Этнограф: Наурыз жалпыхалықтық сипатқа ие болуға тиіс
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл басында «Егемен Қазақстан» басылымына арнайы сұхбат бергенде түркі баласының төл мейрамы – Наурызға айрықша екпін түсіріп, тоқталғаны белгілі. Мейрамды жаңғыру, жаңа кейіпке енудің нышанына балаған мемлекет басшысы оның мән-мазмұнын айшықтап, ескі сүрлеумен емес, жаңа сипатта атап өтуді ұсынған еді. Себебі, наурыз ұлтымызды етене қылуды көздейтін, елдіктің шаңырағын нықтайтын салтанатты, мәнді мереке. Ұлыстың ұлы күнінің босағамыздан енетін сәтіне санаулы күндер қалды. Осыған орайлас уақытта этнограф Ақеділ Тойшанның ұлық мейрам жөніндегі пікір-ұсынысын тыңдаған едік.
Мәдениеттанушының пікірінше, наурызға мемлекеттік деңгейде жалпыхалықтық сипат беру жұмыстарын көбейткен дұрыс. Нақтырақ айтар болсақ, алдымен мейрамды заман талабымен қабыстырсақ ұтамыз. Тойшанұлы бізге мынадай бірқатар ұсынысын жеткізді. «Айталық, мерекеде отандық өнімдер кеңінен дәріптелуге тиіс. Тауар өндірушілер, кәсіпкерлер ұлттық өнімдерді осы күні таныстырса тамаша болар еді. Халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында наурыздың нар палуанын күрестіріп, анықтаған жөн. Мысалы, желтоқсанда ұйымдастырылатын «қазақстан барысы» турнирін наурыз мейрамына сәйкестендірген абзал. Ақындар елге жыр арнап, наурыз айтыс жасауға әбден болады. Мәселен, оны еліміздегі мектептер арасында өткізу керек. Қорытынды шарада бас ақындар Астанада айтыссын. Ат жарысын өткізіп, садақ ату сайысын қолға алып, асық ойнап наурызды бір ай бойы тойлату ләзім. Тағы бір айтарым, үздіктерге мемлекеттік сыйлықтар берілсін. «Ұлы адамға сәлем берсең сол жылы жолы болады» деген сөз бар. Айталық, жасы үлкен, 100 жасқа келген адамдарға мемлекет басшылары сәлем беру керек. Үйіне бас сұғып, дәм тату да ғанибет іс. Ата салтымызды бұзбау керек. Айрықша мән берілсе наурыз жалпыхалықтық сипатқа ие болады. Бірліктің думаны, елдіктің тойы болады», - дейді.
Иә, сонда ғана түркі халықтарының басын қосатын ауқымды той кеңге ұласады. Этнограф ғалымнан сөз арасында «наурыздың нышаны не болуға тиіс?» деген сұрағымызды да қойып үлгердік. Зерттеуші наурыздың басты атрибуты ретінде нар қазанды ұсынды.
«Мейрамда ертеден бері бабаларымыз наурыз көже ішетін болған. Баяғыда сақ патшасы қарамағындағы тайпалар өзара соғысып қалған кезде оларды татуластыру үшін ерекше қадамға барған. Яғни, «әр тайпаның көсемі бір-бір тал жебе әкеп соны жерге тастасын» деген. Жебелер қосылып, үйілген кезде тау сияқты болыпты деседі. Ол оқтарды ұсталарға беріп балқытқан. Содан бірлігіміздің нышаны, қуат-күшіміздің құдыреті деп үлкен нар қазан жасаған. Қазанға ұлыстың ұлы күні толтырып наурыз көжені құятын болған. Ортақ қазанға қайнатқан. Бірлігіміздің рәмізі деп барлығы бір, ортақ қазаннан бата-тілегін арнап ас ішкен. Түркістандағы тайқазан соның жұрнағы. Сонымен қатар, қазақтың көш салтанатын ауқымды түрде көрсету керек. Ол кезде арбамен көш жүргізетін болған. Әз наурыздың тағы бір артықшылыығы – қайырымдылық жасауда. Бұл уақытта күн мен түннің теңелгені секілді, бай-бағылан мен қараша халық теңеседі. Сондықтан, бұқара бір-бірін қуантып, жоқ-жітікке қол ұшын созу керек»,-дейді ол.
Көктемнің көркем мейрамы наурыз – халықты ізгілікке, жақсылық атаулыға бастайтын қастерлі уақыт. Сондықтан, қоғам болып оның ауқымын, форматын дамыта түскен жөн.