Татами шеберлерін таразыласақ...
Бүгін Грузияның Тбилиси қаласында дзюдодан Гран Слам жарысы басталады. Әлемнің 80 елінен 500-ге жуық балуан бақ сынайтын доданың Қазақстан балуандары үшін маңызы зор. Өйткені, Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дзюдошылар олимпиадалық рейтинг арқылы қатысады. Халықаралық дзюдо қауымдастығының бекіткен ережесі бойынша әр салмақтан үздік он сегіз балуан іріктеліп алынады. Бұдан бөлек үш жақты комиссияның шешімімен берілетін қосымша жолдамалары тағы бар.
Дәл қазіргі таңда дзюдошыларымыз әлемдік рейтингте қандай орындарда тұр? Төртжылдықтық басты додасында ел намысын қанша балуан қорғауы мүмкін? «Malim.kz» сайты аталған сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Елімізде 60 пен 66 келі салмақ дәрежесінде күресетін балуандардың арасында бәсекелестік өте жоғары. Гран При, Гранд Слам сияқты ай сайын өтетін жарыстарда қазақстандық балуандар жүлденің басым бөлігін осы салмақтардан алып жүр. Бұл ретте Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Ерлан Серікжанов, Елдос Жұмаханов сынды балуандардың еңбегі зор.
60 келі салмақ дәрежесі бойынша әлемдік рейтингке назар аударайық. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионы Елдос Сметов 5718 ұпаймен 2-орынға нық орналасқан. Елдос жақында Ташкентте (Өзбекстан) өткен Гранд Слам жарысында күміс жүлдеге ие болды. Соның нәтижесінде 700 ұпай алып, төртінші орыннан екінші орынға көтерілді.
60 келідегі тағы бір балуанымыз – Ғұсман Қырғызбаев - 10-орында. Яғни, Ғұсманның да Токио татамиінде тер төгетіндей мүмкіндігі бар. Бірақ, өкінішке қарай, Олимпиадаға бір салмақтан бір балуан ғана апара аламыз. Мұндай жағдайда таңдау Елдос Сметовке түсуі әбден мүмкін. Өйткені, ұлттық құраманың бапкерлер штабы «рейтингте кім жоғары тұрса, сол Олимпиадаға қатысады» деген қағиданы ұстанып келеді. Ғұсман Елдосқа қарағанда 1292 ұпайға аз жинаған – 4426 ұпай.
66 келі салмақта Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмаханов та жолдама алатындардың қатарында. Мұнда да 60 келідегідей қайсысы жоғары тұрса, соның Жапонияға жолы түседі. Ерлан әлемдік рейтингте 11-орынға (3831 ұпай) орналасса, Елдос - 23-орында (2597 ұпай). Егер Елдостың нәтижесін Олимпиадалық рейтингпен есептесек, ол 15-орынға дейін көтеріле алады.
73 келідегі Жансай Смағұлов жыл басында Олимпиадаға баратын балуандардың ең соңғысы болып тұр еді. Бірақ, Дохада (Катар) өткен «Шеберлер» бәсекесінде үздік бестікке кіріп, Ташкенттегі Гран Слам жарысында күміс жүлдеге ие болған балуанымыз бірден 14-орынға көтерілді. Егер Олимпиадалық рейтингке салсақ, Жансай 12-орында. Айтпақшы, бүгін жалауын көтеретін Тбилисидегі жарыста Жансай белдеспейді. Бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев оған демалыс беріпті. Үш айда үш жарысқа қатысып, әлемдік рейтингте айтарлықтай алға басқан балуанның бір жағынан демалғаны да дұрыс шығар.
81 келіде үміт артып отырған балуанымыздың бірі - Дидар Хамза. Өкінішке қарай, Дидардың соңғы кездері жолы болмай жүр. Қазір ол Олимпиадаға баратын балуандардың қатарына құрлықтық квота арқылы ғана кіріп тұр. Рейтингтік жарыстар Будапештегі әлем чемпионатына дейін жалғасады. Яғни, маусым айына дейін балуандарға ұпай ауадай қажет.
Жыл басынан бері Дидар үш жарысқа қатысып, барлығы 520 ұпайға ие болды. Ол қазір 2090 ұпаймен рейтингте 27-ші тұр. Егер Олимпиадаға барғысы келсе, Хамзаға қимылдау керек. Әйтпесе, құрлықтық квотаның өзін ұстап қалу да қиын болады.
Ислам Бозбаев
Әлемдік рейтингте 19-орында тұрған Ислам Бозбаев бабына енді ғана еніп келеді. Тель-Авивтегі (Израиль) Гранд Сламда ол жетінші орын алып, қоржынына 260 ұпай салды. Әрине, бұл көп емес. Ертең Тбилиси татамиіне шығатын балуанымыз қазіргі орнын сақтап қалғысы келсе, кемі бестікке кіру қажет. Олимпиадалық рейтингпен есептесек, Ислам 16-орында (2626 ұпай). Яғни, кез келген уақытта 18 балуанның қатарынан шығып қалу қауіпі бар.
Өкінішке қарай, 100 келідегі балуандарымыздың бағы жанбай келеді. Кезінде Максим Раков өнер көрсетіп жүргенде жолдамадан мәселе болмаушы еді. Қазір ел намысын қорғап жүрген Айбек Серікбаев (51-орын) пен Виктор Демьяненко (67-орын) Олимпиаданың ауылынан тым алыста жатыр.
100 келіден жоғары салмақта да мәселе көп. Кезінде алыптардың арасында Ержан Шынкеев жүретін. Әлемдік жарыстарда орын алмаса да, Ержан Азиядағы мықты балуандардың үштігіне тұрақты кіріп тұратын. Шынкеевтің ізін басқан інілері - Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбаевтарға ондай бақ бұйырмай тұр. Ерасыл рейтингте 37-ші, Ғалымжан – 83-орында.
Қыздар арасында Олимпиада және әлем чемпионатының қола жүлдегері Отгонцецег Галбадрахқа сенім артып отырмыз. Қатысқан жарысынан кемі қола медаль алып қайтатын «қара қызымыз» 3353 ұпаймен 13-орында тұр. Галбадрах биыл ешбір жарысқа қатыспады. Қыздар құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев оны Антальяда (Түркия) өтетін Гранд Сламға салғалы отыр. Ол жарыс сәуір айының алғашқы күні басталады.
Қорыта келгенде дәл қазіргі таңда Қазақстан құрамасында 6 салмақ дәрежесі бойынша (5 ерлер, 1 қыздар) жолдама бар. Бүгін басталған Тбилисидегі Гранд Сламды қоспағанда алда төрт бірдей ірі жарыс бар. Нақтырақ айтсақ, балуандарымыз Анталья (Түркия) мен Қазанда (Ресей) өтетін Гранд Слам бәсекесінде, Бішкектегі (Қырғызстан) Азия чемпионатында және Будапештегі (Венгрия) әлем чемпионатында белдеседі. Әлемдік сайыстан кейін Халықаралық дзюдо қауымдастығы Олимпиадаға қатысатын балуандардың тізімін бекітеді. Міне, сол кезде төртжылдықтың басты тойына баратын дзюдошылардың есімі нақты белгілі болады. Әзірге алып отырғанымыз алты жолдама. Жетінші жолдамаға қолымыз жетер ме екен?
Суреттер www.ijf.org сайтынан алынды. Т