азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін қалпына келтіретін және судьялардың өздері қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігін арттыратын тағы бір өзгеріс – аудандық сот судьяларын жергілікті тұрғындардың дауыс беруімен сайлау тетігін енгізу. Бұл жерде, егер судья ел сенімін ақтамаған жағдайда, халықта оны орнынан босататын құқық болуы қажет. Сондай-ақ, азаматтарға апелляциялық сатылардың шығарылған барлық қаулылар бойынша (100%) Жоғарғы сотқа шағымдануға мүмкіндік беру қажет. Себебі қазіргі уақытта бір судьяның ғана кассациялық шағымының тағдырын анықтау азаматтардың тең құқылы қақысын бұзады. Осы өзгерістер енгізілген жағдайда сот жүйесінің шынайы сот төрелігіне қарай эволюциясы әлдеқайда жылдам жалғасар еді деп санаймын.