Салалық журналистиканы дамыту  заман талабы

Соңғы уақыттары ақпарат саласына жауапты министрлік салалық журналистиканың жайы мен оның сапасына қатысты өзекті мәселе көтере бастады.

Умай Беймарал

  • 30.10.2023

Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жоғары оқу орындарында арнайы бөлімдер, сондай-ақ, жұмыста жүрген тілшілер үшін түрлі оқыту семинарлары ашылып жатыр. Бүгінде статистикаға қарасақ, криминалдық жаңалықтар, құқықтық талдамалы мақалалар еліміздегі ең оқылымды ақпарат екен. Осы ретте біз бүгін құқықтық журналистиканың қауқары қандай деген мәселеге назар аударғанды жөн көрдік.

 Расында да қарапайым халық ел билігіндегі жаңалықтардан гөрі, кімнің қандай қылмыс жасағанын, оған қандай жаза тағайындалғанын қызыға оқиды. Әрине, құқық, заң тақырыбындағы материалдардың бәрі бірдей талапқа сай дей алмаймыз. Тақырыпты таңдауда, заңдарды қолдануда, мақаланы жазуда кететін кемшіліктер аз емес. Бұл әлі де болса салалық журналистиканы дамытуға кәсіби тұрғыдан көңіл бөлмей келе жатқанымызды көрсетсе керек. Осы мәселеге орай арнайы алқа өткізіп, салалық басылымдардың маңызы мен қоғамдағы орны туралы мамандар пікірін білген едік. Алқада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, философия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Мәлікқызы, Алматы қаласы полиция басқармасының қызметкері, полиция капитаны Сырым Жетенұлы, «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаева және «Заң» журналының редакторы Түймегүл Ибашева қатысты.

– Заң, құқық тақырыбында жазылған мақалаларға көңілдеріңіз тола ма?

Сырым Жетенұлы:

– Басқа тақырыптармен салыстырғанда, құқық, заң саласын жазғанда өте сауатты болу керек. Бабаларымыз «Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген. Ал бізде шамасы келсін, келмесін, тақырыпты білсін, білмесін, әр тақырыпқа қорықпай қалам тербейтіндер көбейіп кетті. Өзінің танымалдығын арттыру үшін, жазылушылар санын көбейту үшін кейде тісі бата бермейтін мәселелерді жазатындар бар. Соның кесірінен тергеліп жатқан адамды алдын ала «қылмыскер» жасап, тіпті Қылмыстық кодекстің бетін ашып көрместен «бәленбей жылға сотталады» деп болжам жасап жатады. Мұндай адамдар өзге адамның ар-намысына нұқсан келтіріп, іскерлік беделін төмендетіп отырғанын түсінбейді. Заңдық тұрғыдан алғанда, кез келген адамды тек сот үкімі күшіне енгенде ғана «қылмыскер» деуге болады. Ал асығыс жазылған мақала бір адамның ғана емес, оның бүкіл жақындарының жүрегіне салмақ түсіреді. Сондықтан, журналистика факультеттерінде міндетті түрде құқықтық сауаттылыққа үйрететін, заңды қолдануға машықтандыратын дәрістер оқылуы керек. Экономиканы, әскери саланы, медицина мен білім саласын жазатын салалық журналистер керек екені рас. Ал құқықтық тақырыпты кез келген журналист университет қабырғасында меңгеріп шығуы тиіс деп ойлаймын.

– Қазір журналист кадрларын дайындайтын жоғары оқу орындары көп. Оларда шәкірттерді құқықтық тақырыптарға бейімдеу жағы ескерілмеген бе екен?

Гүлнар Мәлікқызы:

– Кенжеғали Сағадиев атындағы халықаралық бизнес университетінде, әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде құқықтық журналистикаға баулитын арнайы дәрістер бар. Осы екі оқу орнында да құқықтық журналистика сабағы оқытылады. Курс барысында Ата заңдағы талаптардан бастап, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға дейін зерделенеді. Одан бөлек, журналистің ақпарат алу тәртібі, жалған ақпарат үшін жауаптылық, тілшілердің құзырлы органдарға сұрау салуы, полция, прокуратурамен бірігіп жұмыс істеу, сот процесінде өзін-өзі ұстау дағдысы үйретіледі. Сонымен бірге, зерттеліп отырған тақырып бойынша жауаптылық белгілеу, жаза тағайындау реті де терең түсіндіріледі. Азаматтардың құқықтық қарым-қатынасын реттеуде қолданылатын Азаматтық, Қылмыстық, Әкімшілік құқық бұзушылық, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерге сілтеме жасап, мақалада пайдаланудың әліппесі осы университет қабырғасында оқытылады. Яғни, білім ошақтарынан кәсібін меңгеріп шыққан мамандардың тәжірибеде өрескел қателікке жол беруі сирек. Өкінішке орай, бүгінде журналистика алаңында нанын тауып жүрген мамандардың барлығы кәсіптік білім алған деп айта алмаймыз. Көпшілігі актер, әнші, музыкант, тіл мамандығын бітірген соң, журналистикаға араласқан. Әрине, ақпарат таратудың жауаптылығын сезінбеген жандардың түрлі қателік  жасайтыны рас. Сондықтан, журналистикаға жүрек қалауымен келген шәкірттердің өндірістен өз орнын табуына көмектесуіміз керек.

– Жылда журналистика факультетін тәмамдап, тәжірибеге араласатын мамандар көп. Оларға БАҚ-та сұраныс бар ма?

Айнұр Сембаева:

– «Заң газеті» - еліміздегі құқықтық басылымдардың көшбасшысы. Бірақ, тек құқық, заң саласын жазады деген түсінік тумауы керек. Өйткені, отыз жылға жуық тарихы бар басылым кез келген қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді көпшілік талқысына шығарып, зерттеу жүргізеді. Бір ерекшелігі, біздің мақалада мәселенің құқықтық қырына, заңдық тұрғыдан реттелуіне жіті көңіл бөлінеді. Әсіресе, журналистік зерттеулер, оқырмандардан түсетін арыз-шағымдар бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізіледі.

Жаңа құқықтық тақырыпты жазуда кемшілік бар деген сын айтылды. Бұл пікірмен толық келісемін. Расында, ақпарат құралдарындағы орашолақ, сауатсыз жазылған материалдарды жиі көзіміз шалады. Соның ішінде ең көңілге келетіні – жәбірленушілер суретінің бүркемеленбей берілетіні. Онсыз да өмірден теперіш көрген бүлдіршіндерге жаны ашығансып мақала жазу, онда жәбірленушінің аты-жөнін, жасын, тіпті тұрғылықты жеріне дейін көрсету адамдық өлшеміне сыймайды. Кезінде құзырлы орындардың бір реттік қайырымдылық акция өткізіп, ұжым боп тарту еткен сөмке мен кітап-дәптерді балаларға ұстатып суретке түсіруі белең алып кетіп еді. Қазіргі балалар тым қатігез. Жанындағы баланың қай жері әлсіз, қай тұсы қорғансыз екенін біліп алып, неғұрлым ауыр соққы бергенді қалайды. Ал сондай балалар елден жылу жинап, сөмке алған қатарласын аяй ма? Осы мәселені қоғам болып көтеріп жатып, заңдық жауаптылығын түсіндіріп жатып, әйтеуір науқаншыл жұртты ақылға салғандай болып едік. Енді жәбір көрген балалардың суретін шығаратындар пайда болды. Оның жауаптылығы алдыңғыдан да ауыр. Ақпарат алаңындағы жарияланым жылдар бойы сақталады. Бүгін зорлық көрген баланың өмірін осы жазбалардың өзгертпесіне кім кепіл? Бұл құқықтық сауаттан гөрі, адамдардың құқықтық мәдениетінің кемдігін көрсететін жағдай. Біз өз қатарымызға қосылған жас журналистерге заңдардың қалай дайындалып, қалай қолданылатынын үйретпей тұрып, әр фактіге адами тұрғыдан қарауға, моральдық биіктен сараптама жасауға кеңес береміз.

Рас, университетті жаңа бітіріп келген жастардың бәрі құқықтық тақырыпты індетіп жазып кете алмайды. Бұл енді тәжірибемен қалыптасатын машық. Сондықтан, жастарды бір салаға бейімдеудің сапалы контент жасауда маңызы зор.

– Құқықтық тақырыптарды зерделеуде сала мамандарының көмегі қандай? Құзырлы органдар ақпарат беруде, пікір айтуда белсенді ме?

Түймегүл Ибашева:

– Салалық басылымдардың сапалы шығуы көбіне-көп құзырлы орын өкілдерінің ынта-жігеріне, журналистермен етене жұмыс істеуіне байланысты. Әділет, полиция, прокуратура, сот органдарының қай-қайсысына болмасын, халықтың құқықтық сауатын артыру міндеті жүктелген. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдары өз алаңын ұсынып, пікірін сұрап жатқанда құзырлы органдар көп жерде бұқпантайлап, үнсіз қалуды жөн көреді. Көпшілігі айтқан пікірін бұрмалап, сұхбатының жұлым-жұлымын шығаратын журналистерге өкпелеп жатады. Мұндай фактінің бар екені рас. Сайттардың тақырыбына қарасаң, сұхбат беруші айды аспанға шығарып, жер дүниені қопарып жатқан сияқты. Ал сұхбаттың өзін оқысаң, бәрі жып-жылмағайдай, бір қиыс сөзді таппайсың. Алайда, қазіргідей уақыт қат заманда ешкім сұхбатты соңына дейін көріп, ақ пен қараны ажыратып жатпайды ғой. Тіпті, бүгінде тақырыптағы оғаш ойды алдыға ұстап, өзі білмейтін тақырыпқа пікір таластыратындар көп. Осы тұрғыдан алғанда мамандардың бұрынғыдай ақ жарқын сұхбат жасауға қарсы болу себебін түсінгендей боласың.

Десек те, «Шегірткеден қорыққан егін екпес» демекші, құзырлы орган өкілдерінің сыннан қорқып ақпарат таратудан қашуын дұрыс дей алмаймыз. Олар халыққа қажет, халықтың сұранысына сай ақпаратты жақсы біледі. Былайынша айтқанда «Алтын сандықтың үстінде отыр». Сондықтан, ел игілігіне қажет мәліметтерді ортаға салып, бөлісуі маңызды.

 – Құқықтық саладағы ақпараттардың сауатты таралуына алдымен  құзырлы орын өкілдері мүдделі емес пе?

– Мамандардың білікті пікірін, салиқалы сұхбатын қоғам іздеп жүріп оқиды. Өйткені, осы салада жүргенімізбен, біздің өзіміз заңдарға, құқықтық тақырыптарға сала мамандары сияқты батыл пікір айтып, терең талдау жасай алмаймыз. Бұл жерде тәжірибенің маңызы айрықша. Көргені көп, тәжірибесі мол мамандардың айтқаны орнықты, ұсынысы сенімді шығады. Бірақ, құқық салада пікір айтуға ашық, өз пайымын жан-жақты жетізетін мамандардың да азайып бара жатқанын мойындауымыз керек. Мысалы, қазіргі сот саласын алайықшы. Бұрынғы судьялар батыл, журналистермен кез келген тақырыпқа пікір таластыруға қорықпайтын. Мақалдап, мәтелдеп сөйлегенді қаламгерлердің өзін жолда қалдыратын. Олардың берген сұхбатын қағазға түсірудің өзі оңай еді. Ал қазіргі басшылардың көбі тікелей сөз таластырудан қашады. Алда-жалда сұхбатқа келісе қалса, орысша мен қазақшаны қосып қойыртпақ жасап жібереді. Ойын шашыратып, не айтып, не қойғандарын білмейді. Содан кейін диктофонды қайта-қайта тыңдап, мынау не айтпақ болды екен деп сөзжұмбақ шешкендей қиналып отырғаның. Соған қарап салалық журналистикадағы кадр дайындау ісінде ғана емес, құзырлы орындарға мамандарды таңдауда да үлкен кемшілік бар деп ойлаймын.

 – Құқықтық басылымдарда қандай мәселелердің көтеріліп, қандай тақырыптардың жазылғанын қалайсыздар?

Сырым Жетенұлы:

– Құқықтық саланың батырлары туралы жазу керек. Соңғы кезде жағымды іс, жақсы бастамалар, үздік қызметкерлер туралы жазуға сараң болып барамыз. Ақпарат құралдары – қоғамның айнасы. Ал сол айнадан қазір тек қан-жоса өлім, қылмыс, жылаған ана, қор болған балаларды ғана көріп жүрміз. Бұлай кете берсе кемтар қоғам қалыптасады. Халық жақсылыққа сусап отыр. Сондықтан, ел еңсесін тіктейтін, халықтың ұлттық намысын жанитын мақалаларға көбірек ден қойылса деген тілегіміз бар. Сонымен бірге, құқықтық саланың майталман мамандарын журналистер дайындау ісіне тартудың маңызы зор.

– Құқықтық салада қаламы төселген, тәжірибесі қалыптасқан журналистерді университеттерге дәріс оқуға шақыра ма?

Айнұр Сембаева:

– Соңғы жылдары практик журналистерге сұраныс жоғары. Әсіресе, журналист дайындайтын оқу орындарының бәрі арнайы тақырыптар бойынша дәріс оқып беруді сұрап, жиі өтініш білдіріп жатады. Биылдың өзінде «Заң газетінің» тілшілері бірнеше оқу орындарына барып, тәжірибесімен бөлісіп қайтты. Шыны керек, құқықтық тақырыптарды жазсам деген ынталы жастар көп. Біз оларды редакцияға шақырып, тапсырмалар беріп, арыз-шағымдармен жұмыс істеуді үйретеміз. Бір арызды тексеріп, журналистік зерттеу жасаған тілші кемі үш-төрт заңды қарап, жергілікті биліктің көптеген қаулы-жарғыларымен танысады. Оларды салыстыра отырып, арызды қорытуға дағдыланады. Студент кезінде осылай ізденген, еңбектенген жастардан болашақта мықты маман шығары күмәнсіз.

– Алқаға келіп, ой-пікірлеріңізді білдіргендеріңізге рақмет!

Байланысты жаналықтар

«Еркін сөз» - журналистердің қаржылық сауатын көтеретін жоба

10.12.2023

Саланы жетік білмеген журналист жиі қателеседі

09.12.2023

Қарттар тақырыбы журналистер назарынан тыс қалған

01.12.2023

Салалық журналистиканың дамуына дәрігерлер де мүдделі

02.11.2023
MalimBlocks
«Еркін сөз» - журналистердің қаржылық сауатын көтеретін жоба

Журналистерді ынталандыратын, сауатын көтеретін, бәсекелестік қабілетін арттыратын жобаның қай-қайсысы болса да пайдалы. Соның ішінде  «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ бастамасымен қолға алынған «Еркін сөз» шығармашылық байқауының журналистер үшін орны бөлек.

Саланы жетік білмеген журналист жиі қателеседі

Сот жұмысы – қоғам үнемі назарында ұстайтын, қызығушылықпен бақылайтын маңызды сала. Халықтың пікір-ұсынысын ескере отырып ақпарат таратын журналистердің бұл салаға қалам тербемегені аз.

Қарттар тақырыбы журналистер назарынан тыс қалған

Алматы қаласы Жетісу ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жетекшісі Еңлік Алтынбековамен бүгінгі сұхбатымызда қарттар тақырыбын журналистер қалай жазып жүргенін талқыладық.

Салалық журналистиканың дамуына дәрігерлер де мүдделі

Денсаулық саласын жазуға машықтанған журналист аз. Мұның әсері әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде анық байқалды.