Ахмет жылы. Ел мойнындағы борыш
Күрмеуі қиын мәселе Ахметтің атаулы жылында шешілмесе, одан кейін қайыр жоқ.
Биыл «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деп, саналы ғұмырын елінің керегіне жаратқан Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Көрнекті ісімен күллі Алаштың жоғын жоқтап, кетігіне кірпіш болып қаланған Ахаңның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Әрине, әлемдік ауқымда тойланғанымен де, бұл жылдың алдымен қазақ үшін маңызы жоғары, артар салмағы да ауыр. Ахмет тойына төрт-ай ғана уақыт қалды.
Жыл басында Үкімет қоғам қайраткерінің мерейлі датасын атап өту үшін жалпыреспубликалық жоспар жариялады. Аталмыш жоспардың 63 пункттен тұратын жобасы да ел назарына ұсынылғаны белгілі. Осы ретте бірқатар депутат пен зиялы қауым өкілдерінен жасақталған қоғамдық кеңес құрылды. Кеңес мүшесі, сенатор Алтынбек Нұхұлы Ахаң дүние есігін ашқан ауылдағы мұражай үйін қалыпқа келтіру мәселесін көтерген. Себебі, Байтұрсынұлын ұлықтау ісі ұлт перзентінің туған жерінен басталуы заңды. Осыдан соң Алаш ардақтысының туған жерін өз көзімен көру үшін журналистер тобы арнайы барып, ақпарат таратты. Ахмет ауылы мен Ақкөлдің қазіргі ахуалын халыққа шынайы жеткізді. Осы өлкеге арнайы журналистік сапармен барып-қайтқан Бақытнұр Әлібай қолға алар шаруа шаш-етектен дейді.
«Ахмет ауылына жеткенше титықтап қалдық. Алаш ардақтысының атын алған бұл ауыл Қостанай облысындағы ең шалғай елді мекеннің бірі. Облыс орталығы екеуінің арасы жеті жүз шақырым шамасында. Ауыл Жангелдин ауданынан 107 шақырым алыста орналасқан. Сол 107 шақырымға осы уақытқа дейін ешқандай асфальт төселмеген екен» дейді бұқаралық ақпарат құралы өкілі.
Журналистің айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі Қарасу ауылында. Көрнекті тұлғаның кіндік қаны тамған жер ертеректе шөгіп, оның орнына жергілікті халық асарлатып, кішігірім музей-үйін тұрғызған. Бұл нысанға көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегені байқалады. Үйдің сылақтары түсіп, сыны қаша бастаған. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы болғандықтан ғана, үйді жөндеу жұмыстарына бюджеттен 22 млн 746 мың теңге бөлініпті. Қайраткердің 145 жылдығы кезінде осы үйді қалпына келтіру үшін әлеуметтік жоба қолға алынған екен.
Жергілікті жұрт талай жылдан бері жол азабын тартып-ақ келеді. Екі ауылдың тұрғындары күрмеуі қиын мәселе Ахметтің атаулы жылында шешілмесе, одан кейін қайыр жоқ деп отыр. Қыс мезгілінде жолдың қалың қардың құрсауында болғандықтан жүру қиын, ал жазда шұрық тесік жолдың мехнатын тартудай-ақ тартамыз дейді. Облыс әкімдігі биыл 107 шақырымның 11 шақырымына асфальт төсемек. Осы жұмысқа 450 млн теңге қарастырылып отыр екен.
Қарасу мен Ақкөл ауылының арасында Сарытүбек атты жер бар. Осы маңдағы ескі қыстауда Шошақ ұлы Байтұрсын, анасы Күнші Құлыбекқызы мен ағасы Қали жерленген. Бұл зираттарды 1926 жылы Ахаң соңғы мәрте елге келгенде, жұртты жинап салдырған екен. Алаш ардақтысының туыс, ұрпағы Әбсалық Жақсымбеков осы төңіректі көзінен таса қылмайды. Қарияның бір арманы – бабаларының қасына Ахметтің асыл сүйегін әкеліп жерлеу, қайраткер тұлғаның тойын лайықты атап өту. «Бабамыздың абақтыда жатқанда жазған ақтық сөзі жүрегімізде. Ахмет соңғы сәлем хатындай сол толғауында
«Ақкөлде шіркін, көзімді жұмсам,
Бір төмпешік боп сол жерде қалсам.
Арманым жоқ қой, қабірімді сонда,
Құшақтап тұрса Майқара жусан», деп аманат сөзін қалдырған. Алдымен, ұлт перзентінің сүйегін іздеп, табу жағын қолға алған дұрыс», дейді 76 жастағы Әбсалық қария.
Ахмет Байтұрсынұлы ауылының бұдан басқа да мәселесі күн тәртібінде тұр. Шалғайда жатқан елді мекендерге екі жыл алдында ұялы байланыс жүйесі қосылған. Алайда, оның жылдамдығы нашар, сапасы өте төмен дейді ауыл ақсақалы Әбсалық Жақсымбеков. Телефон арқылы сұхбат алғанымызда Әбсалық атаның дауысы жарықшақтанып, аймақтағы байланыс жүйесінің тым нашар екенін айқын сезіндік.
Ахмет Байтұрсынұлы бір ауылдан шығып, түбі бір Түркі жұртының асыл мұратын орындаған тұлға. Ғалымның мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, зерттеп-зерделеп жүрген Әбсалық ақсақал алғашқы қазақ әліпбиі авторының қалыптастырған қарпін әлі өндіріске кіргізе алмай отырғанымызға қынжылыс білдірді. Ахметтің әліпбиі қолданысқа енетін болса ұлттың нағыз кәдесіне асар еді, Үкіметтің де еңбегі жарқырап көрінеді. Осыны кешеуілдетпей, латын графикасын жедел қолға алу керек. Әрбір-әріп пен дыбысты тайға таңба басқандай етіп, Ахаң көрсетіп берген. Бұл қазақ тілінің фонетикасына икемделгенәліпби. Дайын үлгіні зерделеп ұрпаққа ұсынсақ өзге тілде шүлдірлейтіндер азайып, қазақтілділердің қарасы көбейер еді» деп ұсынысын да жеткізді ақкөлдік ақсақал.
Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай да Ахмет жылының иығымызға жүктер жауапкершілігінің зор екенін жеткізді. Алаш ардақтысының 150 жылдығы лайықты түрде еліміздің барлық аймағында есте қаларлыұ игі істермен айшықталуы тиіс. Байтұрсынұлының қызмет еткен жерлеріне жіті үңіліп, ұрпаққа ұлағат болар ұлықтау шараларын жасау маңызды. «Мәселен, Ахметтей Алаш арысы өмірінде Қарқаралының қалдырған ізі сайрап жатыр. Арыстың саясаттағы алғашқы әрекеттері осы жерде басталған. 1905 жылы ол қазақ оқығандарымен бірге «Қарқаралы петициясын» жазғаны мәлім. Қоянды жәрмеңкесінде қағазға түсіп, 14 мыңнан астам адам қол қойған маңызды құжат қазақтың мүддесін қорғауды өте өзекті болды. Құзырхатта қазақ жерін отарлау саясатын тоқтату, Ресей құзырына өткен жерлерді қайтару, қазақ баласын ешбір сотсыз айдауға салу болмасын, газет, баспахана, мектеп ашуға шектеу қойылмасын, қазақ атынан Думаға депутат сайлауға рұқсат берілуі тиіс деген талап-тілектер қойылды. «қарқаралы петициясы» XX ғасырдағы еліміздің тарихында ең маңызды бетбұрыс жасаған құнды құжат. Алғаш рет сөз бостандығы, ұлттық теңдік, отарлық саясатты жою, құқықтық еркіндік сынды мәселелер көтерілді.
1905-1907 жылдары Ахмет Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі әрі оқытушы болып қызмет етті. Жас ұрпақ үшін оқудың, ағарту ісінің пайда әкелетінін түсіндірген ұстаздар қатарынан болды. Ғалым ағартушылықпен қатар, бұл кездері қайраткерлік ісімен де белсенді көріне бастады. Ұлтқа пайдалы іс қылса да, оны «училищеде бір орыс баласы жоқ, ұлтшыл, патшаға қарсы үгіт-насихат жүргізген» деген айып тағып, түрмеге жапты. 1907 – 1909 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралы абақтысында отырды. Бұл сындарлы жылдар оның «Қырық мысал», «Маса» жинақтарының шығуына бастау болғаны белгілі.
Ғалым Тұрсын Жұртбай Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің көп бөлігі Қарқаралыда өткенін айтады. Сондықтан да Алаш ардақтысының есімін жаңғырту ісінде Қарқаралы өңірі ұмыт қалмауға тиіс.
Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ зиялылары айыпталып, Сталиндік репрессияның құрбаны болды. Теріс пиғылды империя Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық қызметінен, шығармашылық еңбектерінен ұлтшылдық, байшылдық сынды «ойлап тапқан» жалаларын жауып, ұлт жадынан өшіруге тырысты. Алайда ұлт көсемі Ахметтің рухани бейнесін тарих парағынан өшіре алған жоқ. Бүгінде Ахмет, Әлихан, Мағжандар басында тұрған мемлекет қайраткерлерін ақтау ісі жалғасын тауып келеді. Саяси қуған-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі Сабыр Қасымов бұл бағытта ауқымды істер қолға алынғанын баяндады. Оның мәлімдеуінше, «халыққа қарсы жасалған науқандар және қуғын-сүргіннен болған адам шығынын есептеу үшін жұмыс топтарын құру жүзеге аспақ. Мемлекеттік комиссияның және өңірлік комиссиялар жұмыс тобының зерттеліп жатқан тақырыптар бойынша құпиясыздандырылған құжаттар жинақтарын, жаңа фактілер мен материалдарды жариялап, ғылыми айналымға енгізу жалғасып таппақ. Жұмыс топтарының мүшелерімен, сарапшылармен бірге жұмыс топтарының тақырыптық бағыттары бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарының нақты санаттарын ақтау әдістемесін әзірленеді.
Қазір елдің алдында Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» тұр. Алаш қайраткерін ардақтайтын айтулы жылда осы үдеден шыға алсақ жарар еді!