Кері кету: Қазақтар неге салт-дәстүрге құмар?
Әлем алға кетіп барады, ал, қазақтар орта ғасырлардағы құндылықтарға жалтақтай береді. Мұндай ойды белгілі тарихшы, филосов Сейтқасым ӘУЕЛБЕКОВ Central Asia Monitor басылымына берген сұхбатында айтты. Malim.kz осы сұхбатта айтылған қазақ қоғамы үшін тосын ойларды өз оқырмандарына ұсынғанды (орыс тілінен аударып) жөн көрді.
Жеңіс Байқожа алған сұхбаттың негізгі тақырыбы – қазақ қоғамы неліктен архаизмдерді насихаттауға, өткенге тамсануға құмар; бұл қайдан келді және осы қалпымызбен қайда барамыз; бұдан шығудың қандай жолы бар деген мәселені сөз қылады.
Тарихшы ғалым, филосов Сейтқасым Әуелбеков.
Сейітқазы Әуелбеков архаизацияның жарқын мысалы ретінде «кейбір отандастарымыздың көп әйел алуды заңдастыруды қолдайтынын» айтады.
«Келмеске кетті деп жүрген дәстүрлер осы күні неге қайта тіріліп жатыр, соны түсіну керек. Бұл кері кетушіліктің түбі қайдан шықты?»
Тарихшы бұл сұрақтың жауабын ғылыми түсінікпен айта келіп, Абайдың екінші қара сөзімен («Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп») тұжырады.
«Абай мұнда үлкендердің айтуы бойынша қазақтардың «ең тәуір халық» екен деп ойлаған өзінің аңғалдығын айтып отыр. Өйткені, ол осы сөздерді естіп келген, ал басқалай ой айтатын өзге ешкім болмаған, «сарттардың» ортасын көрмеген, сондықтан, сол заманның қазақтары секілді «әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлген».
Филосов бұдан ары көп әйел алушылық жайлы ойлардың – өз ортасынан ұзап шыға алмаудан, бір сәт болса да «өзі туған ортадан» алыстап, сырттай қарай алмаудан туындайтынын айтады. «Аңғал сенімді ғылыммен шатастырмау» керек екенін айтқан тарихшы «дәстүрде философия болмайды» деп есептейді.
«Сіз кейде кітапханалардағы картотекаларды ақтарып тұратын адам болсаңыз, Философия интститутында философия докторы ғылыми атағын алу үшін қорғалған қазақтың жыршы-жырау, ақын-билерінің «философиялық идеялары» жайлы диссертацияларды ұшыратасыз. Бұл меніңше әлгі Абайдың қазақтар – ең тәуір халық екен деп жүрген аңғал көзқарасын еске түіреді. Халықтық дәстүрде ешқандай филососфиялық идея болмайтыны осы тақырыпты зерттеп жүрген кез келген маманға белгілі нәрсе. Сол үшін де ол «дәстүр» деп аталады».
Сұхбат беруші бұдан ары совет билігіне қарсы күрескен Алашордашылар да, сол билікті жақтаған большевик-қазақтар да қайраткер аталып жүргеніне тоқталады.
«Логикаға салса, бір уақытта екеуін бірдей ақтап алу мүмкін емес қой. Бұған берген тарихшылардың жауабына өзге тұрмақ, мектеп оқушысы да қанағаттанбайды. Тіпті, сол ғалымдардың өзі де қанағаттанады дей алмаймын. Олардың негізгі проблемасы олардың орыс тілінен басқа шет тілін білмейтіндігінде, сол себепті де нағыз зерттеушілердің еңбегімен таныспаған. Қызық үшін олардың қандай әдебиеттерге сілтеме жасайтынын қарап көріңізші».
Демек, ескілікке ұмтылу тек қоғамның бір бөлігін ғана емес, біздің қоғамды ғылымымен қосып түгел шарпыған. Сол себепті, мұндай ерекшеліктер болып тұрады дегенді айтады ғалым.
Әуелбековтың пікірінше, ескілікке ұмтылу, о баста, Тәуелсіздік алған жылдардан басталған. Совет одағының қыспағынан еркіндікке шыққанда бұрын айта алмай келген, тыйым салынған нәрселер айтыла бастады, ойлау жүйесінде еркіндік пайда болды. Бұрын да біз қазақпыз, түпкі тегіміз осындай болған деген мәселе айтылып жүрген, бірақ, соншалық ашық емес еді, енді әлгіндей еркіндік тиген соң бүкіл ел жаппай «өткенге орала» бастады.
«Есіңізде ме, бұрын қазақ әдебиетінің жағдайы қиындай қалса, бұған Мәскеу «кінәлі» болып көрінетін. Материалдық жағынан кедей тұрсақ, ол да Мәскеудің біздің ресурстарды «алып кетіп» жатқанынан деп есептейтінбіз. Мәселе бұл гипотезаның қаншалықты растығында емес, мәселе оның бізге қаншалықты психологиялық комфорт пен әлеуметтік қиял сыйлағанында. Кінәрат бізде емес, біз байланған жағдайда: бостандық берсінші болды, біз көкке самғап кетер едік дедік.
Самғай алмадық. Проблема саяси кіріптарлықта емес, сіз бен біз арқалап жүрген өзіміздің мәдениетте болып шықты. ...Әлгіндей кінәні «зұлым бастыққа» итере салатын тезистерді еркіндіктің не екенін білмейтін, оның жауапкершілігі үлкен болатынын сезінбейтін адамдар тудырады».
Ғалым мұндай ойлау жүйесінің қоғамдық, әлеуметтік, тіпті құқықтық жүйеге де әсер ететінін айтады. Мемлекет жемқорлықты жою үшін оны соттап, қорқыту арқылы істі шеше алмайды. Ол үшін адамдардың менталитеті өзгеру керек. Отбасының алдындағы жауапкершілікті мемлекеттің алдында да, қоғамның алдында да, қызметіңнің алдында да сезінуің керек.
«Мысал келтірейін. Мемлекеттің ақшасын жымқырғаны үшін қамалған шенеунік ол ақшаны қызының тойына жұмсау үшін алғанын айтып ақталды. Бұл анекдот емес. Бұл оқиғаны сіз де білетін болуыңыз керек. Егер, біздің қолымызға тағы да осыған ұқсас ұсталған адамдардың тергелген құжаттары түсетін болса, олардың да қызым үшін (баласы, бауыры, әпкеқарындасы, құдасы) деген «аргументті» пайдаланатынына сенімдімін. Яғни, философияда «табиғи» мораль деп аталатын құндылықпен ақталады. Өз төліне қамқор болатын, өз үйірі немесе тобын қорғайтын жануарларға тән моральмен.
Мәселе қазақтардың өз балаларын өзгелерден, айталық, немістер мен жапондардан артық жақсы көретіндігінде емес, мәселе құндылықтар қайшылығында – әкелік міндет пен мемлекеттік қызметкердің міндеті арасындағы моральдық қайшылықта. Дәстүрлі құндылықтары заманауи жалпы құндылықтардан жоғары тұратын қазақтың шиеленіскен қоғамында. Тура осы моральдық құндықлықтармен заңда қылмыс саналатын әрекеттерді ақтап аламыз».
Рас, «парамен ұсталыпты» десе, «е, біреуге жақпай қалған ғой» деп қоя салатын қоғамның «парақорлықты қылмыс есептемейтінімен» келіспеуге шара жоқ. Философ бұл жағдайды соттау, қамау арқылы жеңу мүмкін емес дейді. Бұл да бұрынғы ескілікке ұмтылудың бір жолы. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын ата-бабамыз қолданған – заңды қорқыту арқылы қорғау әрекеттерін еске түсіреді. Сондай-ақ, дамыған елдерде азаматтардың заңды жазадан қорыққаннан емес, оны сақтаудың қанына, ішкі меніне сіңіп кеткенін, моральдық түйсігіне орныққанын мысалға келтіреді. Жемқорлықты тек қоғамдық сананы, дүниетанымды өзгерту арқылы ғана ауыздықтауға болады. Ал, қазақтың туысқандық, ақсақалдық институт бойынша өмір сүру дәстүрі қазіргі заңға қарсы болуы мүмкін.
«Ал ғылыми-академиялық жүйе мен қазақтың ақындары мен жазушыларына қатысты айтсақ, олардың көпшілігі «дағдарыстың» себебін – ата-бабалар дәстүрінің бұзылуынан көреді, сондықтан сол «алтын дәуірдегі» заңдардың қайта орныққанын көксейді.
Егер құқықтық дәстүрлер жайлы айтсақ, олар екі киттің үстінде тұрды: озбырлық пен партикулярлы мораль. Озбырлық дейтініміз, тәртіп наразы адамдарға физикалық қысым жасау арқылы, күш көрсету арқылы сақталып отырды. Ал, мұндай күшке негізінен саны көп рулар ие болды. Қазақтың үш биі атанған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің саны көп, көп болған соң күші басым рулардан шыққанын айтсақ, бұл тезистің растығына көз жеткіземіз».
Қысқасы, тарихшы осы сияқты өзге де дәстүрлі заңдар мен тыйымдардың қазір асса бір-екі ауылдың айналасына ғана жүретінін айтады. Үлкен ортаға келгенде, мынадай жаһанданған дәуірде, өзін танымайтын ортада ұятқа шақыру, сыйлауды талап ету сияқты моральдық тыйымдармен ешкім өзін жеке тұлға ретінде қорғай алмайды. Оны қорғайтын – ол заманауи құндылықтарға негізделген заң ғана. Ал, дәстүрлі дүниетанымға оралсақ, өзінің шыққан ортасы мен әулетінен тыс ешқандай адам жеке тұлға ретінде өзін дәлелдей алмас еді.
Өзінің міндетін өткен дәуірде орындап болған, күні өткен дәстүрлерді жаңғырту туралы айтатындар – білімсіздер ғана емес, адамгершілікке қарсылар деп есептейді ғалым. Қазір әр адам жеке тұлға ретінде қалаған ісімен айналысып, өз пікірін айта алуы керек...