Мұстафа Шоқайды жылатқан домбыра.    Қажымұқан алып қашқан поляк аруы

Мария Шоқай: «Мен бірінші рет күйеуімнің жылағанын көрдім» деп жазады.

Олжас Қасым

  • 14.08.2023

Тарихшы, саясаттанушы Жандос Қарынбаев пен  дипломат Марғұлан Баймұхан тағдырлас қазақ пен поляк ұлтының мәдени қарым-қатынастары  жөнінде зерттеу   жүргізіп,  «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітап шығарған. Көлемді еңбек авторы  Жандос Әуелбекұлымен Адольф Янушкевич, Густав Зеленскийдің  қазақ тұлғаларымен байланысы жөнінде сұхбаттасқан едік.  Бұл жолы Шоқанның ұстаздары,   Қажымұқанды ғашық қылған поляк аруы, қазақтың домбырасын Парижге алып барған ғалым жөнінде   қызықты деректер жайлы айтылады.  Бізге белгісіз болып келген тарихи деректерді назарларыңызға ұсынып отырмыз.  



- Кітаптың Шоқанға қатысты тарауында көрнекті қазақ ғалымының танымының кеңеюіне поляк зиялылары Карл Гутковский  мен Гилярий Гонсевский едәуір ықпал еткені туралы жазылған. Екі тұлғаның Уәлихановтың таным-көзқарасына тигізген әсер-ықпалы қандай? 

- Шоқан  отызға жетер-жетпес кезде дүниеден өтті. Ғалымның өз өмірі туралы жазуға мүмкіндігі болмады. Кейіннен ол жөнінде замандас-достары естеліктерін жарияға шығарғанын білеміз. Солардың арасындағы көрнектісі – Григорий Потанин дер едік.  Потанин қазақ тілін жақсы білген, Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста болған тұлға. Ол Шоқан Уәлихановқа арналған жинаққа үн қосып, өзінің жазбаларын берген. Оның естелігіне үңілгенде біршама мағлұмат аламыз. Сібір кадет корпусына түскен уақыттағалым казармада тұрып оқыған.  Бұл кезде орыс-казактардың әке-шешелері қалада тұрады екен. Сенбі-жексенбі күндері олар балаларын үйіне алып кеткенде Шоқан жалғыз қалып қояды. Осыны ұстаздары байқап, алдымен Сотников басқа да мұғалімдері алып кетеді. Сол тәлімгерлерінің арасында поляк Гилярий Гонсевскийдің орыны ерекше. Бұрынғы Вильно, қазіргі Вильниус аймағының тумасы. Қазан университетін тәмамдаған. Гилярий Шоқандарға тарих пәнінен сабақ берген.  Негізінен ол кезде Наполеон соғыстарына дейін оқытылады екен.  Бірақ, Кадет корпусы басшылығының рұқсатымен тарихты оқыту аясы 1830 жылдарға дейін созылған. Қазіргі тілмен айтқанда, тарих сабағымен қатар саясатты оқытады. Гонсевский де Шоқанды өзімен бірге алып кетеді екен. Үйінде бай кітапханасы болған.  Шәкіртіне ақыл-кеңес беріп, қандай еңбектерді оқу керектігін айтып жөн сілтеп отырған.  Потаниннің айтуынша, Шоқанның тұлғалық жағынан қалыптасуында Гонсевскийдің орны ерекше.  Оң-солымызды танымаған баладай болып жүргендеШоқан біз үшін Еуропаға терезе болды дейді. Білімі кемел, ұстанымы қалыптасқан жеткіншек болды дейді.  Өкінішке қарай, Гонсевский көп уақыт ұстаз бола алмайды. Оқу орнынан ертерек кетеді. Сол кездегі педагогтардың арасындағы ең көп оқығаны еді деп еске алады. Провинциялық орта оқу орнында мұғалім болу оның мақсаты болмаған шығар. Одан да үлкен миссиясы болуы керек, үнемі ізденісте жүретінін айтады. Потаниннің жазбасында Гонсевскийдің өз өзіне қол жұмсап өлгені жазылған.  Ал бірақ, осы кітапты жазу барысында ғалымның Потанин көрсеткен жылдардан кейінірек 1868 жылы  өмірден озғанына көз жеткіздік. Осы еңбектің тағы бір жаңалығы – Гонсевскийдің қай жылы көз жұмғаны туралы деректі жаңартуымызда деп ойлаймын.  Яғни поляк зиялысы Шоқаннан кейін өмірден өткен. 

- Осы деректі қалай анықтадыңыздар?

- Гилярий Гонсевскийді поляк ақпарат базаларынан қарадық.  Соның нәтижесінде Уәлихановтың ұстазыныңқазіргі Вильниус қаласындағы«ескі Росса» деген зиратта жерленгенін анықтадық.  Бұл – ғылыми жаңалық.  Ал Карл Гутковский Николаев академиясын бітірген кәсіби әскери адам. Генерал шенінен дейін өскен тұлға.  Сібір қазақтары басқармасын басқарған. Сонымен қатар оқытушылықпен де айналысып, Шоқандарға тактика, артиллерия сынды бірнеше пәннен сабақ берген. Екеуі жақсы қарым қатынаста болып, Карл Шыңғыстың отбасымен де араласады.  Карл Гутковскийдің шаңырағының да Шоқан үшін өте үлкен ықпалы тигені мәлім. Олар жақындасып кеткені соншалық, Потаниннің дерегінше, «Шоқанның екі отбасы бар еді, оның бірі қаладағы Гутковскийдің үйі, екіншісі қырдағы өзінің әулеті дейді. Гутковский кезінде интеллектуалды клуб ұйымдастырып, соны жүргізген екен. Ғалымның үйін Омбыдағы интеллектуалдық клубы деп айтуға болады. Ол өзінің үйі мен қайынатасының үйіне Омбы арқылы қандай да бір саяхатшы өте ме, ғалым өте ме, соның барлығын қонаққа шақырып, мәжіліс құратын болыпты. Шоқан оның үйінде жиі болған. Жас ғалымға сол басқосулардың көп пайдасы тиеді.  Оның зердесін ашып, Петербургке жетелей түседі. Гутковскийдің отбасы әйгілі орыс ғалымы Менделеевтердің әулетімен жақын араласқан. Олар Сібірдің зиялы ортасын қалыптастырды.

Шоқанның Қашқарияға саяхат жасауына ұсыныс жасаған да – осы Гутковский. Шоқан өле өлгенше ұстазының әулетімен қоян-қолтық байланысын үзген емес. Өзіне, жұбайының, балаларын халін сұрап жазып тұрған хаттары сақталған.

             Қазақ жері туралы суретті кітап шығарған ғалым 

- Бронислав Залесский жөнінде де құнды ақпараттарға кезіктік. Залесскийге Маңғыстау жері, Ырғыз өзені, Қаратау аймағы  т.б жерлер ерекше әсер етіпті.   Ол қазақ жерінде қандай жұмыстар атқарды? 

- Бронислав Залесский қазақ елінің танылуына әсер еткен тұлғаның бірі.  Ол Белоруссияда туған, ұлты поляк.  Университеттегі астыртын әрекеті үшін екі мәрте сотталады.  Екінші рет сотты болғанда Орынборға қатардағы жауынгер ретінде жер аударылған. Сол аймақта Украинаның танымал ақыны Тарас Шевченкомен танысады. Антиповтың Арал экспедициясының жұмыстарын өңдеуге, картасын сызуға, суреттерін салуға қатысады.  Шевченко екеуі өте жақын болған. Ақын Залесскийге сурет салуды үйретеді.  Кейін Маңғыстау өңіріне Қаратау экспедициясынажіберіледі. Бірнеше ай Маңғыстау жерінде жұмыс істейді.  Ондағы мақсат – сол уақыттағы маңызды отын түрі тас көмір кенін іздейді.  Ол уақытта Ресей Арал, Сырдария флотилиясын құрған болатын.  Сол арқылы кемелер қатынай бастайды. Пороходтарға отын керек екені белгілі.  Бұл кезеңде біртіндеп теміржол көлігі де іске қосыла бастаған. Сондықтан тас көмір іздеу мақсатында жұмысқа кіріседі. Маңғыстау жерін аралап, содан соң Ақтөбеге барады. Қостанайдың оңтүстік бөлігінде, Қызылорда облысының батыс аймағында болған. Залесский тұтқыннан босап шыққаннан кейін бірден туған жеріне тартады. Ресейдегі басыбайлы құқықты жоюға қатысты реформаларға қатысады. Кейін Ресей маған ұнамайды деп Францияға эмиграцияға кетеді. Францияда тұрған уақытта ол Париждегі поляк кітапханасының директоры болды. Сол кезде «Қырғызсахарасына саяхат» деген суретті альбом шығарады. Салған суреттерін, жазған күнделіктерін қамтып, еңбегін тұтасымен қазақ даласына арнайды. Осы еңбегі арқылы қазақты танымал етеді. Мұнда қызықты мәліметтерге аз емес. Мәселен, қазақ әйелі, киіз үйі, қымызы, ат әбзелдері жөнінде жазады. Мырзақай деген ертегіші болған екен. Ол заманда массалық мәдениет қалыптаспаған, сал-серілердің уақыты ғой нағыз. «Өнерлі Мырзақай ертегі айту арқылы да дәулет жиған жан еді» дейді. Сонымен қатар, белгілі батыр  Есет Көтібарұлымен кездеседі.  Ол туралы өте құнды мәлімет береді.  «Есет батырдың үйінде болдым. Ол да кезінде орыс билігіне қарсы шыққан, бірақ, осы кезде амалдың жоқтығынан билікті мойындауға мәжбүр  болып отыр екен»,- дейді. Өз ауылының биі, батыры болғанын жазады. Өзіне «батыр» деп атаған ұнайтынын жеткізеді. Есет батыр оларды құшақ жая қарсы алады. Бір күн баһадүрдің үйінде мейман болып, арқа-жарқа әңгімелеседі.  Есет батырдың «Адам жабулы сандық сияқты, онымен тілдеспейінше, ішінде не жатқанын білмейсіз. Адамның жан дүниесіне апарар жол – тіл»,- дейді. Яғни, тілдесу, сөйлесу.

Сонымен қатар, Маңғыстаудың сәулет өнері, мәнері, кесенелердің салыну стильдерін тебіреніспен, тамсана сөз етеді. Кітапқа қажет материал жинап жүргенде Залесскийдің жазбасынан 19-ғасырда Маңғыстауда егін салынғанын білдік. Бұлақтардың маңайына жүгері, бидай егеді деген ақпаратты көзіміз шалды. Бұл бізге қызық мәлімет болды. Себебі, қазір ол жақта егін егілмейді. Суармалы егіншілік аз да болса осы аймақта бар дейді.Каспий теңізінің жағалауында, Ырғыз өзенінің бойында жүрген суреттері сақталған.

Қазақ жерінен Парижге жеткен домбыра

Осы суретті альбомды жазудан бөлек, ол қазақтың домбырасын Парижге алып барған. Оны Мұстафа Шоқай туралы ақпараттардан кездестірдік.  Мұстафа Шоқай өзінің зайыбы Мариямен бірге Кракадере деген алаңда қыдырып жүреді. Сол төңіректегі музейге кіргенде өзіміздің домбыра көзіне оттай басылады.  Гидке қарап, «Ханым, кешіріңіз мына затты сіздерге кім әкелді?»,- деп сұраған. Экскурсовод «мұны Сібірде көп жылдар айдауда болған Бронислав Залесский деген кісі берді» дейді. Мұстафа сол жерде домбыраны шертуге рұқсат сұрайды. Ханым, қарсы болмайды. Шоқай домбыра тартқанда көзінен жас парлап, елге деген сағынышы қоздап кеткен екен. Елден алыс жүрген арыс осылай бір тебіреніпті деседі.  Мария Шоқай өз естелігінде: «Мен бірінші рет күйеуімнің жылағанын көрдім» деп жазады.  Бұл – ішқұса болған Мұстафаның жайы еді.  Мұның бәрі де поляк зиялысының еңбегі деуге болады.

Қажымұқан сүйген поляк қызы

- Кітаптан Қажымұқан балуан жайында ерекше жаңалық таптық.  Мұқан мен Надежда Чепковска арасындағы махаббат, қарым-қатынас қалай орнады?  

- Надежда Чепковска – ол біздің Бәтима анамыз. Илам дінін қабылдап, Қажымұқанмен некеге тұрғаннан кейін, Бәтима есімін алған. Бұған дейін Надежданы славян тектес, белорусь қызы деп келдік, поляк екені туралы айтылмады. Біз оны мүмкіндігінше дәлелдедік. Мұқан мен Надежда 1909 жылы Рига қаласында танысады.  Ол уақытта балуанның аты дүрілдеп тұрды, әлем чемпионы болды. Жалындаған Чепковска сол уақытта циркте жұмыс істеп жүреді.  Аттың құлағында ойнаған шабандоз қыз. Екеуі табысып, бір бірін ұнатып, үйленуді ұйғарады. Жақындарынан ерте айырылған Надежда өзіне қамқорлық жасайтын, жанын түсінетін азаматты тапқандай болады. Өзінің айтуынша, «Қажымұқан қараторы, бойлы, сымдай тартылған жігіт еді»,- дейді. Чепковска цирктің бастығынан тұрмысқа шығуына рұқсат беруін сұрайды. Басшысы оған «қайдағы бір жапонмен үйленуге» қарсы болады. Балуан Ригада Ямагата Муханура деген лақап атпен жүрген-ді.  Сонымен амал жоқ, алып қашуға тура келеді. Екеуі Тбилиси, Баку, Орынбор, Ақмоланы басып, Омбыға оралады. Қажымұқан өзі Омбыда тұратын. Екеуі молдаға неке қидырып, поляк қызы Бәтима атанады.  Мұқан қатысқан жарыстардың бәрінде дерлік Бәтима ере жүреді. Спортшының қалай күрескені жайында құнды ақпараттарды сол кісінің мәліметтерінен аламыз. Бәтима қазақ тілін жақсы меңгерген, салт-дәстүрін мықты ұстанатын, дінге жақын жан болады. Қажымұқанның тұңғышы Халиолла осы Бәтимадан туған. Олар Омбының жаңа Варшав ауданына қарасты Қожа деген ауылда тұрған екен. Чепковсканың жерленген жері де сол елді мекен.  1937-38 жылдары Сталиндік репрессия басталып, қазақ зиялыларының айтуымен Мұңайтпасов Оңтүстік Қазақстан, Өзбекстан жаққа ойысады. Бір аралықта қамауда отырып шығады.  Балуан алашордалықтардың рухани-қаржылық жағынан демеушісі болды.  Қажымұқан әр түрлі уақытта бірнеше мәрте некелескен. Бәтима тұлғаның әр қадамына түсіністік танытқан. Ол «Қажымұқанды кездестіруім – өмірімдегі ең басты бағым деп есептеймін» деген.  Бәтима балуанның шаңырағын шайқалтпай, балаларын өсіріп, әрдайым отбасының ұйытқысы болып отырды. Мұқан үйіне үнемі қарайласып, көмегін беруден аянған жоқ.

Кітапта сондай-ақ, Станислав Цыганевич, Пранчишек Бенковски сияқты әйгілі поляк балуандары туралы да тың деректерге орын бердік. Сол екі спортшы біздің Қажымұқанмен белдескен. Мәселен, Станислав Цыганевичтің лақап аты Збышка болған. Оны атақты Поддубныйдың өзі жеңе алмаған көрінеді. Цыганевич екі мәрте әлем чемпионы атанады. Қолда бар мәліметтер бойынша Қажымұқан екеуін бір-бірін ала алмаған. Тең түсті деуге негіз бар. Кейін осы екі алыптың жолы екіге айырылған. Станислав АҚШ-қа эммиграцияға кетіп, бапкер, промоутер болып, фильмге түседі. Бір сөзбен айтқанда танымал, миллионер           адам болып қалыптасады. Ал Қажымұқанның соңғы кездерде жұпыны тіршілік кешкені аян бар тапқанын екінші дүниежүзілік соғысқа жұмсағаны мәлім. Ал Пранчишек Бенковскидің физиологиялық бітімі ерекше, «төртбұрыш адам» болған. Станислав Цыганевич оны «Дарвиннің теориясына енбей қалған тип» деп бағалаған екен. Осындай белгілі тұлғалардың Мұқанмен қарым-қатынасын қамтуға тырыстық. 

Сұхбатыңызға рахмет! 

 

 

Байланысты жаналықтар

Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

29.08.2023

Амангелді Иманов мектеп ашып, бала оқытқан

27.07.2023

Тарихшы: Қазақтар туралы тың деректерді поляк оқымыстыларынан таптық       

13.07.2023

Гималай асқан көштің соңғы  куәгері: «Түркияға жеткенше маңдайымыз жазылмады, қабағымыз ашылмады»         

06.12.2022

Өліміне Голощекин себепкер болған Алаш арысы

25.11.2022

Ұлы тарихшының жары Халима Бекмұхамедова дүниеден озды

06.10.2021
MalimBlocks
Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

Ұлы ақынға Қалидің құдіретті де әсерлі үні ұнайды

Амангелді Иманов мектеп ашып, бала оқытқан

Ауылдағы білім ошағына Исабек Тонашев деген оқыған азаматты мұғалім етіп алдырған

Тарихшы: Қазақтар туралы тың деректерді поляк оқымыстыларынан таптық       

Поляктар өзінің тарихын сарматтармен байланыстырады

Гималай асқан көштің соңғы  куәгері: «Түркияға жеткенше маңдайымыз жазылмады, қабағымыз ашылмады»         

«Жау келді» деп қатты айғай салдым

Өліміне Голощекин себепкер болған Алаш арысы

Голощекинді құлақ шекеден бір ұрып, талдырып тастаған

Ұлы тарихшының жары Халима Бекмұхамедова дүниеден озды