freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Еңбекпен келген құрмет

Қоғам •
Еңбекпен келген құрмет
Тұрсынбек Мақышев

Ғұмырының 30 жылдан астам уақытын тау-кен саласына арнаған атақты кенші, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Алтын Жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері Тұрсынбек Шамбұлұлы Мақышев «Қазақмыс корпорациясына» қарасты «Батыс» кенішінің №73/75 шахтасында үңгілеуші болып еңбек етеді.

Кейіпкеріміз үшін кенші мамандығы – жай ғана кәсіп емес, еңбекпен өрілген өмір. Ал шахта – шыңдалу мен тәжірибе мектебі. 

«Өндірістегі қауіпсіздік талабы жай ереже емес, өмірлік қажеттілік. Қауіпсіздік туралы айтқанда ең алдымен адамның өмірін ойлау керек. «Қауіпсіздік» деген ұғым әр кеншінің санасында болуы тиіс. Қауіп бар екенін айту  – әлсіздік емес, керісінше, әріптесіңе деген жанашырлық. Кенші еңбегінің басты өлшемі – әр ауысымнан кейін үйіне аман-есен оралу», – дейді Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі өндіріс еңбеккерлері арасынан шыққан тұңғыш Қазақстанның Еңбек Ері.

Тұрсынбек Мақышев үшін адал еңбек – атақ пен марапат қана емес, адамдық ұстаным. Ал әріптеске деген құрмет, жұмысқа деген жауапкершілік және қауіпсіз еңбек қағидасы – басты бағдар. 

Оның айтуынша, мемлекеттік марапат оның жұмысқа деген көзқарасын өзгерткен жоқ. Керісінше, үлкен жауапкершілік жүктеді.

«Еңбек адамы үшін ең маңыздысы – жұмысты жақсы істеу. Атақ алғаннан кейін де күнделікті міндетің өзгермейді. Жер астына түскенде барлығымыз бірдейміз. Біз – еңбек адамымыз, қарапайым жұмыскерміз», – дейді кенші. 

Тұрсынбек Мақышев Жезді ауылында дүниеге келді. 1980 жылы мектепті аяқтағаннан кейін №8 кәсіптік-техникалық училищеде дәнекерлеуші мамандығын меңгерді. Шахтадағы еңбек жолын 1990 жылы дәнекерлеуші болып бастап,  2002 жылдан бері қарай «Қазақмыс» корпорациясының «Батыс» кенішіндегі №73/75 шахтада үңгілеуші болып жалғастырды. 

Қауіпсіздік – еңбек мәдениетінің өзегі

Кенші үшін өндірістік жоспардың маңызы зор. Алайда ешқандай жоспар адам өмірінен жоғары тұра алмайды. Тұрсынбек Мақышевтің осы көзқарасы оның өндірістегі көпжылдық тәжірибесінен анық көрінеді және «Қазақмыс» корпорациясының 2026 жылды Қауіпсіздік жылы деп жариялау бастамасымен үндеседі.

Оның сөзінше, компания Қауіпсіздік жылы аясында өнеркәсіптік қауіпсіздікті дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған стратегиясын бекітті. Стратегияның өзегінде жұмыскердің өмірі мен денсаулығын бірінші орынға қою, тәуекелдерді алдын ала басқару және жарақатсыз жұмыс мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр.

«Қазақмыста қауіпсіздік тек нұсқаулықтағы талап ретінде емес, күнделікті еңбек мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс деген ұстаным қалыптасуда. Қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтату құқығы да осы қағидатпен бекітілген. Еңбек қауіпсіздігін сақтау тек мамандардың немесе басшылардың міндеті емес. Ол – шахтаға бірге түсетін тұтас ұжымның ортақ жауапкершілігі», – деп нақтылады тау-кен саласының өкілі. 

Ол «Қазақмыс» компаниясы өндірістік қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге  асырып жатқанын алға тартты. 

«Биыл жұмысқа қабылданған қызметкерлер мен мердігер ұйымдардың жұмысшыларына арналған «Qauipsizdik Start» кіріспе курсы басталды. Сонымен қатар «Қазақмыс» Тобында 2026-2030 жылдарға арналған қауіпсіздік мәдениетін трансформациялаудың жол картасы әзірленді. Бұған қоса «Батыл көшбасшылық» бағдарламасы іске қосылды. Оның мақсаты – басшылардың қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы үшін жеке жауапкершілігін арттыру және басқарудың барлық деңгейінде қауіпсіздікке бірыңғай көзқарас қалыптастыру. Осының барлығы қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру үшін жасалып жатыр. Біздің жұмыстағы ең басты жетістік – жоспар орындау емес, қауіпсіздік талабын қатаң сақтап, тәуекелге жол бермеу. Шахтада ең маңыздысы – қауіпсіздік. Жоспарды орындау керек, бірақ адам өміріне қауіп төндіретін жағдайда жоспардың ешқандай мәні жоқ», – деді Тұрсынбек Мақышев. 

Тәжірибелі тәлімгер 

Тұрсынбек Мақышевтің өндірістегі маңызды қыры – тәлімгерлігі. Ол өндірісте көп нәрсені кітаптан ғана үйрену мүмкін емес екенін жақсы біледі. Сондықтан жер астындағы нақты жағдайды, тау-кен жұмысының ерекшелігін, өндірістік тәртіпті жас мамандарға үйретіп отырады.

«Жастарға айтарым – жұмыстан қорықпаңыздар. Кәсіпті жақсы меңгеру үшін уақыт қажет. Білмеген нәрсені сұраған дұрыс. Ең бастысы – ешқашан қауіпсіздік талабын екінші орынға қоймау керек, – дейді ол.

Оның пікірінше, өндірістегі сабақтастық дегеніміз – тек тәжірибемен бөлісу емес, бұл – еңбекке деген көзқарасты, жауапкершілікті, ұжымға деген құрметті кейінгі буынға жеткізу.

Еңбек адамының қарапайым бақыты

Тұрсынбек Мақышевтің өмірінде шахтадан бөлек тағы бір маңызды дүние бар. Ол – отбасы.

Кенші бос уақытын жұбайымен, балаларымен өткізеді. Үйінде болғанда бақша өсіреді. Өз қолымен еккен алма, алмұрт, жүзім, шие, қарақат сынды жеміс ағаштарын күтеді. Бұл шахтадағы ауыр еңбек пен үйдегі қарапайым тіршілік бір-бірімен сабақтасып жатқанын көрсетеді. Жер астынан кен өндіру үшін төзім керек болса, бақша шаруашылығында көшетті баптап, одан жеміс алуға шыдам қажет. Екеуінің де түпкі мәні бір: еңбек ету арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу.  

Еңбекке құрмет – елген құрмет

Тұрсынбек Мақышевтің тағдыры – бір адамның ғана өмір жолы емес. Бұл – Жезқазғанның өндірістік тарихымен бірге қалыптасқан кенші мамандығының, маңдай термен келген абыройдың және еңбек адамына деген құрметтің көрінісі.

Жезқазғанның кеншілері үшін Тұрсынбек Мақышевтің еңбек жолы – кәсіби шеберліктің ғана емес, қарапайымдылық пен адалдықтың үлгісі. Оның өмір жолы еңбекпен келген жетістіктің, төзім мен табандылықтың мәнін көрсетеді.

Еңбек күні – осындай жандардың маңдай терін бағалап, ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына тағзым ететін күн. Тұрсынбек Мақышевтің өмірі – адал еңбектің әрдайым құрметке лайық екенін айғақтайтын өнеге. Өйткені елдің еңсесін тіктеп, ертеңін қалыптастыратын жандар – қарапайым еңбек адамдары.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу