Арыстардың көзі «ойылған». Діни басқармаға бәрібір
«Бастысы, намазға тұрғанда кисе мәкрүһ болады» деді ол.
Qulan.kz онлайн киім дүкені алаш арыстары Мағжан Жұмабайұлы, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлдарының суреттері бар жейделерді сатып жатыр. Киімдер «Бес арыс» коллекциясы деп аталады. Алайда, қазақтың көзін ашқан арыстардың көзін ойып, алып тастаған. Ұлтты оятқан тұлғалардың аянышты бейнесі құдды бір соқыр адамдар секілді әсер береді.
Тарих пәнінің мұғалімі Айдос Жанатұлы көзі ойылған алаш қайраткерлері бейнеленген жейдені өзінің оқушысының үстінен көргенін айтады.
«Жейдедегі біртүрлі суретті көрген соң «мынауың не?» дедім. Оқушым осындай киімдер трендке шыққанын, оны Qulan.kz онлайн дүкенінен алыпты. «Оян қазақ!» деп елді қараңғылықтың түнегінен шығарған ардақтыларымызды «соқыр етудің» астарында ұлтқа қарсы мүдде жатқаны анық. Сататын жейделеріне Әлихан, Ахметтердің ұлағатты нақыл сөздерін жазсын, бірақ ағартушыларымызды олай қорлауына жол бермеу керек» дейді ашынып.
Алаш арыстарын дәріптеп жүрген Ернат Мелсұлы да «бұл әрекетке жол беруге болмайды» дейді. Қоғам белсендісі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, арыстың туған жері Ақкөл ауылынан Стамбулға дейін 5555 шақырымды велосипедпен басып өткен. Біртуар тұлғаларымызды жанкештілікпен насихаттап жүрген Ернаттың айтуынша, бұл ұлтты ұйыстырмаудың бір амалы. Аталған өнімді оқушылар сатып алып, жаппай кие бастаған. «Жастарымыздың санасын олай улауға болмайды. Меніңше бұл дүмшелік. Шығарушылар өзінің бейнесін көзін «ойып» жариялай берсін. Бірақ, Алаш қайраткерлерін өздерінің «діни» ұстанымына және Ұлт арыстарын мынадай бейнеде жейде қылып сатып, пайда табу кәсібіне араластырмағаны жөн. Біздің дінге жауапты құзырлы мекеме мен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы бұған не дейді екен? Алаш қайраткерлерінің «көзін» құрту кімге пайдалы?! Компания менеджері Жаннаға хабарласқанымда ол «қазақылық шеңберін де, ислам шеңберін де ұстап отырмыз. Жаман дүние жасап жатқанымыз жоқ. Біздің бұл жұмысты 95 пайыз адамдар қолдап, бізден киім алып, мақтанышпен киіп жүр. Ол жерде қарапайым адам да, ғалым да, ұстаз да, дін маманы да біздің клиенттер»,- деп жауап берді. Осылайша пікірін, ұстанымын білдірді»,- дейді Ернат.
Malim.kz тілшісі киім дүкенінің өкілдеріне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап көрді. Өзін дүкеннің жауапты маманы ретінде таныстырған Алтынай Қанат есімді азаматша бұдан ешқандай да әбестік көрмейтінін жеткізді. Арада болған әңгімені сөзбе-сөз беріп отырмыз.
-Алаш арыстарының көзсіз бейнесін жейдеге салып, сатылымға шығарыпсыздар. Неліктен мұндай әрекетке бардыңыздар?
-Біз қазақи бренд болсақ та, шариғатпен, мұсылман дінін ұстанып киімдер сатамыз. Исламда, шариғатта айтылған. Көзі бар заттар харам болып есептеледі. Ондай көзі бар заттарды салуға болмайды. Сол сияқты адамның беті, көзі бейнеленген суреттерді сатуға болмағандықтан, біз олардың көзін алып тастадық.
-Олай болса, парақшадағы жарнамалаушыларды да, модельдердің де көздерін жауып шығармайсыздар ма?
-Олар тірі адам ғой. Көзі бар суреттерді салуға болмайды. Ондай суреттер салынған киімдерді киюге де болмайды. Киімге салмадық, сондықтан.
-Осы өнімді шығарар кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатын алдыңыздар ма?
-Иә, мүфтияттың келісімімен жасалған заттар оның барлығы. Қандай дизайн жасап шығаратын болсақ та, бірінші мүфтияттан сұрап, келісімін алып жатамыз. Бұл шариғатта дұрыс деп айтылған ба, соған қарап шығарамыз. Алтынайдың пікірінше, киімдер қазір сұранысқа ие. Жаздан бері шығарып, сатып жатыр екен. Дүкеннің отандық өнімдерін спортшы Айдар Шәрібаев, әзілкеш Ғалым Маханбетов, блогер Өркен Кенжебек, әнші Бағлан Әбдірайымовтар қолдап, жарнамалаған. Дүкенге жауапты азамат Алтынай Қанат өнімді Мүфтиятпен келісіп жасадық дегенді айтты. Бұдан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да пікірін, ұстанымын білдік. Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы олардың келісім жасағанынан бейхабар.
Qulan.kz онлайн киім дүкені парақшасында 9 қыркүйек күні Алаш қайраткерлерінің түпнұсқа суреттерін алып, олардың көзін монтажбен қалай ойып жатқанының видеосы салынған. Қоғам белсенділерінің тарапынан қарсылық күшейе бастап еді, дүкен иелері қарымта жазба жариялады. «Соңғы уақыттары «бес арыс» коллекциясына сын айтатын бірқатар адамдар бар. Тіпті, сол коллекцияның соңына түсіп, түрлі пікір қалдырып жүр. Біздің сұрақ: Бес арыс коллекциясы көзсіз болса не өзгереді? Көзбен болса не өзгереді?» депті.
Өнімді шығарушылар алаш қайраткерлерін көзсіз шығаруын былай түсіндіріпті. «...Бұл турасында исламның шеңбері, ғалымдардың әр түрлі пікірі бар. Бір ғалымдар «сурет мүлдем болмайды» десе, бір ғалымдар «кейбір жағдайларда рұқсат» деген пікірлерін де оқып, білуге болады. Анығын Алла білуші.
Біз сол рұқсат деген жағдаяттарды талқыға салып, шығарып отырмыз. Мысалы, бұрынғы ғалымдардың арасында «Тек ойып жасалған скульптура(мүсін) - харам. Одан өзге суреттерге рұқсат»,-дейтіндер де болды (Имам Нәуәи, Шархуль Муслим, Китабуль Либас - 2104 хадис түсініктемесінде.)
Ал енді жанды затты толық бейнелеуде бізді тоқтататын Алла сөзі. Алла тағала құранда: «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдерші»,-дейді. Ғалымдар бұл аятты сурет мәселесінде де тілге тиек етіп, тәпсірлеріне де қосқан. Адамның бет-бейнесін, тіпті адамның толық өзін Алла секілді көркем етіп ешкім жарата алмайды. Сол үшін біз де Бес арысты толық бейнемін емес, жай ғана силуэтін алдық.
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов бұл жайлы пікірі басқаша. Ол «Адамның көзін ойып, сурет салу керек деген шариғатта жазба жоқ. Сурет салуға болмайтыны туралы діни деректерде бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады, «қайбір үйде жанды бір сурет немесе ит болса ол жерге періште кірмейді» деген. Бұл жерде харам деген, мұсылманның әдетіне жатпайды деп жеткізіп жатыр ғой. Пайғамбарымыздың, сахабалардың кезінде Ислам діні келіп, олар пұтпен күресті. Сондықтан, әрқандай мүсінді, суретті, ол кездегі адамдардың санасы бойынша пұт ретінде көрген. Шариғатта үкім заманға, мекенге қарай айтылады. Ең бірінші мақсат - адамның санасын тазалау болған. Таза Құдайға сыйындыру мақсатында осындай жұмыс жүргізілген. Қазіргі заманда адамдарда ондай ой да жоқ. Көшеде батырдың немесе бір қайраткердің мүсіні болмаса суреті тұрса, оған сыйыну туралы ой туындамайды. Мысалы ол жейделерде тұлғалардың бейнесі көкірегінен жоғары салынған. Ол жанды сурет деп есептелмейді. Жартылай сурет жанды болып саналмайды. Олардың бұл әрекеті аталарымызға деген құрметсіздік» деген пікір білдіреді.
Дүкен өкілдері «қазірдің өзінде қарсы пікір көбейсе, дұрыс емес тұжырымдар дәлелденсе біз бұл коллекцияларды түбегейлі қолданыстан алып тастауға дайынбыз» деп жазыпты. Осылай, бас-көз жоқ тарихи тұлғаларды мүгедек етіп көрсете берсек, жас буынның бағдарын таппай, адасары анық.
Киім дүкенінің мекен-жайы инстаграм парақшасында Алматы қаласы, Мақатаев көшесі 117 деп көрсетілген. Демек, оқушыларға көрнекті тұлғаларды зағип етіп ұсынып отырған мекемені Алматы қаласы әкімдігі бақылауға алуға тиіс. Тілдерді дамыту басқармасы өнім өндірушілердің әрекетін сүзгіден өткізіп, нақты шаралар қолдануы қажет-ақ. Мүфтият көз жұма қарап отырса, осы басқарманың Өнімдерді халал стандарттау және сертификаттаумен айналысатын бөлімі де назар салмағаны белгілі. Алматы қаласы әкімдігі бейқамдық танытса бұл мәселе әлі біразға созылары анық.