Шәкәрім мен Міржақыпты кепілдікпен түрмеден шығарған қайраткер

Қайымның өзі «әкемнің артында тым болмаса суреті қалмады ғой» деп қамығыпты деседі

Malim Админ

  • 22.08.2023

Көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов өз дәуірінде қазақтың рухани дамуына зор үлес қосқан адам. Алаш идеясын дамытуға және іске асыруға да сіңірген еңбегі өлшеусіз.  Қайраткер тұлға жөнінде белгілі журналист, қаламгер Дәулет Сейсенұлының «Ер қазақ» атты кітабы жарық көрген еді. Осы еңбектен ықшамдап, үзінді жариялауды жөн көріп отырмыз.

Алаштың меценаты

Абайтанудың алдыңғы легінде болған, ғылымда қорғап, қорғануды емес, шабуылдап қамал алуды алдына өмірлік мақсат етіп қоя  білген қайсар қазақ, қажырлы қазақ Қайымның әкесі Мұхамедхан туралы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз. Мұхамедхан туралы бұған дейін қандай мазмұнда әңгіме айтылып, сөз қозғалып еді дегенге дегенге келетін болсақ, ауызды құрғақ шөппен сүрткеніміз жөн емес. Бұл тұрғыдан алғанда алдымен Кәкеңнің өзіне жүгінгеніміз дұрыс болар. Соған орай баласының әкесі туралы айтқан жүрекжарды сөзін тұтасымен келтіре кетсек дейміз.

«Алаш арыстары туралы сөз қозғайтын болсақ, әкем Мұхамедхан Сейітқұлов туралы айтпай кете алмаймын. Мұны енді оқырман қауым дұрыс түсінуін өтінемін. Менікі кейбіреулер сияқты көрпені өзіме қарай тарту емес. Ал әкем туралы айтатын болсам, оған оның Алаш арыстарымен жақын сыйластығы себепкер.

Әкем Мұхамедхан заманына сай көзі ашық сауатты адам еді. Бойына біткен кісілігі шығар, ертеден ұлы Абай төңірегімен аралас-құралас болған. Бергі төңкеріс кезінде Семейде шыға бастаған Алаш үні «Сарыарқа» газеті мен Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған  «Абай» журналына қазіргі тілмен айтқанда меценат ретінде демеушілік көрсетуі сол ұлы ақын өнеге-тәрбиесі емес деп кім айтады? Әкем қойын дәптеріне бүгін ана газетке пәлен сом, мына журналға түген сом көмек жасадым деп тіркеп қояды екен. 1937 жылы әлгі дәптер өзімен бірге тәркіленіп, қамауға алынды.

Тегінде әкем 1870 жылғы, яғни Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен құрдас. Әлекең 1938 жылдың мамыр айында, ал оның құрдасы, жолдасы Мұхамедхан 1937 жылдың желтоқсан айының басында атылған. Бұл жаза ол қамауға алынған соң небәрі 4-5 күн ішінде орындалған. Ал бізге ол кезде ол он жылға сотталды деген хабар тиген-ді. Негізгі шындықты еліміз тәуелсіздік алған соң, арада 55 жыл өткеннен кейін ғана білдік қой. Мұның өзі бергі әңгіме. Ал әкем айтқан арғы әңгіме төмендегідей.

Төңкеріс болған жылы сен аяғыңды енді ғана басқан сәби болатынсың. Сонда Семейге Әлекеңнің келгені ерекше салтанатқа ұласып еді. Бүкіл қазақ қауымы үлкен қуанышпен оны ханнан кем қарсы алған жоқ. Шындығында Әлекең ұлт көсемі еді ғой. Мұны енді сол шақта Сұлтанмахмұт та келістіріп жырлады емес пе! Ахаң мен Жақаң – Ахмет пен Міржақыпты айтамын, сондай-ақ Мағжан мен Сұлтанмахмұттар Әлекеңнің қасынан табылатын. Біздің үйде қона жатып әңгіме-дүкен құратын, сөйтіп ел болашағын алыстан болжайтын сол ұлылардың сен тізесінде отырып өстің ғой,шырағым! Соны ұмытпа!» − дейтін   әкем жарықтық.

Ахмет Риза мешітінің имамы

...Мұхамедхан Сейітқұлов тегінде Семейден соншалықты алыс емес Көкентау елінің қазағы. Ал Семейтау да осы төңіректе. Сөз ретіне қарай айта кетейік, ақылдан бұрын бірінші кезекте сезімге ерік беретіндер бүгінде «Семей – Семипалатинск дегеннен шыққан сөз, сондықтан оны өзгерту керек» деседі. Ал олар түптеп келгенде Семей деген сөздің көне түркі тілінде «қасиетті мекен» деген ұғымды білдіретінін білмейді яки білгісі келмейді. Осы өңірдегі қала мен даланың жақындығы көкентаулықтар мен семейтаулықтардың сол қасиетті мекенмен ежелден тығыз байланыста болуына жол ашып отырған. Мұхамедханның есейе келгенде Семейге келіп орнығып, қаланың белгілі бір азаматына айналуы да кездейсоқтық емес.

Бұл бір. Екіншіден аталған өңір Шыңғыстауға апаратын күре жолдың бір жақ қапталында жатыр. Сол себептен де, Көкентауды жайлаған уақ елі  көршілес шыңғыстаулықтармен де ертеден таныс-біліс болған. Соның бір дәлелі ретінде көкентаулық жанжақты талант иесі  Мұқа Әділхановтың есімін атай кетсек жеткілікті ме деймін. Ол жөнінде әйгілі Әуезовтің өзі былай деген болатын: «Абай жалғыз өсиетін қанағат қылмай, жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, көбіне музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны қолында ұстайды».

Мұқа тек қана шебер скрипкашы ғана емес, асқан домбырашы, әрі ақын, әрі әнші болатын.Оның сыртында Мұқаның домбыраны өзі жасайтын шеберлігі де бар екен. Қайымның айтуынша, оның жасаған домбырасы қазақтың ескі домбырасынан әлдеқайда үнді, орыс күйлерін де орындауға қолайлы болған... Өкінішке қарай, Мұқаның музыкалық мұрасы кезінде нотаға түсірілмей қалған. Ал Әуезов жазып кеткендей, оның Абай ауылына бір жағынан пана іздеп барғаны да шындық. Яғни, ол өз ағайынының біреуінен қалған жесір әйелге ғашық болып, соны әмеңгеріне тигізбей алып қашады да, Абай ауылына алып барады. Бұл кеткен соң, жуан ағайыны артындағы үйін шауып алып, пәле басталады. Абай сондай ауыртпалығына қарамай, Мұқа мен келіншекке ара түсіп, бастарына азаттық әперіп, артын өзі жайғастырып, жанжақты өнер иесі Мұқаны өзіне дос, туыс етіп алады. Інісіндей болып кеткен Мұқаны Абай ел көріп, жер көріп өнерін ұштасын деген ниетпен Мәскеу, Петерборға дейін жібермек болған. Бірақ ел ішіндегі тағы бір шатақ іске байланысты Мұқаға бұл сапар бұйырмапты. Оның есесіне мұның Абайдың Петерборда оқитын ұлы Әбіш-Әбдрахманмен, одан бергі кезеңде жас Мұхтармен дос-жар болғаны да рас әңгіме.

Ал жас жағынан алғанда жерлес, рулас інісі Мұхамедханнан бір мүшел үлкен Мұқаның соңынан ілескен жас ұланға сол кездегі қазақ сахарасындағы білім мен мәдениеттің орталығы Семейге жетіп алуға кеңес бермеді дейсіз бе? Өйткені, жастау кезінде Мұқаның өзі ауылынан  Семейге өнер іздеп қашып кеткені және бар. Оның Абай аулына барып тұрақтайтыны мұнан кейінгі кез.

Рас, алдыңғы толқынның ақыл-кеңесімен Семейге жетіп алған Мұхамедханның өмір жолы Мұқаға қарағанда басқаша сипатта қалыптасты. Алғыр да сабырлы, байыпты да байсалды, оның үстіне жасынан жүрегіне имандылық ұялаған Мұхамедхан дінге бет бұрады. Бірақ өзі оқығанын өзі түсінбейтін кейбір діндарлар секілді емес, ол дін, діл, тіл мәселелерін қоса меңгеруге тырысып бағады. Солайша өзінің ана тілімен бірге орыс, татар, араб тілдерін тездетіп меңгеріп алады. Өз бетімен ізденіп оқығанның арқасында заманынан қалыс қалған жоқ. Сол шақта қазаққа жат болып көрінетін сауда, кәсіппен де айналыса білді. Алғашқыда Тінібай мешітінде ислам тарихынан дәріс оқыса, одан кейініректе кезінде Абай оқыған Ахмет Риза мешітінде имам болды.

Өз қолы өз аузына жете бастаған сәттен бастап, тағдырдың жазуымен Семейге айдалып келген австриялық шебер құрылысшыларға сол шақта Зареченская слободка деп аталатын қаланың сол жағалауы  бөлігіндегі Тінібай мешітінің маңынан еңселі, әдемі үй тұрғызады. Және үйдің ішін алтынмен аптап, күміспен күптеуге тырыспай, керісінше рухани дүниеліктермен толықтыруға мән береді. Соның айғағындай, әлгі үйдің бір бөлмесі кітапханаға айналдырылады. Әлем әдебиеті классиктері шығармаларының қатарын  кейінде Абай, Шәкәрімнің тұңғыш жинақтары толықтырды. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт шығармалары да осы қатарға жайғасты. Сол заманда «Қазақ», «Сарыарқа», «Тәржіман», «Дала уәлаяты» газеттерінің , «Айқап», «Абай», орыстың «Записки императорского русского географического общество» журналы мен татардың «Шура» журналы мен «Уақыт» газетінің тігінділерін осы үйден табуға болатын еді. Соның бәрін оқып, танысамын деген кісіге бұл үйдің есігі ашық-тын. Халқымыздың ауыз әдебиеті, ескілікті тарих пен шежірені жинастыра жүретін Мұхамедхан білмекке құмар жандарды қолындағы рухани қазынасымен сусындата отырып, өзі де көшелі жандардан ел мен жер тарихына қатысты құнды деректерді біліп алудан арланбайтын. Оның жеке басының үлгі-өнегесі мен абзал қасиеттері, ұлт үшін басын бәйгеге тіге алатын қайраты мен ақылы алдыңғы толқын Алаш арыстарының соңынан ерген талай кейінгі жас буын өкілдері үшін бағдаршамға айналды.

Алаш арыстарын абақтыдан  шығарған қайраткер

Халқымызда «халқымызда би бол,  би болмасаң,  би түсетін үй бол» деген сөз бар. Бұл арада би деген сөзді тура мағынасында емес, «игі жақсылар мен жайсаңдар» деп түсінгеніміз дұрыс болар. Сол игі жақсылар мен жайсаңдардың басы болып, ағалы-інілі Абай мен Шәкәрім Мұхамедханның қадірлі қонағы болып, жаңа үйінің төріне жайғасқан. Одан сәл кейініректе сол қадірлі қонақтардың тізімі Көкбай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлманмахмұт, Мұхтар, Иса, Әміре, Әлмағамбет, Жүсіпбек, Мұхамеджан (Тынышбаев) болып жалғасып жатты. Солайша Мұқамедхан отызында орда бұзып, қырқында қамал алуға дайын тұрды. Сондығы емес пе, осы шақта ол түрменің тар қапасынан Шәкәрім мен Міржақыпты кепілдікпен босатып алған. Соның  айғағындай, екі Алаш арысының ұл мен қызы Қайым Мұхамедханұлы мен Гүлнар Міржақыпқызы бертінде әкелері ақталып, кездесе қалғанда бұлардың соңғысы: «Қайым сенімен жасымыз қатарлас құрдас болсақ, ал әкелеріміз досжар болған. 1911 жылы сенің әкең менің әкемді кепілдікке әжептәуір мөлшерде ақша салып босатып алған екен» деп өткенді тебірене отырып еске алыпты. Солай дей келіп, еліміз егемендікке қол созған сәттен бастап Алаш арыстары, соның ішінде әкесі Міржақып туралы алғашқылардың бірі болып қалам тербеген құрдасына жүрекжарды алғысын білдіріпті. Гүлнар апайдың айтуынша сол жылдары «Айқап» журналының бір нөмірінде жарияланған бір хабар Міржақыптың 2000 сом  кепілдікпен босатылғанын айғақтайды. Сонда әкесі туралы осындай мазмұндағы шындықты ести отырып өмір талқысымен суарылған болаттай шыңдалған қайсар да қайтпас Қайымның өзі «әкемнің артында тым болмаса суреті қалмады ғой» деп қамығыпты деседі осы оқиғаға куә болғандар.

Жоғарыда Қайымның дала данышпаны атанған Шәкәрімді де түрменің тар қапасынан босатып алғанын айттық. Сурет демекші, ақынның бүгінгі күнге жеткен бірден бір суреті қажы қалаға келіп, ат басын сыйлас інісі Мұхамедханның үйіне тіреген кезде түсірілген екен. Ақынға үйінің жанындағы фотоательеге барып суретке түсуге іні досының кеңес беруі де әбден мүмкін ғой. Бөстекі сөз, орынсыз қалжыңды ұната бермейтін, жайшылықта жүзі сұсты Қайым аға әкесі туралы сөз қозғалғанда көзінде нұр мен мұң кезек алмасып, толқып кетуші еді. Мен ертеректе Шәкәрім туралы деректі кітап жазу барысында  ең алдымен Кәкеңе жүгінгенмін. Сонда ол Әуезовтың Шәкәрім туралы «уақыты келгенде қажы өзін өзі ақтап алады» деген сөзін еске ала отырып, «бұл кісі өз өмірін өзі жазып кеткен адам, оның негізгі өмір тарихын шығармаларынан табасың» деген. Сонсоң көзінде нұр ойнап, жылы жымиып бір әңгімені бастап кеткен.

«Шәкәрім қажылық сапарынан оралған соң біраздан соң Семейге келіп, біздің үйге аялдапты. Мен онда әлі өмірге келмеген екенмін. Әкемнің айтуынша қажы келер күні таңғысын «пәлен уақытта ораламын» деп бір шаруалармен көшеге шығып кетіпті. Бірақ қадірлі қонақ айтқан уақытында үйге келмей, күн кешкірген соң әкем алаңдай бастапты. Сөйтсе өзгеше үлгіде киінген ақынды полицейлер «Семейге бұл қайдан келіп қалған шетелдік» деп ұстап алып кетіп, біраз әуре-сарсаңға салыпты. Ал Шәкәрім көркем сөздің ұстасы ғана емес, кез келген істің шебері болған адам. Соның айғағындай, өз киімін өзі пішіп тігетін көрінеді. Елсіз жапанда жалғыз жатқанда күнделікті тамағын да өзі жасап ішеді екен. Соның алдында жанындағы бақыршы баланы «мен сенің құқығыңды шектеп, орынсыз қиянат жасап жүрген секілдімін» деп оның қарсыласқанына қарамай елге қайтарып жіберіпті. Міне, әкем қажының осындай абзал қасиеттерін маған жыр ғып айтушы еді. Есімді жиып, есейген соң оған өзім де куә болдым. Шәкәрім жолсыз жазаға ұшырап, оққа байланғанда менің жасым он алтыда болатын».

Ендігі кезектегі әңгіме Әлихан төре, Мұхтар қожаға қарай ойысқанда Қайым жігерлене түсіп сөз қозғайтын-ды. Әлекең мен мұның әкесі бір жылдың төлі екен. Яғни, екеуара ұғынысқан әңгімеге құрдастықтары да сеп болған секілді. Солайша өзара ынтымағы жарасқан құрдастардың  ой-пікірлері үнемі дерлік бір арнада тоғысып жатыпты. Соның бір дәлеліндей, Әлекең тарапынан Семейдің бұған дейін Зареченская слободка деп аталып келген сол жағалауын Алаш деп өзгерту туралы ұсыныс айтылғанда, оны ең алдымен  сөзімен де, ісімен де қолдап әкеткен Мұхамедхан болыпты. Зареченская слободка өзеннің арғы бетіндегі шеткі мекен деген ұғымды білдірсе керек. 1760 жылы осында Ресей мен Азия елдері арасындағы сауда-саттықты реттейтін меновой двор, яғни сауда орталығы ашылады. Бірақ ол он сегіз жылдан соң Ертістің оң жағалауына көшіріледі. Алайда, далалықтармен сауда қатынасына оның мұнда болғаны тиімді еді. Солайша 1795 жылы қазыналық палатаның шешімімен бұл қателік түзетіледі. Сондықтан бұл жыл Заречная слободканың бастауы болып саналады.

Ерлан Сыдықов бауырымыздың «Алаш қаласының тарихы» деп аталатын кітабында жазылғандай, он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында көне Семей қаласын екіге бөліп жатқан Ертіс өзенінің  сол жағалауында алғаш Уақ болысының старшинасы, екінші гильдиялы көпес Тінібай Кәукенов пен Терістаңбалы болысының биі әрі старшинасы Жоламан Жандарбеков өздеріне арнап ағаштан  жатын бөлмесі мен асханасы, сондай-ақ атшаптырым ауласында моншасы және сауда қоймалары бар үлкен баспана тұрғызып,  мешіт-медіресе салдырып, жаңа бір елді мекеннің іргетасын қалайды. Уақыт өте келе бұл қоныстардың аумағы бірте-бірте ұлғайып, кеңейе түседі. Сөйтіп, Тінібай үйі орналасқан елді- мекен өз алдына «Тінібай слободкасы», ал Жоламан Жандарбековтікі «Жоламан слободкасы» деп аталады. Одан сәл кейініректе қырдан көшіп келген қазақтардың есебінен тағы бір «Тарақты слободкасы» деп аталатын елді-мекен пайда болады.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ  

Байланысты жаналықтар

Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері

12.07.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Гүлтас Құрманбай: «АР МЕКТЕБІ» немесе «АДАЛ АЗАМАТ»  МЕКТЕБІ

29.07.2023

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

07.06.2023

Өз көрін өзі қазған Алаш арысы

14.12.2022

Дүмше, дінбұзaрлaрмен aйқaсқaн қaйрaткер  

30.11.2022
MalimBlocks
Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері

Шәкәрім Құдайбердіұлы (11 шілде (23 шілде) 1858 — 2 қазан 1931) — ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары.

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Гүлтас Құрманбай: «АР МЕКТЕБІ» немесе «АДАЛ АЗАМАТ»  МЕКТЕБІ

Ұлттық болмысымызға қайта оралып, тамырымызды тауып нәр аламыз десек біз де алдымызға анық мақсат қояйық

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

Абайдың қолжазбалары, домбырасы, тоғызқұмалағы, Құнанбай қажының кісе белбеуіне қауіп төніп тұр

Өз көрін өзі қазған Алаш арысы

Барлығын Көкпектіден «Қара кезең» бұйратына бастап апарады

Дүмше, дінбұзaрлaрмен aйқaсқaн қaйрaткер  

Имaм, қaжылaрдың медреселермен ісі  болмaй, құлқындaрының қaмын ойлaуы, көп  әйел aлғаны сынғa  aлынaды