Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасында әуе билеттердің құнын толық қайтару туралы ұсыныс қарастырылуда. Алайда Көлік министрлігі мұндай билет жүйесі енгізілсе, билет бағасы қымбаттауы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.
Вице-министр Талғат Ластаевтың айтуынша, билеттердің толық қайтарылуын тарифке енгізу рейстердің қымбаттауына әкелуі ықтимал. Өйткені кейбір жолаушылар түрлі себептермен рейске келмей қалады.
Іс-шарада журналистер депутаттардың “жолаушылардың жоспары өзгерген жағдайда билетті қайта өткізу” мүмкіндігін қайтаруды ұсынып жүргенін айтты.
"Егер билет толық қайтарылса, шығындар рейске келген басқа жолаушылардың есебінен өтеледі. Яғни рейске келмеген, бірақ 100 пайыз ақшасын қайтарып алған адам үшін компанияда оны өтеудің басқа жолы жоқ. Сол себепті бұл шығын басқа жолаушыларға бөлінеді. Жалпы алғанда, бұл тарифтердің өсуіне әкелуі мүмкін", – деді Ластаев.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа заң жобасында әуе компанияларына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылғанын айтты. Сондай-ақ құжатта әуе билетін қайтарған жағдайда компания билет құнының тек 10 пайызын ғана ұстай алатыны көрсетілмек.