Алаш қаласында  Алаш батырына орын жоқ 

Семейде бірде-бір ескерт­кіш, ескерткіш-тақта, көше атауы жоқ

Олжас Қасым

  • 04.11.2022

Абай облысының орталығы Семей қаласындағы назардан тыс қалған тарихи орындардың бірі – Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамбетұлы мерт болған жер. Бүгінде бұл орында  «Жеңіс» гүлзары орналасқан. Қарама-қарсы бетте «Семей» қонақүйі бар. Бұрынырақта мұнда үлкен ашық алаң болғаны, осы алаңның бір пұшпағында Азамат соғысы және екінші дүниежүзілік соғыс уақытында жауынгерлер даярлайтын арнайы жаттығу орны, ал бүгінгі қонақүй орнында атты әскерлердің казармасы тұрғаны жөнінде айтылады.


Бұл қанды оқиға «Алаш қаласында болды» деген пікірлер де бар.  Алайда біз алаш тарихын зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдардың еңбектерінде көрсетілген дәйектерге сүйен­генді құп көрдік.

«…Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ! Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек. Оқығандар, жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. …Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде ұлт үшін құрбан болатын мұндай азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім, бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадіріңді біліп, құрметтей алмасақ, кешу қыл»,- деп қабырғасы қайыса отырып аза тұтқан еді Шәкерім қажы осыдан бір ғасыр бұрын Семейде өткен қаралы жиында. Алайда біз «ұлты үшін туып, ұлты үшін өлген» (Ж.Аймауытов) алаш азаматын ұмыт қалдырғандаймыз. Ғұлама ақын айтқандай, қадірін біліп, құрметтей алмай жүрген секілдіміз. Сөзімізге Семейде бірде-бір ескерт­кішінің, ескерткіш-тақтаның, көше атауының болмауы айқын дәлел бола алады. Тек қаладағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде Қазы Нұрмұхамбетұлы атындағы кабинет ашылғанын естігенбіз.

Қаладағы тағы бір өткен күннен белгі берер жер  – Абайдың «Жи­дебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұра­жайына қарасты «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражай-үйі орналасқан ғимарат. Кезінде осы үйді Әнияр Молдабаев шаһардағы бір көпестен сатып алған. Оны  сатып алуға Абай мен оның бала­лары  жәрдемдескені мәлім. Әйгілі ақын Семейге келгенде арнайылап осы үйге түседі екен. Қос қабатты ғимаратта 1921-22 жылдары Әлихан Бөкейханұлы  пен Міржақып Дулатұлы отбасыларымен бірге тұрыпты. Гүлнәр Міржақыпқызы  «Алаштың сөнбес жұлдыздары» естелік кітабында: «…Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабат­ты же­кеменшік үйінде тұр­дық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дула­товтар, бірін­шісінде Әлихан атекемнің (Бөкейханов) үй іші жайғасқан еді», деп   осы ғимарат жайында жазады. Көрнекті қаламгер Мұхтар Әуезов те жас кезінде осы үйде тұрған деген деректер кездеседі. Қазіргі кезде Алаш қозға­лысының 100 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтің 120 жыл­дығына сәйкес, тарихтан сыр шертер  ғима­ратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ғима­раттың бірінші қабаты 25 жыл бойы бос жатқан еді.  

Байланысты жаналықтар

Семейлік әнші рекорд үшін 100 әнді тоқтаусыз орындайды

14.11.2024

Павлодардағы Лениннің 100 жыл тұрған ескерткішін дауыл құлатты

08.11.2024

Татарстанда Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

24.10.2024

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

19.10.2024

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

10.10.2024

Семейде орман ағаштары жымқырылған

21.09.2024
MalimBlocks
Семейлік әнші рекорд үшін 100 әнді тоқтаусыз орындайды

Әнші Гиннесс рекордтар кітабына тіркелу үшін арнайы концерт берді

Павлодардағы Лениннің 100 жыл тұрған ескерткішін дауыл құлатты

"Тұғырынан құлаған мүсін бөлініп қалды, қалпына келтіруге келмейді", - деп түсіндірді әкімдік

Татарстанда Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

Сондай-ақ, «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

Семейде орман ағаштары жымқырылған

Бүгінде жауапты тұлға анықталған