Бейсекеңнің қадірін білмедік

Malim Админ

  • 04.12.2020

Құда-құдағилардың басы қосылған бір үйде қонақта отырғанбыз. Үзіліске тұрып, қонақ үйден ортаңғы бөлмеге келгенімізде теледидардан «Қазақстан» телеарнасында «Айтуға оңай...» ток-шоуы болып жатыр екен. Жүргізушінің тікірейген қысқа шашы мен екі жеңін түріп алғанын елдер күліп әңгімелеп отырды. Сөзі өткір екен, адамдарға жақын отырып алып, көзіне қадалып тұрып сұрақ қояды екен, ия?-деп, қызыға қарады.

Ал маған бас кейіпкер арба айдаған ақын Сәбетай Сыпатаевтың талқыға түскен тағдыры қызықтырақ еді. Өйткені, Алматы телеарнасында Серік Сарыбаевтың қолдауымен дәл осы ақынға деректі фильм түсіргенбіз. Бағдарламаның соңында Амалбек Тшанов кейіпкердің кітабын шығарып беруге уәде етті. Халық үшін пайдалы әлеуметтік бағдарламаның ашылғанына куә болдық. Бұл талантты жүргізуші Бейсен Құранбекті Ұлттық арнадан алғаш көруім еді.

2013 жылы Алматы телеарнасынан қырықтай журналист жұмыстан кеттік. Себебі, ұлттық мүддеге жұмыс істейтін көптеген бағдарламаға жоғары жақтан қысым түсті. Қарнымыздың тойғанына мәз болып жүре бермейік. Ауызымызды жапса, тісіміздің арасынан ұлт жайлы сөз қозғап отыруымыз керек,-деген білікті басшы Серік Әбікенұлымен бірге кеттік.

Дәл осындай қиын да қилы кезеңде дарынды режиссер Данияр Мұстафаев «Айтуға оңай...» ток-шоуына шақырылыпты. Алматы арнасында ағалап жүретін бауырым мен жайлы айтып, редактор болып келуіме сол ұжымды келістіріп қойыпты. Дайын жерге келіп, жұмысқа кірісіп кеттім. Менің де біраз бағдарламаны жүргізгенімді естіген Әлия Құдайберген: «...бұл жерде амбиция жүрмейді, көкірек керіп, жан-жағыңызды менсінбей қарасаңыз, жұмысыңыз алға баспайды»,- деді. Бұрын ток-шоуда істеп көрмеген маған бұл жұмыс өте ауыр болды. Не болса да деп маған тапсырылған екі хабарды абыроймен өткізіп беріп, өз еркіммен кетіп қалдым. Соның бірі Бейсен ағаның есінде қалған «Автобустағы айқай» деген хабар еді. Көктем де кете салғанымен қоңыр күз болды. Ақыры аппақ қыс болды. Бірінші рет жаңа жылды жұмыссыз қарсы алдым. Көңіл жабырқаулы. 2014 жылдың қаңтар айының ортасы болуы керек. Бір күні кешке телефоныма бейтаныс нөмір қоңырау шалды. Алдым.

– Қалайсың, Макс? Бұл Бейсен деген қазақ қой,-деді.

– Бірден таныдым. Ассалаумағалейкум, Бейсен аға! Қал-жағдайымды сұрап жатқанда мақтанышпен телефонның дауысын шығарып қойдым. Анам естісін, Бейсен Құранбек өзі хабарласып тұр деген қуаныш болатын.

– Не істеп жатырсың?

– Бос үйде жатырмын, аға. Сендей білімді, талантты жігіттер үйде жатуға болмайды. Ертең «Жусан» деген Жеңіс Ысқабайдың фотосалонында жиналамыз. Серік ағаң бар, Досан ағаң бар, бәрі келеді. Кел деді.

– Қуанышымда шек жоқ, жарайды дедім. Бұл Бейсен ағамен екінші рет кездесіп, ұзақ жыл қызмет ететін кез еді.

ЖАҚСЫ БАСТЫҚ, ЖАРТЫ БАҚЫТ

Бейсен аға, «Айтуға оңай...» мен «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі ғана емес, білікті басшы еді. Біздің компания «Студия 1» деп аталатын. Соның мағынасын түсіндіргенде Алла біреу, біз бір бағдарламада бір кейіпкерге жақсылық жасасақ, бір маусымда бірнеше адамға жақсылық жасайды екенбіз деп отыратын. Өзі президенттермен жұмыс істегенін үлгі етіп, ешкімнің уақытын ұрламауды жиі айтатын. Әр кейіпкердің тағдырын жүрегінен өткізіп, редакторларға солардың мәселесін түбегейлі шешіп, аяқсыз қалдырмауын талап ететін. Әр редактордан бір күнде не істеді? Не бітірді? Ертеңгі жоспарың қандай? деген сұрақтарға жауап алатын. Тіпті, жиналыстың өзінде әр журналист ашылып, ойын еркін айтсын деп шәй ішіп отырып өткізетін. Біз пікірімізді айтқанда жұмысқа жетіспейтін камера, көлік мәселесі, іс-сапарға шығу т.б. толып жатқан мәселелерді қағазға өзі түртіп алып, арна басшыларымен ақылдасып шешіп беретін. Ұжымдағы барлық редактордың еңбек ақысын жоғары қойды. Ешкімнің еңбегін жеген жоқ!

Ұжымда барлығы ашық айтылуын талап ететін. Келген кейіпкерлердің көңілін жықпай, хабар соңында барлығымен суретке түсетін. Бір сөзбен айтқанда өте қабілетті, қағылез де қырағы, қасиетті, ақкөңіл, адамгершілігі мол адам еді.

ТАЛАНТТЫ ТӘЛІМГЕР, ЖҮЙРІК ЖҮРГІЗУШІ

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Аренада» Бейсен ағамен «Қазақстан барысын» бірге жүргізу бұйырды. Елбасы мен Президент бастаған шенеуніктер және әр өңірден жиналған жанкүйерлер лық толды. Бірнеше арна тікелей эфирде көрсетеді. Уақыт жақындаған сайын қобалжу да бар. Бір кезде Бейсен аға: «жүр кеттік, дәрет алып келейік»,-деді. Қуанып қалдым. Сахнаға тап-таза болып шықсақ барлығы сәтті болар деп ойладым. Бір кезде Фатиха, Ықылас сүрелерін оқыды. Дұғадан кейін бет сипадық. Ел алдына шыққанда шатаспайық деген оймен мәтінді қайталап жүргем. 15 минут қалғанда «болды, бәрін ұмыт, сценарийге қарама, әйтпесе бәрін бүлдіреміз. Басқа әлемге кірейік», - деп ыңылдап ән салып жүрді. Менде бәрібір уайым болды. Бейсен аға күнде эфирде жүр. Маған эфир жүргізбегелі біраз болған. Режиссерлер уақыт болды деген команда берді. Бейсен ағаның қасында тұрып, сөйлеп қалсам, толқу жоқ, қорқу жоқ, дауысымыз саңқылдап, еркін, тіпті, арқаланып жүргізіп кеттім. Осының бәрі тәлімгер Бейсен Құранбектің арқасы. Жартылай энергиясын маған беріп тұрғандай болды. Асыл ағамның шапағаты мен «Халық барысын» жүргіздім. Әлемнің алып балуандарының қасында жүру бұйырды. «Жетісу» телеарнасы мен «Қаркеттің» бір күнінен бағдарламаға жүргізуге мүмкіндік те бермек болдыңыз. Осының бәрі қасыңыздағыларға деген қамқорлық еді. Қайран ағам-ай, қадіріңді кеш білдім... Сіз өмірден өткенде бар қазақ қайғыдан қан жұтты. Алланың ісіне не шара. Алла көп тілегін қабыл алып, жұмақтың төрінен орын алыңыз. Біз қағазға сыйдыра алмаған сіз жақсылық жасаған жандар өте көп. Жаратушы бәрін көріп тұр. Бақұл болыңыз, Бейсен аға!

Мақсат Ержанұлы

Байланысты жаналықтар

Терезеден қарап тұр Бейсен ағам...

18.05.2021

"Әжеміздің ғасыр тойында тік тұрып қызмет етеміз деп уәделесіп едік қой, Бейсаға!"

09.12.2020
MalimBlocks
Терезеден қарап тұр Бейсен ағам...

"Әжеміздің ғасыр тойында тік тұрып қызмет етеміз деп уәделесіп едік қой, Бейсаға!"