freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Бұл – мемлекетке құрметсіздік": Димаш Құдайбергеннің әкесі қазақ тіліне қатысты маңызды ұсыныс айтты

Шоу-бизнес •
"Бұл – мемлекетке құрметсіздік": Димаш Құдайбергеннің әкесі қазақ тіліне қатысты маңызды ұсыныс айтты
Фото: әлеуметтік желі

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі, белгілі продюсер Қанат Айтбаев қазақ тілінің мәртебесіне қатысты өз ойын білдірді. Ол мектептерде қазақ тілі пәнінің атауын өзгертуді ұсынып, бұл бастаманың өскелең ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қанат Айтбаев бұл туралы Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды. Оның пікірінше, мектептердегі "Қазақ тілі" пәнін "Мемлекеттік тіл сабағы" деп атау қажет.

"Еліміздегі мектептердегі оқу кестесінде қазақ тілі сабағын жай ғана "қазақ тілі" демей, "мемлекеттік тіл сабағы" деп атаған жөн. Бұлай атау – мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігін, оның аса маңыздылығын күнделікті өскелең ұрпақтың санасына сіңіреді", – деп жазды ол.

Продюсердің айтуынша, пән атауының өзгеруі оқушылардың мемлекеттік тілге деген жауапкершілігін арттыруы мүмкін. 

"Кітаптың мұқабасында "Қазақ тілі" деп жазылған мемлекеттік тіл сабағына немқұрайлы қараудың немесе жөнді қатыспай, нашар баға алудың қандай болатынын ойлап көріңіз? Бұл – мемлекетке, мемлекеттік тілге құрметсіздік және сауатсыздық болады емес пе? Қай бала ондай қатарда жүргісі келеді?" – деді Қанат Айтбаев.

Сонымен қатар Димаш Құдайбергеннің әкесі мемлекеттік тіл пәнінен тапсырылатын емтихан нәтижесіне ерекше мән беру керектігін айтты. Оның пікірінше, бұл пәннен алынған баға жоғары оқу орнына түсу кезінде маңызды көрсеткіштердің бірі болуы тиіс.

"Мемлекеттік тіл сабағынан тапсырылатын емтиханда қойылатын баға оқушының жоғары оқуға түсуі үшін қажетті ең маңызды көрсеткіштердің бірі болуға тиіс", – деп атап өтті ол.

Қанат Айтбаев мұндай қадам балалардың қазақ тіліне деген құрметін ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді деп есептейді.

"Осы бағытпен жүрсек, әнұранды балабақша кезінен жаттап өскендей, балалар мемлекеттік тілге де үлкен құрметпен қарауды үйренеді", – деп түйіндеді продюсер.

Айта кетейік, Қанат Айтбаев – танымал әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі әрі продюсері. Ол әлеуметтік желіде ұлттық құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірін білдіріп отырады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу