"СК-Фармация" экс-басшысына қандай айып тағылғаны белгілі болды
«СК-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріп «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» және «заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау» баптары бойынша айып тағылды.
Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотында «СК-Фармация» комапиясының экс-басшысы Берік Шәріп ісі бойынша сот процесі өтті. Оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 361 – бабының 4-тармағы 3 пункті (қызметтік өкілетін асыра пайдалану) және 287-бабының 2-тармағы 3-4 пункті (заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау) бойынша айып тағылған.
Айыптаушы тарап Берік Шәріп «былтыр бір реттік қорғаныш киімдерін сатып алу кезінде өзге тасымалдаушыларға қарағанда қымбат баға ұсынып, өнімді белгіленген уақыттан кешіктіріп жеткізген компанияға басымдық берген» деп болжайды. Соның салдарынан коронавирус індеті өршіген 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында медицина қызметкерлері жаппай ауырған.
Бұдан бөлек, прокурорлардың айтуныша, Берік Шәріп 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінде қызмет істеп жүрген уақытында қару-жарақ сатып алған және оны заңды тіркемеген. Тінту кезінде қару тәркіленген. «Қару-жарақты заңсыз сақтау, алу, тасымалдау» бабы бойынша айып осы оқиғаға байланысты тағылған.
Былтыр коронавирус дерті өршіп тұрған уақытта Қазақстанда дәрі тапшылығы болған. БАҚ пен әлеуметтік желіде «СК-Фармация» компаниясының шетелден гуманитарлық көмек ретінде келген дәрі-дәрімекті сатқандығы жөнінде ақпарат тарған. Кейіннен президент Қасым-Жомарт Тоқаев «СК-Фармация» мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басшыларын қызметінен босатып, қажет болса тергеу жүргізуді тапсырған.
2021 жылы 21 сәуірде өткен сот отырысында қорғаушы тарап соттан Берік Шәріпті үйқамаққа жіберуді сұраған. Бірақ өтініш қанағаттандырылмаған.