Бозымбаев чипсы жемейді. Баталовтың өтірігі. Қарашөкеевтің арманы
Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. Сөзін тыңдап отырсаң, бәрі тамаша. Елге трансұлттық компаниялар келе қалады екен, 2,3 млрд долларды қалталарынан шығар қояды екен, сосын агроөнеркәсіп кешені саласында 10 ірі инвестициялық жобаны іске асырып тастайды екен. Тіпті, осы міндетті атқару үшін бәрі кезекте алақандарын ысқылап тұрғандай. Үкімет мүшелерін қайдам, қарапайым қазақстандықтар әлгі мырза компаниялардың ілезде салып тастайын зауыттарының аттарын жаттап та үлгере алмай қалатындай.
Мәселен, министрдің сөзінше, Tyson Foods компаниясы 300 млн долларға ет өңдеу зауытын салмақ.
Valmont компаниясы 50 млн долларға жаңбырлатқыш машина шығаратын зауыт салмақ. KS Genetics компаниясы 49 млн долларға Алматы облысында толық циклді, инновациялық, экспортқа бағдарланған мал шаруашылығы кешенін құру жобасына кіріспекші. INOKS компаниясы 81,5 млн долларға Алматы облысында 1 мың гектар жерге қарқынды бақ отырғызып, 7 900 тонна жеміс сиятын қойма мен өңдеу цехының құрылысын бастамақ. QazSugar компаниясы Жамбыл облысында 220 млн долларға қант өндіретін зауыт тұрғызбақ. "Экокультура" агроөнеркәсіптік холдингі 1,3 млрд долларға Түркістан облысында 500 гектар жерге жылыжай кешенінің құрылысын іске асырмақ.
Baumann компаниясы Алматы облысында 31,2 млн долларға қой етін өңдеу зауытын салып жатыр екен. Осылай деп сөз бастап кеткен Ербол Қарашөкеевтің тоқтауы қиын.
Министр голландиялық Farm Frites компаниясы Жамбыл облысында 145 млн долларға фри картобын өндіретін зауыт салғысы келетінін және айтып өтті.
Дәл осы жерде министрдің сөзіне сенбей қалдық. Өйткені, бұрын да дәл осындай уәдені талай естігенбіз. Сенгенбіз. Сосын өтірік екенін түсінгенбіз.
Мәселен, фри мен чипсы зауыты дегенді Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов отырса да, тұрса да айта беретін.
2018 жылы Амандық Баталов өзіне амандасқан адамға ең алдымен «чипсы шыққалы жатыр» дейтін. Оның сол уәдесін «Егемен Қазақстан» газеті де миллион рет жазды. «Хабар» телеарнасы да мың бір рет көрсетті.
Баталов сондай бүй дейтін: «Алматы облысындағы Райымбек ауданында тағы 2 сервистік-дайындау орталығын ұйымдастырып, сол крестьяндарға жерін жыртып беретін, өсірген өнімін жинап беретін сондай заманға сай жаңа ауыл шаруашылық техника сатып алып береміз. Келесі жылғы көктемнен бастап, Алматы облысында картоп өңдейтін зауыттың құрылысы басталмақ. Кәсіпорынға картопты уақтылы жеткізіп отыру үшін егістік жерлердің мәселесі де шешілді.
Атап айтқанда 8 мың гектар жер бөлінбек. Негізгі инвесторға жергілікті кәсіпкерлер серіктес болады. Зауыт Іле ауданындағы индустриалдық аймаққа салынады. Алғашқы өнім 2020 жылғы күзден бастап шығарыла бастайды. Бастапқыда зауыт жылына 50 мың тонна картофель-фри шығарады. Уақыт өте келе оның көлемін 70 мың тоннаға жеткізеді. Заманауи зауыттың салынуы өңірде картоп дақылын көптеп өсіруге ықпал етеді».
Баталов 2020 жылдың күзінде ашылып, жылына 50 мың тонна картофель-фри шығаратын зауытты Farm Frites компаниясы салады деген. Енді қарасақ, министр Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, дәл осы Farm Frites компаниясы Жамбыл облысында фри шығаратын зауыт салмақ. Министр бұл компания Алматы облысында да фри зауытын салатыны немесе салмайтыны туралы ештеңе айтпайды. Құп, фри зауытының қай облыста салынуын жеке компания шешеді делік. Немесе үкіметтегілерге екі облыстың еш айырмашылығы жоқ делік. Бірақ, бұл жерде ең маңызды мәселе -халық сенімі бар емес пе! Мәселен, А. Баталовтың сол кездегі сөзіне халық сенді. Ал енді сол зауыт салынбайтын болғандықтан халық өзінің алданғанын түсінді. Халықты алдаған әрине, А.Баталов қана емес, Асқар Мамин бастаған үкімет болып шығады. Өйткені, А.Мамин сол кездерде А.Баталовтың сөзін, жоспарын тыңдап, қолдап жүрді. Маминге сенбеген халық мемлекет басшысының ісіне де көңілі толмайды.
Мұндай жағдай болмас үшін әкімдер біріншіден, толық шешілмеген немесе орындалуы күмәнді жоспарларын мақтан үшін айтпау керек. Айтып қойған екен, неге орындалмайтынын түсіндірулері қажет.
Әйтпесе, ертең Алматы облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаев фри мен чипсы жегенді ұнатпайды екен, қытырлақ тәттіге Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев қана үйір екен, сол себепті Алматы облысында салынуы тиіс зауыт Жамбылға ауысып кетіпті дегендей қаңқу сөзге ел имандай сенетін болады. Ал мұндай жағдай мемлекеттік басқару ісіне сенім ұялатпасы, билік пен қоғам арасын жақындатпасы анық.
А.Баталов сөз жүзінде дайындап қойған жобадан Қ.Бозымбаев неге оңай айырылып қалды екен? Әлде, ол расымен де чипсы жемей ме?