Баталовтың халқы балшық су ішіп жүр
Алматы облысы Қаратал ауданы Көпбірлік ауылында тұрғындар ай мен күннің аманында ауыз суды баяғы орта ғасырдағыдай құдықтан қалқып ішіп отыр.
Бұл жөнінде әр сөзін жеті рет өлшеп бір жазатын белгілі журналист Михайл Козачков телеграм каналында жазды.
Анығында Козачков Көпбірлік ауылының тұрғындары ескі құдықтан су қалқып ішіп жүрген жұрттың видеосын жариялады.
Видеода ауылда тұщы су алатын құрылғы істен шығып, халық қолдан қазылған жалғыз құдықтан су тасуға мәжбүрлігі баяндалады.
«Құрылғыны жөндеу үшін 3 миллион теңге керек дейді тұрғындар. Бірақ ауыл әкімдігінде ондай қаржы жоқ.
Ал облыс әкімі Амандық Баталовтың бұл ауылмен ісі жоқ. Өйткені қолы босамайды – кубалық волейболшылары [«Жетісу» командасы] бұл маусымда Даниял Кенжетаевичтің қыздарынан [ШҚО командасынан] тағы да ұтылып қалды, енді қайткенде команда бюджетін көбейту керек, қай жерден болсын басы артық үш миллион теңге табуы қажет қой?» деп жазады Козачков.
Журналистің айтып отырған командасына бюджеттен молынан ақша бөлінеді. Мәселен, осы жылдың басынан бері Алматы облысы бюджетінен Жастар ойын клубына бір миллиардтан астам теңге бөлінген. Осы қаржының басым бөлігі Амандық Баталов аузынан тастамайтын волейбол командасына беріледі. Жалпы, әкімдіктегі әр сөзге құлақ түрген жұрттың сөзіне қарағанда, облыс әкімі соңғы кездері ұзын бойлы, тырна сирақ волейболшы қыздар туралы ғана әңгіме айтқанды жөн көреді-мыс. Ал елдің жағдайын айтып барғандарға қырсығы ұқсап қалады дейді.
Оның рас өтірігін кім білсін, бірақ, осы ауыз суға келгенде Алматы облысында адам түсінбейтін жағдайдар көп. Мысалы, алдыңғы жылдары Қазатком ауылының тұрғындары «бізде ауыз су бар, бізге су тартудың қажеті жоқ, бюджет ақшасын босқа шашпаңдар, суы жоқ ауылға су түсіріңдер» деп шырылдады. Бірақ, сметаны сыртынан жасап тастап, бөлініп кеткен бюджеттің ақшасын кері қайтарғысы келмей, жаратып тастауды ғана ойлаған Баталовтың батыр шенеуніктері ауыл халқының қарсылығына қарамастан суы бар ауылға су тартып берген болатын. Енді міне, жер жұмағы Жетісудің төріндегі Көпбірлік ауылы орта ғасырдағыдай құдықтан су қалқып ішіп отыр.
Казачков жазбақшы, лас су ішіп отырған мың тұрғынның қайғысына Баталов басын қалай ауыртсын?
Оған қалай да, Даниял Кенжетаевичтің қыздарынан асып түсуі керек қой!
Фото: yvision.kz