freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Астанада Бейімбет Майлин ескерткішіне шыққан бойжеткен сотқа тартылды

Қоғам
Астанада Бейімбет Майлин ескерткішіне шыққан бойжеткен сотқа тартылды
Фотоны өңдеген Ozgeris.info

Астанадағы Қаламгерлер аллеясында қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып суретке түскен бойжеткеннің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға елордадағы Қаламгерлер аллеясында болған. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше қыз «Үш арыс» композициясының жанындағы мүсіндердің үстіне шығып суретке түскен. Олардың әрекетін байқаған тұрғын ескерту жасап, жағдайды видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жариялаған.

«Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен осындай келеңсіз жағдайға куә болдым. Қыздардан бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме деп сұрадым. Бірақ нақты жауап бере алмады. Ешқандай ұялу немесе кешірім сұрау байқалмады», – деп жазды оқиға куәгері.

Бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғам арасында наразылық туғызды. Көпшілік мұны ұлттық құндылықтар мен тарихи тұлғаларға деген құрметсіздік ретінде бағалады.

Астана қаласының Полиция департаменті аталған жағдайға байланысты тексеру жүргізіп, бейнежазбадағы 18 жастағы қыздың жеке басын анықтаған.

«Әлеуметтік желілерде фотосуретке түсу кезінде Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқан азаматтың әрекеті анықталды. Құқық бұзушы Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жолданды», – деп хабарлады полиция.

Тәртіп сақшылары мәдени және тарихи мұра нысандарына ұқыпты қарау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ ескерткіштерді қасақана бүлдіру немесе қорлау әрекеттері заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, Қаламгерлер аллеясындағы «Үш арыс» композициясы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлин құрметіне орнатылған.

Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай әрекеттерге құқықтық тұрғыдан қатаң баға берілуі керек екенін айтып, тарихи ескерткіштердің маңына арнайы ескерту тақтайшаларын орнату қажеттігін де көтерді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу