Баталов ашып тастаған орталыққа Әбдірайымов тендер жариялады
«Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі тендер жариялауда таңқалдыруын қояр емес. Бұл жолы қала әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ бастаған шенеуніктер дайын тұрған ғимаратты салуға тендер жариялап отыр.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алулар сайтында 2020 жылдың 21 сәуір күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне «Antikor» орталығын салуға тендер жарияланды.
Қала әкімдігі орталық салуға 162 млн 734 мың 138 теңге бөлген. Оны «АСК Ауыл құрылысы» ЖШС ұтып та алған екен.
Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан «Antikor» орталығы осыдан үш ай бұрын ашылып кеткен. Мәселен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің сайтында 2020 жылдың 2 сәуір күні Талдықорғанда «Antikor» орталығы ашылды атты ақпарат шықты. Дәл сол күні жергілікті интернет-басылым taldyk.info да "В Талдыкоргане открылся Центр антикоррупционного сервиса" атты материал жарық көрді.
Орталықтың ашылу салтанатына облыс басшысы Амандық БАТАЛОВ және өңірдегі жемқорлықтың басты күрескері Ернар МАҚАЖАНОВТЫҢ (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облыстық департаментінің басшысы) өзі қатысқан еді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы бойынша жұмыс істеуді айтты. Бұл бағыттағы ең бірінші талап – көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен халыққа жақын болуы. Ал сыбайлас жемқорлықпен күресу үнемі басты назарда. Халықпен тікелей араласып, мұң-мұқтажын тыңдауға, тиісті мекеме басшыларымен кездесу өткізуге, тұрғындардың талабын орындауға осындай орталықтар қызмет етуі керек. Біз облыс аумағында open space бағытында жұмыс істейтін орталықтардың жұмысы жандандыра береміз», - деген Амандық ҒАББАСҰЛЫНЫҢ сөзі де ел есінде.
Ал ашылып қойған орталық үшін жарияланған тендер құжатында құрылыс Талдықорған қаласындағы Қабанбай көшесі 42/36 мекен-жайында жүреді деп көрсетілген. МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісі бұл мәселені анықтау үшін Талдықорған қаласы әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың кеңесшісі Нұр ҚАНАТҰЛЫНА хабарласқан еді.
«Сіз айтып отырған мәселені білмейді екенмін. Оны анықтап сұрау керек. Ресми запрос жіберіңіз. Біз жауап береміз», - деп қысқа қайырды әкім кеңесшісі.
Оқи отырыңыздар: Құрылыстағы афера: әкімдік жобалаушыны, кәсіпкер әкімдікті сынайды
Оқи отырыңыздар: Әкім Әбдірайымовтың 500 мыңдық орындықтары
Оқи отырыңыздар: Баталов құрылыстағы былықты біле ме?
Фотолар: Мәлім. кз