Қоғам белсендісі сәлем салу дәстүрін тоқтатуға шақырды

Келіннің сәлем салуы – мойынсұнудың белгісі, деп есептейді цифрлық контент авторы, ауыл шаруашылығының бұрынғы вице-министрі Марат Толыбай, деп хабарлайды Malim.kz.
«Кейбір қазақ отбасыларында әлі күнге дейін "сәлем салу" дәстүрі сақталған. Бұл – жас келіннің таңертең күйеуінің туыстарын терең иіліп сәлемдесу рәсімі. Ал туыстары жауап ретінде оған бата береді, яғни ұрпақты бол деген сияқты бақыт тілейді.
Басында бұл жақсы, ізгі дәстүр сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ көп адам бұл дәстүрдің түбінде әйелдерге қатысты кемсітушілік бар екенін ұға бермейді. Себебі, үйленген соң ер азамат келіннің ата-анасына күн сайын иіліп сәлем салмайды, ал келінге бірден көптеген талаптар қойылады: орамал тағу, барлық туысқа иілу, үлкендердің сөзіне араласпау, момын болу керек», – деп жазды Марат Толыбай өзінің Facebook парақшасында.
Оның ойынша, бұл біржақты иілу ым-ишарасы – мойынсұнудың символы. Яғни, келінге: «сен бұл үйде тең емессің, толыққанды отбасы мүшесі емессің, бізге бағынуың керек» деген ишара беріп тұрғандай.
«Мүмкін, бұл дәстүр ежелде пайда болғанда, келіннің мұндай жағдайы ақталған болар. Қазақтар алыс көшіп-қонып жүретін. Келін күйеуінің отбасына келіп, оны оңай тастап кете алмайтын. Ол жаңа туыстарының иелігінде болып, толығымен оларға тәуелді еді. Бірақ қазіргі заманда, инфрақұрылым дамыған кезде, адамдар еркін жүріп-тұра алатын, ең бастысы, біз өркениетті болуға ұмтылатын қоғамда өмір сүріп жатқанда, ер мен әйел теңдігін жариялай отырып, әйел теңсіздігін көрсететін, оның отбасындағы және қоғамдағы рөлін төмендететін кез келген дәстүр бізді орта ғасырларға қайта сүйрейді. Осындай дүниелерден кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасылық тирандық пайда болады. Осындай құбылыстармен күресуіміз керек», – деп түйіндеді ол.
Желі қолданушылары да бұл мәселеге қатысты реакция білдірді.
«Онда әйел босанып, еркек босанбайтыны да кемсітушілік болды ғой? Бұған да қарсы күресу керек шығар?» – деп жазды бір қолданушы.
«Ханшайым Диана әр патшаға иілген сайын тәжінен айырылып жатқан жоқ қой. Бұл – құрметтің белгісі! Бар нәрседен проблема жасаудың қажеті жоқ. Осылайша, салт-дәстүрден айырылып, өзіміз кім екенімізді ұмытып барамыз! Феминизмнің де шегі болу керек», – деп жауап берді пікірталасқа қатысқан тағы бір әйел.
Автордың айтқанымен толық келісемін. Көненің қалдығын өткенмен бірге қалдыру керек. Егер күйеуінің отбасы мәдениетті, білімді, интеллигентті адамдар болса, олар келін сәлем салмаса да бата береді, жас отбасыға тек жақсылық тілейді. Ал келін сәлем салса ғана бата беретін адамдармен бәрі түсінікті. Яғни бұл айырбас секілді: егер иілсең – жақсы тілегімді берем, иілмесең – өкпелеме, "қымбаттым"! – деп қосты тағы бір қолданушы.
«Онда ана тілің неге керек? Тілді де алып тастау керек шығар, өйткені тіл – халықтың, оның САЛТ-ДӘСТҮРІ мен әдет-ғұрпының айнасы! Біздің ұлы қазақ зиялылары тіл мен дәстүр туралы не деді, есіңе түсірші? Мен өз тойымда күйеуімнің барлық туысына сәлем салдым, бірақ өзімді "қорланған немесе кемсітілген" сезінген жоқпын. Керісінше, мен түскен елдің батасын алдым», – деп жауап қатты тағы бір пікір білдіруші.
Бұған дейін Марат Толыбай кәмелет жасына толған соң ер адамдарды сүндетке отырғызу керек деген ұсыныс білдірген болатын.
Фото: mazhab.kz

Ең көп оқылған
