Ирандағы наразылыққа оқушы қыздар қосылды. Толқудың бес ерекшелігі

Хиджаб дауынан туындаған наразылықтың соңы оқушы қыздардың шеруіне ұласты. Күштік құрылымдардың мектепке баса көктеп кіріп, оқушыларды ұстауы наразылықты қоздыра түскен. Ал билік тармақтары хиджаб мәселесіне қатысты заңдарды заманға сәйкестендіру жайында сөз қозғағанымен, әзірге бір тоқтамға келген жоқ. Ирандағы «хиджаб көтерілісіне» бір ай толды.

  • 17.10.2022

Неден басталды?

Хиджабы толық емес деген желеумен ахлақ полициясы ұстаған 22 жастағы Махса Аминидің 16 қыркүйектегі өлімі жаппай толқуға себеп болған. Биыл ғана университетке қабылданған ол өзі туып-өскен Күрдістан аймағындағы Саққыз қаласынан Тегеранға ағаларымен бірге келген кезінде ұсталған. Оны көшеден ұстаған әйел-полицейлер Махсаға хиджаб туралы курстан өткізуді насихат етіп, бөлімшеге жеткізген.

Махса бөлімшеге жеткенше, көлік ішінде соққыға жығылған тәрізді. Алайда полиция оның анық-қанығын айтпай, бөлімшеге жеткенде Махсаның басын ұстап құлап түскен видеосын ғана таратқан. Сол құлағаннан ауруханаға жеткізілгенімен, ол есін жимастан қайтыс болады. Іле-шала биліктің әйелдерге қатысты саясатын айыптаған жаппай наразылық өріс алды. Шеруге шыққандар әйел құқығын ту қылып, елдің діни басшыларының портреттері мен әйелдер өз хиджабтарын өртеген. Полицейлер мен әскердің шеруге оқ атқаны түсірілген видеолар тараған. Шеруге қарсы қолданылатын техникалар шығарылып, көзден жас ағызатын газ қолданылған. Әскери қару іске қосылған.

Неге маңызды?

Иранда соңғы бес жылда жаппай наразылық акциясы жиілеген еді. Тек коронавирус пандемиясы асқынған тұста митингілер саябырлаған. Соңғы шерудің жөні тіптен басқа.

Біріншіден, әйел құқығы басты ұранға айналды. Негізгі саяси слоган «Әйел. Өмір. Еркіндік!» түрінде айтылды. «Қарындасымды өлтіргенді мен де өлтірем!», «Орамал үшін өлтіру қашанға дейін жалғасады?», «Хиджаб ерікті болуы керек!», «Диктатура жойылсын!», «Ислам республикасы жойылсын!..» Иран шеруінде осындай ұрандар жиі айтылды. 

Екіншіден, шерудің масштабы елдің ішінде ғана шектелмей, шет елдерде де жалғасты. Сол елдерде тұратын иран диаспорасы Тегеран билігін айыптап, орталық алаңдарға мыңдап жиналды. Канаданың Торонто қаласында Иран билігіне қарсы өткізілген осындай акцияға 50 мың адамның жиналғаны айтылады. Тәуелсіз сарапшылар әдетте шетелде тұратын бес ирандықтың басы қосылуы қиын екендігі айтып, шеру масштабына айрықша назар аударды.

Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар Иран билігінің шеруге қарсы әрекетін айыптап, оқиғаны дереу тексеруді талап етіп, әйел құқығының сақталуына мүдделілік танытты.   

Үшіншіден, осы наразылық шарасында билікке қарсы шеруге шыққандардың әлдеқайда жасарғаны байқалды. Мектеп оқушылары – соның мысалы. Полиция оғынан оқушылар да қаза тапты. Өткен аптада полиция Ардабиль уәлаятындағы орта мектепке шабуылдап, оқушыларды тұтқындаған.  Осы оқиғада бір адам қаза тапқан.

Төртіншіден, зиялы қауым өкілдері де дереу шеруге үн қосып, кейбірі биліктің әрекетін айыптаса, тағы бірі билікті байсалды әрекеттерге шақырды. Спортшылар болса, ұлттық команда құрамынан шығып жатты. Мұның бәрі биліктегілерді кәдімігідей сескендірген сияқты. Иранның жоғары рухани басшысы, аятолла Әли Хаменеи осыдан кейін «хиджабтың шала, бүтіндігі маңызды емес, елдің, тәуелсіздіктің бүтіндігі маңызды» деген сарында сөйлей бастады. Президент Ибрагим Раиси болса, хиджабқа қатысты заңдарды заманға сәйкестендіру туралы айтатын болған.  Әрқандай бір билікке жақпайтын әрекетті «шетелдік элементпен» байланыстыратын Иран билігі осы жолы да ескі жырдан танған жоқ. Басшылық ел жастарын «шетелдік арандатуға» бой алдырмауға шақырған.

Алайда шеру әлі жалғасып жатыр. Күнделікті қас қарая көшелер мен алаңдарға жиналатын жастарды полиция ұстап әкетуге тырысады. Әсіресе, сенбі күндері бүкілхалықтық наразылық өткізу қалыптасқан жағдайға айналып келеді.

Бұған қоса университет қалашықтарында, мектеп кабинеттерінде күнделікті дерлік билікке қарсы флешмобтар ұйымдастырылып жүр. Ал  ғимарат қабырғаларында режимге қарсы жазылған ұрандар жиі кездеседі.

Бесіншіден, мына мәселе ерекше назар аудартады. «Хиджаб көтерілісіне» дейін Иранда мұғалімдер мен мәдениет саласының қызметкерлері тұрақты түрде наразылық акциясына шығып тұратын. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жалақының аздығы және акция кезінде ұсталғандарды босатуды талап ету – мұғалімдер митингіге шығарған себептер осындай болып келетін. Мұндай акциялар білім министрлігі мен аймақтардағы білім басқармалары алдында өтіп тұратын. «Хиджаб көтерілісінен» кейін мүғалімдер мен мәдениет саласы қызметкерлері бұрынғыдай жеке-дара «кәсіптік» митингілерге шықпағанымен, наразылар қатарында болған. Бір айта кетерлігі – соңғы шеру кезінде мұғалімдер кәсіподағы мәлімдеме жариялап, білім министрінің оқушыларды қорғамай отырғанын айыптаған.  

Ендігі жаппай шеруге оқушылардың үн қатуы наразылық шеңберін кеңейте түскен. Көшеге шыққан оқушылар 14-16 жас шамасында. Оның бәрі дерлік қыздар мектебінің оқушылары. Иранда ұлдар мен қыздар мектебі бөлек.

Қазақстандық оқушы не көрді?

Оқушы дегеннен шығады, Алматыда 11 сыныпта оқитын ұлым Әли 13 қазанда Ираннан оралды. Ол осы елде 10 күн жүріп келді. Әуелден жоспарланған сапар болған соң және елдің ау-жайын анықтаған соң сапар мерзімін өзгертпедік. Елде төтенше жағдай жарияланбай, қарым-қатынаста кедергі туындамаған. Ол Иранның Тегеран және Шираз қалаларында болды.

Әлидің айтқанына қарағанда, Шираздың атмосферасы тыныш болғанымен, Тегеранда мазасыздық байқалады. Дегенмен Шираз университеті студенттері де толқудың алғы шебінде болған. Тегеранда орталық алаңдарда кешкі уақыттарда адамдар жиналып, митингі өткізуді үйреншікті дағдыға айналдыра бастаса керек. Көшеде кейбір күндері полицейлер көп байқалса, кей күндері қарумен жүрген әскер қарасы басым болған.

Иранға сырттан барған адам үшін интернет байланысы – үлкен проблема. Тек қонақ үйлердегі уай-фай қызметі шектеулі болса да көмек. Оның өзінде VPN қолдануға мәжбүр боласың. Өйткені бар интернеттің жылдамдығы өте нашар, сурет, видео жіберу қиын. Ұялы байланыс сапасы да нашар. Небәрі санаулы минутқа ғана сөйлесуге болады.  

Елде толқу туындағанына қарамастан, шетелдік туристер Иранға баруын тоқтатпаған. Әсіресе, Еуропа елдерінен барған зейнет жасындағы туристер бірден көзге түседі. Оны тиісті саяхат компаниялары алып жүрген. Дегенмен жеке өзі барған туристер де бар. Саяхатшылар, көбіне Ширазда болған. Шираз маңындағы Персополис, Пасаргад және т. б. көрнекі орындарда жергілікті туристер де болған.

Тегеран музейлері мен саябақтарында адам қарасы көп болмаған. Әсіресе, 13 миллиондық мегаполисте тау бөктеріндегі саябақтар қаңырап тұрған. Тегерандағы сауда орындары ішінара болмаса, толықтай ашылмаған. Қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалардың кейбірі ғана ашық болған. Қаланың төменгі жағымен салыстырғанда жоғарғы жағында қайыр тілегендер байқалған.

Метро мен қала көшелерінде Иран қыздарының кейбірі орамалсыз жүрген. Олардың мұнысын мін көріп, тексерген ешкім болмаған. Қонақ үйдегі тіркеу орнындағы әйел қызметкерлер де орамалын иықтарына түсіріп отырған.    

Иранға бірінші рет барып тұрған Әлидің қайран қалдырған жайт бар. Валюта ауыстырған соң, жергілікті ақшаны бірнеше пакетке салуға тура келген. Қазір 100 АҚШ долларының құны 30 мың Иран риалынан асып кеткен.

Әли өзі Иранда болған күндері тек бір мекемеде ғана қатты тексергені болмаса, басқа қоғамдық орындарда ондай шара байқалмады дейді. Елдегі үлкен кітапхана Мәжіліс кітапханасына барғанда, осындай жағдай болған. Кітапханадағы жауапты қызметкер кешірім сұрап, бірнеше жыл бұрын мәжілісте болған террактіден кейін тексерістің күшейгенін айтып түсіндірген.

Қашан тоқтайды?

Иранда дінбасыларға жүктелген хиджаб туралы курстарды Қытайдың саяси лагерлеріндегі лекцияға ұқсатуға болар. Онымен салыстырғанда Иранда курстан өту мерзімділігі әрине, өте қысқа. Хиджабына орай ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгенде Махса Амини 40 минуттық курстан өту керек болған. Бірақ оқиғаның соңы ушығып, Иран билігі қазір халық тарапынан соққы алғандай мең-зең күйде отыр. Алайда олар бүгін-ертең биліктен кетеді деген сөз емес. Дегенмен бұл жолғы «хиджаб көтерілісі» режимнің кейбір шешімдерін өзгертуге ықпал ететін сияқты. Наразылық кезінде адамдардың көптеп қаза табуы да режимнің ақталуына жол қалдырмаған. Бұл туралы билік іштен жау іздегеннен басқа әлі нақты бір мәлімдеме жариялай қойған жоқ.

Осы наразылық кезінде әйел құқығына қатысты тағы бір оқиға туындаған. Иранның Ауғанстан және Пәкістанмен шекарасында орналасқан Систан-Белужистан уәлаятында жергілікті полиция басшысының 15 жастағы қызды зорлағаны туралы мәлімет тараған. Артынша ел провинция орталығы Захеданға жиналып, наразылыққа шыққан. Бұл наразылықты басу үшін күштік құрылымдардың басқа техниканы былай қойғанда, тікұшақтан оқ атқаны айтылады. Бұл оқиғада қаза тапқандар саны 200 шамасында.

Қарап отырсақ, Ирандағы соңғы наразылықтар Тегеран билігі сеператистік аймақ деп танитын уәлаяттарда өрбіген. Иракпен шекаралас Күрдістан күрдтері де, Ауғанстанмен шекаралас Систан-Белужистанда тұратын белудждер де бұрыннан орталық биліктің әрекетіне наразы болатын. Күрдтер мен белуждер Ирандағы сүннит азшылығын құрайды. Артта қалған аудандар, экологиялық апаттар, есірткі контрабандасы – осы аймақтардың негізгі сипаты. Ал Иран сүнниттерінің жетекшісі Моулана Абдулхамит Тегеран билігінің «Иранның байырғы тұрғындары болып келетін күрдтер мен белуждерді сеператистер деп айдарлағанына» өкініш білдірген.

Мұның бәрі Ирандағы «хиджаб көтерілісінің» орамал мәселесімен шектеліп қалмайтынын байқатады. Шерулерде қазіргі биліктің көзін жою туралы ұрандар жиілеген. Бұл биліктің хиджабқа қатысты кейбір заңдарды өзгертсе де, қоғам талабын қанағаттандыра алмайтынын көрсетеді. Сондықтан қазіргі толқу тұтас режимге қарсы қозғалысқа айналып келе жатыр десек, қателеспейміз.

Жиен ШОРА

Фото: cdn.oxu.az

 

 

Байланысты жаналықтар

Неғылған ару? Қайрат Нұртас желіде хиджаб киген қызбен видеосын жариялады

03.08.2024

Ақтауда хиджаб киіп, «автомат асынған» қыздар анықталды

28.07.2024

«Хиджаб кимегеннен өлтіреді». Әнші Ұланғасыр Қамиевтің үстінен іс қозғалды

26.07.2024

«Хиджаб кигізіп, намаз оқытам». Ұланғасыр Қами болашақ әйеліне талаптарын айтты

21.07.2024

«Ұяттау». Мәдина Сәдуақасованың оранып жүргені желі қолданушыларын ойландырып қойды

12.07.2024

«Ауғанстанға кетеміз»: никаб киген жеті қыздың әрекеті қызу талқыға түсті

12.07.2024
MalimBlocks
Неғылған ару? Қайрат Нұртас желіде хиджаб киген қызбен видеосын жариялады

Бірақ ешқандай түсініктеме бермеді

Ақтауда хиджаб киіп, «автомат асынған» қыздар анықталды

Полиция ата-аналарын жауапқа тартты

«Хиджаб кимегеннен өлтіреді». Әнші Ұланғасыр Қамиевтің үстінен іс қозғалды

Әнші әйеліне міндетті түрде хиджаб кигізетінін айтқан.

«Хиджаб кигізіп, намаз оқытам». Ұланғасыр Қами болашақ әйеліне талаптарын айтты

Ол «Хиждаб» арабтікі» деген сөзге пікірін білдірді

«Ұяттау». Мәдина Сәдуақасованың оранып жүргені желі қолданушыларын ойландырып қойды

«Ауғанстанға кетеміз»: никаб киген жеті қыздың әрекеті қызу талқыға түсті

Жеті қыздың әрекеті көпшілікті үрейлендірді