Ермек Қаныкейұлы. Алакөлдегі демалыс: өң мен түс

Жолжазба

Malim Админ

  • 10.08.2021

Маусым айының соңғы күні «Алматы ˗ Достық» жүрдек поезына отырып, отбасылық кезекті демалысымызды тағы да Алакөлде өткізуге жолға шықтық. Бұдан бұрын Алакөлдің бергі жағы Ақшиде болғанымыз бар еді, енді міне араға жыл салып (атын естігің келмейтін індеттің кесірінен), шүкірлікпен биылғы демалысымызды Алакөлдің арғы жағы Жарбұлақта өткізуді шештік. Соншама алыстатып айтып отырғанымыз, шындап келгенде «арғы жағы Еділдің бергі жағы» деген өлеңдегідей-ақ. Алакөлдің бұл тұсы сүйірленіп кеп бетеді екен. Көлді айналмай тура тартсаң (қайықпен дегенім ғой!) Ақши мен Жарбұлақтың арасы көп болса, 10 шақырымның о жақ, бұ жағы. Өкінішке орай, қатынастың бұл түрі жоқ, сондықтан 100 шақырымдай жол ұзартасың (қашықтық жағын дәл айтпасам, айып етпеңіздер, мен жер өлшеуші емеспін, нақты мәліметті біліп алу қиын емес екенін ескертемін).

Екінші кластың вагонында, оның өзіне сай қызметін көріп, арқа-жарқа көппен бірге шығысқа қарай жол тарттық. Бір ай бұрын қамданып, бір жерден орын алған біз, сапарлас көршілердің мазасын алмайтынымызға мәзбіз. Бұндай қолайлылықты жасаған шешесіне балалардың алғысы шексіз, әлбетте оның ішінде менде бармын, тек жатар орным басқа жерде екен. Өйткені, біз бесеуміз. Осы жайт қана аздап қолайсыздық тудырды. Жұбайым қанша жерден мықты болса да вагонның төрт орнын бесеу қыла алмайды ғой.

Бұл поезд «жаңа» деген еді, рас жақсы жабдықталыпты. Ішін айтам, ал сыртынан қарасаң, ала-құла: кей вагон жарқылдап тұр, жап-жаңа; енді бірі аздап ескіріңкі, сыртына таты шыққан; ал кейбірі тіпті «түркісиб» заманынан келе жатқан болуы керек. Неге бұлай деп ойладым, бірақ жорамалдауға болатын сияқты, оның себебі класына байланысты болуы мүмкін. І-ІІІ класс вагондарын аралап қарағам жоқ, ал бізде кондиционер, терезенің күнге қарсы күңгірт пердесі, электр қуаттағыш қоспасы бар, титанда су қайнап тұр, демек халыққа бұдан артық қандай жағдай жасалуы керек. Ішің пысса терезеден табиғатты тамашала, аздан соң күн де батады.

Жұрттың бәрі поезға отырған соң неге жапа-тармағай тамақ ішетінін түсінбеймін. Қалыптасқан салт сияқты жолазығымызды үстелге қойып, біз де ел қатарлы кешкі асты іштік. Бір құмарлық тойған соң, екіншісі оянады: темекі тартқым кеп, тамбурға шықсам, күл салғыш, тағы сол сияқты темекі тартуға керек жабдықтардан нұсқа жоқ. Олар тұрса, ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ темекіңді тарта бересің, бұрын солай болатын және темекінің иісі де жоқ. Көңіліме күдік кіріп, жолсерікке бардым. Ол орта жастағы, талай өткелектен өткен адам екені қулана күлетінінен көрініп тұр. Қолын уқалап жібіріп, езуіне бір түрлі құпиялау күлкіні қондырып ап, мені тамбурға оңаша алып шығып,  соңғы нұсқаулықпен ауызша таныстырды. Онда поезда темекі тартуға тиым салынған екен. ˗ Сонда қалай? ˗ деп қипақтап тұрмын. ˗ Келесі бекетке дейін тосасың ˗ деді. ˗ Оған қай уақытта тоқтаймыз? ˗ Түнгі сағат 22:30-да. ˗ Жақсы ˗ деп жүре беріп ем, жолсерік қолымнан ұстап тоқтатып: ˗ Ақысын төлесең (дәл осылай айтты), ана жерге тартуға болады ˗ деп төменгі жағында саңылауы бар бұрышты көзімен нұсқап көрсетті. Зытып отырдым. Жұбайым түрімнен бірдеңені сезгендей, сұраулы жүзбен қарап қапты. Мәселенің мәнін мәттақамдап айтып бердім. ˗ Сұрағанын беріп темекіңді тартып алмадың ба? ˗ деп қарап отыр. Күңк ете қалдым. ˗ Енді қалмағаны, темекіні ақша беріп тартуым екен!  

Келесі бекетті күтіп, өзара шүңкілдесіп, шүйіркелесіп, поезда солай ғой, уақыт өткізіп отырдық. Біздің қарсымыздағы «боковойда» балалы әйел күйеуімен келе жатыр. Әлі еңбектей қоймаған сәби, бір жақсысы мазасыз емес екен, бөтелкесіндегі сүтін көзі бақырайып ішіп ап, ұйықтап кетеді. Бір өзі бір орынды бір-ақ алады, анасы қасында түрегеп отырады, қырындап жатады. Қанша дегенмен екі адамға арналмаған орын ғой, тарлық етіп келеді. Менің басқа жердегі орыныма (төменгі) бағана І-вокзалдан мінген жоян келіншек жайғасып, жатып алған. Тұяқ серппей ұйықтап жатыр. Қасында әлде күйеуі, әлде танысы болуы керек мен шамалас арықтау ақсұр жігіт жүр еді. Ол да сол жердегі төменгі орында ұйқыны соғып жатыр. Тіршіліктері аса ауыр-ау деген ойға келдім. Жүктерінің соншама көптігіне қарап ұсақ саудагерлер болды деп шамаладым. Көршілердің мазасын алғаннан ауыр нәрсе жоқ қой, үндемей, өзімше көргенді адам боп, отбасыммен бірге отырмын. Жұбайым: ˗ Бекетке дейін әлі уақыт бар, жатып демалып ал! ˗ деп кеңес берді. ˗ Қайда? ˗ деймін. ˗ Орныңа ˗ дейді. ˗ Ой, ол жерде бір қара қатын жатыр ғой! ˗ Жатса, тұрғыз, қасына жатпайтын шығарсың? ˗ дейді мамасы. Тығырық осы жерден басталды. Үсіндегі бос орынға өрмелеп кетейін десем, билет бойынша ол менікі емес. Біреу сирағымнан сүйреп жүрсе не болмақ, ұят қой. Сөйтіп, қайта-қайта қарап, әлде бұдан, әлде темекі тартпағандықтан ба бас терісім құрысып отырмын. Олар ұйықтап жатыр. Ұйқы арсыз, ал оны бұзған адам кім болады, құдай сақтасын! Ойлап-ойлап мынадай дана шешімге келдім: қазір бекетке тоқтаймыз, асықпай темекімді тартып алайын (бірден екеуін), сосын кеп, орнымда жатқан әйелден сіздің орныңыз қайда деп сұрайын, мынау орын менікі дейін (оған заңды құжатым бар ғой), сосын бәрі шешілмей ме?  

Локомотив жұлқып қап, баяу қозғалды. Міне, сырғып келеді. Плацкарт вагонның жарықтары өшіпті. Жұрттың көбі ұйқыға бас қойған. Мен сияқты шылымқорлар ғана жауан-жіңішке, ұзын-қысқа болып көлеңкедей кезіп вагон ішінде әлі жүр. Айт, айтпа құптайтын қылық емес. Бір қараңғы, бір жарық вагон ішінде өз орнымды іздемей-ақ таптым. Шыққалы аңдып келе жатқан жерім емес пе? Ақсұр жігіт әйелдің тура үстіндегі орынға жайғасыпты: күйеуі болды. Ол жатқан төменгі орынға бір бейтаныс кеп орналасыпты, жастау жігіт екенін телефонының бетіне түскен жарығынан байқадым. Маған назар аударған жоқ. Демек, мен осының үстіне қарай өрмелеуім керек деген сөз. Әйтсе де, мына ханымға ескертуім керек қой деп, оған ептеп қана ақырын дыбыс бердім (түн ішінде біреудің әйеліне айқайлап жатпайсың ғой). Үшінші үндеуімнен кейін ол көзін ашып, маған аң-таң боп қарайды. Адамға жатып ап қараған қандай оғаш көрінеді. Мән-жайды қысқа, түсіндіре баяндадым. Ол алдында біреу ақша сұрап тұрғандай маған жақтырмай назар тастап, өзіме қарсы сұрақ қойды: ˗ Орын сенікі болса, бағанадан бері қайда жүрсің?

Бізде бар бір тенденция: қандай жолмен болса да бір орынға жайғасып алсақ, оны ешқашан ешкімге бермейміз. Өлсек өлерміз, бірақ бермейміз. Өйткені, бекер оқ жонып жүргеміз жоқ қой? Бұның жақсы жағы да бар сияқты. Мысалы, мына келіншек Жоңғар Алатауынан қара қытай қаптаса да орнын (жерді деп түсініңіз) бермейді. Қазақтың арыс кеуде, қамыт аяқ қаһарман ұлдарын табатын әйелі (екен деп ойладым).

Сөйтіп, сыбағасын алған иттей боп, жоғарғы жаққа өрмелеп кеттім. «Көрегендік жасап, шалбарымды бүктеп қойғаным қандай жақсы болған» деп Бердібек айтпақшы, мен де көрпемді оның астына төсеп қоймағаным да сондай дұрыс бопты. Бұрын қалай байқамағам, үстіңгі қатардағы орын соншалықты тар екенін алғаш сезіндім, әлде мына поездікі осындай ма. Менің өзім мықшыңдап жүріп кірген жерге ана жатқан піл сауырлы келіншек қайтіп сияды дегенді ойлағанда зәрем ұшты. Эвакуатор керек қой. Ал осыны түйсігі бар адам өзі де біліп, әйел адамға қайдағы бір жөн-жосық, түсініктемелер айтпай-ақ «бағанадан бері» істемес пе, сөйтсе де кісілікпен ол да маған жөнін айтса болмас па еді деген өкпемен, жастыққа бас қойдым.

Поезд сырғып келеді. Локомотивтің ақын айтқандай «арқыраған айғыр» жүрісі. Релске сарт-сұрт ұрған доңғалақтың дыбысы. Бұрылыстары бар, бірақ ешбір өрі де, қиясы да, еңісі де жоқ, иә жер бетіндегі жалғыз жол – теміржол ғой, ол бәрін де ұмыттырады, поезд – өзіңнің мәңгілік жолаушы екеніңді ғана сезіндіреді. Өмір де, өмір жолың да осындай болса ғой деп қиялдайсың, бірақ олай емес. Шыныдағы шәйіңді де шайқап төкпейтін поезд жолы ˗ кісіні бесіктегі сәбише тербетіп, ұйқыға шомдырады. Мұнда бәрі де келесі бекетте қалады... Поезд өз жолымен жүйтки береді... Түс көрдім...

Жолсеріктің поезд «Көктұма» бекетіне келді деп ескертіп жатқан сөзін естіп, оянып кеттім. Жолаушылар әдеттегідей асығып түсіп жатыр. Қалып қоймайын деген үрей бұл өлкемен аса таныс емес адамдарда болады. Ал жергілікті адамдар асықпайды. Менің «төсекке таласып» жүрген көршім осы бекеттен болуы керек, аспай-саспай өтіп жатқан жолаушыларға немқұрайлы қара-а-п отыр. Ақсұр жігіт кораптарды сыртқа тасып жүр. Терлеп кетіпті. Келіншек асықпай тұрып, маған соңғы рет көксерекше қарап, төрт бірдей сумканы иығына бір-ақ іліп, қаздай басып, кетіп барады. Көтергені ауыр емес-ау деп ойладым, бірақ жеңіл екеніне кепілдік бере алмаймын. Ішімнен «рахмет» айттым, іштей ол маған «рахмет» айтуы керек деген астам ойым болғанын да жасырмаймын. Жастығы тек көзінде ғана қалыпты, мен шамалас, бәлкім кіші болуы мүмкін, бұған кәмілмін: менен тіпті де үлкен емес. Тұрмыс қартайтқан, күйбең тірлік тоздырған сонау тоқырау жылдарындағы қазақтың әйелдері. Дағдарыстан дорбасын арқалап жүріп, отбасын асыраған аналар. Міне, тағы да кездестім. Аяғам да, жек көргем де жоқ. Мейірім мен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, жақсылық пен жылылықтың алтын діңгегі ˗ атқа айналып кетпесе екен!.. Басымды ием!

Таңғы 8:45-те «Жалаңашкөл» бекетінен түстік. Бұл соңғы аялдама екен. Бұдан кейін «Достық» бекеті дейді. Алакөл Оңтүстіктен Шығысқа қарай созылып кеп, Жалаңашкөлге жетпей бітеді. Осы екі ортамен поезд жолы өтеді. Атақты Жалаңашкөл шайқасы. Қазақ пен қытай арасындағы тарихи қанды шайқастардың мекені. Жалаңашкөл ˗ Алакөлден бөлініп түскен бір тамшы көздің жасындай жеке жатыр. Егер жоғарыдан көз салсаңыз ˗ Алакөл леп белгісі, Жалаңашкөл ˗ нүктесі сияқты көрінетін шығар. Қазақ жеріндегі леп белгі, ненің?!   

Алдын-ала тапсырыс алған таксист тура баспалдақтан түсіріп алып, ылдым-жылдым көлігіне отырғызып, Жарбұлаққа қарай кері бағытта зымырай жөнелді. Айтуынша алда 60 шақырым жол бар екен. Сол жағымызда Жоңғар Алатауы, оң жағымызда Барлық тауы (таксистің айтуынша) созылып жатыр. Жыңғылды құмдауыт дала, «сен көк теңізі болсаң, мен жер теңізімін» деп екі таудың ортасында жатқан аспан түстес Алакөл, жамау-жасқауы болса да 100 км/с жылдамдықпен заулауға қауіп ойлатпайтын асфальт жол, әрәдікте кездесіп қалған жол жиегіне таяу жайылған жылқылар, қыстақтар, артезиан құдықтары, бейіттер... міне, біздің көрген нәрселеріміз. Бізді дала өзінің шығыстық пейзажымен мұңға малынып қарсы алғандай болды.

Біздің Жарбұлақ деп (бұрынғы) жүргеніміз – «Қабанбай» ауылы деп аталады екен. Даңқты дарабоздың қораштау мүсіні (қалыптасқан стеротип: шошайған найза, дуылғалы батырдың басы) өз есімімен аталатын ауылдың кіре берісінде тұр. Батырдың есімі жолдағы аркаға үлкен етіп жазылыпты. Жергілікті таксист осы ыңғайсыздықтың алдын алып (бұл келушілердің көбінің көңілі толмайтын жайт екенін көп естіп жүргенінен болуы керек деп ойладым), жаттанды сөзін айтты: «бабамызға үлкен қылып ескерткіш қойылады, орны белгілі, бірақ әлі қаржы жағы шешілмей жатыр». Қабанбайға бір көрнекті монумент қоюға табылмаған ақшаны Алакөлден сұрасаңдаршы, үкіметтен емес, азаматтар-ау, ол сендерге бәрін беріп жатыр ғой дегің келеді екен. Қабанбайға қазақ жерінің қай бұрышынан болса де белгі қойыла берсін, біздің заманда шынайы, тарихи даңқтың артықтығы жоқ, үлгі алмасақ та ұялып жүрейік...

Жолда қирап тозған, құлаған, қаңырап қалған «мекендер» кездесіп еді. Көбі бұрынғы разъезд, кішігірім станциялар болған сияқты. «Болашағы жоқ» болғандықтан, бейіттен жаман күй кешіп, өлкенің жазылмай қалған тыртығы сияқты көзге оғаш көрінеді екен. Онан да күреп тастаса ғой деген орынсыздау ойға берілесің, мүмкін біреуге керек болар деп тағы ойлайсың, сенгім келеді-ақ, әй қайдам! (Мендегі бар кемшілік, олар аз емес енді, соның бірі мынау: суретке түсуге, суретке түсіруге ебім жоқ. Осы сөздерімнің ішіне оған қатысты фотоларды қойып жіберсе, артық болмас еді-ау деп өкініп отырмын. Дұрысы – маңырап.)

Ауылға кеп кіргенде, бірден көзге ұрған нәрсе, көшенің жан-жағы толған дүкендер. Халықтың тіршілік көзі осы және маусымдық, қыста қалай болады екен, келіп көрсе ғой деп ойладым. Ал мыналар қайдан жүр? Кез келген есіктер мен қабырға, қоршауларға жапсырылған ақшаның «иісін» алыстан сезетін «әншілердің» афишаларынан көзің сүрінеді. Өздері кісіге көзін сатып қарай ма қалай? Қойшы өзі, тіршілік бар салтанатын саудаға салып жатқандай.

Сауық-сайран, барлық пен бақыт, қуаныш пен күлкі, мөлдірлік пен тазалық, демалыс мекені ˗ Алакөлге қош келдік!

Біз түскен демалыс үйі көлден оңаша, оқшау орналасқан, қарағайдан қиып салған, өз құдығы, ауласы, асханасы т.т. бәрі бар, барлық талапқа сай жабдықталған, жайлы да көрікті мекен екен. Қожасы да қоңды, қазаны да тоқ. Демалушыларды арнайы көлікпен қалаған уақытыңда көлге апарып, әкетіп тұрады екен. Сөйтіп, шілденің алғашқы аптасын Алакөлде өткізбекпіз.

Алакөлдің бұл жағында үш демалыс жағалауы бар екен. Біріншісі ˗ көлікпен кіре беретін, қалаған жеріңе күнқалқаны құрып сап, шомылуға болатын тастақты жағалау. Рас, тас табанға батады екен және жағаға қамыс жақын: соның салдарынан маса қалың. Қамыс пен маса болған жерде батпақ та болуы тиіс. Байқасақ, бар екен. Бұл Алакөлдің бергі жағында құтыға құйып ап сатып жүретін қара батпақ. «Емдік» пайдасы бар деп саналатын бұл батпақтың иісінің өзі неге тұрады. Міне, осы батпағыңыз бұл жағалауда кәдімгі үй орнындай жерде тегінен-тегін, ашық-шашық жатыр. Адам деген қызық қой өзі, әлгі батпақта көздері ғана жылтырап, Африканың жауын тамбай батпаққа айналған көлдерінде үйірімен патшалық құрған сусиырлары құсап, тұрған, отырған, аунап жатқанын көргенде күлкің келеді (жақшаға алып айтайын құсқың да). Саулығыңа шипа болсын деп, сасық батпаққа шомылу былай тұрсын, бұл жағада отырудың өзі балаларға жайсыз екенін сезініп, түстен кейін «Арбат» деп аталатын орталығына бардық. Бұл жағалау тамаша екен. Қозғалмай, тапжылмай, суға түсіп жырғап қалдық. Қайықтар мен катамарандар бұл жағында шамадан тыс көп екен. Тіпті, кейде адамдардың суға түсуіне кедергі келтіріп жатты. Жағаға әкеп тіреп қойып, бірінен кейін бірі келіп, жұртты шақырып, табыс тауып, жанығып жүрген (тұрпайы айтсам, айып етпеңіздер) оның қожайындарына демалушылардың наразы болып жатқаны бір жағынан орынды көрінеді. Маусымдық табысқа кенелуді көздеп, жағаны торып, жол бермей, балалардың зәресін алып, әртүрлі өткір, жағымсыз дыбыспен, журналистер айтпақшы, «дабыл қағуы» артық енді. Кейбірінікі полицейлер мен жедел жәрдемнің сиренасы сияқты сүйкімсіз-ақ. Осы сирена Алакөлде не ғып жүр? Қаралы хабардан арман зәреңді ұшырады, тойып болдық қой... Онсызда жағалауда адамдар өте көп, себебі демалыс үйлерінің көбі осы жағында тығыз орналасқан. Ойлап отырмын, әкімшілік тарапынан бұны жолға қоюға болар еді, мысалы, арнайы көпір арқылы шомылатын жерден арырақ тоқтап, қайықпен серуендеушілерді алып кетсе деген... бұл енді менің басым қатыратын жұмыс емес. «Шатағым не?»

Менің жұмысым: шалқайып жатып демалу, суға шомылып, қыздырыну, балаларымды бақылау, жұбайыммен күйкі тірліктің әңгімесін ысырып тастап, демалыста жатқан адамша дидарласу, уақытымен ұйықтау, сосын түс көру. Түсіме әрқашан туған ауылым ˗  Ақкөл кіреді. Ал Алакөлде қалай болар екен? 

Ертеңінде үй қожайынының кеңесі бойынша «Інжу» деп аталатын жағалауына бардық. Қайсысын таңдайсыздар ерік өздеріңізде деген. Рас, Алакөлдің қай жері де айтары жоқ тамаша, өйткені ол ˗ Алакөл! Десек те бұл жағы бізге қатты ұнады. Қарқоңыр құм, жағалауы кең, мүйісітеу жері болғандықтан шығар, көл үнемі толқып тұрады. Арнайы көлікпен келмесе, бұл жағына шілденің шіліңгір ыстығында жаяулап келу көп адамдарға қиындау. Демалыс үйлерінің негізгі бөлігінен қашықтау бұл жағалауда адамдар сирек болады екен. Манағы қайықтар мен катамарандар қайда үймелейтінін тәжірибелерінен әбден біліп алған болулары керек, мұнда көп келмейді екен. Бұған статистика былай деп уәж айтар еді: аз жердің тұтынушылары да аз болады деп.  Мен ойладым: демалушылардың көбі егде адамдар, отбасылы адамдар, жастарды, салт бастыларды айтпай-ақ қоялық. Үлкендер ұзақ жерге бара алмайды, екіншілерінің артынып-тартынып жүрген көтерме жүктері бар. Бес баласы бар адамды көз алдыңызға елестетіңіз. Бірін көтеру керек, бірін жетектеу керек, біріне жол көрсету керек, ал екеуі бұл жұмысты қажет етпесе, бұл енді әжептуір жеңілдік. Көліктерді (Арбатқа да) бұл жағына кіргізбейді. Мысалы, біздің балалар өз жүктерін өздері көтеріп, өз аяқтарымен барғанның өзінде анау-мынау төсеніш, жапқыш, сүрткіш, жүзгіш құралдар, сусындардың өзі бір есекке жүк болады.

Сөйтіп, «Інжу» жағынан інжу терген қазына іздеушілер құсап, қайта-қайта суға сүңгіп, арманнан шығып, кетер-кеткенше табан аудармадық.

Қазақ жерінде екі теңіз бар – Арал мен Каспий, екі көл бар – Алакөл мен Балқаш, ұлы өзендер, тәуба аз емес, оларға саусағың жетпейді. Біз оны, Алакөлді қастерлеуге міндеттіміз, сөйтсе де «кемшілігіміз әр жерден көрініп тұрады».

 (Жалғасы бар).

Байланысты жаналықтар

В объятиях государства. Почему казахстанцы не хотят жениться?

26.03.2024

Рост зарплат в два раза ниже реального роста экономики в Казахстане

13.02.2024

Неравенство в Казахстане как в Африке – исследование

26.01.2024

Почему казахстанцы такие бедные – исследование

24.01.2024

Низкое доверие госинститутам в Казахстане зафиксировали социологи

15.01.2024

Центрально-Азиатский союз: возможности или риски?

20.11.2023
MalimBlocks
В объятиях государства. Почему казахстанцы не хотят жениться?

В Казахстане рекордно снизилась статистика создания новых браков, и это при том, что численность молодежи растет. Как сообщают аналитики Ranking.kz, за январь–декабрь 2023 года в стране зарегистрировали брак 120,9 тыс. пар. Это на 6% меньше, чем годом ранее.

Рост зарплат в два раза ниже реального роста экономики в Казахстане

В четвертом квартале 2023 года среднемесячная заработная плата составила 393.6 тысяч тенге, увеличившись на 12% с предыдущего квартала. Но радоваться этому не стоит. Аналитики «Халык финанс» считают, что такой рост связан с выплатами премий в конце ушедшего года.

Неравенство в Казахстане как в Африке – исследование

Почти половина жителей Казахстане имеет среднемесячные доходы на душу населения ниже минимальной заработной платы (85 тыс. тенге). При этом больше половины этих доходов люди вынуждены тратить на продукты питания. Зато 10% наиболее богатых людей в стране владеют почти 60% всех активов домохозяйств, что ставит Казахстан по уровню имущественного неравенства в один ряд со странами Африки. К таким выводам пришли аналитики «Халык Финанс» в опубликованном исследовании «Экономическое неравенство населения в Казахстане».

Почему казахстанцы такие бедные – исследование

Сырьевая направленность экономики и низкая производительность труда мешают казахстанцам больше зарабатывать. Частный сектор, малый и средний бизнес не то что не стали опорой экономики и источником ее эффективности, но и стагнируют. Тем временем государство увеличивает свою роль во многих сферах, позволяя оставаться на рынке низкопроизводительным компаниям. К таким выводам пришли аналитики «Халык Финанс» в опубликованном отчете «Рынок труда Казахстана 2023 - низкая производительность, скрытая безработица, региональный дисбаланс».

Низкое доверие госинститутам в Казахстане зафиксировали социологи

Центр социологических и политических исследований «Стратегия» опубликовал рейтинг управленческой элиты за 4 квартал 2023 года

Центрально-Азиатский союз: возможности или риски?

Ухудшение социально-экономического положения в странах Центральной Азии на фоне войны в Украине снова стало поводом для обсуждения возможности экономической интеграции. В среду, 15 ноября, эксперты Central Asian Think Tanks Forum, организованного PaperLab в Астане, размышляли, как нашим странам стоит объединять усилия, чтобы наконец перестать быть объектом геополитических и экономических интересов мировых держав и становиться самодостаточным регионом.