Назарбаев дәуірінің бұлбұлдары һәм бүгінгі зиялы қауым

Қоғамда жағымпаздыққа қатысты өте үлкен аллергия бар

Malim Админ

  • 23.06.2022

Экс-президент Назарбаев дәуірінде жағымпаздық, жарамсақтық дерті белең алды.  Бұл әлі де жалғасып келеді. Олар Назарбаевты уақыттан асып туған даналығы, көрегендігі үшін мақтаған жоқ. Билікке жақсы көрініп, бас пайдасын күйттеуді ғана ойлады.  Бұл зиялы қауым арасында көп байқалды. Мұндай әдет Тоқаев кезеңінде де алдыңғы орынға шығып отыр. Бұрын Назарбаевты мақтағандар қазір Тоқаев туралы да жоғарғы лепесті сөздерін аяп жатқан жоқ.

Тұңғыш Президент туралы жақсы сөзін аямаған жазушының бірі – Смағұл Елубай. Ол Назарбаев билік бишігін ысқыртып тұрғанда «Нұраға, ұлт тарихында ұлы аға» деп жер-көкке сыйғызбай мақтайтын. Президенттің зиялы қауыммен кездесулерінде де С.Елубай міндетті түрде жүретініне куәміз. Қос президенттің де қабылдауында болғаны мәлім.  

«Біз бүгін тағы да еңсесі биік, төрі кең қазақ шаңырағының астында отырмыз. Осы ордадан тәуелсіздік жылдары заманауи саясат көгіне бір жұлдыз көтерілді. Ол - Назарбаев жұлдызы еді. Ол жұлдыз күндіз-түні өз елін шырқау биікке шақырумен болды. Сол ұрандардан күндердің күнінде жанартаудай атқылап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассионар тұлға - Н.Назарбаев еді. Бұл дүмпу тау қопарып, тас жарды. Жас әрі жаңа Қазақстан өмірге келді», дегені ел есінде. 

Назарбаевтың саясат сахнасынан  түскені сол еді, Смағұл Елубай бірден сөзін де, өңін де өзгертті. 

«Назарбаевтың үлкен қателігі - жағдайы жоқ, кедей-кембағалы адамдардың саны көбейіп кетуі дер едім. Үлкен проблема осы. Осындайда адамдар кез келген басшыны жерден алып жерге салуға дайын. Өйткені олар ашынған адамдар. Жұмысы жоқ, үйі жоқ жастар толып жүр. Олар ешқайда кеткен жоқ. Олардан жақсы сөз естиміз деп дәмеленбеу керек. Жағдайын жасағаннан кейін барып қана олар мақтай бастайды. Онда болмаса бірінші басшыны қарғайды», - деп шыға келді.

Ол енді Тоқаевты мақтауға кірісті. Қаңтар оқиғасында президенттің сырттан болған қысым-қыспаққа илікпей, елде қалғаны туралы жақында сұхбат берді.

«Бүкіл өзін сайлаған Қазақстан халқының ту сыртынан пышақ ұрған болар еді. Сондықтан ол кісі не де болса ерлік жасады. Қорықпады. Осыдан соң ҰҚШҰ әскерлерін шақырды. Егер ол халқын тастап, ұшаққа отырып кеткенде үш күннің ішінде Қазақстан бөлшектеніп кеткен болар еді. Бірден сепаратизм бас көтеріп, елімізде азаматтық соғыс басталып кетер еді. Қаңтар оқиғасы дегеніміз оның қасында ойыншық болып қалар еді”, – деп мемлекет басшысының ерлігін сөз етті.

 Өзі айтпақшы, пассионарлық рухты алып келген Назарбаевты тәрк етіп, «мен кез келген адамның президент болғанын қаламаймын. Президент ерлік жасады», деп сыпыра мақтап ала жөнеліпті. Осы сөзді айтуға С.Елубай қарыздар шығар. Ол Тоқаевпен кездесуінде «Ақ боз үй» романын кинофильм етіп түсіру жайын айтып, бұл өтініші президент тарапынан қолдау тапқан болатын.  

«Тек Елбасы туралы жазған­дарымның басын қосса да кемінде екі том құралып қалар» деп жүрген Сауытбек Абдрахманов та қазір басқаша сөйлейді. «Семсерден соқа соқтырған»,  «нар тұлға», «Отаншыл жүрек иесі», «Ойшылдық олжасы» деп Назарбаевқа арнаған маржан теңеулерін жүз рет естіген шығармыз. Абдрахманов Назарбаев билікке келген кезді былайша толғағаны жадымызда. 

«Тарих дамудың сан қилы белестерінде қоғам мемлекет көшбасшысының белгілі бір түрін қатты керек ететінін көрсетеді. Қазақстанға да бәрінен қоғам мүддесін биік қоятын, ортақ іске шындап жан ауыртатын, жұртты еліктіріп, соңынан ерте алатын жаңа буын басшысы ауадай қажет еді. Әйтсе де, мұның бәрі оп-оңай болмайтын. Зияткерлік әлеуетімен, қуатты көшбасшылық қасиет­терімен қабысқан өмірлік және кәсіби тәжірибесі жаңа уақыттың рухына барынша толық сәйкес келетін кандидат тап Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты».  

Қаламы жүйткіп тұрған журналист Тоқаевтың билікке келген сәтін де дәл осындай тебіреніспен өрнектейді. 

«Біз қазір елімізде басталған оң өзгерістердің баянды боларына сенуіміз керек. Тоқаевтың төңірегіне топтасып, халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру жөніндегі талабын қолдап, елдегі жасалып жатқан жаңалықтардың жақсылыққа жеткізеріне сену дәл қазір өте маңызды. Тастүйін жұмылатын, тәртіпке бағынатын, сақтанатын, қатты сақтанатын кез бұл. Тоқаев та Құдай  сақтанғанды сақтайтынын еске салып отыр. Қазақы кеңбалақ қалпымызды қоя тұратын, жайбарақаттықты жоя тұратын, ширығатын, шымырығатын шақ шындап туды». 

Әр басшының қасына қосшы бола қалатын ақынның бірі Несіпбек Айтұлы. Президенттердің Жолдаулары жариялана сала ылдым-жылдым қолдай кететін, тіпті Жолдаумен аттас өлең де шығарып жіберетін ерекше қабілеті бар. Бір қызығы жолдау туралы пікірлері де бір-біріне ұқсас болып келеді. Шын көңілден шыққан лебіздер бұлай болмасқа керек еді? 2018 жылы Н.Айтұлы Назарбаевтың жолдауына қатысты мынадай пікір білдіріпті.  

«Елбасымыздың жаңа Жолдауы – еліміздің елдігін, әл-ауқатымыздың артқанын көрсетеді. Соның ішінде халықтың табысын өсіріп, тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән берілгені көңіл қуантады. Әсіресе, ең төменгі жалақы көлемін өсіру, баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау ісін жетілдіру сияқты өзекті мәселелердің оңтайлы шешімдері қарастырылған. Мұның барлығы болашағымыздың жарқын келбетін айқындайтын қадамдар. Сондықтан еліміздің зиялы қауым өкілдері де Елбасы Жолдауын қолдап, оны жүзеге асыру үшін өз үлестерін қосуға дайын».      

2020 жылы Тоқаевтың жолдауында да Айтов сол таптаурын тіркестерінен арыға бара қоймады. 

«Бүгінгі Жолдауда халқымыз алаңдап отырған жағдайларға жан-жақтылы жауап берілді. Халықтың тұрмысын жақсартудың, қиындықты жеңудің тәсілдерін көрсетіп, Үкіметке, министрлерге нақты нұсқаулар берді. Ел болашағын айқындайтын бұл Жолдауға халық көп үміт артып отыр. Алдағы уақытта Жолдауда айтылған нақты тапсырмаларды орындап, халық күткен деңгейден көріну – билік тізгінін ұстап отырған азаматтардың тікелей міндеті». 

Экс-депутат, жазушы Жабал Ерғалиев Назарбаев дәуірінде өсіп-жетілді. Мақалаларының дені тұңғыш президентті мақтау-мадақтаудан тұратын. Егемендікті ұстап тұруда Елбасының рөлі зор екенін де жиі қайталап айтатын.

Ол мына бір пікірінде «Елдің тыныш­тығы – тәуелсіздігіміздің тұрақ­тылы­ғының кепілі. Ел тыныштығы ең әуелі біздің өзіміздің алаңдамай өмір сүріп, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыру арқылы мына дүбірлі дүние дүрмегінің шаңын қауып қалмас үшін керек. Ел болып қалу үшін, егемендікті ұстап тұру үшін керек! Бізге керегі де сол – ел мен егемендік! Қалғанының бәрі де өткінші! Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді!» 

Биылғы Қаңтар оқиғасы туралы Ерғалиев те елмен бірге күңіреніп Тәуелсіздік туын жықпай ұстап қалған Тоқаевтың ерлігін еске алыпты.

«Қазақта  «елің тыныш болса сен де тыныш боларсың» деген сөз бар. Сол рас екен! Жаңа жылдық мерекелі күндеріміз алаң көңілмен өтті. Әйтеуір, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл әрі дұрыс шешімді жедел қабылдай білуінің арқасында Тәуелсіздік туы жығылмай қалды. Аса қауіпті жағдайлар болып жатты» дейді ол.

Экс-депутат, ғалым Әділ Ахметов те әр сөзін Назарбаевсыз бастамайтын. «Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау керектігін дамылсыз айтып келеді» деп жүрген ол ақыры «Тоқаев егемендігімізді көздің қарашығындай сақтауға қауқарлы тұлға» деген пікірге тоқтады. Бұрын экс-президентке ода жазған Дүкен Мәсімхан, Ауыт Мұқибек, Маралтай Райымбек сынды ақындар да жаңа биліктің тілеуқорына айналып шыға келді. 

Тұңғыш президенттің бастамаларын қуаттап жүретін ақын Бақытжан Тобаяқовтың да өнері биыл бірден айпара болды. Тоқаевқа хат жазып Назарбаев және оның айналасындағылар ұрлаған қаржы елге қайтарылсын деп батырлығын көрсетіп бақты.  

Бұл құбыла қалған зиялы қауымның бір парасы ғана. Бұл тенденция жақын арада тоқтай қоймайтыны анық, демек, «спектакль» енді басталды деуге болады.

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев қоғамдық пікір тұрғысынан қарастырғанда бұл жағымсыз әдет соңғы отыз жылдағы Назарбаев дәуірінің нәтижесі дейді.  Оның пікірінше, «қоғамда жағымпаздыққа қатысты өте үлкен аллергия бар. Былтыр жасаған  «30 жыл ішіндегі Тәуелсіздікті Қазақстан азаматтары қалай қабылдады?» деген зерттеуімізде осыны анық байқадық. Қоғамда бірінші президенттің атын кез келген жерге бере беру, ол кісіні ұлықтау, содан келіп сакральды тұлғаға айналдыру қоғам тарапынан ерекше негативке алып келген еді. Қоғамда сондай призма қалыптасып қалды. Қазіргі жағымпаздықтың белгілері бұған дейін ел билеген президентке қатысты жағымпаздықтың сүзгісінен өткізеді. Егер қазіргі жүйемен де сондай сәйкестік болса негативтің өршуіне алып келеді. Бұл да психологиялық травма сияқты. Азаматтар травма алады да кейін соның тригерлері пайда болады. Сол сияқты қоғамдық кеңістікте де бұл нәрсе қайталанатын секілді. Бұл құбылысты сипаттауға психологияның тілі көбірек келетін сынды. 

Жағымпаздықтың жайлап бара жатқанын психолог Балабек Кеніштай жоқшылықтың, таршылықтың зардабын тарту мәселесі, сондай-ақ, ала берсем артықтық етпейді дейтін алармандықтың асқынған түрі деп біледі.

 «Психологиялық зерттеулерде ішкі сүзгісі осал адамдар принципінен айнығыш, жалтақ болып келеді. Мұндай типке жататындар ішіндегі бостықты жағымсынумен толтырады. Бір қызығы өздері оны осалдық емес, қалыпты әдет санайды. Ондай жандар қоғамға өте қауіпті. Атап өтерлігі егер танымал адамдардың арасында жағымпаздық дағдысы терең тамыр жайса жастар да бұл үрдістен алшақ кетпейді».

Ал әлеуметтанушы Айдар Хамит бұл үрдіс нарықтық жүйеге көшкеннен кейінгі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақсыздығының кесірінен деп бағалайды. Оның пайымынша жарамсақтану, жағымпаздану әрекеттері шексіз сипаттағы авторитарлық басқару кезеңінде қатты өрістейді. 

Тоқаев та өзінің позициясын білдірді.

«Жағымпаздарға қатысты айтар болсақ, мен оған қарсымын. Мен мүлдем басқа ортада тәрбиелендім. Мақтау, мадақтау деген атымен болған жоқ. Ондайды қолпаштау туралы әңгіме айтудың өзі артық шығар.. Олай ешқашан да болған емес. Дегенмен біздің зиялы қауымды өзгерту қиын. Олар - басқа жағдайда тәрбие алған жандар».

 Айтса айтқандай, өзгерту шынымен де қиынға түсетін секілді.  Көпірте мақтауды кәсіп етіп алғандар бір пікірін бірнеше мәрте қайталып, «шығармашылық тұрғыда» тоқырауға ұшырай бастады. Тоқырау соңы тоқтам болмас па еді? Әй, бірақ біздің бишікештерге дауа жоқ сияқты.   

Айбын  Атабай
 

 

     


 

 

Байланысты жаналықтар

Назарбаевтың сенімді жақтастарының бірі Әбіқаев қызметінен кетті

29.10.2024

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

06.10.2024

Танымал актер Тоқаев, Назарбаев және Путиннен кешірім сұрады

18.07.2024

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

20.03.2024

Қаңтар оқиғасы: ҰҚК экс-қызметкері Самат Әбіштен бұйрық алған

18.09.2023

Назарбаевты мақтағандар енді Тоқаевты мадақтауда

20.07.2023
MalimBlocks
Назарбаевтың сенімді жақтастарының бірі Әбіқаев қызметінен кетті

Ол Қазақстан Волейбол федерациясының басшысы болған

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

Ол «Астана Опера» театрының ғимаратында таңдау жасады

Танымал актер Тоқаев, Назарбаев және Путиннен кешірім сұрады

Шоумен президенттерді сынағаны үшін айыптымын деп отыр.

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

Бұл туралы Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қаңтар оқиғасы: ҰҚК экс-қызметкері Самат Әбіштен бұйрық алған

Жауаптардың құпия болуы Самат Әбішті жасырып қалу үшін жасалған

Назарбаевты мақтағандар енді Тоқаевты мадақтауда

Шығыс Қазақстан облысы Тоқаевты мадақтайтын бейнероликке 5,2 миллион теңге жұмсаған.