Пандемия босқындарға қалай әсер етті? Сарапшы пікірі

Айшолпан КЕРІМ

  • 17.03.2021

ҚР ІІМ министрлігі көші-қон қызметі комитетінің 2020 жылдың 30 маусымына дайындаған статистикасына сәйкес, елде 491 адам босқын мәртебесін алған. Қазақстандағы босқындардың пандемияға дейінгі және кейінгі өмірінде айырмашылық бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюро заңгері Гүлмира Қуатбекова жауап берді.

Жұмыс берушілер босқындардың кім екенін түсіне бермейді

Босқындарға қатысты біздің заң біраз cұйықтау, яғни іс жүзіне  келгенде дұрыс жұмыс істей алмай тұр. Бізде босқын мәртебесін тек бір жылға береді. Еңбек кодексіне байланысты, келісімшарт бір жылға жасалады. Егер босқын мәртебесін үш ай бұрын алып қойсам, енді еңбек келісімшартына отыру мүмкін болмай қалады. «Босқын статусының уақыты созыла ма, созылмай қалса ше?» деген оймен жұмыс берушілер де бас тартады.Заң бойынша, еңбек етуге құқылы болғанымен, бұл заң іс жүзінде жүзеге аспай отыр. Жұмыс берушілер де босқындардың кім екенін түсіне бермейді, заңды білмейді және қорқады. Тек бір жылдық еңбек келісімшартына отыру оларға да тиімсіз. Сол себепті, меніңше босқын мәртебесін тым құрығанда 3 жылға беру керек.

Олар жұмысқа тұрған күннің өзінде зейнетақы аударылмайды, медициналық көмек алуы да қиын. Сондықтан босқындар көбіне базарлар мен автокөлік жөндейтін жерлер, құрылыс орындарында жұмыс істейді. Бірақ қолдарында ешқандай қағазы жоқ. Осыдан соң, полиция қызметкерлері «Еңбек етуге рұқсат қағазы жоқ» деген желеумен ұстап жатады. Алайда босқын – пана іздеушілерге жұмыс істеу үшін жергілікті өкілетті органдардың рұқсат қағазы керек емес. Олар «босқын» мәртебесіне сәйкес еңбек етуге құқылы. Жұмыс берушілер болсын, өзгелер де осы заңдарды жете білмеген соң, елімізде босқындар құқығы жиі бұзылады.

Ықтияр хат азаматтық кепілі емес

Елдегі босқындар азаматтық алғанша шетел азаматы болып есептелетіндіктен, құқықтық шектеулер көп. Кейбір елдерде босқын мәртебесі мен ықтияр хат қатар жүреді. Біздің «Босқындар туралы»заңның 14-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы немесе өзге ел азаматтығын алғанша, босқын болып есептеледі.  Көбісі білместіктен, ықтияр хат алған соң, босқын мәртебесінен бас тартып жатады. Мүмкін осылайша өмірі жеңілдейді деп ойлайтын шығар. Алайда, жоғарыда атағанымдай, Қазақстан заңы бойынша, ықтияр хат азаматтық алуға кепіл емес. Егер бір келеңсіздік болып, ықтияр хаты жарамсыз деп танылса, ол тағы бірқатар проблеманың шығуына себеп болады. «Босқын» мәртебесі жоқ болған соң, не Қазақстанда қала алмайды, өз еліне қайту тіпті қауіпті. Осы тұста елдегі босқындардың жартысынан көбі Ауғанстаннан келгенін айта кеткен жөн.

Құзыретті органдар мен полиция қызметкерлерінің тікелей жұмысы – босқындықтан азаматтық алмайынша бас тартпаған жөн екенін түсіндіру. Босқындар білместікпен, ықтияр хатпен заң тұрғысынан өмір жеңілдейді, шектеулер азаяды деп ойлайды. Құзіретті органдар да өздері «Босқын» мәртебесінен бас тартқанын айтып отыра береді. Ол өте үлкен қате. Бас тартқандардың өздерінен сұрасақ, құзырлы органдар «бас тартамын» деп жазыңыз дегенін айтады. Біз осы шиеленісте кімге сенерімізді де білмейміз және бұл сот процестерінде де қиындық туғызады.

Пандемия кезінде олардың жағдайы тіпті қиындады

Бұл азаматтар азшылық топ өкілдері болғандықтан, заңды біле бермейді, тіл білмеген соң, үнемі келеңсіздіктерге тап болып отырады. «Қызыл жарты ай» ұйымы да  бізбен біріге жұмыс істеп, материалдық көмек көрсетеді. Алайда берілетін қаражат тек олардың пәтерақысын төлеуге жетеді. Ал мемлекет тарапынан бұл азаматтарға ешқандай материалдық көмек көрсетілмейді.

Бұл кісілер тіпті пандемия кезінде мемлекеттен ешқандай әлеуметтік көмек те ала алмады. Медициналық көмек алу мен табыссыз қалу қиындығымен бетпе-бет келді. Тек «Қызыл жарты айға» жүгінгендерге көмек көрсетілді, ал оны білмейтіндер қаншама. Үнемі қиын жағдайға тап бола қалсаңыз, осы ұйымға барып, арыз қалдырыңыздар деп айтып отырамыз.

Дер кезінде хабар берсе, ешкімнің босқындарды жауапқа тартуға құқығы жоқ

Бұдан өзге босқындар қайта-қайта бетпе-бет келетін тағы бір мәселе бар. Өз елдеріндегі жағдай тіпті қиын болып, шекараны заңсыз кесіп өткен жағдайда олар бірден өздерінің жағдайын айтып, босқын ретінде танылуға арыз жазуы керек. Дер кезінде хабар берсе, оларды жауапқа тартуға ешкімнің құқығы жоқ.

Босқындар кез келген жерден көмек сұрауға құқылы. Қазіргі таңда оларға БҰҰ-ның елдегі серіктестері көмектесуде. Біздің ұйым оларға құқықтық, ал «Қызыл жарты ай» әлеуметтік, медициналық көмек көрсетеді. Өзге көптеген ұйымдар мен адвокаттар тікелей «Босқын» мәртебесін алумен айналыспағандықтан, заңды дұрыс біле бермейтіндіктен, нақты көмек көрсете алмауы мүмкін. Сол себепті егер осындай проблемалы адамдар болса, бірден бізге жүгінгені дұрыс.

“Босқын” мәртебесін алған адам өмір сүріп жатқан елдің азаматы атануы мүмкін бе?

Заң бойынша әрбір босқын Қазақстан азаматтығын алуға құқылы. Алайда жоғарыда аталған түсініксіз процесске байланысты, азаматтық алу ісі қиындап жатады. Заңға сәйкес босқын мәртебесі ҚР немесе өзге елдің азаматтығын алған кезде жойылатынына қарамастан, олар ықтияр хат алып, алдын-ала босқындықтан бас тартады. Осыған құзырлы органдардың жол беруінің өзі заңбұзушылық деп есептеймін.

Қазіргі таңда «Босқындар» мәселесін шешу бойынша жұмыс істеудеміз. Бірнеше жылдар ішінде заң реттеліп, бұл азаматтардың проблемасы жеңілдеп, құқықтары іс жүзінде де қорғалады деген үмітіміз бар.

Алайда біздің заңның толық жетілдірілмеуі адамдардың он жылдап «босқын» статусымен жүруіне себеп болуда.

 

Байланысты жаналықтар

Ұлытаулық азамат марганец рудасын заңсыз өндірген

27.09.2024

Бүгінге дейін 57 этникалық қазақ Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін алған

22.09.2024

СҚО-да шетелге кеткен балаларға жәрдемақы төленіп тұрған

18.09.2024

Ринат Зайытов заң жобасын орыс тілінде таныстырған шенеуніктерге ренжіді

17.09.2024

Спортқа жауапты басқарманың экс-басшысы сотталды

17.09.2024

Конституциялық Сот «Төрелік туралы» заңнаманы жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды

14.09.2024
MalimBlocks
Ұлытаулық азамат марганец рудасын заңсыз өндірген

Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді

Бүгінге дейін 57 этникалық қазақ Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін алған

Олар «Ата жолы» бағдарламасына қатысып жатыр

СҚО-да шетелге кеткен балаларға жәрдемақы төленіп тұрған

5 млн теңгеден астам соманы қалтаға басқан

Ринат Зайытов заң жобасын орыс тілінде таныстырған шенеуніктерге ренжіді

Спортқа жауапты басқарманың экс-басшысы сотталды

Сурдлимпиаданың спорт түрлерінен аға жаттықтырушыны заңсыз тағайындады деген айып тағылды

Конституциялық Сот «Төрелік туралы» заңнаманы жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды

Конституциялық Сот жеке тұлғаның өтінішін қарады