Каспий итбалығының тағдыры: Балықшылар, мұнайшылар, емшілер және жүкті әйелдер

Каспий итбалығы – Қазақстанды мекен еткен теңіздегі жалғыз сүтқоректі жануар. Кезінде жануардың терісі мен майы бағалы болғандықтан, есепсіз қырылған. 2008 жылы жоғалып кетуі мүмкін жануар ретінде Халықаралық табиғатты қорғау ұйымының тізіміне енсе, 2020 жылдан бері Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Malim Media санаулы қалған Каспий итбалығының сақтау үшін Қазақстан билігі қандай шара қолданып жатқанын зерттеп көрді.

Ақниет Аманжолқызы

  • 14.06.2022

Алдымен итбалық туралы айта кетейік. Ол Каспийдегі ең ірі сүтқоректі жануар. Соңғы жүз жылда Каспий итбалығының саны 90 пайызға азайған. Ғалымдар соңғы екі ғасырда 1 миллион 100 мыңға дейін итбалықтың жойылғанын жазады. Кеңес кезінде 70-жылдарға дейін бұл жануарды аулау жұмыстары қарқынды жүргізілген. Қазірге кезде Каспийде 300 мыңдай ғана итбалық болуы мүмкін. Олардың көпшілігі Қазақстан аумағында шоғырланған. Жыл сайын әуеден жасалатын бақылау есебінен мұздықтарға 60 мыңға жуық жануар жиналатынын білеміз.

Орталық Азиядағы экологиялық зерттеу институтыPhoto\ Орталық Азиядағы экологиялық зерттеу институты


Итбалықтар не үшін қырылады?

Маңғыстау облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, облыстың жағалауында өлі итбалық ұшаларының жағаға шығып қалуы жиілеген. Мысалы, 2020 жылы – 184, 2021 жылы – 72, ал 2022 жылдың көктемінде ғана 161 өлі итбалық табылған. Ал осы жылдың 30 мамырына дейін жағалаудан табылған итбалықтар саны 219-ға жеткен. Бұл жағдайдың себебін Экология министрлігі де, Маңғыстау әкімдігі де Солтүстік-Батыстан соғатын дауылдармен түсіндіреді. Ресми органдардың сөзінше, жыл сайын осы дауыл соққан кезде теңізде өлі итбалықтардың денесі Қазақстан аумағында орналасқан Түпқараған түбегіне шығып қалады. Алайда жануарлардың неден қайтыс болғаны туралы ақпарат әлі анықталмаған. Себебі биыл табылған итбалықтардың денесі қатты бұзылғаны әсерінен токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық сынамалар алу мүмкін емес. Соған қарағанда, итбалықтар жағада қыстан бері жатуы мүмкін. Жануардың биыл табылған денелері тексеруге жіберілген, қорытындысы осы айда белгілі болуы керек.

Гидрология және экология институтының ғылыми қызметкері Жазира Сыдықова итбалықтар қырылуының дауылдан бөлек себептері барын айтады. Оның қатарында, күннің күрт жылуы әсерінен ұрықтану кезінде мұздықтардың еруі, өмір сүру аумағының қирауы, ластану, аурудың пайда болуы, тамақ ресурстарының азаюы және балықшылар тастап кеткен торға оралып қалу жағдайлары бар. Әсіресе, ауа-райы күрт жылынғанда мұздықтар еріп, әлі май жинап үлгермеген жас жануарлар аналықтарынан айырылып қалып, қатып өледі. Табылған өлекселердің жағдайы әртүрлі болғандықтан ғалымдар өлім себебін анықтауға қиналады. Көп жағдайда денені тексеру кезінде олардың торға оралып қалғанын анықтайды. Кейде торға тұншығып, кейде торын қайтарып алмақ болған адамдардың соққысынан қайтыс болып жатады. Ғалымдар жануарды тексеру кезінде азуына қарап, жас мөлшерін біліп, ішек құрылысынан немен тамақтанғанын анықтайды.

Photo\ Орталық Азиядағы экологиялық зерттеу институты


Орталық Азиядағы экологиялық зерттеу институтының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетованың сөзінше, итбалықтардың өліміне және Каспийдегі экологиялық ахуалдың катастрофа деңгейіне жетуіне жоғарыда аталған факторлардан бөлек, мұнай компанияларының жоспарсыз жұмыс істеуі де себепші.

Осыдан кейін екінші сұрақ туындайды:

Аймақтағы экологиялық жағдай неге күн санап нашарлап барады? Және бұл құбылысқа мұнай-газ компаниялары қалай әсер етіп жатыр?

Министрліктің сөзіне сүйенсек, аймақтағы экология департаменті итбалық пен бекіре өлекселерінің жағаға шығуы себебін іздеп, ауа мен теңіз суының сынамаларын жасаған. Және қорытынды бойынша шекті норманың бұзылмағанын анықтаған. Олар Каспийдегі кен орын пайдаланушылар өндірістік бақылауды экологиялық кодекске сай жүзеге асыратынын айтады. Кәсіпкерлер тоқсан сайын облыстағы экология департаментіне өндірістік экология туралы есеп тапсырып отырады екен. Бұдан бөлек, министрлік аумақта профилактикалық бақылау мен жоспардан тыс тексеру өткізеді.

Ғалым Жазира Сыдықованың сөзінше, Каспийдегі экологиялық ахуал тұрақсыз. Антропогендік әсердің өсуі, теңіздің тартылуы мен Солтүстік Каспийдегі мұздың тез еруі қорқыныш тудырады. Және бұл итбалықтар үшін де қауіпті жағдай. Оның айтуынша, ҚР Экологиялық кодексінің 2 пункті бойынша қазан мен мамыр аралығында Каспийдегі мұнай операциялары итбалықтар жиналған аумақтан 1 852 метр қашықтықта ғана іске асырылуы керек. Алайда кодекс әлі нақты ережелермен толықтырылмаған. Кейбір ережелердің болмауы заң бұзуға жол ашады.

Photo\ Гидрология және экология институты


Эколог Әсел Тасмағамбетова да аумақта экологиялық проблемалардың күшейіп бара жатқанын айтады. Итбалықтардың қырылуына теңіз аумағына өндірістік, ауыл шаруашылық, тұрмыстық және микро пластикалық қоқыстардың төгілуі тікелей әсер етеді. Каспийде мұнай өндіретін компаниялардың қателіктері салдарынан теңізге мұнай өнімдері тарайды. Статистикаға сүйенсек, өндіріс аумағында әр 2 километрге шамамен 200 литр қоқыс төгіледі. Осы қоқыстардың бәрі жиналып, теңіздегі экологиялық ахуалды бұзады.

  Тасмағамбетова барлық ірі компанияларға ESG (Қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және корпоративтік басқару) практикасын қолдануды ұсынады. Орталық Азиядағы экологиялық зерттеу институтының ESG консалтингпен айналысатын мамандары мерзімдік экологиялық мониторинг есептеріне сүйене отырып, мұнай компанияларының қызметі салдарынан теңіздегі био ерекшеліктің күн санап бұзылып жатқанын айтады. Компаниялардың қызметі дамушы елдер ұстанатын «жасыл экономика» моделіне мүлдем қайшы келеді.

  Қазақстандағы құзырлы орган, яғни экология министрлігі итбалықтардың тұқымын сақтап қалу үшін қандай жұмыстар атқарып жатыр?

  Каспий итбалығы ұзақ жылдар бойы тоқтаусыз сиреп жатқанына қарамастан, сирек кездесетін және құрып кетуі мүмкін жануарлар тізіміне тек 2020 жылдың 9 қарашасында енгізілген. Жануарды қорғауға және өлім жағдайын сиретуге қатысты жұмыстар да осы кезден бастап қолға алынды. Каспийдегі экологиялық мәселелер оны қоршап жатқан бес елге ортақ проблема болғанымен министрлік әзірге тек Ресей Федерациясымен итбалықтардың жағдайын жақсарту туралы келісімге келе алған.

Жазира Сыдықова итбалық тұқымын сақтап қалуға құзырлы органдар тарапынан жасалып жатқан жұмыстың жеткіліксіз екенін айтады. Алайда алдағы уақытта жағдайдың жақсаратынына сенімді. Себебі жақында Балық шаруашылығы комитеті табиғи резерват ашуды жоспарлап отыр. Ғалым жұмыс істейтін Гидрология және экология институты мемлекеттік тапсырыс аясында итбалықтардың өмір сүру ортасы мен тұқымын жалғастыруы және оларға төнуі мүмкін қауіпті жағдайлар мен оларды сақтап-құтқарып қалу үшін жұмыстар жасайды. Осы жұмыстар аясында олар итбалықтарды сақтау үшін табиғи резерват ашуды ұсынған. Ұсынысты Халықаралық табиғатты қорғау одағы мен Экология министрлігінің балық шаруашылығы комитеті қолдағанымен, ол әлі ашылған жоқ. Сонымен қатар, институт экология туралы заңға өзгеріс енгізіп, Солтүстік Каспийдегі аумақта қорғалуы тиіс жануарлар тізіміне Каспий итбалығын қосуды ұсынып келеді.

  Әсел Тасмағамбетова Қазақстан жалғыз өзі теңіздің экожүйесін сақтап қала алмайтынын, теңізді қоршап жатқан бес ел бірге жұмыс істеуі керегін айтады. Және оның ойынша, ірі экологиялық мәселелерді шешу үшін мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Эколог органдардың өз жұмыстарына қолдау білдіретініне сенімді. Себебі осы айдың басында Алматыға келген сапарында Тасмағамбетова басқарып отырған Орталық Азиядағы экологиялық зерттеу институтының орталығына президент Тоқаев келіп, институт жұмысын қадағалап отыратынын және қолдау білдіретінін айтқан.

Photo\ Орталық Азиядағы экологиялық зерттеу институты


  Айта кетейік, бұл орталық мемлекеттен немесе мұнай-газ компанияларынан қаржы алмайды. Орталықты Әсел Тасмағамбетованың «Сәби» қоры ашқан. 2017-2019 жылдар аралығында орталық Каспийге білікті мамандарды шақырып, 5 рет экспедиция өткізді. Алдыңғы зерттеулермен салыстырғанда бұл зерттеуді толық тәуелсіз деп атауға болады. Себебі бұрын экспедицияларды жағдайды бұрмалауға тырысатын ірі мұнай компаниялары қаржыландыратын.

  Тасмағамбетова осы экспедицияларда жасалған есептердің әсерінен Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына еніп, қорғауға алынғанын айтады. Сонымен қатар олар эндемиканы емдеу жолдары жазылған арнайы құжат қабылдаған. Бұл құжатты жасауға Ресей мен Иран ғалымдары жәрдемдескен. Орталық осы кезге дейін 40 жануарға көмек беріп, реабилитациядан өткізген. Көбі 3 апта мен 3 ай аралығындағы кішкене итбалықтар. Жануар жарақат алып, сүйегі сынып, денесі шіріп, қызуы көтеріліп, балықшылардың торына оралғаннан мойындары қызарып немесе стресс алып, вирус жұқтырып алуы мүмкін. Орталық осы жағдайдың барлығында көмекке келеді.

  Орталық жақында Shell компаниясынан және «Азаматтық бастамалар орталығынан» грант ұтып алды, оны теңіз маңында тұратын тұрғындар мен балықшылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға пайдаланбақ.

  Осыдан тағы бір сұрақ туындайды. Әлеуметтік желіде итбалықтар қорлық көрсеткен жергілікті тұрғындардың видеосы жиі тарайды. Одан бөлек, итбалық майын да емін-еркін сатып алуға болады.

Итбалықты аулауға бола ма? Егер ол қорғалған жануар болса, бұл жағдайларды қалай түсінеміз?

  Бізге жауап берген барлық спикер бірауыздан итбалық қорғаудағы жануар екенін және аулауға тыйым салынатынын айтады. Шынымен де, Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-тармағына сәйкес, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, оның ішінде Каспий итбалығын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жоюға тыйым салынады. Егер қылмыс үстінде ұсталса, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Министрлік итбалықты заңсыз аулау және итбалық майының сатылуы бойынша фактілер тіркелмегенін ғана айтады.

Ал Маңғыстау облысы басшылығының мәліметінше, Каспий теңізінде балық ресурстары мен басқа да су жануарларды қорғау мақсатында атқарылған іс-шаралар кезінде браконьерлердің тастап кеткен ау құралдарынан 2021 жылы 32 итбалық, 2022 – 112 итбалық түсіп, табиғи ортасына қайтарылған. Каспий теңізі жағалауындағы аудан тұрғындарымен су жануарларын қорғау және сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен. Өздері берген мәліметтерге қарамастан, облыс әкімдігі де итбалықты заңсыз аулау және итбалық майының сатылуы бойынша фактілер тіркелмегенін растайды.

Photo\ Гидрология және экология институты


Жазира Сыдықованың пікірінше, итбалық майының шетелден келуі де мүмкін екенін ескеру керек. Ол итбалықтарды жергілікті тұрғындардың ұрып-соғу жағдайлары тіркелетінін жоққа шығармайды. Оның сөзінше, итбалық кәдімгі балықпен қоректенетіндіктен балықшылар оны өздеріне бәсекелес санайтын көрінеді. Алайда итбалықтың өзі ешқашан ешкімге шабуыл жасамайды. Тек өзіне зардабы тиген кезде қорғанады. Сондықтан жағалаудан итбалықты көргенде, одан алысырақ жүріп, тиіспей өту керек. Институт жануардың адамға зиянсыз екенін көрсету үшін 5 деректі фильм түсіріп, оларды көруге тұрғындарды үздіксіз шақырып келеді.

Эколог Тасмағамбетова да экспедиция кезінде адамдардың итбалыққа көрсеткен қорлықтарын көріп, қатты таңқалғанын айтады. Және Ақтауда емшілер аяғы ауыр әйелдерге итбалық майын қолдануға кеңес беретінін естіп жағасын ұстаған. Орталық 2019 жылы осы итбалық майын сатып алып, сынақ жүргізіп көрген. Қорытынды бойынша, оның құрамынан кадмий, қорғасын, мышьяк және басқа да ауыр металлдар табылған. Ғалымдардың пікірінше, итбалықтың ағзасында бұл элементтер теңіздегі мұнай қалдықтарының әсерінен пайда болған. Қазір елде сатылып жатқан итбалық майы осындай қауіпті элементтерден тазартылмай, контробандалық жолмен жасалып жатыр. Ал ол металлдар адам ағзасына үлкен қауіп төндіреді. Орталықтың зерттеулеріне және ескертулеріне қарамастан, қазірдің өзінде базардан итбалық майын сатып алуға болады.

Редакциядан: Каспийдегі су деңгейі күн санап төмендеп келеді. Тек 1977-1996 жылдар аралығында Каспийде су деңгейі көтерілген, одан кейін қайта түсе бастаған. Әсіресе Каспийдің солтүстік аумағы қарқынды тартылып кетуі мүмкін. Оған Еділ өзенінің тартылуы тікелей әсер етеді. Ғалымдардың сөзінше, бұл процесс 2050 жылға дейін жалғасады. Осы өзгерістер әсерінен Каспийдегі жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрі жойылып кетуі мүмкін. Бұдан бөлек, жыл сайын Каспийге тоқтайтын құстардың да жағдайы қиындап, олар жолда аялдамағаны салдарынан әрі қарай ұшуға қауқарсыз болады.

Байланысты жаналықтар

Жоңғар Алатауында қызыл кітапқа енген ерекше аю көрінді

03.10.2024

Маңғыстау облысында жаңа курортты қала салынады 

25.09.2024

Жолбарыстар Балқаш жағасына қайта оралды

23.09.2024

Олжас Бектенов Орталық Азия елдері делегациясымен Аралды құтқару қорының міндеттерін талқылады

18.09.2024

Табиғатты ластаған кәсіпорынға 2,9 млрд айыппұл салынды

06.09.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Орманды өрттен қорғау үшін ауқымды шара қабылданады

02.09.2024
MalimBlocks
Жоңғар Алатауында қызыл кітапқа енген ерекше аю көрінді

Маңғыстау облысында жаңа курортты қала салынады 

Жолбарыстар Балқаш жағасына қайта оралды

Екі жолбарыс "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына жеткізілді

Олжас Бектенов Орталық Азия елдері делегациясымен Аралды құтқару қорының міндеттерін талқылады

Қазақстан 2024-2026 жылдары Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді

Табиғатты ластаған кәсіпорынға 2,9 млрд айыппұл салынды

Кәсіпорын міндетті экологиялық рұқсат алмай жұмыс жасаған

Қасым-Жомарт Тоқаев: Орманды өрттен қорғау үшін ауқымды шара қабылданады

Бұл туралы президент 2-қыркүйекте өткен парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті.