«Еркін сөз» - журналистердің қаржылық сауатын көтеретін жоба

Журналистерді ынталандыратын, сауатын көтеретін, бәсекелестік қабілетін арттыратын жобаның қай-қайсысы болса да пайдалы. Соның ішінде  «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ бастамасымен қолға алынған «Еркін сөз» шығармашылық байқауының журналистер үшін орны бөлек.

  • 10.12.2023

2017 жылы алғаш рет ұйымдастырылып, содан бері әдемі дәстүрге айналған бұл жоба талай журналистің қаржы тақырыбына бет бұруына, банк, қаржы саласын жете зерттеуіне, қаржы мамандарымен, банк өкілдерімен етете жұмыс істеуіне ықпалын тигізді. Халықбанктің демеушілік етуімен жүзеге асырылып келе жатқан жобаның ең негізгі мақсаты қазақтілді журналистерді қаржы тақырыбында сауатты жазуға, экономика, банк қызметінің түйткілдерін терең зерттеуге дағдыландыру. Өйткені, дәл осы тақырыпқа індетіп жазып, халықтың қаржылық сауатын көтеруге бейімделген қазақтілді журналистер өте аз. Соның салдарынан банк, өнеркәсіп, қаржы ұйымдары, экономикамен байланысты саланың бәрі әлі күнге орыс тілінде сөйлейді. Ал мына жоба бұрыннан қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуге серпін береді деп күтілген еді.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызының айтуынша, алғашында бұл жобаның сенімнен шығатынына көп күмән болған.

– Бірақ, байқау туралы айтып, мақсаты мен міндетін түсіндіргеннен кейін журналистер қауымы жобамызды бірден қолдады. Сөйтіп аз ғана уақытты қамтығанына қарамастан, байқау қоржынына түскен шығармалар көп болды. Әрине, ол кездегі мақалалар мен телесюжеттердің сапасы дәл бүгінгідей жоғары болды деп айта алмаймын. Сандарды сөйлетуде, тақырыпты таңдауда таптаурындық байқалды. БАҚ-та көп жазылғандықтан журналистер несие, ипотека, ақшаны үнемдеу деген тақырыптарды жиі шиырлайтын. Тіпті бірін-бірі қайталап, қаржыға байланысты халықтың сауатын көтеруге емес, эмоциясына ерік беретіндер, сөзді көркемдеуге көп көңіл бөлетіндер жиі кездесетін. Уақыт өте келе байқауға жолданатын шығармалар тақырыптық жақтан кеңейіп, сапалық, көркемдік жақтан өсті, – дейді Нәзия Жоямергенқызы.

Алғашқы байқауда қаржы тақырыбында жазылған үздік газет мақаласына, үздік сайт мақаласына, үздік телесюжет жасаған авторларға жүлде берілді. Сонымен бірге, үздік шығармашылық топ, үздік фотосюжет иесі де ынталандыру сыйлығына ие болды. Алғашқы ұйымдастырылған байқаудың аяқ алысы, журналистердің қарым-қабылеті жоба жетекшілері үшін алдағы уақытта ескеруі тиіс бірнеше мәселені алға шығарған еді. Ол – журналистерге экономика, қаржы тақырыбында сапалы материал жасауға көмектесетін мамандардың тапшылығымен, жол көрсетер сарапшылардың аздығымен байланысты.

– «Еркін сөз» байқауын ұйымдастыру барысында журналистер үшін қажет келесі бір жобаның басы қылтиды. Мәселен біз қаржы тақырыбында үздік жазуға ынталандыру үшін байқауды қолға алдық. Ал экономика саласына енді қалап тербеген журналистер халықты қызықтыратын, құқықтық сауатын арттыратын тақырып таңдап, оны сапалы да көркем жазу үшін оларға мамандардың жол көрсетуі, тақырыптың әліппесін меңгеруі тиіс болатын. Сондықтан қосымша демеуші іздеп, қазақтілді медиатренердің шоғырын қалыптастыруға кұш салдық. Бізде бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген тәжірибелі, кәсіби білігі келіскен мамандар жеткілікті. Бірақ, осы шеберлігі шыңдалған білікті журналистердің өзі білгенін кейінгі буынға үйретуге дағдыланбаған. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін көпшілікпен бөлісудің, өз машығын өзгелерге үйретудің жолын білмейді. Осыны ескере отырып, медиатренерлер мектебін қалыптастырып, олардың салаға бейімдеу үшін шетелдік мықты медиатренерлердің дәрісін ұйымдастырдық. Бүгінде бұл жоба да өзінің халыққа керек екенін көрсетті. Біздің тегін ұйымдастырған дәрістер арқылы білімін шыңдаған журналистер қазіргі кезде сертификаты бар медиатренер ретінде жоғары оқу орындарында, мектеп, колледждерде дәріс оқып, қосымша табыс тауып жүр, – дейді Нәзия Жоямергенқызы.

«Еркін сөз» байқауы қолға алынған сәттен бері ұйымдастырушыларға көмек қолын созып, дәріс оқып, жол нұсқап келе жатқан маманның бірі – экономист Мақсат Халық.

– 2017 жылғы алғашқы байқаудан бері бұл жоба сапалық жағынан көп өсті. Бұл қазақтілді журналистердің арасында экономика, қаржы тақырыбына қалам тартып, сөз түйіп жүргендердің әлеуетін, қарымын, алымдылығын анықтап қана қоймай, жетпей жатқан тұстарын толтыруға да ой салатындай шығармашылық бәйге болды. Бұрын байқауға қатысқан журналистерде аударманың белгісі анық байқалып тұратын. Аударылған мақалада көркемдік болмайды. Оқығанда солғын тартып, бірінші сөйлемнен-ақ кері итеріп тұрады. Қазір мұндай материалдар жоқтың қасы. Сонымен бірге, қаржылық мәселені жазғандар елді шақыратын, өзі зерттеген мәселенің негізгі ойын көрсететін жинақы тақырып қоюға қабылетсіз еді. Ал қазіргі тақырыптардан батылдықты, ізденімпаздықты анық аңғаруға болады. Тағы бір толғақты мәселе – қазақтілді журналистерде пікір білдіретін сарапшылар тым аз еді. Соның кесірінен ел алдында жүрген бірді-екілі экономист, қаржыгерді әр мақаладан кездестіретінбіз. Сарапшы бір тақырыпқа түрлі пікір айта алмайды. Содан болар, әр мақалада қайталауға жиі орын берілетін. Қазір бұл кемшілік те бірте-бірте оң шешіліп келеді. Дегенмен, жеті жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан байқауда ілгері жылжу, оң өзгеріс бар. Бұл байқау біздің де білімімізді ұштауға көмегін тигізді. Қазір қаржы тақырыбына қалам тербеген журналистер біз терең біле бермейтін салалар бойынша сұраңын жолдап жатады. Өзімізге таңсық тақырыптарды қозғайтындар да аз емес. Журналистерге пікір білдіру үшін осы тақырыптарды іздеп, зерттеп жатамыз. Сөйтіп өзімізге белгісіз мәселелермен танысуға, сауатымызды көтеруге мүмкіндік туады. Міне, осы тұрғыдан алғанда да жоба қоғамға пайдалы, –  дейді Мақсат Халық.    

 «Түркітілдес журналистер қоры» әсіресе аймақтағы журналистиканың дамуына, шалғайда жұмыс істеп жүрген тілшілердің біліктілігін көтеруге айрықша назар аударады. Осы мақсатта қор дайындаған медиатренерлер аймақтарға арнайы барып, дәрістер өткізеді. Медиатренерлер өткізетін дәріс, семинар-тренингтердің тақырыбы, мазмұны әртүрлі. Мұнда қаржылық сауатты көтеруден бастап, журналистерді құқықтық қудалаудан сақтандыру, журналистердің заңдық білімін жетілдіру, жалған мәлімет таратуға тосқауыл қою, журналистердің кәсіби жауаптылығын көтеру бағытында көптеген сабақтар өткізілді. Қазіргі ақпараттық дәуірде басты орында тұрған жаңа технология жетістіктері, фактчек жасап үйрену, стилистикалық қателердің алдын алу, сайт ашу, жазған мақалалары арқылы қосымша табыс табуға дағдыландыру секілді мәселелер де медиатренерлер жиі қозғайтын тақырыптың бірі.

Бүгінге дейін байқауға қатысқан талай журналист қаржылық тұрғыдан ынталандырылып, өзі көтерген тақырып арқылы арапайым тұрғындардың сауатын арттыруға үлес қосты. Байқау жыл өткен сайын толықты, түрленді. Осы жылдар ішінде «Түркітілдес журналистер қоры» аға буынның еңбегін дәріптеуге, тәжірибелі мамандардың шығармашылық ізденісін үлгі етуге басымдық берді. Соның ішінде журналистикада өзіндік орны бар әріптестерді ел есінде қалдыру мақсатында бірқатар ұсыныстар сарапқа салынған еді. Қор мүшелерінің бір ауыздан қолдауымен байқауда белгілі журналистер атымен марапаттар тағайындау ісі тәжірибеге енгізілді. Осылайша әріптестеріміздің көзден кетсе де, көңілден кетпейтінін көрсетіп Бақытгүл Мәкімбай, Сәкен Орынбасарұлы, Қуандық Шамақай, Бейсен Құранбек, Айнұр Сыдықова, Жолдасбек Дуанабай сынды өмірден мезгілсіз өткен журналистердің құрметіне арнайы марапаттар тапсыру дәстүрге айналды. Марапаттау шарасына марқұм болған журналистердің туыстарын шақырып, жүлдені табыс еткізу де әріптестерді ұмытпаудың белгісі.

Нәзия Жоямергенқызы «Түркітілдес журналистер қорына» жетекшіле ете жүріп, республиканың түкпір-түкпіріндегі әріптестердің бір-бірімен танысуына, шығармашылық байланыс орнатуына жағдай туғызды. Қор қайырымдылық іске де көңіл бөліп келеді. Жыл сайын балалар күні мен алғашқы қоңырау күнінде журналистердің ерікті жарнасының есебінен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне барып, қажетті заттарын табыс ету жақсы үрдіске айналғанын айта кетуіміз керек.

– «Әлемді мейірім құтқарады» демеу ме? Қор жанынан қайырымдылық істерге арнап қаржы жиналатынын білетін едім. Бұған әріптестер өз еріктерімен қаржы аударып тұрады. Осы жиналған қаржыны қордың ақылдастар комитеті ақшалай қиындыққа тап болған әріптестерге үстеме жарнасыз беріп келеді. Уақытша көмек сұраған журналистерге бұл шын мәнінде таптырмас қолдау. Өйткені қаржыны уақытша пайдалану онсыз да жалақысы аз журналисті біреуден қарыз сұрау, банктен несие алу әуресінен құтқарады. Менің өзім де ұйымдастырушыларға қолға салып, бірнеше рет қордағы ақшаны өз игілігіме пайдаланған едім. Бұл да сауапты жоба,  – дейді журналист Айгүл Ахметова.

 «Еркін сөз» журналистер байқауы бүгінде жалпақ жұртқа танымал. Байқауды әділ өткізуге ұйымдастырушылар барын салуда. Ондағы комиссиясының құрамына белгілі журналистер, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері топтастырылған. Олар материалдардың объективтілігі; журналистің кәсіби шеберлігі; мәселенің жан-жақты көтерілуі және оны терең ашып көрсетілуі; материалдар туғызған қоғамдық резонанс пен түйткілдерді шешу жолдары; жұмыстардың шығармашылық толымдығы бойынша баға беріп, үздіктерді әділ анықтауға күш салады. Байқаудағы әділдік – жақсы істің жалғасты болуына ықпал ететін негізгі тетік. Сондықтан, Нәзия Жоямергенқызы жобаның репутациясына қылаудай көлеңке түспеуіне мән беріп отыр.

Байланысты жаналықтар

Саланы жетік білмеген журналист жиі қателеседі

09.12.2023

Қарттар тақырыбы журналистер назарынан тыс қалған

01.12.2023

Салалық журналистиканың дамуына дәрігерлер де мүдделі

02.11.2023

Салалық журналистиканы дамыту  заман талабы

30.10.2023
MalimBlocks
Саланы жетік білмеген журналист жиі қателеседі

Сот жұмысы – қоғам үнемі назарында ұстайтын, қызығушылықпен бақылайтын маңызды сала. Халықтың пікір-ұсынысын ескере отырып ақпарат таратын журналистердің бұл салаға қалам тербемегені аз.

Қарттар тақырыбы журналистер назарынан тыс қалған

Алматы қаласы Жетісу ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жетекшісі Еңлік Алтынбековамен бүгінгі сұхбатымызда қарттар тақырыбын журналистер қалай жазып жүргенін талқыладық.

Салалық журналистиканың дамуына дәрігерлер де мүдделі

Денсаулық саласын жазуға машықтанған журналист аз. Мұның әсері әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде анық байқалды.

Салалық журналистиканы дамыту  заман талабы

Соңғы уақыттары ақпарат саласына жауапты министрлік салалық журналистиканың жайы мен оның сапасына қатысты өзекті мәселе көтере бастады.