Өліміне Голощекин себепкер болған Алаш арысы
Голощекинді құлақ шекеден бір ұрып, талдырып тастаған
Арпалыс-алақұйын кезеңдерде Алаштың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған мемлекет және қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлы еді. Оны сол тұстағы қоғамдық формацияның хал-ахуалы, өскен ортаның беталысы қайраткерлік істерге иек арттырды. Қысылтаяң кезеңдердегі саяси дүмпулер ұлт зиялысының көзқарасын ерте қалыптастырды.
Жалау Мыңбайұлының туған жері бұрынғы Адай уезі Құнан-Орыс ауылы. 1905 жылы Форт Александровск қаласында қазақ-орыс мектебіне оқуға түсті. Тегеурінді тұлғаның қара танып, сауат ашуы да осы өлкемен тығыз байланысты. Әжесі Жалауды сол қаладағы үш сыныптық орыс-қазақ мектебіне жетелеп апарады. Бұл мектепте Жалау өзі құралпылас Төлесін Әлиев, Нұрсұлтан Оңғалбаев, Зұлқарнай Баймұрзаев, Нәдірбай Айтақов сынды жастармен бірге оқиды. Мектепте білім алатын жастар арасында өкімет жеңілдігімен, стипендия арқылы білім алған кедей балалары да көп еді.
Жалаутанушы Әбілқайыр Спанның жазуынша, сол білім ордасының бір түлегі Қылыш Нәдірбаевтің ағасы Қалабай өз естелігінде Жалау, Нұрсұлтан, Төлесіндер туралы айта келіп: «Олардың біліміне, зерделілігіне жететін жан жоқ қой, олар сөйлесіп тұрып та қазақшаны орысшаға, орысшаны қазақшаға қолма-қол аударып айта беретін»,-дейді. Мектеп қабырғасында жүріп, олардың дүниетанымы қалыптасып, өмірге деген көзқарастары түзіле бастаған. Мектепте оқитын жастар арасында ұлттық алалаушылыққа жол берілген кездер де де жиі қайталанып тұрды. Ондайда Жалау, Зұлқаш, Төлесіндер өз қандастарына ара түсіп, кемсітушілікке қарсы шығып отырған. Олардың қоғамдық-саяси пікірінің қаз тұрып, қалыптасып кетуіне белгілі бір деңгейде сол уақыттарда қалаға Ресейдің түкпір-түкпірінен тағдыр айдап келген орыс зиялыларының демократиялық көзқарастағы өкілдерінің ықпалы да аз болмаған секілді. Маңғыстау өлкесі сол уақытта Ресей патшасы жандармериясының бөгде пиғылдық көзқарастағы, тентектері мен телілерін жер аударатын аймақ деп есептелетін. Сондай тағдыр маңдайына жазылғандардың бірі Клавдия Живентина естелігінде жазғанындай, Ташкенттен жер ауып келген саяси сенімсіздер Меер Соснов пен Иосиф Прачицскийдің осында бұрын келген Раймонд Комстің үйінде тұрып, олардың жатар орнына жергілікті жастар Жалау, Сыдық, Нұрсұлтан, Төлесіндердің күн сайын келіп, олармен бірге түні бойы отырып, қобыз тартып, ән шырқайтынын жазған.
Мұстафа Шоқайды ажалдан арашалап қалған қазақ
1907 жылы қамқор әжесі Ботакөз өмірден озған соң Жалау оқуын жалғастыра алмай қалады. Сонан соң тұз өңдеу кәсіпорынында арбакеш болып жұмыс істеп жүрген жасты Адай ақсақалдары өздерінің Түркістан автономиясын қолдайтындығын жеткізу үшін Қоқан қаласына жібереді. Бұл - Ресей патшасының билігін құлатқан ақпан төңкерісінен кейінгі уақыт. Осы сапарда Мыңбайұлы Мұстафа Шоқаймен жақын танысады. Қоқаннан қайтқан соң Жалаудың мансабы бірден жоғарылай бастады. 1918 жылы Алаш ардақтысы «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы болады. Өзінің туған жерінде бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Осы тұста атап өту керек, Кеңес үкіметін мойындаудан бас тартып, қуғын көріп, Ташкентке содан соң Ақтөбеге бас сауғалаған Мұстафа Шоқай Жалау Мыңбайұлынан шетелге өтуге көмек сұрайды. Өзінің қызметі мен жеке басын қатерге байлап, Мұстафа Шоқайдың Каспий теңізі арқылы Бакуге қашуына жол ашады.
Алаш қайраткерінің ел тарихында қалған айтулы істері аз емес. 1925 жылы Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы қызметіне келуі ұлттың рухани өркендеуі жолындағы жемісті жылдар болып есте қалды. Біртуар тұлға Ақмешіт қаласында 1925 жылы 19 сәуірде маңызды қол құжатқа қол қойды. Соның негізінде Қырғыз Автономиялық Республикасы аталып келген еліміз Қазақ Республикасы болып өзгертіледі. Астанасы Орынбордан Ақмешітке көшіріліп, Ақмешіт атауы Қызыл-Орда болып ауыстырылды. Халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін көтеру үшін жан аямаған Жалау Мыңбаев қазақ мәдениетін музыкасын зерттеуші Затаевичке барынша көмек береді. Оған «Ақтан», «Ақбөбек», «Жуас Қоңыр», «Қара торғай» сияқты әндерге тапсырыс береді. Сондай ақ 1925 жылы Қызыл-Орда қаласында наурыз тойын тұңғыш рет ұлттық мереке ретінде тойлануына күш салды. Қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрын құру туралы қаулыға да қол қойған Мыңбайұлы.
Жалау Мыңбайұлы қоғамдық қызметте түйген ой-пікірін мерзімді басылымдарда дүркін-дүркін жариялап отырды. Оның тағы бір қыры – публицистігі дер едік. Қазақ публицистикасында тұңғыш шыққан газеттердің бірі «Қазақ» газеті еді. Алайда, сол кезеңдердегі қоғамның идеологиялық жауы саналған «Қазақ» та, оның шығарушылары яғни қазақтың қалың ортасынан қаулап шыққан бәйшешектей болған көрнекті демократтар есімі де Кеңестер билеген жетпіс жыл бойғы дәуірде ұлт тарихынан өшіріліп тасталды, қара пердемен тұмшаланды. Мұндай қарадүрсін қатігездік пен зорлық-зомбылықты «Қазақ» газеті былай тұрсын, кеңестік-коммунистік бағаттағы зиялылардың алдыңғы қатарлы ірі өкілдерінің бірі Жалау Мыңбаев пен «Ауыл тілі» газеті де көрудей-ақ көрді. Кеңес өкіметі кезіндегі баспасөз тарихын зерттеуге арналған еңбектерде ара-тұра «Ауыл тілі» газеті жайлы қысқаша болса да айтылғанымен, оның алғашқы редакторы және шығарушысының кім екендігі жөнінде тіс жарып айтылмады. Мәселен, Хайыржан Бекхожиннің 1981 жылы шыққан «Қазақ баспасөз тарихының очеркі» атты зерттеу монографиясында сонау 1913 жылдан бергі газет-журналдардың тарихын жазып, олардың барлығының редакторларын көрсетіп, жалғыз «Ауыл тілі» газетінің редакторы көрсетілмейді. Ал, «Би-аға» атты Бейімбет Майлин жөніндегі естеліктер жинағында жазушы Ш.Қожахметов «Бейімбет» және «Ауыл тілі» деген мақаласында газеттің алғашқы редакторын Елтай Ерназаров болды дегенді айтады. Жалаудың Ахмет, Әлихан, Жаһаншах секілді жаңа да соны қырларының жарқырай көрінуі, оның қаламгерлік таланты мен қабілеті еді. Жалаудың журналистік кәсіпке деген қызығушылығы Адай уездік ревкомын басқарып тұрған кезінде басталды деуге негіз бар. Сол кезде өлкеде газет шығаруға талпыныстар жасалып, өмірге келген алғашқы баспасөз үндері қолжазба түрінде шығарыла бастады. Ж.Мыңбаевтің өзі қаламы ұшталған журналист-тілші ретінде орталық органдары болған «Советская степь» және «Степная правда» басылымдарына дүркін-дүркін мақалалар жазып отырған. Ол мақалаларында өлкеде орын алып отырған өзекті мәселелер төңірегінде, өзі басшылық жасап отырған ревкомның сауатсыздықты жойып, елдің мәдени дәрежесін көтеру барысында нендей істерге ұйытқы болып жүргенін қамтыған. Мыңбаев Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланғаннан кейін өзінің сан тарау қызметімен қоса бірнеше қосалқы қызметті де бірге атқарғанын айтқымыз келеді. Осындай ауқымды жұмысбастылығына қарамастан Жалаудың 1926 жылдың 27 шілдесінен бастап қазақ шаруаларының үні «Ауыл тілі» атты газетті ұйымдастырып, өмірге әкелуі үлкен қайраткерлік қажырлы іс еді. Осыған дейін шаруаларға арналған «Ауыл», «Кедей», «Кедей тілі» сынды басылымдар тек губерниялық орталықтарда ғана шығып тұрды. Енді орталықтан Жалаудың қалың елге арнап басылым шығаруы сол кезеңдегі басым көпшілігі қара шаруа болып табылатын жұртқа дер кезінде ойластырылған және жұрт құптаған игі іс болды. Қазақтың зиялы қауым өкілдерінің бірсыпырасы оны қуанышпен қарсы алды. Алаш шаруаларының газеті шығады дегеннен Жалаудың ең жақын, сыйлас, сырлас достарының бірі, алаштың ардақты азаматы М.Дулатұлы үн қосты. Ол Жалауға хат жолдап, онда тіліміздің тағдырына қатысты ойларын былай деп ортаға салады: «... Не амалың бар? Құдай басқа салған соң, көніп отырмыз. Кітаптарын да, газеттерінде маған көрсетпеген қорлығы жоқ. «Қазақыландыру» деген бір пәлесі шықты да көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазды да, міне, сені қазақыландырдық дейді. Жасаған-ай, о мұндай да қазақыландыру болады екен! Бұл мұңымды кімге шағамын!... Менің ойлап-ойлап тапқаным -Жалау жолдас сен болдың». Міржақыптың бұл хаты «Қазақ тілінің мұңы» деген тақырыппен «Ауыл тілінің» алғашқы санында жарияға шыққан.
«Ауыл тілінің» алға қойған бағдарламасы мен жоспары оның алғашқы тұсаукесер санында жария болды. Оның «Оқушыларымызға» атты бас мақаласында ол туралы егжей-тегжей айтылып, біз одан бүгінгі күннің де талап-тілектерін айнытпай көрер едік. Бас мақаланың Мыңбайұлының өз қаламынан туғандығы дау тудырмайды. Енді осыдан 77 жыл бұрынғы «Ауыл тілінің» қалың бұқараға арнауына кезек берейік: «Соңғы жылдарда Кеңес өкіметі «Ауылға бет бұру» ұранын шығарып, ел жайына көбірек көңіл бөле бастағаны белгілі. Содан бері бүкіл кеңестер одағында ауылдағы кеңес қызметін жөндеу, қалың бұқараны әлеумет істеріне қатыстыру, жұмыскерлер мен ел шаруасының одағын күшейту жұмыстары өзгеден гөрі маңызды түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан үкіметі бұл жұмысқа басқалардан кейінірек кірісті. Мезгілімен қолма-қол кірісуге күрделі жұмыстардан босана алмады. Соның бірі болып «Ауылға бет бұру» ұраны да бос сөзден аса алмады. Ауыл көбінесе «таз қалпында», өз бетімен жылжи берді. Шаруа жұмысы, мәдениет істері бір жөнге салынбады. Сөйтіп, өзге елдерде «Ауылға бет бұру» іс жүзінде заулап жүріп жатқанда, біздің жұмысымыз өгіз аяңнан да шабан болды. Бұл кемшілігімізді жоюға біз осы күнде белсене кірісіп отырмыз », — деп ауыл жайын, ондағы кемшіліктерді ақтарыла жазды.
Голощекинді соққыға жығып, жаза арқалаған...
Ұлт зиялысы Жалау Мыңбайұлы қазақ даласын қасіретке бөктірген ақсирақ ашаршылықтан халықты құтқару үшін басын бәйгеге тігіп, қолынан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда өмірі қиылғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ғалым Әбілқайыр Спанның еңбектеріне сүйенсек, 1926 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшысы Филип Голощекин сол кездегі Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаевты кабинетіне шақырып алып, тез арада орта және бай шаруалардың малдарын тартып алып, дүние мүлкін кәмпескелеп, қарсы шыққандарын жер аударуға тапсырма береді.
Уақытты ығыстырғысы келген Жалау Мыңбаев бұл істі келер жылдың көктеміне дейін қалдыруды сұрап, «қазір алды қыс, шаруалардың малдарын жинап алғанда қараусыз малдар бекер қырылатынын және малсыз халық аштықтан қоса қырылатынын» ескертеді. Өзінің бұйрығын орындағысы келмеген Мыңбаевты бұрыннан жақтырмай жүрген Голощекин жерден алып, жерге салады. Шыдамы шегіне жеткен Мыңбайұлы Голощекинді құлақ шекеден бір ұрып, талдырып тастағаны туралы айтылады. Бұл оқиға бірден Мәскеуге жетісімен Жалау Мыңбаев Сталиннің шақыртуымен оның жеке қабылдауында болады. Сталиннің кабинетінде отырып кешірім сұраудың орнына, оның жүзіне тіке қарап «Республиканы ақымақ Голощекиннен басқа басқаратын адам жоқ па?», деп оған қарсы сұрақ қояды. Осы жағдайдан соң екеуінің ымыраға келмейтінін білген Сталин Жалауды Гурьев округі Атқару комитеті төрағасы қызметіне ауыстырған.
Көп өтпей, Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросы мен бақылау комиссиясының біріккен пленумы Ж.Мыңбаевты, С.Сәдуақасов пен С.Қожановты қосақтап партия бағытына қарсы шыққан «жікшілер» мен «оппозиционерлер» деп айыптап, қаулы қабылдады. 1927 жылы Мыңбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, жеке басын тергеп, тексеру нәтижесінде ештеңе табалмаған соң оны Орал облыстық атқару комитетіне бағыттаған.
Ал Жалау шығарған «Ауыл тілі» басылымы 1929 жылы 12 ақпанда 5-129-санынан кейін жұмысын тоқтатты. Дұрысы, мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Оның шығарушысы және тұңғыш редакторы 1927 жылға дейін қол қойды. Жалаудан кейін редакторлық еткен Е.Ерназаров Голощекиннің қолшоқпары болып газетті саясаттың жолында құрбан етті. «Ауыл тілі» газеті жабылғаннан бері күні-кешеге дейін ауыл өміріне араласып, оның тіршілігі жайлы қалам тербер басылымдар шыққан емес. «Ауыл тілінің» Жалау қол қойған сандары бүгінде Орталық кітапхананың сирек кездесетін оқылымдар қорында сақтаулы тұр.
Голощекин дегеніне жетпеген соң Мыңбаевты қыспаққа алуын тоқтатпады. Сол жылы лауазымы қайта төмендетіліп оның үстінен «Адай-Конторо Революциялық» ұйымының жетекшісі деген жала жабылып, «халық жауы» деген айыппен қылмыстық іс қозғалады. Жығылғанға жұдырық, оның үстіне жалғыз ұлы Ескендір мезгілсіз қаза табады. Осы ауыртпалықтың барлығын бірдей көтере алмаған, оған қатар науқасы меңдеген Жалау Мыңбайұлы 1929 жылы 37 жасында көз жұмды.
Өмірін қазақтың керегіне жарауға арнаған Жалау Мыңбайұлы шын мәнінде ұлт жанашыры еді. Ол ұлтқа деген жанашырлығын саясатта да дәлелдеді, абзалы мәдениет, газет арқылы қарқарадай қазаққа ұлты сүюдің үлгісін көрсетті.