Қарттар тақырыбы журналистер назарынан тыс қалған
Алматы қаласы Жетісу ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жетекшісі Еңлік Алтынбековамен бүгінгі сұхбатымызда қарттар тақырыбын журналистер қалай жазып жүргенін талқыладық.
– Еңлік Ерланқызы, қарттармен тығыз байланыста жұмыс істеп отырған орталық жетекшісісіз. Содан болар, әлеуметтік желіде қарттар мәселесін жиі көтеріп, қарияларға арнап салалық басылым шығару керек деп ұсыныс айтқаныңызды да білеміз. Мұндай ұсынысқа не түрткі болды?
– Қариялар – қазынамыз. Олар елдің еңсесін тіктеп, ұл-қызын аяққа тұрғызу үшін көп еңбек сіңірді. Сондықтан, зейнет жасына жеткенде жылдар бойғы бейнетінің рахатын көргені дұрыс. Кез келген ұсыныс – сұраныстан, қажеттіліктен туындайды. Мәселен бізде балалар басылымы бар. Онда балаларға керекті ақпараттың бәрі топтастырылып беріледі. Балалардың ой-өрісін кеңейтетін мәліметтер, балаларға арналған әңгімелер мен өлеңдер, балалар салған суреттер беріліп, кішкентайлар бірігіп ұйымдастырған шаралар насихатталады. Ең бастысы, республиканың түкпір-түкпірінде тұратын балалардың осы басылым арқылы танысуына, шығармашылық байланыс орнатуына мүмкіндік бар.
Сол сияқты қарттар да арнайы басылымға зәру. Балаларға қажетті ақпаратты ата-анасы іздеп жүріп тауып әкеліп беруі мүмкін. Жастар кейінен өзіне қажетті ақпаратты өздері іздеп жүріп тауып алады. Ал қартайған шағында нағыз қамқорлықты қажет ететін, көмекке мұқтаж жан – ол қарттар. Мысалы біз өз орталығымызға бірнеше газет-журналды жаздырып аламыз. Осы басылымдардың ешқайсысында қарттарға арналған айдар жоқ. Қарттар мәселесі мүлде назардан тыс қалған. Тек 1 қазан қарттар күні ғана әкімдіктер мен журналистер де ата-апалардың мәселесін сөз етеді. Бір күнге, кейде бір аптаға созылатын науқандық шара. Ал жалпы, қарттардың хал-ахуалына тұрақты назар аударып, көңіл бөліп жатқан басылым не телеарна мен сайттарды көрмейсің.
– Өзіңізге белгілі, қазір салалық басылымдарды шығару, таралымын көбейту өте қиын. Ал қарттарға арналған басылымды шығару тіпті қиын болмай ма?
– Қарттар жылы сөзге мұқтаж. Өйткені, қазіргі қоғам бұрынғыдай бір-бірінің жағдайын сұрайтын, үлкендердің қас-қабағына қарап тұратын бұрынғы қоғамнан мүлде бөлек. Қазіргі балалардың қамқорлығы ата-анасына ақша беріп, қаржылық қолдау көрсетумен шектеледі. Ал ең болмаса айына екі рет жарық көретін қарттарға арналған салалық басылым дүниеге келсе, оның сұраушысы да, оқырманы да аз болмайды деп ойлаймын. Мысалы қазір қараттарға көмек көрсеткісі келгендер концертке шақырып, көрмелерге билет беріп жатады. Бір реттік мұндай шаралар да жақсы. Бірақ, осы қаржыны одан гөрі бір жыл бойы рухани азық беретін газет-басылым шығаруға жұмсаса, қарттарға үлкен игілік жасаған болар еді.
– Салалық басылымда қандай мәселе көтерілгені дұрыс?
– Айталық геронтология деген ғылым бар. Gerontos – қарт адам, logos – ғылым деген сөзден шыққан. Бұл сала адам ағзасының қартаю процесін жан-жақты зерттейді. Ал әр адамның қартаю кезеңі әртүрлі. Кейде өзіміз де айналамыздағы жетпіс-сексенге келсе де түрін бермеген, сымбатын сақтаған ата-апаларға қарап таңданып, өзімізге үлгі тұтып жатамыз. Керісінше жап-жас қыз-жігіттердің бетіндегі қаптаған әжімді байқап, ағзасының соншама шаршағанына, денсаулығын мүлде күтпегеніне қынжылыс білдіреміз. Герантология – қарттарға ерте қартаймаудың, организмді күтіп, баптаудың сырын үйретеді. Ол үшін не ішу керек, қалай күтіну қажет, қандай дәрумендерді пайдаланған жөн? Соның бәрін герантолог мамандар үйретеді. Біздің орталық герантолог мамандармен бірігіп жұмыс жүргізеді. Дәрігерлер келіп қабылдау өткізген сайын қарттарға берген ақыл-кеңесіне таңданыспен қараймын. Әр адам – бөлек организм, өзінше әлем. Герантолог организмнің қартаюының жалпы процесін, жасаралық динамиканың биологиялық қырларын жан-жақты түсіндіреді. Маманның қабылдауынан кейін аға-апаларымыздың құлшынысы артып, өзін күтуге, өзіне көңіл бөлуге тырысатынын байқаймыз. Бұл енді ірі мегаполистегі жағдай. Алматыда, болмаса Астанада тұратын қарттардың уақытын бөліп герантологқа көрініп, өзінің мәселелерін көзбе-көз айтуға, нақты ақыл-кеңес тыңдауға мүмкіндігі бар. Ал ауылдарды былай қойғанда, шағын қала, аудан орталықтарында герантологтың қабылдауы тұрмақ, мұндай маманның бар екенін білмейтін қарттар баршылық. Олардың қарттықты жеңу, кәрілік процесін баяулату туралы түсінігі жоқ. Егер арнайы басылым жарық көретін болса, еліміздің герантолог мамандарына тұрақты айдар беріліп, қарттықты жеңудің құпиялары тұрақты насихатталып тұратын еді. Ата-апалар өздеріне көмектесетін осындай маманның барын біліп, арнайы хабарласып ақыл-кеңес алары сөзсіз. Бүгінгідей ақпараттық заманда бұл айдар арқылы герантолог пен қариялар арасына алтын көріп орнатып, тікелей желінің көмегімен маман кеңесін ұйымдастыруға да кедергі болмасы анық.
Қазіргі таңда адамдардың қартаюы әлемдегі өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары қазір қарттық жас 60-тан 74 жасқа дейін, кәрі жасқа 75 пен 89 жас аралығын, көп жасаушыларға 90 және одан да көп жыл өмір сүргендерді жатқызады. Тұрғындардың осы бөлігі шын мәнінде дәрігердің, оның ішінде герантологтың көмегіне зәру. Ал салалық басылым осы олқылықтың орнын толтыруға бірден бір себеп.
– Қариялармен етене жұмыс істегеннен кейін көп жайдан хабарыңыздың бар екенін байқап отырмыз. Дегенмен, салалық басылымда тек дәрігер кеңесін беріп, қарттардың денсаулығын күтуге байланысты ақпараттармен бөлісу аздық етері анық.
– Әрине, егер осы саланы жетік меңгерген журналист болса, қарттарды қызықтыратын тақырыптардың аз еместігін байқар еді. Айталық, қазір көшелерде скандинав таяқшаларына сүйенген қарияларды жиі кездестіреміз. Қос таяқпен жүрудің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл шетелдерде ең танымал спорт түрі. Осыны да журналистер жақсылап зерттеп жазса, қарттардың назарына ұсынса қандай керемет. Скандинав жүрісінің жанға жайлы, кез келген жастағы адамға қолайлы екенін, денені шынықтыруға көмектесетінін білеміз. Ал қарт адамдарға ол екі есе пайдалы. Өйткені, скандинав жүрісі үлкен кісілердің қалыпты дене белсенділігін сақтауға, сонымен бірге жүрек ауруы, екінші дәрежелі диабет, демікпе, инсульт және обырдың кейбір түрлері сияқты созылмалы аурулар қаупін төмендетуге көмектеседі. Скандинав жүрісі кезінде адам жаяу қозғалып қана қоймайды, қос қолындағы таяқпен түрлі жаттығулар жасайды. Міне, сондықтан да қалалық денсаулық сақтау бөлімдері, әкімдіктер скандинав орталықтарының ашылуына, жұмысын бір арнаға түсіруіне көмектесіп жатыр. Салаға бейімделген журналистер үшін бұл да бір келелі тақырып. Мәселен, скандинав жүрісін күнделікті дағдысына айналдырған қаншама қарт бар. Соларды сөйлетіп, тәжірибесімен бөліссе, қаншама қарияның денсаулығын жақсартуға, әр күнін мақсатты істерге арнайына ықпалын тигізер еді. Өкінішке орай, қарттарға қажет осы игілікті жаңашылықтың да рахатын тек ірі қалалардың тұрғындары көруде. Ал шалғайдағы жұрт мұндай ізгіліктен тағы да сырт қалған. Егер салалық басылымдар арқылы күнделікті жаттығуларды ұсынып, мамандар жол көрсетіп отырса үлкен сауапты іс болары даусыз.
– Орталыққа келген қариялардың қолөнермен айналысатынын, түрлі бұйымдар жасайтынын байқадық. Қартайған кезде бұл да бір ермек. Мұндай ісмерлік сабақтарын арнайы мамандар өте ме?
– Иә, орталықта киім пішіп, тігуге, тоқыма бұйымдарын жасауға, құрақ құрап, көрпе тігуге үйрететін шеберлер бар. Олар белгіленген мерзімде келіп дәріс оқып, қарияларға жол нұсқап кетеді. Бірақ, мұндай шеберлік сабақтарына тек орталықтағы санаулы қариялар қатысады. Ал салалық журнал болса, үйде отырған қарияларға қосымша ермек болатын талай жаңа дүниені ұсынуға болар еді. Есіңізде болса, бұрын түрлі сән журналдарында, әйелдерге арналған басылымдарда киімнің үлгісін жасап, көйлек, юбка, тақияны қағазда пішіп көрсетіп жататын. Кейбір оқырман мұндай журналдарды сол қағазға ойылған пішін мен ақыл-кеңесі үшін күтетін. Үйдегі ескі-құсқы киімдерді осы пішінге салып ойып, түрлі киім тігіп алатындар көп болатын. Енді осы жылдар бойы екшелген тәжірибені қараттарға арналған басылымда пайдаланса, аға-апаларымызға тегін ермек тауып берген болмаймыз ба? Құрақ құрауды үйретейік, тоқыма тоқуға баулиық, киімнің түрлі пішінін ұсынайық... Үйде зерігіп отырған қариялар мұны қағып алып, тәжірибеде қолданары талассыз. Ал егер басылым арқылы осындай ермек еткен кәсібімен табыс тауып отырған зейнеткерлерді көрсетсек, олардың қолынан шыққан бұйымды саудаға шығарсақ, талай адамға пайдамыз тимей ме? Міне, біздің салаға бейімделген журналист болса, бұл тегін кеңес.
– Қарттар журналистермен жұмыс істеуге ынталы ма?
– Белсенді қариялар өте көп. Өзінің бос уақытын тиімді өткізгісі келетіндер баршылық. Зейнетке енді шыққан, қосымша жұмыс істегісі келетін ата-апаларымыз да арамызда аз емес. Егер республикада бір салалық басылым шығаруға мүмкіндік туса, жер-жердегі жұмыс берушілерге хабарласып, зенеткерлерге лайық жұмыс орындарын жарнамалап отырған тиімді еді. Зейнетақысы бар қарттар өз еңбегіне соншалықты көп ақша сұрамайды. Ал олардың жылдар бойғы тәжірибесін пайдалану жұмыс берушілерге ыңғайлы. Осындай екіжақты жарнама желісін ұйымдастыра алсақ жұмыс берушілер мен зейнеткерлер арасын жалғауға, екіжақты пайдалы байланыс орнатуға жол ашылады.
Сосын қазір әкімдіктер жанынан белгілі бір кәсіпке оқытатын курстар ашылып жатыр. Олар зейнеткерлерді де назардан тыс қалдырмаған. Осы кәсіп үйретушілер де басылым арқылы қарттарға көмек берсе құба-құп.
– Журналист тек бір саланы жазса, қабілет-қарымы шектеліп қалмай ма?
– Керісінше, әр мәселенің басын бір шалып, тұрақты тақырып таппай жүрген журналистерден гөрі, бір салаға бейімделген журналисті ел жақсы таниды. Оның үстіне, белгілі бір саланы зерделеп, зерттеп жүрген журналистің жазбасы нақты, сапалы, мәліметке бай болады. Мұндай тілшілер халыққа не керегін жақсы біледі. Сондықтан, біздің елімізде салалық журналистиканы дамыту кезек күттірмейді. Ал біз өз тарапымыздан саладағы өзекті мәселелерді журналистермен бірге зерттеп, бірге шешуге ат салысатын едік.