Қазақ тілі – түрме мен барахолка тілі. Ресей билігі неге азар да безер?
Тәліптер келіп, тіл дауынан құтқарған еді, оның өзі көпке бармады
Ауғанстан билігіне тәліптер келіп, Ресей пропагандасы «алды артына қарамай қашқан АҚШ әскерінің масқарасын» табалауға ауысып, бір-екі айдан бері өздері мақсатты әрі жүйелі түрде бастаған «орыс әлеміндегі тіл жорығын» ұмытқандай болып еді, енді міне, «күйіп тұрған дауға» қайта оралды.
Күні кеше Ресей сырты істер министрлігі өкілі Мария Захарова дәстүрлі брифингінде Қазақстандағы орыс тілділердің қысым көріп жатқанын мәлімдеп өтті.
«Ресей Орталық Азияның бірқатар елдерінде орыс тілділердің қысым көріп жатқанын анықтады және мұндай жағдайлардың болмауына шаралар қарастырады. Бізге интернетте шыққан өткендегі материалдар, Қазақстан мен Қырғызстандағы жағдайлар белгілі. Ол жағдайлар Ресей қоғамын дүрліктірді. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар бірінші рет болып жатқан жоқ. Сыртқы істер министрлігі, Нұр-Сұлтан мен Бішкектегі біздің елшілік айтылған эксцесстерге (мақсатсыз істелген, мойындалған қылмыстарға) уақытында жауап қатты. Мен бұл жерде публика алдындағы реакцияны ғана емес, нақты жүргізілген істерді айтып отырмын»,- деді ол.
Захарованың сөзінше, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан мен Қырғызстандағы әріптестерімен телефон арқылы сөйлескен әңгімеде орыс тілді тұрғындар көріп отырған түрлі қысымдарды тоқтату мәселесі қозғалған. Енді сәл ойланып көрелік. Ресей Сыртқы істер министрлігі үшін шешілмей жатқан дау шаш-етектен. Еуропада санкцияда кеткен есесін, Түркиямен жүрмей жатқан саяси саудасын, Сириядағы сан соғып қалуын айтпағанның өзінде, дәл іргесіндегі Украинадағы тартыс, Беларусьтегі толқын, бергі жағындағы Әзербайжан мен Армения ортасындағы атыс аз болса, әлемді алаңдатқан Ауғанстандағы су жаңа тақырып – Талибан әлі де маңызын кетірмей дайын тұрған еді. Бірақ, Ресей СІМ өкілі брифингінде Қазақстан мен Қырғызстандағы орыстілділердің «қиын жағдайын» көтере кетуді ұмытпайды. Сонда бұл не? Жата кеп ашуланған, қаһарына мініп күркіреп шыққан ресейлік саясаткерлерді не жын түртті? Студенттерге берілетін квотаны қысқартып тастау, еңбек мигранттарын шекарадан өткізбей қою дегендей шетін талап қоятындай не болып қалды?
Байқасақ, Қырғызстанда ала бөтен екі оқиға өтіпті. Шілденің ортасында
Ыстықкөлде он жастағы ойын балалары орталарындағы бір баланы жеңіл-желпі ұрып тастаған.
Ресейдегі жалғыз тәуелсіз басылым «Новая газета» былай жазады: «Бастапқыда ата-анасы баласының таяқ жегенін байқамаған. Ал денесінің көгеріп қалғанын көргенде оны бір мезетте бірнеше мемлекет көріп, білді. Тіпті, баланың христианин болғаны үшін таяқ жегені, оқушылар лагеріндегі жалғыз орыс болғаны үшін соққыға жығылғаны анықталып, дәл осы жорамалға Орыс православ шіркеуінің сондағы «приходы» екпін салып тұрып алған. Ата-анасы да алғашында осы болжамды белсенді жақтап шыққан, алайда, ресейлік және орыс тілді қырғыз телеарналары шу көтеріп, дау көбейген соң, олар президент әкімшілігінің шақыртуымен кездесуге барып, бастапқы сөздері мен ойларынан айнып, ұлт араздық қақтығыстың ушығуын тоқтатып тастаған. Соңында әлгі баланы патриарх Кирилл өзіне қонаққа шақырып, оны «защитник веры» деп атап, ата-анасы қалаған кезде Ресейге көшіріп алуға немесе кез келген көмек көрсетуге дайын екенін айтқан».
Міне, осы оқиғаның ізі суып, ұмтыла бастағанда Бішкектегі сауда үйінің бірінде орысша жауап қатқан саудагерге калькулятор лақтырған дау шықты. Әрине, дау шығарған жігіттің бұл тірлігі еш ақтауға келмейді, өйткені, адамға олай қоқан-лоқы жасауға мүлдем болмайды. Айта кетерлігі, жәбір көрген қыз өзіне қоқан-лоқы жасаған жігіттің үстінен шағым түсірмеген.
«Бірақ ол үшін (шағымды) Ресей мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин жасады: «Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасының атына үндеу жасауға шешім қабылданды, сатушы қыздың сатып алушымен орысша сөйлескені үшін шабуылға ұшырау жағдайын тексеруді жеке бақылауына алсын. Бұл бірінші жағдай емес, қайталауға жол беретін жағдай да емес, өйткені, орыс тілі Қырғызстанда ресми тіл және елдің Конституциясында бекітілген. Депутаттар қарымта жасау шараларын қарастыруды ұсынып отыр, оның ішінде, орыс тілді тұрғындарға қысым көрсететіндерді Ресейге мүлдем кіргізбеу бастамасы да бар» деп спикердің сөзін келтіріп жазады «Новая Газета».
Сол-ақ екен, Дума спикерінің осы сөзінен кейін сайқымазақ депутат Владимир Жириновский мен оның қаптаған ізбасарлары сайрай жөнелді. Ресей телеарналары «Орыс әлемін қалай құтқарамыз?» деген күрсініспен терең толғанысқа түсіп кетті. Қосақ арасына Қазақстанды да қоса кетті.
Аяқ-астынан Ресей баспасөзі мен телеграм-каналдарында Ақтау қаласындағы орыс әйелдің сіркесін су көтермей тұрған сәтінде титулды ұлт өкіліне дөрекі сөйлегені үшін Қазақстаннан кешірім сұраған видеосы шыға қалды (Осындай кешірім сұрау әдісі Шешенстанда кеңінен тарағаны еске түседі-Р.Е). Іле-шала Ресей сайттарында Қазақстан дүкендерінде сатушылардан тек қазақша сөйлеуді талап еткен видеолар қаптап кетті. Бір қызығы олар тас кенедей жабысып алып, атойлап «орыс әлеміне» «міне, көрдіңдер ме!» деп сүйіншілеп көрсеткен «Тiл майданi» YouTube-каналы шыны керек, өзімізде соншалықты танымал да емес, қаралымы қырғын көп те емес. Алайда, осы каналды жүргізуші блогер Қуат Ахметовті ресейлік телеарналар күллі Ресейге атақты етіп шықты. Тіпті, оған Ресей билігі Ресейге кіруге 50 жылға тиым салып тастады.
Қуат Ахметов сияқты «тіл патрульдерінен» «қорқып кеткен» Ресейдің басты телеарналары «наших бьют!» деп таңнан кешке дейін ойбай салды. Сондағы мақсаттары не? Осы сұраққа ізденіп көрсең, алдыңнан «қыркүйек айының 20-да Ресей Думмасының сайлауы өтеді. Ресей саясаткерлері мен саяси партиялары сайлау алдында орыс әлемін құтқару риторикасын көтеріп, ұпай жинауды, көзге түсуді әдетке айналдырған, бұл да сол қойылымның жалғасы, Украина мен Беларусті лаңдап біткен соң, Қазақстан мен Қырғызстанға көшкен түрі» дегендей жорамалдар шығады. Жаны бар сияқты. Бірақ, меніңше, мәселе бұдан да тым күрделі болуы да мүмкін. Мәселен, екі жыл бұрын, анығында, Н.Назарбаев Ақордадан кітапханаға ауысқаннан соң ресей билігі мен саясаткерлері Қазақстан территориясының тұтастығына қатысты күмәнді сөздерін ауық-ауық айтып, көтеріп, ши жүгіртіп жүрді. Одан кейін араға уақыт салып ол сөздерінен айнығандай болды.
Енді міне, тіл дауын әдейі арандатып отырғандай. Территория тұтастығына келгенде іштегі және сырттағы әлеуметтік қауымдастықтың бірге қарсы шыға кететінін түсінгендей. Ал тіл мәселесінде арандату арқылы, айдап салу арқылы, іштен от жаққанын оңай көргендей. Гибридті соғысты (алдау, арандату, тыңшылық, ақпараттық монипуляция арқылы соғысу) шебер меңгергенін Қырымда көрсеткен Ресей басшылығына мұндай әрекет не үшін керек? Менің ойымша, Кремль Ақорда мен Бішкек Ақүйін қандай да бір шартына, талабына көндіргісі келеді. Нұр-Сұлтан мен Бішкек онысына келісейін десе, халқына ашып айта алмайды, өйткені ол жұртқа ұнамайды, ашық қарсы шығайын десе, артында сүйенетін азаматтық қоғамы, демократиялық жүйесі жоқ, екі қыспақта әрі бері ақталғандай, жан сақтағандай, ойын ойнағандай бұлтаңдап, үңгірге бір кіріп, бір шығып тұрғандай. Ал Мәскеу болса, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп берекені оңай кетіретін тіл патрулін іске қосқандай. Әйтпесе, билігі мен зиялы қауымы таза орысша сөйлейтін, мемлекеттік тілі дүмше қалдегі көршілерінен мерейі үстем орыс әлемін, орыс тілін құтқармақ болғаны қай сасқаны?
Айтпақшы, жақында caravan.kz сайты екі ойға жетелейтін бір мақала жариялады. Таразда полицейлердің қолынан қашып кеткен жігіттің видеосы әлеуметтік желіні шарлап кеткен еді ғой. Сол қашқын жігіт ұсталған соң taraz_life парақшасында қылмыскер қашқынның кешірім сұраған видеосы шығады. Осы видеоға caravan.kz сайты қатты көңіл бөліпті. Сондағысы 26 жастағы сотталушы, түрмеге этаппен кетіп бара жатқан Иван Зозул жарты жолда қашып кеткеніне өкініп, қазақша кешірім сұрапты. Оның бұл кешірімін көргендердің біразы қазақша сөйлегеніне риза болып, оны жібере салуға өтініп, комментария жазған ғой. Сайт осы пікірлерге таңдана қарап, «қазақша сөйлегені үшін қылмыскерді босата салуға болатын жағдайға қалай жеттік?» деп, өзін қазақ тілінің сарапшысы санайтын Қанат Тасибековтен пікір алыпты.
–Біріншіден, егер ол жігіт қазір 26 жаста болса, оның 10 жылын бұған дейін түрмеде отырса, 17 жасында түссе, ауыр қылмыс жасағаны болып тұр. Екіншіден, оның қазақша тәуір сөйлейтіні біздегі түрмедегілердің дені қазақ тілділер деген сөз. Ғылым, бизнес, ақпарат алаңы бізде орыс тілді. Мейрамхана, демалыс пен сәнқой саласы, элиталы және көп табыс табатындар да орыс тілділер. Арасында ағылшын тілділері де бар, әрине, Ал базардағы арба сүйрегендердің, түрменің, бархолканың тілі қазақ тілі, қазақ ортасы. Өкінішке қарай, жағдай осындай сорақы, – депті Қ.Тасибеков. Ол қазақ билігі мен қазақ зиялылары осы күнге дейін қыруар ақша бөлінгеніне қарамастан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін нақты істер атқармағанын да айтып өткен.
Былай қарасаңыз айтқанының бәрі рас. Келіспеуге амалың қалмайды.
Дегенмен, Ресей орыс баспасөзі «қазақ тілі дамып кетіпті» деп шашын жұлып, соғысуға дайын отырса, өзіміздің орыс тілді баспасөз осылайша «мешел боп қалғансыңдар» деп жақтырмайды.
Айтпақшы, Ресей сырты істер министрлігі өкілі Мария Захарованың мәлімдемесінен кейін кешелі бері Ресейлік ютуб, телеканал, телеграм каналдарында «орыс тілділердің кешірім сұрап жатқан» видеолары және оны сағаттап талқылау жарысы қайта басталғандай. Бір арандатуды күтіп отырғаны сөзсіз сияқты.
көрнекі фото zakon.kz сайтынан