457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі Үкіметаралық кеңестің XXVIII сессиясы өтті

Ауқымды сессия Астанада ұйымдастырылды

2025 жылғы 25 қыркүйекте Астанада ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі Үкіметаралық кеңесінің XXVIII сессиясы өтті. Іс-шараға ТМД елдерінің геологиялық қызметтерінің, министрліктерінің және салалық ұйымдарының өкілдері қатысты.


Қазақстан бұл сессияны өткізу арқылы Еуразиядағы геологиялық ғылым мен жер қойнауын пайдалану саласындағы белсенді қатысушы ретіндегі мәртебесін дәлелдеді. Геология комитетінің баяндамасында алдыңғы, XXVII сессия шешімдерінің орындалу барысы және 2030 жылға дейінгі жоспарлар ұсынылды.

Қазақстан тарапы бірқатар басым бағыттарды атап өтті:

кен орындарын болжау дәлдігін арттыру үшін 1:50 000 масштабтағы геологиялық карталау жұмыстарына көшу;

сирек жер металдарын іздестіру жұмыстарын жандандыру;

жер қойнауын пайдалану саласындағы 21 мемлекеттік қызметті автоматтандырған және 50 мыңнан астам геологиялық есепке қол жеткізуді қамтамасыз еткен Minerals.e-qazyna цифрлық платформасын енгізу.

Сонымен қатар, Қазақстан жасырын кен орындарын болжауда жасанды интеллект пен математикалық модельдеуді қолдана отырып, бірлескен зерттеулер жүргізуді және қалдықтарды қайта өңдеу бойынша ынтымақтастықты ұсынды.

Сессияда басқа мемлекеттердің де бастамалары ұсынылды.
Ресей қорлар мен ресурстардың ұлттық жіктемелерін халықаралық стандарттармен үйлестіру қажеттілігін және зертханалық-талдамалық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамытуды атап өтті.
Беларусь шекара маңындағы аумақтарда жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады.
Өзбекстан тау жыныстарының цифрлық атласын және ақпараттық технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Қырғызстан, Тәжікстан және Армения картография, жерасты суларын мониторингілеу және жас мамандарды даярлау салаларында бірлескен жобаларды кеңейту жөнінде ұсыныстар білдірді.

Сессия қорытындысында ТМД елдерінің геологиялық ынтымақтастығының стратегиясын айқындайтын шешімдер хаттамасына қол қойылды.
Айта кету керек, Қазақстанның цифрландыру, экологиялық проблемаларды шешу және стандарттарды үйлестіру бойынша бастамалары тұрақты дамудың жаһандық үрдістеріне сай келеді.

Аталған іс-шара — ТМД елдерінің мемлекеттік құрылымдары, геологиялық қызметтері мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдері жер қойнауын пайдалану, технологиялар трансфері, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және геология саласының тұрақты дамуы мәселелерін талқылайтын маңызды халықаралық алаң болып табылады.

Іс-шараны ұйымдастыру “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС, ERG, “Казцинк” ЖШС, KAZMinerals тобы, Solidore Resources сынды серіктес компаниялардың қолдауымен жүзеге асты. Бұл компаниялар XXVIII сессияның сәтті өтуіне  үлестерін қосты.

Фото: Қазақстан Республикасының Геологиялық өндірістік ұйымдарының ассоциациясы