Гүлтас Құрманбай: «АР МЕКТЕБІ» немесе «АДАЛ АЗАМАТ»  МЕКТЕБІ

Ұлттық болмысымызға қайта оралып, тамырымызды тауып нәр аламыз десек біз де алдымызға анық мақсат қояйық

Malim Админ

  • 29.07.2023

Педагогика ғылымының докторы, еліміздегі іргелі жоғары оқу орны - Назарбаев Университетінің профессоры Гүлтас Сайынқызы ағарту саласы, білім беру ісі жөнінде ой-толғаныстарын баспасөз құралдары арқылы жиі жариялап келеді. Бірнеше оқу бағдарламаларының негізін салып, ондаған оқулық, жүзден астам ғылыми еңбек жазған білгір ғалымның  бұл мақаласы да сіздерді бей-жай қалдырмайды деп білеміз! 


«Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болу керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?..» (Президент Қасым-Жомат Тоқаевтың  Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші  отырысында сөйлеген сөзінен)

Президенттің жанайқай сұрағына біршама жауапты 20-ғасыр басында Алаш арысы Мағжан Жұмабаев сөзінен табамыз: «...Еліміздің саяси ынтымағы һәм шаруашылық тұрмысын жаңа жолға қоймақшы болғанда да біз еліктеу ауанында жүрміз.

...Қалайда мектебімізге берік бір негіз салу керек. Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескеретін іс – соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. Қазақ жанын қайшылап отырып, жат қалыпқа салмақшымыз. Жат қалыпты қазақ жанына қабыстыру яки жаңа қалып жасау тәжірибесіне кірісуіміз қарадай қорқытады. ... Адам жанын байлап, машинаның құрбаны қылуға ұмтылу – адамзат дүниесінің соңғы ауруы».  (М. Жұмабаев. Шығармалары. А., «Жазушы», 1989 ж. 315-бет)

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген халқымыз. «Иә, біз жақсылардан үйренейік. Жақсыларын алып түзелейік» деп әрекет жасап жатқан да шығармыз. Әрқайсымыз біресе Батысқа шауып, біресе Шығысқа шауып «жақсысын алдық», «қостық» деп жатырмыз. Қанша жерден айтсаңыздар да, «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деп бабаларымыз айтқандай, Батыс та, Шығыс та қазақ емес. Жаны да, жады да, болмысы да, тәрбиесі де бөтен. Мағжан айтқандай: «қазақ жанын  қайшылап отырып қалыпқа салмақшымыз». Осы елден орта ғасырда, одан бері де қаншама ғұламалар шықты.   Екі ғасыр бұрынғы Абай заманына, 20-ғасыр басындағы Алаш арыстарын берген киелі елдің тарихына-ақ қарайықшы. Солар ешқандай Батыс пен Шығыстың мектебін оқыған жоқ қой. Ауыл молдасы мен медреселерде оқып-ақ,  дүниенің  білімін алды, өмірілеріне жарататын білім алды. Сонау ерте замандағы Батыс (грек, Рим) ойшылдарын, Шығыс ғұламаларын, Еуропаның барлық философтарын, орыстың ақын-жазушыларын  терең білді. Ал сонда неге біз өткенімізден үйренбейміз.   Бізге Абайдай, Шәкәрімдей, Әлихандай, Ахметтей, Бауыржан Момышұлындай, Қаныштай азаматтар керек. Біздер бала ақыл тоқтатып, жақсы мен жаманды айыра алатындай болғанда, оған дейін өз елінің тамырынан нәр алып, тұлғаларын танып, тілінің құдіретін, тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, туған жерінің кен байлығын, шөбі мен тасын танытып, ұлттық құндылықтарды бойына толық сіңіруіміз керек.

Қарайықшы енді, өткен ғасырдың басында Алаш арыстарындай азаматтарды қандай мектеп, қандай пәндер даярлап берді.

Жезқазғандық ғалым Ғұзықан Ақпанбек «Қазақ халқының дүниетанымы» атты еңбегінде дәл сол кездегі мектептерде (медресеге дейінгі) қандай пәндер болғанын, оның білім мазмұнын не құраған ашық жазған екен: «Қазақ халқы сауатсыз болған, ешқандай білімді меңгермеген деген сияқты ұзақ уақыт бойы жүргізілген теріс насихат білім беру жүйесіндегі, халық ағарту ісіндегі жетістіктерді жоққа шығарды.

... Қазақтың қандай мектептері, қандай пәндер болды, білім беру жүйесі қандай, қандай ғылым салаларын үйренді, кім үйретті, т.с.с. сұрақтарға жауап беріп көрейік.

... Бала тоғыз жасқа толғанда ауыл молдасына беріледі. Бірінші жылы Әліп, Әбжад, Әдеп, Әркен деген төрт сабақ міндетті түрде оқытылады.  Әліп – оқуды, жазуды үйрететін сабақ, әбжад – есеп сабағы, арифметика. Негізгі төрт амал толық игеріледі. Қосу, азайту, көбейту, бөлу, және проценттеу мен жуықтау сол сияқты жобалау, жорамалдау тәсілдері де қамтылады. Үй шаруашылығын жүргізу үшін қажетті есептеулер жасау оқытылады. Әдеп - өмірдегі, тұрмыстағы негізгі ережелер, қағидалар, сый-құрмет,т.б. жүйелі түрде үйретіледі. Ата-ананы және үлкендерді сыйлау, кішіге қамқорлық шапағат, қайырымдылық, мейірімділік туралы арнайы дәрістер өтеді. Әркен негізінен әсемдік өнерін қамтиды. Адамның сырт келбеті, жан-дүниесі, басқалармен қарым-қатынасы, әсіресе сөйлей білу, сөзді тыңдау, шешендік өнердің негізі айтылады.  

Келесі жылы оқытудың екінші кезеңі басталады. Мұнда бірінші жылғы пәндер кеңейтіліп оқытылады да Әптиек сабағы қосылады. Әптиек деген сөздің мағынасы 7/1(жетіден бір)– дегенді білдіреді, яғни құранның соңғы бөлігі, сүрелердің жиыны. Әптиекті оқытқанда араб тілін қоса үйретеді. Тілді үйренуді әптиекті тәфсирлеу (қазақшаға аудару) түрінде жүзеге асырады. Бұдан соң құранға түседі.

Оқытудың үшінші жылы түркі тіліндегі көркем шығармалар поэзия (назым) оқытылады. Яғни, әдебиет сабағы өтеді. Сонымен қоса мүнәжжімдік (астрономия) ғылымдар негізі беріледі. Аспан шырақтарына қарап бағыт, бағдарды табу, ауарайын болжау, мал жайылымының жағдайын білу сияқты қажетті мағұлыматтар беріледі. Сонымен 12 жастағы бала араб және түрік тілін қажетті деңгейде біліп шығады. Бұдан соң жаңа пән мұқтасар қосылады. Мұқтасар шариғат жолын, негізгі заңдарды үйрететін арнайы сабақ. Келесі кезекте Әділет және Әлеумет пәндері оқытылады. Әділет сабағында адамгершілік қағидалары, ақиқатты, шындықты айту, ханға да қараға да бірдей тек адам деп қарау қажет деп үйретеді. Ел аузындағы шешендік сөздерден, билер үкімінен мысалдар келтіріліп, пәлсапалық мол мазмұнды, ұтымды ойды білдіретін тапқыр сөздер айтылады. Әлеумет сабағы қоғамдағы өмірдің құбылыстарын үйретеді. Мемлекеттік құрылымның түрі, ел басқару, қоғамдық қарым-қатынас, басқа мемлекеттер, олардың ерекшеліктері т.б. мәліметтер беріледі.


 Ұлттық болмысымызға қайта оралып, тамырымызды тауып нәр аламыз десек біз де алдымызға анық мақсат қояйық. Президенттің жанайқай сұрақтарына жауап берейік, ағайын. Тағы да қайталап Президенттің Ұлттық құрылтайдағы  сұрағын алдыға тартайын.

«Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болу керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?..»

Елдің де арманы – Әділетті мемлекет болу. Әділетті елді жасаушылар, кірпіш қалаушылар әділетті болу керек. Ондай адам бір күнде пайда болмайды. Оларды жөргегінен тәрбиелеп, бала-бақша мен мектепте, кәсіби, жоғары мектептерде білім мен тәрбиені бірге өріп отырып беріп, қанаттандыру қажет.  Әрине бұл жұмыс оңай емес, мұхит астынан маржан табумен бірдей шығар. Десек те, ел үшін, ел мұраты үшін бұл міндетті атқаруымызға тура келеді.

Баяғыдай баланы мектепке тоғыз жастан бермесіміз анық. Алты жастан бара берсін. Бірақ баланы шаршататын пәндер емес, 6-7 жастағы балаларға «Әдеп» пен «Әркен» сабақтары болса. Әдеп (этика) - өмірдегі, тұрмыстағы негізгі ережелер, қағидалар, сый-құрмет, т.б. жүйелі түрде үйретіледі. Ата-ананы және үлкендерді сыйлау, кішіге қамқорлық шапағат, қайырымдылық, мейірімділік туралы арнайы дәрістер өтеді. Әркен (эстетика) негізінен әсемдік өнерін қамтиды. Адамның сырт келбеті, жан-дүниесі, басқалармен қарым-қатынасы, әсіресе сөйлей білу, сөзді тыңдау, шешендік өнердің негізі айтылады. Қимыл сұлулығы: би, балет, ұлттық билер.

Үндестік (гармония) сабағы. Сұлулықты көру сабағы.  Балалардың әсемдік талғамын қалыптастырып, табиғатпен дұрыс қарым-қатынас жасау жолдары көрсетіледі. Обал, саупты үйренеді. үндестік (гармония) заңдылықтары үйретіледі. Табиғат көріністерін сурет етіп салуды, фотоға түсіруді, т.б.

Әуен немесе Димаш сабағы.  Балалардың музыкалық қабілетін дамыту, музыка тыңдап үйрену. Музыканы тыңдап отырып, сезінген күйін шығармашылықпен жазу не айту. Музыкалық аспапта ойнау. Димаштың өнері мен адамгершілік қасиетін үлгі ету.

Сонан кейін «Назым» (назира) сабағы, баланың тілін дамыту, өлеңдерді жырларды, батырлар жырларын жатқа айту.

«Ертегілер еліне саяхат»  сабағы.

Одан кейінгі үш жылда дәстүрлі сабақтар болсын. Әліппе, оқу, математика, тарих немесе Әділет пен Әлеумет сабақтарының негіздері оқытылса, баланың іргетас білімі, тәрбиесі жақсы болып қаланады.

 

«Қазақстан азаматы қандай болу керек?» Қазақстан азаматы алдымен өз елін он саусағындай танып білген: тарихын, саясатын, салтын, дәстүрін, географиясын: жер үсті, жер асты байлығын, ғылымы мен экономикасын жақсы білуі қажет. Онда мақтаныш әрі жауапкершілік сезім болсын. Екінші, Әлем тарихын, экономикасы мен мәдениетін, саясатын, өнері мен ғылымын жақсы танып біліп, меңгерген, кемі халықаралық үш-төрт  тілді жақсы білетін азамат болу керек. Ол үшін мектепте де жоғары оқу орындарында да білім мазмұны соған лайық болғаны жөн.

Білім мен тәрбиені сынып бөлмесінде ұстаз ғана дарытады десек, оңбай қателесеміз. Әрине ұстаз ұстаз деген атына сай өз мамандығын жанындай сүйетін, әр сабағында Күн әлемін  сыйлай алатындай, қызықтырып, жандандырып, балаларды сұлулықпен демалдырып, достық ортасын жасай алатын орта туғыза алса, ол нағыз ұстаз.  Ал негізі, балалардың, жастардың бойына мәдениетті, мінез сұлулығын дарыта алатындар – адамгершілікті, мәдениетті адамдар. Өзінде тәлім де тағылым да, мәдениет те болмаса ата-ана да, мұғалім балалар үшін бос орын.

Мектептегі әр пәннің жеке тұжырымдамасы, бағдарламасы  болады. Ол да қызу талқыға түскені дұрыс. Себебі бұл – ұлтық мәселе, болашақ ұлтымыздың ел болу, болмау мәселесі.

               Ең алдымен неге кірісу қажет? Қазіргі қолданыстағы пәндер және білім мазмұны сараланып зерттелуі керек. Бастауыш мектеп. 1-сыныптағы оқытылатын пәндер? Бағдарламасы мен оқулығының мазмұны, сапасы.

5-8 сынып:

9-11 сынып:

Осының бәрін  Жапония, Фин, Корей,т.б.  оқу-ағарту жүйесі дамыған елдердің нақты мектептегі пәндерімен, оқытылу жайымен салыстырайық. Ал қазіргі кезде балаға мектепте аса көп пәндер оқытылады. Баланың апталық жүктемесі өте ауыр. Шын ынтасы бар балалар оқиды, бірақ қатты шаршайды, денсаулығына кері әсері болады, ал жалқау бала үшін алынбас қамал болады. Қиындығынан беті қайтқан бала, әйтеуір оқып шықты аты болады. Сондықтан мектептегі пәндердің білім мазмұнын барынша сапаландырып, ізгілендірген дұрыс.

Дәл осы сұрақтар баршамызды да толғандырады. Ол себепті де қоғамның әр мүшесі өз қал-қадірімізше  үлесімізді қосуға талаптанайық.

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда алғаш рет студенттер арасындағы Enactus World Cup өтуде

03.10.2024

«Болашақ» стипендиаттарына қанша қаржы бөлінді?

23.09.2024

Студенттердің стипендиясы 50%-ға көбейеді

29.08.2024

Оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге грант тағайындалды

28.08.2024

Магистратура тестілеуінің қорытындылары жарияланды

10.08.2024

Колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға көбейеді

06.08.2024
MalimBlocks
Қазақстанда алғаш рет студенттер арасындағы Enactus World Cup өтуде

«Болашақ» стипендиаттарына қанша қаржы бөлінді?

Бағдарлама бойынша 939 қазақстандық білім алып жатыр

Студенттердің стипендиясы 50%-ға көбейеді

Бакалавриат 20%-ға, магистратура мен докторантура 15%-ға артты

Оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге грант тағайындалды

Жоғары оқу орындарына қабылдану үшін құжат тапсыру керек

Магистратура тестілеуінің қорытындылары жарияланды

Биыл 39 мыңнан астам тест тапсырған

Колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға көбейеді

145 мың грант бөлінді, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған