Астана маңындағы ат клубтарының бірінде болған оқиға қайғылы аяқталды. 33 жастағы Жазира аттан құлағаннан кейін ауыр жарақат алып, бір айға жуық уақыт комада жатып, 13 тамызда қайтыс болды, деп хабарлайды Malim.kz Sn.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Марқұмның жақындары мен достарының айтуынша, Жазира атқа алғаш рет мініп жүрген адам болмаған. Ол бұған дейін де атқа мініп, ер-тұрман үстінде өзін еркін ұстай алған.
Алайда 6 шілдеде ат клубында болған оқиға кезінде әйел аттан құлап, ауыр жарақат алған. Оны дереу медициналық мекемеге жеткізген. Содан кейін Жазира ұзақ уақыт бойы ес-түссіз күйде жатқан. Туыстары оның 13 тамызда көз жұмғанын растады.
Оқиғаға қатысты Ақмола облысының Полиция департаменті де түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, 6 шілдеде Целиноград ауданындағы ат клубтарының бірінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«13 тамызда зардап шеккен әйел алған жарақаттарынан қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қайта сараланатын болады. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.