Өз көрін өзі қазған Алаш арысы

Барлығын Көкпектіден «Қара кезең» бұйратына бастап апарады

Олжас Қасым

  • 14.12.2022

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы Алаш автономиясы үшін күресте саяси көзқарасы бір, әр түрлі салада маманданған азаматтарды айналасына топтастыра білді.   Солардың бірі – Семей қаласында алғаш құрылған І Алаш атты әскер полкінің командирі, штабс – капитан Хамит Тоқтамышев.

1917 жылы өткен 1-ші жалпықазақ съезінде Алаш әскерін құру идеясы көтерілді.  Алайда ол сөз жүзінде ғана қалған еді.  Сол жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында екінші жалпықазақ съезі ұйымдастырылды.  Бұл жолы Алаш партиясының бағдарламасы қабылданып, дербес милиция құру ісі күн тәртібіне шықты.    Алаш үкіметі осы съезде құрылғаны белгілі. Онда Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасов Алаш әскерін, алаш милициясын құру бойынша баяндама жасайды.  Жиын нәтижесінде бірауыздан Алаш әскерін құру мәселесі біржақты болды. Алмағайып  кезеңдегі саяси бытыраңқылық осы қадамға алып келген еді.  Сондықтан да, ұлтты қорғау мәселесі бірінші орынға шыққаны мәлім. Автономия мәселесі кейінге қалтырылса да, дербес  әскер құру ұйғарымы қолдау тапты.

Оқи отырыңыз: Өліміне Голощекин себепкер болған Алаш арысы

1918 жылдың 11 маусымында Алашорда үкіметінің қаулысымен Әскери министрлік құрылды.  Бұл министрліктің қызметі алашордадағы облыстық және аудандық бөлімшелерде облыстық және аудандық әскери кеңестер ашу құқығын алған Әскери кеңеске жүктелген-ді. Әскери кеңес Би-Ахмет Сәрсенов, Халел Ғаббасов, Хамит Тоқтамышев сынды үш адамнан тұрды.  Оның  жұмыс органы саналатын әскери бөлім де құрылды. Бөлімнің басшысы қызметіне артиллерияның кадрлық капитаны Хамит Тоқтамышев шақырылды.

Алаш әскерін зерттеуші Ерлан Сайлаубайдың айтуынша, Хамит Тоқтамышев  ауқымды әскери дайындықтан өткен офицер.  «Туған жылы шамамен 1880 жылдардың бел ортасы. Бұл кісі Алаш әскері жасақталып жатқанда 30-дың ортасында болған жігіт.  Әскери қақтығыстарға қатысып,  1-ші дүниежүзілік соғыс, Сібір әскери құрамаларында қызмет істеген. Кәдімгі штабтағы патшалық ресейлік құрамда офицер болған адам. Оны  Әлихан Бөкейханұлы ресми түрде Алашорданың әскери ісіне жауапты адам ретінде шақырып,  тағайындайды.  Уақыт өте келе,  I Алаш атты әскер полкінің командирі болып бекітіледі».

Хамит Тоқтамышев Семейге 1918 жылдың басында Омбыдан келген деген дерек кездеседі. Біз бұл жөнінде Халел Ғаббасовтың 1930 жылы тергеу орындарына берген жауабынан білеміз.  Халел Ғаббасов жауап хатында  «...1918 жылдың көкек не наурыз айында Тоқтамышев Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласындағы кеңес өкіметіне қарсы астыртын жұмыс істеп жатқан 2 топтың бар екенін, олардың арасында өзара байланыс жоқ екенін, олардың біреуі - қаражүзділер, екіншісі социалистер екенін айтты. Ол Қазақ комитетімен байланыс жасады. Облыстық кеңеспен біздің ара қатынасымыз шиеленіскен соң Тоқтамышев арқылы ұлттық автономияны мойындайтын астыртын ұйымның біреуімен байланыс орнаттық. Тоқтамысов ешқандай ұйымның мүшесі емес болатын»,-деп куәлік етеді. 

Хамиттің  туған жері жайында даулы пікірлер аз емес. Бірі Семейдің қазағы десе, енді бірі оны татар ұлтына жатқызады. Алаш қайраткерінің өскен ортасы мен  арғы тегі жайлы өлкетанушы Қайрат Тұрахановтың зерттеулері бар. Оның  айтуынша, Хамит Ақмола облысы, Омбы уезінің Омбы болыстығында дүниеге келген қазақ.   

«Хамиттің туған жері осыған дейін Шығыс Қазақстан деп айтылып келді. Осы тұста зерттеуші, жазушы Тортай Сәдуақасовтың алғаш болып бұл тақырыпқа үңілгенін айта кету керек. Омбы облысындағы жазбаларда Хамит Тоқтамышевтің әкесі капитан Нығметулла Токтамышевтің есімі кездеседі.     Сол себепті, Тоқтамышевтің шежіресін зерттеуге кірістік. Шежіре бойынша  Омбы қазақтарының арасында   Нығметулла және оның ұлы Сұлтан Ғабдулдың  есімдерін ұшырастырдық. Бұл жөнінде 1898 жылғы Әлихан Бөкейханнан қалған  жазба да бар. Біз оның әскери адам болғанын білдік. Ол жөнінде ақпарат іздей бастадық. Анықтағанымыздай, Шығыс Қазақстандағы Зайсан заставасының бастығы болған»,-дейді ол.   

Деректерде әкесі Нығметулла Суханұлы Тохтамышев деп көрсетілген. Зерттеушінің пікіріне сенсек, Сухан - Тоқтамыс Жанұзақовтың кіші ұлы. Ал Хамит Нығметолланың ұлы. «Біздің тарихшылар мен алашордашылар Хамит Тоқтамышевтың Омбы уезі Омбы болыстығының №1, бұрынғы Баба Бағыш ауылында дүниеге келгенін айқындады. Омбы  кадет корпусының ұсынған ақпаратына сәйкес,   Хамит 1885 жылы туған.    Руы Атығай.  Капитан Х. Тоқтамышевтың бабаларының бірі – Тоқтамыс Жанұзақов 1826-1828 жылдары Көкшетау сыртқы округінің үшінші аға сұлтаны. Оның ұлы Маңдай батыр, Маңдайдың ұлы Әбдіғаппар  Көкшетау округының аға сұлтаны болған»,- деген пікіріне сүйенеміз. 

Тоқтамышев Семейге алғаш келген уақытта ешбір ұйыммен байланыспай, Алаш Ордаға тек әскери маман ретінде кірген. Алайда, алашордалықтар қаладағы жасырын ұйымдармен де байланыс орнатқаны айтылады.  Хамит астыртын ұйымдарға мүше болмағанымен, оның айналасына ықпалы мол болғандығын Ғаббасұлының тергеудегі түсініктемесінен байқауға болатындай.

«...Сондықтан да біз әскери кеңес құрдық.  Кеңестің төрағалығына - Мәрсеков, мүшелігіне Сәрсенов пен Әлімбеков сайланды. Әлімбеков бұл кезде Облсовдептің әскери бөлімінің мүшесі еді. Жасырынып жүрген кезімізде ұйыммен еш байланысымыз болған жоқ. Сондықтан да, қалада қалып, ашық жүрген Әлімбековтің не істегенінен хабарым болған жоқ»,- дейді Алаш ардақтысы Халел Ғаббасов. 

Әскери қолбасшы Семейде қазақ зиялыларымен тонның ішкі бауындай  араласып, Алаш париясының белсенді мүшесі болды. Оның партия атқарушы органына сайланғаны туралы Алашорда комитетінің губерниялар мен аудандар бойынша тізімінде бар.  Хамиттің басшылығымен Семейде құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар І Алаш полкі құрылды. Зерттеушілер алаш әскерінің алғашқы жасақталу тарихы осыдан басталатынын айтады.

Алаштанушы Еркін Рахметулиннің пайымдауынша,   Алаш полктерін құру 1918 жылдың жаз айларында ғана жүзеге асырылған. «1918 жылдың 11-24 маусым айларында Алашорданың заңдары шығады. Осы заңнан бастап алаш әскерін құру ісі басталады. Алаш атты әскер полкі 17 маусымда құрылған. Семейдің шетінде Сор шатқалынан  әскер кіреді де,  орталық шіркеу жанынан өтеді. Алаш атты әскер полкі арнайы форма киген. Жауынгерлер сол кезеңдегі Бостандық үйі, қазіргі өлкетану музейінің маңына аялдаған. Сарбаздарды ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы, штаб бастығының орынбасары Папин, адъютант капитан Виноградов, Сібір уақытша үкіметінің өкілі Давыдовтар қарсы алғанын білеміз.  Хамит Тоқтамышев атты әскерлерімен бірге қалаға кіріп келіп, «Алаш» деп ұрандатып, ант береді. Бұл бір жағынан қазақ жастарының рухын көтеру. Екіншіден, патриоттық тұрғыда өткізілген шеру. Бірінші атты әскер полкін құру ісі  осыдан басталғанын атап өтуге тиіспіз»,-дейді ғалым.     

Әлихан Бөкейханұлы ол уақытта «Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды – милиция жасау. Милиция жасау жолына: білгендер – білімін, малдылары – малын, азаматттар – жанын аяп қалмасқа керек. Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылдығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз!   Сол мақсатымызға жетуімізге де, жеткеннен кейін бекуімізге де милиция керек»,-деген ұстанымға берік бекінгені  мәлім.  Бөкейханұлының бастамасын қолдаған   Тоқтамышев бар күшін ұлт әскерін жасауға жұмсайтынын айтып, нақты іске кіріскен.      

Алаш әскерін жасақтау үшін алаштықтар әр болыстан адам жинауды міндеттеді. Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхан 1918 жылы 25 маусымда Семей уездік земский управа бастығы Қозыбағаровқа милиция жасақтау туралы хат жазды. Онда Семей уезіне қарасты болыстардың әрқайсысынан 30 адамнан жасаққа алу және олардың жарақты ер-тұрманы, аттары болуы туралы айтылды. Себебі, 1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазаққа қару сатып алу қиындай түскен-ді.

Еркін Рахметуллин Семей    архивінен  Әлихан Бөкейханның алғашқы қатынас хаты бойынша уездік басшылардың әрекетімен тікелей жиналған әскери құрамды анақтап көріпті.  «Тізімнен  әскер қатарына шақырылған 430-дан астам адамды санап шықтым.    Олар бірінші, Алаш атты әскер полкінің құрамында болды. Одан кейінгі шақырылымдарда сарбаздар қатары толықтырылып отырды. Құрамға өз еркімен келіп кіргендер де бар. Сонда 1 Алаш полкінің саны 1200 адамға дейін барған» деген статистиканы ұсынады Еркін Ерланұлы.    

Айта кетейік, сол тұста әскери мәселеде Алашорда Уақытша Сібір үкіметімен байланыс орната бастады.  Алашорданың әскери бөлімінің меңгерушісі Хамит Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметінің Соғыс министрі Гришин-Алмазовтың  атына хат жолдады.  Хатта былай деп жазылған.    

«Алашорда үкіметі Уақытша Сібір үкіметімен бірге большевиктерге қарсы күресуге ұйғарым жасап, елді Құрылтай жиналысына жеткізуді қалайды. Алашорда үкіметі қару-жарақтың және қаражаттың тапшылығына қарамастан, өз армиясын құруға шешім қабылдайды. Алашорда Уақытша Сібір үкіметінен қазақ армиясын құруға нұсқаушылар жіберуді және қару-жарақ беруді сұрайды.  Өз кезегінде қазақ әскерін құру бойынша Алашорда үкіметі тарапынан 1918 жылдың 26 шілдесінде нақты ұсыныстар жасалды.  Атап айтқанда, 4 атты корпус пен бір жеке дивизия құру ұсынылды. Олар «Сібір уақытша үкіметімен бірлесе отырып, большевиктерге қарсы күреседі»,- делінген. Алашорда үкіметі сол кезде 40 мың жауынгер жинай алатындарына сенімді болатын. Бұл мәселелерді шешудің маңызын ескере келе, Әлихан Бөкейханұлы  Хамит Тоқтамышевпен бірге Омбыға арнайы барды.

Алаш әскерін зерттеуші Ерлан Сайлаубай Уақытша Сібір үкіметімен болған саяси, экономикалық және әскери байланыстарда Хамит Тоқтамышевтің рөлі маңызды болғанын жазады.  «Оның әскер саласына қатысты қойған талаптарынан байқайтынымыз, өз ісіне берік және үлкен жауапкершілікпен қараған.   Тағы бір ескертетіні, орыс армиясы мектебінен өтсе де, ұлттық факторды бірінші орынға қояды. Өйткені, Уақытша Сібір үкіметімен әскери іске байланысты 1-Алаш атты әскер полкін құруда оның құрамын түзу ісі  маңызды еді.  Әскери командирлерді тағайындау кезінде құжаттарда  қазақтар «қырғыз» деп жазылған.  Әскери полктің штабына тиесілі екенін яғни, Тоқтамышевтардың өздері әскери басшыларды өздері  тағайындай алатынын және әскери қақтығыстар, соғыс жағдайында майданға араласу ісінде шешімді қабылдайтын Алашорда үкіметі екенін және Алаш атты әскерінің әскери штаб екенін айқын жазған»,- деп түсіндіреді.  

1918 жылдың тамызында Алашорданың қорында «Бердан» жүйесінің 300 мылтығы, 400 винтовкала, оған қосымша  100 мылтық бөлуді жоспарлайды.  Ерлан Сайлаубайдың дерегіне сүйенсек,   Семей облысында бір мезетте құрылған бірінші Алаш атты әскер полкінің саны 1200 адам болыпты.   Соғыс жағдайында, әскердің саны кеміп, толығып отыратыны белгілі.  Толық емес мәліметтер бойынша, Жетісу майданына қатысқан қазақ атты әскер полкінен ең соңында 800-ақ адам қалған. Сонда әр полкта шамамен 2000-дай жауынгер болғаны анық. Ал 1918 жылы маусым айындағы Алаш әскерінің құрама саны 750-ге дейін барған. Құжаттарда 500 бен 750-дің ортасы деп көрсетіледі.   

Хамит Тоқтамышев басқарған  Алаштың атты  әскерлері алғаш Алтай губерниясында Рубцовск майданына кірді. Большевиктерді қудалауға қатысқан жауынгерлердің жетекшілері Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Ике Әділов, Қаражан Үкібаевтар еді.  Сарбаздардың шайқастағы көзсіз ерліктері туралы сол кезде «Сарыарқа» газетінде «Даланың жаужүрек жастары саны көп большевиктермен бірнеше рет ұрысқа түсті. Большевиктер шабуыл екпініне шыдамай қашуға мәжбүр болды.  Шайқас кезінде «Алаш» деген ұранды естігенде өлімнен де қорықпайтындығын көрсетті» деп  мақтанышпен жазылды.  

Ал кейінгі жасақталған әскер тамыз айынан бастап Жетісуда қызу шайқас жүргізді.  Олар «қызылдармен» Үржар, Андреевка, Лепсі ауылының түбіндегі Жаңа-Андреевка, Сарқанд және Покатиловск елді мекендерінде беттесті. Көп жағдайда қазақ ауылдары қорғансыз қалып, зорлық-зомбылыққа жиі ұшырап жатты. Бұл тұрғыда алаштың әскер бөлімдері бейбіт елді мекендерді ақтардан да, қызылдардан да қорғауға тиіс болды.           

          Алашорда үкіметі мен әскерін қаржылық-материалдық жағынан қамтамасыз етуде Семей уезі земстволық басқармасы көп  үлес қосқан. Жауынгерлерді қару-жарақпен, киім-кешекпен жабдықтау ісіне Тобанияз Әлниязұлы, Райымжан Мәрсеков, Ыбырай Ақпайұлы, Иса Көпжасарұлы, Медеу Оразбайұлы, Қаражан Үкібаев сынды қазақ байлары белсене араласты. Ал, Алаш әскеріне қажетті әскери киімді даярлауда Алашорда қайраткерлерінің үй-іштері жәрдем берген. Гүлбаһрам Тынышбаева, Елена Бөкейхановалардың ұйымдастыруымен Семейде  Алаш полкіне арнап әскери форма тігілген екен. Бұл деректі «Сарыарқа» газетінде Тоқтамышевтің қазақ әйелдеріне алғыс білдірген жазбасынан анық байқауға болады.   

Алашорда мен   Уақытша Сібір үкіметінің ара қатынасының толық анықталмағанына байланысты, нақтырақ айтқанда, соңғысының Алашордаға сенім білдірмеуіне орай, Алаш полкін ұстау және жаңа полкті ашу мәселесі сағызша созыла берді. Соған қарамастан, Сібір үкіметі Алашорданың большевиктерге, әсіресе, жауынгерлік операцияларға қарсы мүмкіндіктерін пайдалануға назар аударды.    Осы істердің басы-қасында Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Хамит Тоқтамышев, ХалелҒаббасұлы, Мұхаметжан Тынышпаевтар жүрді. Әсіресе, қазақ жігіттеріне әскер ғылымын үйретуде тұңғыш қазақ офицері, штабс-капитан Хамит Тоқтамышев пен подполковник Ғали Самыратбеков ерекше күш салды.             

          Көп ұзамай 1-ші Алаш атты әскері полкінің атауы Қазақ атты әскер полкі болып  өзгереді.   Полк командирі болып Хамит Тоқтамышевтың орнына әскери старшина Кольц  тағайындалды. Ал Хамит   партизандық әскер құруға тағайындалады. Еркін Ерланұлы  сол кезеңде әр қазақ аттың құлағында ойнағанан әрі  жылдам болғанын айтады. Жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды есін жиғызбай талқандауда алаштықтармен шендесетін құрам болмаған деген қорытынды шығарады.      

Алаш қаласында Тоқтамышев және ресейлік офицерлердің басшылығымен «Әскери медресе» деп аталатын прапорщиктерді даярлайтын әскери мектеп жұмыс істегені мәлім. Ол, сонымен қатар, Өскеменде Алаш автономиясының әскери оқу орнын ашуға мұрындық болды. Осы бағытта Уақытша Сібір үкіметімен және атаман Анненковпен тығыз байланыс орнатты.

          Алайда, Тоқтамышевтың өміріне қатысты деректер тым тапшы. Мәселен, 1918 жылдың желтоқсан айынан 1919 жылдың соңына  дейінгі капитан Тоқтамышевтің тағдыры үлкен ізденісті қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда,  дәл сол бір жыл жөнінде  нақты мәліметтер жоқ. Сол уақытта мүдделес болған атаман Анненковтың әскері тас талқан етіліп, бір бөлігі Қытайға өтті. Екінші  бөлігі Қарағаш деген жерде бір-бірін қырып салған. Ерлан Сайлаубай сондай аласапыран кезде Тоқтамышев Алашорда үкіметінің құрамында Семейде болған сияқты деп топшылайды.

Алаш жолында алдаспандай жарқылдаған қайраткердің өмірі азамат соғысы жылдары қиылды. Өлкетанушы, ақын Қалихан Алтынбаевтың жазуынша,1920 жылы отбасымен Қытай аспақ болған Хамит Тоқтамышевті Ақсуат ауданының Кіндікті елді мекенінің маңында қызыл гвардия полкінің Соснов басқарған бөлімшесі қолға түсірген. Қаныпезер қызыл гвардиялықтар Тоқтамышев пен шағын керуенді бұрынғы депо үйіне қамаған. 

«Сөйтіп, оларға қандай жаза тағайындау туралы Семейге телеграмма жолдайды. Қырсыққанда Семейден үш күнге дейін жауап келмепті. Ақырында бөлімше штабы революция атынан тұтқындарды атуға бұйрық шығарады. Тұтқындардың арасында Алаш азаматы, бұрынғы орыс армиясының капитаны Хамит Тоқтамышев, әйелі мен баласы және бір орыс офицері келіншегімен бар еді. Осындағы екі әйел мен нешебір балаға ғана азаттық беріліп, басқаларының тағдыры шешілген. Яғни, 1920 жылдың мамыр айының бір кешінде барлығын Көкпектіден «Қара кезең» бұйратына бастап апарады». Сол жерде өздеріне ұзын ор қаздырып, бәрін атып тастаған.  Ал Семейге жолданған телеграммаға жауап төртінші күні жетіп, қалаға қайтару жөнінде бұйрық берілген екен...          

Хамиттің мүрдесін татардың белгілі ақсақалдары штабтан сұрап алып, өзен жағасына жерлеген деген дерек бар. Баһадүрдің мәйіті әскери формасымен бірге Дәуіт Хазірет деген адамның маңына қойылған деген мәліметті де ұшыратамыз. Ал батырдың фотосуреті әлі күнге дейін табылмай отыр.   Капитан Тоқтамышевтің әйелі мен баласының ары қарайғы тағдыры   бізге беймәлім. Бір деректерде  Кіндікті жерінде тұтқындалған әйелдер мен балалар босатылғаны айтылады.

Тәуекел жолындағы күресте қазақтан тұңғыш рет тұрақты әскер құрған Хамит Тоқтамышев еңбегі өлшеусіз.  Оның есімі мен есіл еңбегі ескерусіз қалмауға тиісті.  Заманның қанша құқайын көрсе де Алаш азаматтарының сағы сынбады, жігері мұқалмады. Олар қаламмен де, қарумен де елдің бүтіндігі үшін күресті. Бүгінгі бейбіт күн – сол кешегі кескекті ерлердің ерлік істерінің өтемі. Елге сес, ұрпаққа ұран болған Хамит Тоқтамышев секілді асылдардың ұлт тарихынан ұмытылмас үшін есімі Алаш қаласы – Семейден немесе Алматы мен Астана қалаларындағы әскери оқу орындарына берілуге тиіс.  Себебі, Хамит бастаған Алаш әскері халықты жау қырғынынан, ішкі-сыртқы бүліктерден аман сақтап қалды.

Көрнекі суреттер ашық дереккөзден алынды.          

Байланысты жаналықтар

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Шәкәрім мен Міржақыпты кепілдікпен түрмеден шығарған қайраткер

22.08.2023

Гүлтас Құрманбай: «АР МЕКТЕБІ» немесе «АДАЛ АЗАМАТ»  МЕКТЕБІ

29.07.2023

Дүмше, дінбұзaрлaрмен aйқaсқaн қaйрaткер  

30.11.2022

Өліміне Голощекин себепкер болған Алаш арысы

25.11.2022

Алаш қаласында  Алаш батырына орын жоқ 

04.11.2022
MalimBlocks
Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Шәкәрім мен Міржақыпты кепілдікпен түрмеден шығарған қайраткер

Қайымның өзі «әкемнің артында тым болмаса суреті қалмады ғой» деп қамығыпты деседі

Гүлтас Құрманбай: «АР МЕКТЕБІ» немесе «АДАЛ АЗАМАТ»  МЕКТЕБІ

Ұлттық болмысымызға қайта оралып, тамырымызды тауып нәр аламыз десек біз де алдымызға анық мақсат қояйық

Дүмше, дінбұзaрлaрмен aйқaсқaн қaйрaткер  

Имaм, қaжылaрдың медреселермен ісі  болмaй, құлқындaрының қaмын ойлaуы, көп  әйел aлғаны сынғa  aлынaды

Өліміне Голощекин себепкер болған Алаш арысы

Голощекинді құлақ шекеден бір ұрып, талдырып тастаған

Алаш қаласында  Алаш батырына орын жоқ 

Семейде бірде-бір ескерт­кіш, ескерткіш-тақта, көше атауы жоқ