Ұлттық қордың түбі көрінді. Енді қайттік?
Үкімет алдағы үш жылда Ұлттық қордан республикалық бюджетке алынатын трансферт көлемін арттыруды көздеп отыр. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Ұлттық қордан алынатын қаржы көлемі артса, 2023 жылға қарай онда ішкі жалпы өнімнің небәрі 30 пайызына ғана тең қаражат қалады, ал бұл одан әрі жұмсауға келмейтін қалдық деп мәлімдеді. Ұрпаққа азық болады деп сақтаған Ұлттық қордағы ақша азайса не болмақ? Үкімет дағдарыста неге Ұлттық қорға қол сала берді? Осы сұрақтарды экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынханға қойып көрдік.
– Айман ханым, жақында Ұлтық банк төрағасы Ерболат Досаев 2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қорда жалпы ішкі өнімнің 30,8 пайызына тең қаражат қана қалады деген болжамын жария етті. Жалпы, Ұлттық қордан соңғы жылдары бюджетке онсыз да көп қаржы алынған еді, ал 2021-2023 жылдары Ұлттық қордан трансферт көлемін едәуір арттыру жоспарланып отыр. Бұл Ұлттық қор қаражатына қалай әсер етеді, келер ұрпаққа не қалмақ?
– Расында да, 2019 жылдың 4 желтоқсанында бекітілген "Ұлттық қордан 2020-22 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңға сәйкес, Ұлттық қордан 2020 жылы 2,7 триллион теңге, 2021 жылы тағы дәл осы сома, ал 2022 жылы 2,6 триллион теңге алынады делінген. Яғни үш жылдың ішінде Ұлттық қордан 8 триллион теңге алынады деп жоспарланды.
Ал 25 тамыз күні Дәленов үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан 2021-2023 жылдары алынатын кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын таныстырғанда "2021 жылы мақсатты трансфертті 2,7 триллион теңге, 2022 жылы 2,4 триллион теңге, 2023 жылы 2,2 триллион теңге көлемінде белгілеу ұсынылғанын" айтты.
Республикалық бюджет туралы толықтырылған заңға сәйкес, 2020 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 5 307 801 768 000 (5,3 триллион теңге) көлемінде ақша бөлінеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-ақпаны ішінде Ұлттық қордан 3,143 триллион теңге жұмсалды(валюта сату бойынша операциялар 5192,3 миллиард долларға жетті) (дерек көз: https://old.nationalbank.kz/?docid=3661&switch=russian). Ал бұл әлі күшін жоймаған 2019 жылғы 4 желтоқсандағы 274-VІ заңында көрсетілген сомамен салыстырғанда 16,5 пайызға көп. Яғни бұл жерде алдымен ешқандай заңдық негізсіз Ұлттық қор қапшығын ашып алды да, енді артынша 2020-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы жаңа заңды таныстырып әлек. Егер бұрынғы, Ұлттық қор қаражатын онсыз да ысырап ететін заңға сәйкес, 2020-2023 жылдары Ұлттық қордың 8 триллион теңгесін жұмсау жоспарланса, енді ұлттық экономика министрі бұдан да көп ақшаны алуды ұсынып отыр. 2020 жылы 5,307 триллион теңге (бұған дейін алынады делінген соманың үстінен тағы 2,607 триллион теңге қосып алмақ), 2021 жылы 3,7 триллион теңге (Дәленов трансфертті тағы да 1 триллион теңгеге немесе 37 пайызға арттырмақ), ал 2022 жылы 2,4 триллион теңге (бұған дейін бекітілген сомадан 0,2 триллион теңге немесе 9 пайызға аз) алмақ. Осылайша барлығы 11,407 триллион теңге алуды жоспарлап отыр. Ал бұл осыған дейін бекітілген сомадан 3,407 триллион теңгеге немесе 42,6 пайызға көп.
Ал енді мына қызықты қараңыз.Электронды үкімет порталында Дәленов үкіметте таныстырған "2021-2023 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасы жарияланды (сілтемесі: (источник https://legalacts.egov.kz/application/downloadnpa?id=4650693). Сол заң жобасында " Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2021 жылы 2 700 миллиард теңге, 2022 жылы 2400 миллиард теңге, ал 2023 жылы 2 200 миллиард теңге көлемінде трансферт белгілеу қарастырылған" делінген. Яғни Дәленовтің 25 тамызда үкімет отырысында ауызша айтқан мәлімдемесі мәжіліске 10 шілде күні түскен заң жобасымен сәйкеспейді.
– Демек, Ерболат Досаевтың 2023 жылдың соңына таман Ұлттық қор қаражаты "одан әрі жұмсауға келмейтін қалдыққа" , яғни жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына жақындайды деген сөзінің жаны бар ғой?
– Бұл ретте Ұлттық банк төрағасы Е.Досаевтың 2023 жылы Ұлттық қор қаражаты одан әрі жұмсауға келмейтін қалдыққа түседі дегенді болжам ретінде айтып, сақтық танытты. Алайда бұл жерде Ерболат Досаев келтірген болжам іс жүзінде орындалып қойды. Ұлттық банктің сайтында еліміздің 2020 жылдың қаңтар-наурызындағы төлем балансының жай-күйі туралы есепке сәйкес (дерек көз: https://nationalbank.kz/ru/news/platezhnyy-balans-vn-sektora), Ұлттық қордың сыртқы активтері ішкі жалпы өнімнің 30,4 пайызына немесе 11,778 миллиард долларға тең. Ал бұл қаржының 6,2 миллиард доллары 6 юрисдикцияда бұғатталған (бұл Ұлттық қордың сыртқы активтернің 52 пайызы).
Ұлттық банктің Ұлттық қор түсімдері мен оны пайдалану туралы есебіне қарағанда, биылғы жылдың 1 наурызында Ұлттық қор активтері 26,56 триллион теңге болған. Ал пандемияға дейін осы жылдың қаңтар-ақпанында қорға 363,2 милилард теңге түсті, есесіне 838,1 миллиард теңге жұмсалды. Ұлттық қордан жұмсалатын ақша республикалық бюджетке алынатын трансферттен көп. Өйткені кепілдендірілген трансферттен бөлек мақсатты трансферт (республикалық бюджетке кірмейтін арнайы келісімдерді қаржыландыру) пен Ұлттық қорды басқаруға айына 70 миллион теңге жұмсалады.
Егер мұнай баррелінің бағасы 45 доллардан төмен түспейді десек, онда Ұлттық қорға 2020 жылдың соңына дейін 1,5 триллион теңге түсуі тиіс. Ал бірақ есесіне, Ұлттық қордан 5,3 триллион теңге жұмсалмақ. Демек, 2021 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қорда 22,847 триллион теңге қалады. Ұлттық банк статистика комитетінің мәліметіне сүйеніп, биылғы жылдың 1-тоқсанында ішкі жалпы өнімнің көлемі 15,1 триллион теңгеге (38,7 миллиард доллар) жетті деді. Ал карантиннен келген шығынды есепке алсақ, жыл соңында жалпы ішкі өнім 40-45 триллион теңгеге жетеді деп болжанып отыр. 2019 жылы өндіріс әдісімен есептегендегі ішкі жалпы өнім көлемі 68,6 триллион теңге болған. Сәйкесінше 2020 жылдың соңына қарай Ұлттық қордың сыртқы және ішкі активтері былтырғы жылғы ішкі жалпы өнімінің 33,2 пайызын құрамақ.
– Қазірдің өзінде жағдай сондай болса, Досаев айтқан 2023 жылы Ұлттық қорда қанша ақша қалмақ?
– Ұлттық қорда ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына тең қаражат қалдығы туралы ереже шын мәнінде, екіжүзді, алдамшы нәрсе. Бір жағынан 2020 жылы ішкі жалпы өнім 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 35 пайызға аз болатынын түсініп отырмыз. Бірақ теңгемен есептегендегі ішкі жалпы өнім төмендей ме, оны дөп басып айту қиын. Егер долларға шаққандағы ұлттық валюта бағамы 2020 жылдың аяғына дейін 425 теңге шамасында қалса, ішкі жалпы өнім 45 триллион теңге шамасында болса, онда Ұлттық қордың 22,8 триллион теңге көлеміндегі шоғырландырылған активтері ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын құрайды. Мұндай жағдайда Ұлттық қордан ақшаны ала беруге болатындай. Дегенмен Дүниежүзілік банк активтерді ай сайын импортталатын тауарлар мен қызметтерді негізге алып есептейді. Біз де осыны негізге алып есептесек, ахуал өте нашар екеніне көз жетеді. Өйткені импорт шетелдік валютамен есептеледі. Олай болса, 2020 жылдың соңына дейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 425 теңге шамасында қалса, ал ішкі жалпы өнім 105 миллиард доллар көлемінде болса, Ұлттық банк активтері шамамен 53,6 миллиард долларға жетпек (соңғы бағалауға сәйкес, 1 наурыз күні активтер 59,4 миллиард доллар болған). Бірақ импорттың көлемі (біз оның орнын баспадық қой) 50,1 миллиард долларға жетпек, яғни экономиканың жартысы импортқа тәуелді деген сөз. Олай болса, Ұлттық банктің шоғырландырылған активтерін тауарлар мен қызметтер импорты көлеміне шақсақ, ол бар-жоғы 12,5 айлық көрсеткішті құрамақ. Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылдың 1 тоқсанында Ұлттық банк активтері тауарлар мен қызметтер импорты көлемінің 13,7 пайызын құраған. 2020-2023 жылдары Ұлттық қордан жоспарланып отырған трансферттер алынады және қорға жылына 1-1,5 триллион теңгеден түсіп отырады десек, 4 жылдың ішінде бар-жоғы 5 триллион теңге түседі, есесіне 12 триллион теңге жұмсалып кетпек. Демек, 2023 жылы Ұлттық қорда 15,8 триллион теңге қалмақ. Ал ол уақытқа дейін девальвация болып, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 600 теңгеге жетеді деп болжасақ, Ұлттық қордың шоғырландырылған активтері 26,3 миллиард долларға түседі. Яғни 2023 жылы Ұлттық қорда ішкі жалпы өнімнің 25 пайызына ғана тең қаражат қалады. Бұл тауарлар мен қызметтер импортының небәрі алтық айлық көлеміне ғана тең.