Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов өмірінің ең ауыр кезеңінде қазіргі жары Бағдат Әшімовамен танысқан. Бір кездері жұбайынан, кейін екі бірдей ұлынан айырылған актер қатты қажып, өмірден түңілген сәттерді бастан өткерген. Бұл туралы Бағдат Әшімова 2019 жылы Ұлттық арна түсірген деректі фильмде айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Асанәлі Әшімовтің алғашқы жары Майра 1993 жылы өмірден өтті. Актердің жақындары оның бұл ауыр сынақты қалай көтеретінін уайымдағанын айтады. Көп ұзамай ұлы Мәди де қайтыс болған. Ал кейін Сағидан айырылу өнер иесіне тағы бір ауыр соққы болды.
"Сол сынақтан сүрінбей өтті. Қандай жағдайға ұшырап кетер екен деп қорықтық. Ең алдымен, Майра қайтыс болды. Оның артынша Мәди қайтыс болды. Екеуінің арасы 6 ғана ай. Сағи қайтыс болды. Ол қандай еді? Өздеріңіз білесіздер, кешегі Шоқанды ойнап, жарқырап жүрген Сағи қазақша айтсам, көз тиді ме білмеймін. Әйтеуір Алла Тағала жұлдыз етіп алып келді де, жасынан алып кетті", – деді актердің қарындасы Амантай Серікқызы.
Ал бүгінде Асанәлі Әшімовтің шаңырағының ұйытқысы болып отырған Бағдат Әшімова актердің жан жарасын алғаш көрген сәтін ұмытпайтынын айтты. Оның сөзінше, сол кезде ол өзіне үлкен серт берген.
"Есімде, су алайын деп астына түсіп кеткенмін. Қайта көтеріліп келген кезде кереуеттің кернеуін ұрып: – Әттең, балаларым, мені неге жалғыз тастап кеттіңдер? – деген дауысты естідім. Сол минуттан бастап мен өзіме серт бердім. Бір минут, бір сәт қалдырмауға… Әрине, жүректегі жара жазылмайды ғой. Бірақ сол жараның ашылмауына қызмет етемін деп", – деді Бағдат Әшімова.
2002 жылы ауыр қайғыдан қажыған Асанәлі Әшімов ауруханаға түскен. Дәл сол емханада ол кейінгі өміріне үміт сыйлаған Бағдатты кездестірді.
Бағдат Әшімова сол күндері актердің жалғыздығын көріп, оны бақытты еткісі келгенін айтады. Ол елдің еркесіне айналған өнер адамының басына түскен ауыртпалықты көріп, жанында бір баласы болса екен деп ойлағанын жеткізді.
"Таң ата қатты толғаныс, тебіреністің үстінде: – Әттең, Алаштың азаматы, елдің еркесі, басына осындай ауыртпалықтың түскенін-ай, бір бала қасында болғанда ғой. Менің қолымда болса, мен бұл кісіні бақытты етер едім, – деп өзімше қиялдадым", – деді ол.
Қазір Асанәлі және Бағдат Әшімовтердің ортақ ұлы бар. Оның есімі де – Асанәлі. Бұл есімді балаға анасы қойған.
"Мен қойдым. Ұл бала екенін білгеннен кейін Асекеңе қолқа салдым. Әрине, түсінемін. Қазақта мұндай үрдіс жоқ. Өмірден жас кете ма, кәрі кете ма, бір Құдайдың қолында ғой. Осы баланың атын сіздің атыңызбен қойсақ?! Көзім жұмылғанша осы ат аталып тұрса екен, ізіңізді басса екен. Сіздей болмаса да, сіздің басқан ізіңізді жаңғыртып отырса екен деген менде тілек болды", – деді Бағдат Әшімова.
Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында актердің күнделік кітабына қатысты жазба жариялаған еді.
Асанәлі Әшімов – қазақ өнерінің абызы
Асанәлі Әшімов – қазақ киносы мен театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті актер, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген.
Болашақ өнер иесі 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша білім алды. Кейін шығармашылық жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастап, қазақ киносының қалыптасуы мен өркендеуіне белсенді үлес қосты.
Асанәлі Әшімовтің өнердегі жолы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен де тығыз байланысты. Ол 1963 жылдан бастап осы театрда актер әрі режиссер ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, көрермен жадында сақталған көптеген бейнені сахнаға алып шықты.
Өнер майталманы қазақ театры мен киносының биік деңгейге көтерілуіне ерекше еңбек сіңірген тұлғалардың бірі саналады. Оның сахнадағы да, экрандағы да рөлдері шынайылығымен, тереңдігімен және жоғары актерлік шеберлігімен ерекшеленді. Сол себепті халық оны қазақ өнерінің абызы деп құрметтейді.
Асанәлі Әшімов шығармашылық еңбегі үшін көптеген мемлекеттік және халықаралық марапатқа ие болды. 1973 жылы "Атаманның ақыры" фильміндегі рөлі үшін Күләш Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 1974 жылы театр өнеріндегі еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
1978 жылы оған Қазақ КСР халық әртісі атағы берілді. Ал 1980 жылы КСРО халық әртісі атанды. 2000 жылы "Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты болды. Кейін "Отан" және "Құрмет" ордендерімен марапатталды.
Сонымен қатар Асанәлі Әшімов Жамбыл облысының құрметті азаматы атанған. 2003 жылы "Қазақы оқиға" фильміндегі рөлі үшін "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің лауреаты болды. Ал 2007 жылы әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының "Алтын қыран" орденімен марапатталды.
Бүгінде Асанәлі Әшімовтің есімі қазақ өнері тарихында биік талғамның, актерлік шеберліктің және өнерге адалдықтың символы ретінде бағаланады.