Ресейлік сарапшы Қазақстандағы құқық қорғау жүйесін мақтапты
Алматыда халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда шетел сарапшылары Қазақстандағы құқық қорғау және сот жүйесін реформалау кезеңдеріне баға беріпті.
ҚазАқпарат таратқан хабар бойынша, пікір білдірушінің бірі РФ Мәскеу Тергеу комитеті академиясының профессоры, заң ғылымдарының докторы Юрий Голик былай депті: «Әлем өзгеріп жатқанда қылмыспен күрес, құқық қорғау саласы да өзгеруі тиіс. Бұл өзгерістер жиі болып тұруы керек. Құқық қорғау жүйесін реформалау объективті қажеттілік десе де болады. Оны қалай жүзеге асыруға болады? Кешенді түрде. Реформа құрылымдық, ұйымдық, кадрлық көпдеңгейлі сипатта болғаны абзал. Ол темірдей қатты заңға негізделуі тиіс. Қазір қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді кешенді және жүйелі ревизиядан өткізу қажет. Ең алдымен, қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару кодекстері өзгеріске ұшырауы керек».
Ресейлік профессордың айтуынша, осы бағыттағы ең қиыны қылмыспен күрес идеологиясын қалыптастыру екен. «Қазақстан қылмыспен күрес институтын құру барысында белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізді. Біз әлі бір орында тұрмыз немесе жақындап келеміз. Алайда, барлық әлемдегі қылмыстық жүйені, Қазақстандағы өзгерістерді бақылап отырамыз».