"Арыз жазамыз": Нұр-Сұлтан әкімдігі аналарға жала жабуға кірісті ме?
Нұр-Сұлтан әкімдігі он күннен бері әкіммен кездесе алмай жүрген аналарды «жаңсақ пікір қалыптастырушылар» деп атап, заңсыз талаптар орындалмайтынын айтты.
«Белсенділердің мақсаты - басқа аналардың ойына жаңсақ пікір қалыптастыру және оларды адастыру. Мұндай заңсыз талаптар орындалмайды. Тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр, әлеуметтік пәтерлер тек кезек бойынша беріледі», - делінген әкімдіктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Бұдан бөлек, сайтта жарияланған мәлімдемеде аналардың несиелерді қосымша өшіру, кезектен тыс пәтерлер беру, 1 млн теңге көлемінде ақшалай төлемдер беру және т.б. талаптары бар екені жөнінде айтылған.
Наразылық акциясына қатысып жатқан Назира Мукушева әкімдік мәлімдемесінде көрсетілген талаптардың барлығы жалған екенін, осыған байланысты әкімдік үстінен арыз жазғалы жатқандарын айтты.
«Біз туралы «1 миллион теңге сұрады», «заңсыз үй сұрады» деген жалған ақпарат таратуда. Бұндайларға үйреніп қалғанбыз. Біз шыққан сайын нешетүрлі дүние айтады. Осыған байланысты біз арыз жазамыз, оны жайдан-жай қалдырмаймыз. Біздің талаптарымыздың ішінде ондай нәрсе жоқ. Бұның барлығы жала», - дейді Мукушева.
Оқи отырыңыз: Көлгіновтің кабинетіне барған аналарды полиция алып кетті
Бұдан бөлек, Назира Мукушева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновпен кездесуден кейін билік өкілдері аналардың талаптарын тыңдап, «тұрмыстық зорлық-зомбылық» заңына қатысты депутаттармен кездесу ұйымдастыруға уәде бергендерін айтады. Оның сөзінше, аналардың наразылық акциясы осы кездесуге байланысты болмақ. Егер талаптар орындалмаса, онда қарсылық акциясын жалғастыра бермек.
Нұр-Сұлтан қаласында аналар 22 ақпаннан бері наразылық акциясына шығуда. Олар он күн бойы қалалық әкімдік ғимаратына түнеген. Осы уақыт аралығында елорда әкімі Алтай Көлгінов аналармен бірде-бір рет кездеспеген.