«Айтушы мен тыңдаушы...»: мектептегі тіл жайы

«Неге ана тіліңде сөйлемейсің?» деген сауалға «Бұл – мода, маған ыңғайлысы осы тіл» деп жауап береді

Malim Админ

  • 17.08.2023

           Тіл мен ойлаудың ажырамас бөлігі бар. Өйткені тіл – санада таңбаланған «сәулелерді» жарыққа шығарады. Егер «сәулелер» күңгірттенсе, көсіліп айтуға, ақтарылып сөйлеуге ешкімнің дәрмені жоқ. Осындайда, «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» дейтін Абайдың сыны орынды. Бұл пайым –сол замандағы қазаққа қаратып айтылғанымен, қазіргі қоғамның да жазылмас «жарасы». Зейін қойып тыңдамағаннан кейін, адам өз ойында өрнектелген сөзді айта алмайды. Һәм керісінше, астамсып сөйлеуге, даурыққан дақпырттарға құмар адам естінің емеурінін, айтпақ түйінін сезіне алмайды. Бұл – бұлжымас заңдылық.

Абай күйінген істің бірі осы айтушының шала, таяз, үстірт әрекеттері. Таза тілге өзге тілді кіріктіріп сөйлеу, ойды толық жеткізе алмау, қазақы мәнерді, әуезділікті білмей, орфоэпиялық заңдылықтарды «табанға» таптап сөйлеудің дұрыс емес екенін меңзейді ақын. Шынында да, «бөтен сөзбен» былғанған тілдің табиғи бояуы да жоғалады. Шырайы да кетеді. Қарапайым тұрмыс адамдарынан бастап, журналистика саласының мамандарына дейін айтылымның «айы» оңынан туып тұрған жоқ. Ал мектептегі жағдай мүлде көңіл құлазытар хәлде.

Мұның дәлелі, біріншіден, мектептолық қазақ тіліндегі (аралас емес) шаңырақ болса да, оқушылардың көбі орыс тілінде сөйлеуге әуес. Әсіресе, қоңырау кезінде оқушылар өзге тілде бір-бірімен араласып, сыр-сұхбат құрып отырады. Бұл үрдіс, әсіресе, Солтүстік және Шығыс, Орталық Қазақстан, сондай-ақ Астана қаласында тамырын терең жайған. Жастарымыз бес минуттық қоңырауда Бес арысымыз аманаттап кеткен тілімізді «заманға сай емес» деп танитын күйде. Сорақысы сол, «Неге ана тіліңде сөйлемейсің?» деген сауалға «Бұл – мода, маған ыңғайлысы осы тіл» деп жауап береді. Қоңырау уақыты аяқтала салысымен, барлық оқушы сынып-сыныбына тарап, тағы бір сабақ процесі басталады. Сөйтіп, мұғалім айтқан тағылымды әрі терең сөздердің бірін ұқса, бірін ұқпай, шала-сауатты түрде келешекке аттанады. Тіпті, кейбір мектеп оқушылары «Мұғалім, «народ» дегеннің қазақшасы қалай?» деп сұрайды. «Халық» деп жауап беруге хәл-дәрмен болғанымен, ақиқат өзекті тіліп, алқымнан алады. Әлгі ұстаз әлі келгенше әлек болып, тұнық тілдің тазалығын үйретсе де, заман ағыны, жаһандану қарқыны бәрібір де басым түсіп жатыр.

Екіншіден, Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мектеп қабырғасында қазақ тілі сабағы «Айтылым», «Тыңдалым», «Жазылым», «Оқылым» секілді бірнеше дағдыларға бөлініп оқытылады. Осының ішінде «Тыңдалым» мен «Айтылым» – рецептивті дағдыларға жатады да, олар болжау, негізгі ойды анықтау, әртүрлі жанрдағы мәтіндерді талдау, сөйлеу мәдениетін дамыту секілді бірнеше мақсаттарға негізделген. Әрине, мұндағы әуелгі ниет, көзқарас дұрыс. Бірақ, өкінішке қарай, біз осы мүмкіндіктерді тиісті деңгейде қолдана алмай жүрміз.

Мәселен, 9-сыныптың қазақ тілі сабағында Тоқсандық жиынтық бағалау кезінде «Айтылым мен тыңдалым» тапсырмасы былайша өрбиді:

1. «Мәтінді оқып, негізгі ойын анықтаңыз. Мақсатты аудитория мен көркемдегіш құралдардың қолданылуына сыни тұрғыдан өз көзқарасыңызды білдіріңіз. Пікіріңізді жан-жақты тұжырымдап, мысалдар арқылы дәлелдей сөйлеңіз.

2. Жұбыңызды мұқият тыңдаңыз. Оның мәтіні бойынша маңызды деп санайтын 2 сұрақ қойыңыз. Талқылауға белсенді қатысып, пікір білдіріңіз».

Ары қарай төрт түрлі мәтін беріледі де, соны оқи отырып, оқушы тиісті тапсырманы орындау керек. Сол мәтіндердің біріне тоқталсақ. Толық нұсқасы мынадай:

«Адам құқықтары мен бостандықтары – жеке тұлғаның әлем қауымдастығы мойындап, халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген, ешкім шек қоймайтын немесе тыйым сала алмайтын құқықтары мен бостандықтары. Адамның қандай да бір игіліктерді иеленуін қамтамасыз ететін, өз еркімен іс-әрекет жасауына мүмкіндік беретін мемлекет пен бұқара арақатынасының негізгі принциптері адам құқықтары мен бостандықтарына жатады. Адамзат қоғамында бұл мәселеге ежелден баса назар аударылған. Мысалы, Аристотель адам құқықтарын «табиғи» және «шартты» деп екіге бөледі. Адамның табиғи құқықтарын мемлекет орнатқан шартты құқықтардан жоғары қояды. Орта ғасырда адам құқықтары мен бостандықтары жасалған қайырымдылықтар, рақымшылықтар ретінде түсіндірілді...».

Әрине, бұл бұлжымайтын, өзгермейтін қағидалар мен тапсырмалар емес. Дегенмен, мәтіндердің анағұрлым көп нұсқасы осыған саяды. Жоғарыдағы пікірде заманауи қоғамның бағыт-бағдары, өзекті тенденциялары жазылған. Бірақ мәтін идеясында бостандық мәселесі көтерілгенімен, оның балаға берер пайдасы қандай екені айтылмаған. Әр оқушы өз құқығын толық білуі үшін не істеу қажет екені баяндалса, құба-құп. Шыны керек, әр тапсырма мен тақырып – оқушының санасына серпіліс беріп, ұлттық рухқа дәйектелген болуы қажет. Осы «ұлттық мінез», «ұлттық идея» мектеп оқулықтарында, әсіресе қазақ тілі кітабында ақсап тұр. Қазақ тілін биология, жағрафия, технология, физика секілді салалармен байланыстырса да, ұлттық ділмен байланыспай қалғаны өкінішті. Қазіргі мектеп қабырғасының көзге көрінбей тұрған көлеңкелі тұсы осы болса керек.

Қазақ тілінің әрбір тапсырмасы, әрбір тақырыбы жіті зерттеліп, жан-жақты сұрыптаудан өткеннен кейін ғана бүлдіршіндердің рухани азығы болуы қажет. Бұқар жыраудың: «Жаманнан жақсы туса да, Жақсыдан жаман туса да, Тартпай қоймас негізге», – деген жыр жолдары талай түйінді шешіп, бізге бағдар бере алады. Идея, тақырып, тапсырма түп тамырдан қате кеткеннен кейін, кейінгісін түзету, өзгерту қиынның қиыны. Бұқар жыраудың «негіз» дегені аталған мәселенің басты фабуласын айғақтайды.

Ұлттық құндылықтың сабақ барысына түбегейлі енуі үшін жүйелі өзгерістер керек екені анық. Бұл орайда, «жанды сөз» алдыңғы қатарға шығады. Яғни, тұнығы лайланбаған, жанартау жанашырлықтан шыққан жылы пайымдар – қашан да құнды. Біз қозғап отырған «Айтылым мен тыңдалым» дағдысын қалыптастыруда Алаш арыстарының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы секілді марғасқалардың Тірі сөздері көңіл түңдігін ашып, көп тағылымға бастау болары белгілі. Тіпті, майдангер ақын-жазушылар Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқыш, Қасым Аманжолдың ұлға ұлағат, қызға қазына болар өміршең сөздері де бүгінгінің үдесінен шығады, ұлттық тәлімді үйретеді.

Олардың сүбелі сөздерінде ағаға құрмет, кішіге ізет, ата-ана қадірі, жаңа дүниеге ұмтылыс, ұлтты ақылмен, біліммен қорғау, тіл білу, сол арқылы жер-жаһанның жақсы тұстарына зер салу секілді құндылықтар маздап тұр. Баланың тіліне жатық, жеңіл айтылатын, сонымен қатар, өмір сүруге талпыныс беретін отты ұшқын бар. Сол себепті жас өрендердің «Айтылым» дағдысын қалыптастыру үшін Тоқсандық жиынтық бағалау кезінде Ахмет Байтұрсынұлының «Білім жарысы» мақаласынан үзінді, Әлихан Бөкейханның қанатты сөздері, Бауыржан Момышұлының «Ұлыма айтарым...» атты тәмсіл сөздерін қолданғанымыз дұрыс. Жалпы отыз балдың ішінде, Тыңдалым мен Айтылымға он беріледі. Сол он балды осы үзінділерді мәнеріне келтіріп, мағынасын түсініп, шын ұғып айтқан һәм астарына бойлаған оқушыға беруге болады. Енді аталған үш мәтінді алдияр оқырманға ұсынып көрсек:

1. А.Байтұрсынұлының «Білім жарысы» мақаласынан үзінді.

«Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі – білім жарысы. Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі – білім жарысы. Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді.

2. Алаш ардақтысы, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері:

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

Халық ісін орнын салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.

Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.

Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соңынан ерер еді.

Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.

Жер десе, дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.

Адам қызметіне кіріспей, қазына тумайды».

3. Бауыржан Момышұлының ұлына айтқан ақылы:

«Ердің екі сөйлегені – өлгені. Уәде бермеуге тырыс. Әйтпесе, сөзіңде тұр.

Қысқа, нұсқа сөйле. Дауысың анық болсын.

Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал.

Өсек айтылатын жерде болма. Кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс

Таспен атқанды аспен ат – жеңесің! Содан кейін алшақ жүр.

Ренжітпе! Жүйелі қарғыс иесін табады.

Ешқашан мақтанба! Жұрт мақтасын.

Өзіңді сыйла. Өзгелер сыйласын.

Күнде өзіңе есеп бер. Өзіңді тәрбиелей бер.

Құмар ойын – әлсіздің әлегі. Мықтының рухы биік, денесі шымыр.

Үйретері мол мықтылардан ұстаздарың болсын. Бірақ ешкімді пір тұтпа.

Сыйлағанның құлы бол. Кішірею – төмендеу емес.

Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр.

Саяхатта. Дүниетанымыңның аясы кеңейеді.

Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама.

Жүйкең әлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сәттерге бапта.

Қыран құстай қырағы бол. Өзгелерді өзіңдей көрме.

Өнер үйрен. Мамандығыңда мықтысы бол.

Барлық жақсы қасиеттің діңгегі – әдептілік. Барлық жақсыны әдептің үстіне орнат.

Кім қанша төмен түссе де, сен өзі биігіңде қал».

Жоғарыдағы тәмсілдердің баланың санасын дамытуға, сөздік қорының молаюына айырықша септігін тигізеді. Осылайша, сахна тілі қалыптасып, оқушының сөз жүйесі, құрылымы жөнге келеді. «Алаш арысы былайша толғады...» дей келе, өз ойын дәлелді жеткізуге машықтанады. Қысқасы, жатталған сөз – жадқа көшіп, өмірлік серігіне, таптырмас асыл қазынасына айналары даусыз.Одан бөлек, ұлт жанашырларының мәтінін есте сақтау – эссе, ой-толғау, мақала, әдеби сын жазу барысында да пайдасы зор. Осылайша, мәтін, тіл, ой бірізділігінің арқасында жоспарлы, сүбелі шығарма туады.

Қорыта келе, «Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады» (Асан қайғы) дегендей, бұл тәжірибе – оқыту барысында қолданылған, тиімді нәтижесін берген ұсыныс. Сондықтан қазақ баласын білімді, зерек, ұлжанды қылып тәрбиелеуде бұл сөздердің салмағы мен маңызы бар. «Айтылым» дағдысы жан-жақты дамыған шәкірттен Алты Алаштың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтар тұлға қалыптасады. Кезіндегі би-шешендердің дуалы ауызы, мәйекті тілі біздің жастарға дарыса, нұр үстіне нұр.

 

Біржан АХМЕР

Байланысты жаналықтар

Олжас Бектенов мектептегі тамақ сапасын жақсартуды тапсырды

19.11.2024

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

11.11.2024

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры мектептегі тамақ сапасына қатысты әлеуметтік мониторингті бастады

15.10.2024

Мектеп оқушылары күзгі каникулда 10 күн демалатын болды

14.10.2024

Өскеменде қыздар қатарласына буллинг жасаған

07.10.2024

Қазақстандықтар бүгін Ұстаздар күнін атап өтіп жатыр

05.10.2024
MalimBlocks
Олжас Бектенов мектептегі тамақ сапасын жақсартуды тапсырды

Премьер-министр Тамақтану стандартын әзірлеудің президент тапсырмасы екенін айтты

Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

Қазақша сөйлеуді алдымен мемлекеттік қызметкер меңгеруі тиіс деп түсіндіру – бұқаралық сананы теріс бағыттау

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры мектептегі тамақ сапасына қатысты әлеуметтік мониторингті бастады

Мектеп оқушылары күзгі каникулда 10 күн демалатын болды

Өскеменде қыздар қатарласына буллинг жасаған

Мектеп жасындағы қыздар құрбысын бейәдеп сөздермен қорлап, тізерлетіп кешірім сұратқан

Қазақстандықтар бүгін Ұстаздар күнін атап өтіп жатыр

Елімізде еңбек өтілі 30 жылдан асқан 5 мың мұғалім бар