Әнші Әли Оқапов ұлымен бірге Дубайға барып, бала кезінде әкесімен жасаған сапарын еске алды. Өнер иесі үшін бұл саяхаттың ерекше мәні бар, деп хабарлайды Malim.kz.
Әли Оқапов Instagram парақшасында Дубайға алғаш әкесімен бірге келгенін жазды. Сол кезде өзі қазіргі ұлымен шамалас жаста болған. Әншінің айтуынша, әкесінің жанында өткізген күндері әлі күнге дейін есінде.
"Мен Дубайға дәл осы ұлымның жасында әкеммен бірге келгенмін. Сол сапар әлі күнге дейін есімде. Әкемнің жанымда болғаны, бірге өткізген сәттеріміз… Бала кезімдегі сол естеліктер жадымда анық сақталыпты", – деп жазды ол.
Арада жылдар өткенде әнші осы қалаға өз ұлымен қайта барған. Баласына қарап отырып, кейде өзінің кішкентай кезін көргендей болатынын жеткізді.
"Ең қызығы – ұлым сол кезде мен қандай жаста болсам, қазір дәл сол жаста. Оған қарап отырып, кейде өзімді кішкентай бала кезімде көргендей боламын. Бір кездері әкемнің жанында жүрген бала едім, ал бүгін өзім әкемін", – деді Әли Оқапов.
Өнер иесі осындай сәттерде уақыттың қаншалықты тез өткенін сезінетінін айтты. Бұрын әкесімен бірге жинаған естеліктерінің енді ұлымен жалғасуы оны ерекше толқытқан.
Әнші баласының бұл сапарды толық есінде сақтамауы мүмкін екенін де жазды. Дегенмен есейгенде суреттерге қарап, өзінің балалық шағындағы бақытты сәттерді сезінсе екен деген тілегін білдірді.
Жазбасының соңында Әли Оқапов сапарды ұйымдастыруға мүмкіндік берген Air Astana мен Visit Dubai командасына алғыс айтты. Оның сөзінше, бұл саяхат отбасы үшін тағы бір жылы естелікке айналған.
"Әкеден балаға жалғасатын сәттер бар. Бүгін соның бірін өз жүрегіммен сезініп жүрмін", – деп түйіндеді әнші.
Айта кетейік, бұған дейін Malim.kz Әли Оқаповтың әкесі мен анасының көпшілікке бұрын көрсетілмеген суреттерін жариялағанын жазған еді. Ол фотоларда әншінің балалық шағы мен анасы Роза Рымбаеваның жас кезіндегі сәттер бейнеленген.
Әли Оқапов кім?
Әли Тасқынұлы Оқапов – қазақстандық эстрада әншісі, музыкант әрі биші. Ол 1991 жылғы 22 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Анасы – Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, әкесі – музыкант әрі дирижер Тасқын Оқапов. Өнерлі отбасында өскен Әли бала кезінен музыкаға жақын болды. Күләш Бәйсейітова атындағы музыка мектебінің фортепиано сыныбында білім алды. Кейін әншілікпен қатар би өнерін де меңгеріп, сахнада осы екі бағытты ұштастырды.
Әли шығармашылық жолында FOX band тобында жетекші әнші болып жұмыс істеген. 2011 жылы "Жұлдыздар фабрикасы Қазақстан" жобасына қатысып, финалға шықты. Бұл жоба оның көпшілікке танылуына жол ашты. Кейін жеке орындаушы ретінде әндер шығарып, бейнебаяндар түсірді. Оның репертуарындағы "Өткен күндер" әні анасы Роза Рымбаеваға арналған.
Әнші музыкадан бөлек, кино саласында да бағын сынаған. Білімін Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғастырып, кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыка және эстрада бағытына ауысқан.
2020 жылы Әли Оқапов өнерпаз Ақерке Бүркітбаймен шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылардың Зейін есімді ұлы 2023 жылы дүниеге келген. Әли сұхбаттарында әке атанғаннан кейін шығармашылығына да, өмірге көзқарасына да өзгеріс енгенін айтқан. Ол өнер мен отбасылық өмірді қатар алып жүр.