Салалық журналистиканың дамуына дәрігерлер де мүдделі

Денсаулық саласын жазуға машықтанған журналист аз. Мұның әсері әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде анық байқалды.

  • 02.11.2023

Журналистер медицинаны жазуға неге қызықпайды? Әлде бұл дәрігерлердің пікір білдіруге, ойын айтуға құлықсыз болуымен байланысты ма? Осы сауалдарды дәрігерлердің өзіне қойған едік.

Айгүл Мұхаджанова,

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасының аға мейірбикесі:

– Денсаулық сақтау саласы – өте ауқымды, сан қырлы. Медицинаны тереңнен зерттеп, ақ халатты абзал жандардың жұмысына жіті үңілген мамандар болмаса, бұл саланы сауатты жазу қиын. Осы салада еңбек етіп жүргеніме отыз жылдан асыпты. Сонда байқағаным, тек медицинаны ғана жазып, тек осы саланың оң-солын тануға бейімделген бір де бір журналисті байқамаппын. Кейбір журналистер арнайы тапсырмамен келіп, бірді-екілі мақала жазатын болар. Ал жалпы осы саланың жетістігі мен кемшілігін сараптап, медицинада еңбек етіп жүрген жандардың қызметіндегі қиындықтар мен ізденістерді сипаттап, жан-жақты қалам тербеп жүрген журналистер жоққа тән.

Денсаулық сақтау саласы – расында да күрделі, жауапты сала. Оның ішкі дүниесіне үңілмей сапалы материал дайындау мүмкін емес. Ал біздегі жарық көрген материалдардың дені криминалдық ақпараттармен байланысты. Журналистерді таяқ жеп, соққы алып ауруханаға түскен беделді тұлғаларды өмірі көп қызықтырады. Немесе көпшілікті елең еткізетін оқиғалар кезінде журналистер қайта-қайта хабарласып жатады. Мәселен, жаппай улану, қандай да бір жұқпалы аурулар таралғанда ауруханаға келіп, жағдайды біліп, жарыса ақпарат таратып жатады.

–  Журналистердің ақпарат таратуы көңіліңізден шыға ма?

– Бір салаға бейімделмеген соң журналистерде ақпаратты қалай болса солай тарату, қателікке жол беру, кейде тіпті оқылымын көбейту үшін фактіні қоюлатып, әсірелеп беру кезеседі. Медицина саласын жетік білмеудің кесірінен қате болжам айтатын кездер де жоқ емес. Мысалы бірде ауруханада жатқан сырқат туралы білгісі келген туыстарына медбиенің бірі «жағдайы жақсы, оңалып келеді. Тамаққа тәбеті де дұрыс» деп көңілдерін демдемек болған. Өкініштісі, ол сырқаттың ауру динамикасына қарамай, өзінің көргенін айтқан. Емдеуші дәрігермен ақылдаспаған. Ал сол сырқат екінші күні көз жұмғанда марқұмның туыстары аурухананың бас дәрігеріне шағымданып, кеше ғана жағдайы жақсы болатын, түнде дәрігерлер қарамаған деп шағымданған. Оны журналистер естіп алып, осы ақпаратты одан сайын түрлендіріп таратқан. Тек науқастың туыстарын сөйлетіп, дәрігерлердің еңбегін жоққа шығарған. Әрине, бұл жерде емдеуші дәрігердің рұқсатынсыз ақпарат таратқан медбикенің кінәлі екені рас. Бірақ, көз жұматын адамның бой жазатыны кім кімге де белгілі. Осыны көпшілігі ескере бермеген. Соның кесірінен әлгі сырқатты емдеп, аяғынан тұрғызу үшін бар күш-жігерін жұмсаған аурухана ұжымының еңбегі еш кетті. Егер сол кезде журналистер сырқаттың даму тарихына көз жүгіртіп, емдеуші дәрігердің болжамын тыңдаса, тіпті болмаған жағдайда, сол көз жұмған адаммен бірге ем алған адамдарды сөйлетсе шындыққа бір табан жақын болатын еді. Меніңше, медицина саласын жетік білетін журналистер қалыптасса, мұндай қателіктер орын алмайтыны анық.

Қуандық Ерболатұлы,

Алматы облысы Талғар аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің хирург дәрігері:

– Қуандық Ерболатұлы, медицина саласын жазуға машықтанған журналистер шоғырын қалыптастырудың маңызы неде?

– Әр маман өзі білетін кәсіппен айналысқанда ғана сапалы нәтиже орнайды. Мәселен, хирург окулистің жұмысына араласа алмайды, гинеколог гематологтың білетінін білмейді. Сол сияқты дәрігерлермен етене жұмыс істеп, медицинаның қыр-сырын жақсы білетін, осы салаға қызығатын журналистер тобын қалыптастырудың да қоғамға берері мол. Мұндай журналистердің қалыптасуы дәрігерлерге қатысты азаматтар пікірін өзгертуге, дәрігерлер жұмысын нақты бағалауға көмектеседі. Осындай кәсіби білікті мамандар медицинаға еңбегі сіңген, денсаулық саласында жаңалық ашқан, саналы ғұмырын осы салаға арнаған дәрігерлер туралы жазса, қоғамға айтарлықтай пайдалы болар еді. Қоғам медицинадағы мықтыларды білуі, тануы тиіс.

Ал бізде өкінішке орай тек медицинадағы кемшіліктер жазылады, қателіктер жарияланып жатады. Шындығында, қоғамға білікті мамандар туралы ақпаратты білу маңызды. Мысалы, саланы зерттеп жүрген журналистер қай салада қай дәрігердің мықты екенін анықтап, нақты мысалдар келтіре отырып жазса, білікті мамандардың рейтингін жасаса халыққа айтарлықтай көмегін тигізері талассыз. Өйткені, ғаламтордағы азаматтар сұранысын қарасаңыз, көпшілігі «Қандай жақсы терапевті білесіз?», «Балама білікті окулист іздеп жүрмін», «Кімде мықты эпилептологтың телефоны бар?» деп бір-бірінен көмек сұрап жатады. Әрине, әр медициналық орталықтың өз маманын алдыға шығарып, «Біздің дәрігер мықты» деп айтатыны сөзсіз. Бірақ, осы жерде журналистер арнайы сауалнама жасап, көпшілік пікірін електен өткізе отырып, білікті дәрігерлердің тізімін жасаса, көпшілікке ұсынса, халық сапасыз қызметтен жапа шекпес еді деп ойлаймын.

– Медицинаға қатысты сапалы сараптама жасап, сауатты ой қорыту үшін журналистерге мамандардың беретін кеңесі аса маңызды. Мүмкін денсаулық сақтау саласын жазатын журналистердің кемдігіне дәрігерлердің ақпарат беруге сараңдығы, мемлекеттік тілде пікір білдіруге шорқақтығы да әсер ететін болар?

– «Қалауын тапса қар жанады» демей ме қазақ. Ақпарат аламын деген журналистке ешқандай кедергі жоқ. Медицина саласына қызығатындар бар. Бірақ, олар тек осы бір тақырыппен шектеліп қалғысы келмейтін болса керек. Біздің қалай ота жасағанымызды, медицинадағы соңғы жаңалықтарды тәжірибеде қалай қоданып жатқанымызды процесс барысында көргісі келген журналистердің бетін қайтарған кезіміз жоқ. Дегенмен, бұл саланы терең зерттемеген соң журналистердің тарататын ақпараты хабарлаудан арыға бармайды. Өз бетінше ой қорыту, дәрігерлер еңбегіне баға беру кемшін. Ал баға беру үшін кемі 4-5 отаға қатысып, салыстыра алатындай мәлімет жинау керек. Яғни, дәрігерлер еңбегін жазуда үлкен ізденіс қажет. Сондай ізденіс болмаған соң кейбір журналистер медицианлық терминдер қате қолданып, өз бетінше аударып халықты адастырып жатады. Егер біздің саламызды жазуға бейімделген журналистер қалыптасса, дәрігерлер арасында әріптестік байланыс нығайып, ақ халатты абзал жандарға деген оң көзқарас орнығар еді. Сонымен бірге, мұндай журналистер медицинаның дамуына шын жаны ашып, кемшіліктерге атүсті қарамайтыны анық. Сондықтан, салалық журналистиканың дамуына дәрігерлер де мүдделі.

Байланысты жаналықтар

«Еркін сөз» - журналистердің қаржылық сауатын көтеретін жоба

10.12.2023

Саланы жетік білмеген журналист жиі қателеседі

09.12.2023

Қарттар тақырыбы журналистер назарынан тыс қалған

01.12.2023

Салалық журналистиканы дамыту  заман талабы

30.10.2023
MalimBlocks
«Еркін сөз» - журналистердің қаржылық сауатын көтеретін жоба

Журналистерді ынталандыратын, сауатын көтеретін, бәсекелестік қабілетін арттыратын жобаның қай-қайсысы болса да пайдалы. Соның ішінде  «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ бастамасымен қолға алынған «Еркін сөз» шығармашылық байқауының журналистер үшін орны бөлек.

Саланы жетік білмеген журналист жиі қателеседі

Сот жұмысы – қоғам үнемі назарында ұстайтын, қызығушылықпен бақылайтын маңызды сала. Халықтың пікір-ұсынысын ескере отырып ақпарат таратын журналистердің бұл салаға қалам тербемегені аз.

Қарттар тақырыбы журналистер назарынан тыс қалған

Алматы қаласы Жетісу ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жетекшісі Еңлік Алтынбековамен бүгінгі сұхбатымызда қарттар тақырыбын журналистер қалай жазып жүргенін талқыладық.

Салалық журналистиканы дамыту  заман талабы

Соңғы уақыттары ақпарат саласына жауапты министрлік салалық журналистиканың жайы мен оның сапасына қатысты өзекті мәселе көтере бастады.