Қуыршақ театрының әртісі: Еңірегенде етегім жасқа толады

1978 жылы салынған көп қабатты үйдің бірінші қабатында отырмыз

Олжас Қасым

  • 10.11.2023

Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда дәстүрлі түрде қуыршақтар театрларының халықаралық   фестивальдері өткізіліп тұрады. Мақсат белгілі, озық елдердің тәжірибесін бөлісу, өзара байланыс орнату.   Елімізде жалпы саны  7 қуыршақ театры бар екен. Олар Елорда, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Ақтау, Шымкент қалаларында орналасқан.  Басқа елдердің бір қаласының өзінде 100-ге тарта өнер ордасы бар екен. Алайда, цифрды айтып марқайғанымызбен, аталмыш театрлардың кадрлық жағдайы, материалдық базасы сын көтермейтінін білеміз. Осы ретте malim.kz тілшісі елордалық қуыршақ театрының негізін салушы,  актер, Мәдениет қайраткері Досымхан Бейсенбаевпен тілдесіп, өнер ошағының қазіргі хал-ахуалы жайында біліп көрді.  


- Досымхан Бейсенбайұлы, жалпы қуыршақ театрының қазіргі тыныс тіршілігі қалай, көрермендерді қандай қойылымдармен қуантып жатырсыздар?

- Елордалық қуыршақ театры жас көрерменмен қашан да бірге. Өнер ордасы құрылғалы бері    маусым ашып, оны жауып көрген жоқпыз. Себебі, балалар жаздыкүні демалысқа шыққан кезде  міндетті түрде біздің театрға келеді. Жыл соңын да қуыршақтармен бірге түйіндейді. Сондықтан, біз өскелең өрендер үшін тыным таппаймыз. Қазір «Сиқырлы сағат» деген  жаңа жылға арналған қойылымға дайындалып жатырмыз. 17 желтоқсанда жаңа спектакль балалар назарына ұсынылады. Биыл мамыр айында «Әжемнің ертегісі» деген қойылымды бүлдіршіндерге тарту еттік. Өрендер жылы қабылдады.  Қазір репертуарымызда жалпы саны 30-ға жуық спектакль бар. Туындылар саны біртіндеп толығып келеді.    

- Биыл Астана қалалық әкімдік пен мәдениет басқармасының қолдауымен ІІІ халықаралық «Құралай» қуыршақ театрларының фестивалі өтті. Ауқымды шараны өзіміз де барып, тамашаладық. Әлемнің үздік театрлары жиналған айтулы фестивальден не түйдіңіз?

- ІІІ халықаралық театрлар фестивалін өткіздік. Қазақ қуыршақ театр өнерінің қайраткері, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Құралай Ешмұратова атындағы дода дәстүрлі түрде  ұйымдастырылып келеді. 2015, 2018 және биыл пандемиядан кейін қайта жалғасты. Қытай,Перу, Эстония, Өзбекстан, Сербия және Ресейден қонақтарымыз келді.Сондай-ақ, өзіміздің қазақстандық қуыршақ театрлары да қатысты. Жалпы, фестивальді не мақсатта өткіземіз? Тәжірбие алмасу барысында «кім қай деңгейде,  заман талабына сай қалай жұмыс жасап жатыр? Қай мемлекеттің қуыршақ театры мықты? Несімен озық, кімнен қалыс қалдық?» деген сұрақтарға жауап іздейміз. Фестивальге келер болсақ, көрші елден – Өзбекстанұлттық қуыршақ театрының қойылымы ұнады.  Муниса және Шахзода деген актрисалар   шеберлік сыныбын  өткізді. Осы салада тәжірибесі бай, бұрынан келе жатқан әртістер екені көрініп тұр. Олардың көрсеткен мастер кластары өнерге жаңадан қадам басқан әртістерге қызық болуы мүмкін. Біз, Құралай Халекетқызы екеуміз студенттерге дәл осылай қолдан қуыршақ жасау технологиясынан сабақ бердік. Бұл театрдың қойылымы  сол деңгейде болды дей аламын. Бәрімізді тамсандырған, сүйсіндірген ең үздік қойылым 4 мың жылдық тарихы бар Қытай қуыршақ театры болды.  Орта Азия елдерінің ішінде  Қытайда, Жапонияда «марионетка» дейміз ғой, жіпті қуыршақ, сол өте жақсы дамыған. «Дәстүрлі Қытай қуыршақ театры» өзгеше мәнермен, терең тарихымен, бай тәжірибесімен назар аудартты. Көрермендерімізді тіпті кәсіби актерлерді жіпті қуыршақпен өздеріне жіпсіз байлады. Бір қуыршақтың өзінде 30-40-қа жуық жіп болды. Қытай десе  сол өздерінің қызыл айдаһары елестейді ғой. Екі актер, бірі айдаһардың кеуде тұсынан, енді бірі артқы бөлігінен демеп жүргізді, жүгіртті. Ірі қуыршақтың  астында және адам бар. Ең бір ұнағаны, 30-40 шақты жіпті жылдам қозғалта отырып, кейіпкерге жан бітіреді. 

            Қытай қуыршақ театрының қойылымынан көрініс  

  Шеберлігімен баршаны тәнті етті. Осы  фестивальде сербиялық, ресейлік Амела Вученович  әріптесіміздің режиссерлік етуімен екі актриса «Қызыл телпек» ертегісін көпшілікке ұсынды.Бұл әлемге әйгілі шығарма екені белгілі. Оны қоймаған  театр жоқ. Біз сахналағанда әдеттегідей  қасқыр келіп әжені жеп қояды, оны  аңшы құтқарып қалады, қария немересімен табысады. Ал олар болса,керісінше әжені басты кейіпкер қылып көрсетеді. Сол арқылы  көрерменге қойылым алдында  керемет ой салады.Айтайын дегенім, екі актрисаның партнерлік сезінуі.Студенттерге сабақ бергенде айтатынбыз, ең бірінші керегі -«чувство лок» яғни, актерлердің қол арқылы  бір-бірін  сезіне, ұғына білуі. Қасқырды, Қызыл телпекті, қыздың анасын,  және әжені - төрт кейіпкерді екі-ақ актриса  ойнап шықты. Енді шеберлігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Екеуі де жасы  60-тан асқан апалар.  Бірақ, ойнау шеберлігі, қуыршақтарды  жүргізуі, кейіптеуі таңдай қақтырады. Олардың дауысын салу қандай мықтылықты қажет ететінін білесіз.  Қасқыр болу бір бөлек, әжесі болу  бір бөлек, анасын сомдау бір басқа, кішкентай қыздың рөлін ойнау дегеніңізнағыз дарынның ғана қолынан келеді. Бізге ерекше  ұнаған қойылымдардың бірі осы болды.

             Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінен бір үзік 

- Өзіңіз айтып отырғандай, әр спектакль ұлттың болмысынан, дәстүрінен тамыр тартып жатады. Дегенмен де, Шыңжан қаласының қуыршақ театры өзгелерден оқ бойы озық шығып,  бәрімізді таңқалдырды. Өйткені, олар жіпті қуыршақтармен шебер ойнайды. Осы секілді қуыршақтарды біздің театрлардан қашан көреміз, яғни, қазақ қуыршақ театрынан?

- Оны көруге болады, егерде соны жасайтын шебер болса!

- Біздің актерлердің қарым-қабілеті жетеді ғой?

- Актерлердің қабілеті жеткілікті. Қазақ айтады ғой: «көш жүре түзеледі» деп. Бізде ең басты мәселелердің бірі, біріншіден, елімізде қуыршақ театрының суретшісі, қуыршақ эскизін сызатын маман жоқтың қасы.  Екіншіден, оны жасайтын шебер табылмай отыр. Талпыныс жасап жүрген қылқалам шеберлерінеризамыз. Бірақ, жалпы, Қазақстан бойынша қуыршақ жасайтын мастерлер қалыптаспады. Ең басты мәселе – осы. Ал суретшілер жайлы айтатын болсақ, Майра Асанованы атар едім. Осыдан қырық жыл бұрын Шымкент қуыршақ театрын ашқан адам. Сол өнер ошағының бас суретшісі болған, сол кісі ғана кәсіби суретші. Қазір зейнеткерлікке шыққаннан кейін жеке жұмыстарымен айналысып жүр. Сосын қуыршақ театрының тағы бір суретші маманы –  «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина. Ол театрын өзінің іскерлігімен, шеберлігімен, қуыршаққа жаны ашығандығымен, дөңгелетіп отыр. Бұл қатарда Лидия Седеринко, Олег Мирталиев деген қуыршақ театрының суретшілері бар. Олегбұрын Алматы қуыршақ театрында қызмет істеді. Қазір жеке шығармашылықпен айналысады. Марқұм Евгений Иванович, «Дядя Женя»ол да өз саласының майталманы еді. Қайтыс болып кетті. Елімізден шеберлер шыққан жағдайда Қытайдың дәстүрлі айдаһарын жүргізгендей, жіпті  қуыршақты сахнадан көруімізге болады.  Оған әлі ерте болып тұр. Университтерде ондай жіпті қуыршақтарды жасап,  басқаратын, дайынтайтын маман жоқ.

- Бірінші шеберлер шығуы тиіс дейсіз ғой... 

- Бәрі шеберлерге қатысты.  Мысалы, біздің театрда, суретшілер жоқ емес, бар. Бірақ, олар драма театрынан келген. Біз өзіміз ұсынамыз: «мына қуыршақтың ауызы қисық болды, енді бірінің көзі келмей тұр, қолы қысқа, бірінің бір аяғы екінші аяғынан келте болып қалды, денесінің икемі келмей тұр» деп айтып, нұсқап отырып, театрдағы шеберлерге жасатамыз. Атап айтқанда, Қытай қуыршақ театрының үлгісін әзірге Қазақстаннан көре алмаймыз. Өйткені, алдымен шеберлер пайда болуға тиіс.

        Астанада өткен III халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі 

- Бұл түйткіл жайында  айтып та, жазып та жүрсіз.  Әзірге қолға алынып жатқан нышан байқалмайды...

- Бұл – ұлттық деңгейдегі ең үлкен мәселенің бірі. Шыңдап келгенде қуыршақ театрында әртістің өзі қат. Мен «драма театр актері» мамандығын бітірген актерлерге топырақ шашпаймын. Бірақ, жыл сайын  қаншамасы бітіреді. Ал, қуыршақ театры актерлері төрт жылда бір рет қолына дипломын алады. Жылда алса да, көптік етпейді ғой. Өйткені, бізде бар-жоғы 7 қуыршақ театры бар. Соның ішінде, екі қуыршақ театры драма театрының қабырғасын сағалап отыр.   Мысалы, Ресейдің жалғыз ғана Санкт-Петербургінде  100-ден астам осындай өнер ошағы бар. Қуыршақ театры неге керек? Өйткені, біз   болашақ мәдениетті көрерменді  дайындаймыз. Бүгін қуыршақ театрына барған бала, ертең үлкен театрларда өзін ұстау әдебін үйренеді. Өмірдің ақ-қарасын ажырата алатын деңгейге жетеді. Кейде менің қарным ашады, айталық біздің орыс тіліндегі қойылымдарда адам топырлап отырады, аншлаг болады.  Ал  қазақша қойылымдарға кейбір кезде көрерменнің 70-80%-ы ғана келеді.   

- Демек талғам қалыптастыру осы аядай ғана өнер ошағынан басталатынын түсінбейтіндер көп қой. Бұл жағдайды оңалту үшін қайтпек керек? 

- Талғам қалыптастыра алмай жатырмыз. Бізде қойылымдар уақытылы жүреді.  Мұнда келген бала жақсы мен жаманды, қайырымдық пен мейірімділіктің не екенін үйренеді. Мысалы, өзіңіз ойлаңызшы, 15-20 мың теңге жұмсап  ұл-қызыңызды жексенбіде ойын-сауық орталығына апардыңыз, мейрамханада тамақтандыңыз.  Ол да, дұрыс шығар. Дегенмен, бір сенбі, жексенбі күні баланы театрға әкелген дұрыс. Сол кезде бүлдіршіннің ой-өрісі дамиды. Бала қауіпсіздігіне арналған спектакльдеріміз бар.  Үйде ешкім жоқта  бөгде адамға  есік ашпауға үндейтін шығармаларды сахналап жүрміз. Бұл өте керек нәрсе. Ал ойын алаңына барып, ойнады, күлді.  Мұның соңында көңілге түйетін, азық алатын  ештеңе жоқ. 

- Елордалық өнер шаңырағында біраз жылдан бері еңбек етіп келесіз. Анықтап, бажайлап қарайтын адам болмаса елордалық қуыршақ театрын білетін, тауып баратын көрермен сирек. Осы жағына неге көңіл бөлінбей келеді? 

- Қанша айтқанмен, қолдан келер қайран жоқ болып тұр.  Астана -Қазақстанның маңызды мәдени орталығы. Ғимаратымыз жоқ емес, бар. Бірақ,  ескі, 1978 жылы салынған көп қабатты үйдің бірінші қабатында отырмыз. Құрқылтайдың ұясындай ғана жерде тырбанып еңбек етіп жатырмыз. Балалар ұлттың болашағы дейміз,  бірақ тиісті деңгейде жағдай жасалмай отырғаны қынжылтады.  Сосын тағы бір, қарным ашатыны, еңбек бағаланбайды емес, бағаланады.  Мәселе кеудеге таққан темірде емес.  Кім көрінген алып жатқан, біздің театр  актерлеріне мемлекеттік наградалардың берілмейтіні...  

- Білуімізше театрларыңызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алған актер жоқ...

- Тәуелсіздік алғалы 33 жыл болды. 33 жылдың ішінде тек екі әртіс ғана Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі деген екі-ақ, атақ берілген. Оның бірі -қазақ қуыршақ өнерінің ардагері, профессор Құралай Ешмұратова, 1994 жылы алған, 1996 жылы Алматы қуыршақ театрының актрисасы, Людмила Пичорина иеленген.

- Театр қызметкерлерінің айлығы шайлығынан аспайтыны белгілі. Елімізде музей, кітапхана мамандарының еңбекақысы өсіп жатыр. Қуыршақ театрының қызметкерлерінің жалақы жағдайы, материалдық әлеуеті қалай?

- Құралай Халекетқызы  екеуміз 2008 жылдан бастап Қазақ ұлттық өнер университетінде мұғалім болдық. Оқуды бітіріп келген әріптестеріміз басында «осынша айлыққа жұмыс істейміз бе?», - деп таңқалған болатын. Сол шәкірттеріміз - қазіргі әріптестеріміз.  Қазір әкімшілікке ауысқалы шет жағасын білемін, осы қараша айында қалалық әкімдіктің шешімі бойынша еңбекақымыз 15 % пайызға көбейді.  Оның өзі түк емес. Кеңес үкіметі кезінде қуыршақ театрының әртісі, 25 жыл еңбек өтілі болса, зейнеткерлікке шығатын. Себебі, ол кезде, айлығынан бөлек, 30 % пайыз денсаулыққа байланысты өтемақы төленетін. Өзіңіз ойлаңызшы, қуыршақтың трості, жіпті, планшетті, адам бойымен бірдей түрлері бар. Трості қуыршақ 1,5-2 келіден басталып, 7-8 килограмға дейін барады.  Бір спектакль 45 минут бойы жүреді. Актер сол уақытта  оны   сахнаның артында   қолымен көтеріп тұрады. Көтеріп қана тұрмай,  жүрісін, жүру пластикасын меңгеру, үнін сала білуіңіз керек. Ол жіңішке дауысты ма, жуан дауысты ма, жағы қалай  ашылады? Білекпен бірге желкеге, бұлшықетке,  тамаққа   күш түседі.  Қойылым аяқталғанан кейін 20-30 минут үзіліс, сосын жұмыс қайта басталады. Кеңестік кезеңді көксеп отыр деп ойлап қалмаңыз. Бірақ, ақиқаты сол,   ол уақыта мұның бәрі  денсаулыққа зиян екенін  ескеріп айлықтан бөлек 30 % ақша төленіп отыратын. Қазір ондай жоқ. Айлығы шайлығынан аспайды. Алатының 150-170 мың теңге. Еңбек өтілі 25 жылдан асқандардың еңбекақысы 220-230 мың теңге маңайында. Пәтер жайлы айтса, еңірегеннен етегім жасқа толады. Мысалы, өзім 14 жыл пәтер жалдап тұрдым. 1995 жылы оқу орнын бітіріп,  Алматы қуыршақ театрына жұмысқа орналастым. 4-курста Серке Қожамқұлов атындағы арнайы стипендия алдым. 1500 теңге болатын. Ол кезде шәкіртақы 750 теңге, ал мен арнайы стипендиямен 1500 теңге алатынмын. Студент ретінде 1500 теңге шәкіртақы алып жүріп,  театрдан 1650 теңге айлық  алғанда таңқалғанымнан шалқамнан түстім. Жалпы, театрда айлықтан бұрын, бұл  салаға жан-тәнімен берілген жандар ғана қалады. Кейде күңкілдейміз. Өз басым театрдан 3 рет шыққан кісімін. Оны айтып отырған себебім, 2007 жылы осы өнер ордасын аштық қой. Өзің ашқаннан кейін, кіндігіңнен тараған балаң сияқты. Кейде жұмыс жағдайына байланысты әріптестеріңмен сөзге де келіп қаласың. Алайда, табалдырыққа  барған кезде театрыңды қимай қаласың. Мысалы, әріптестерім мамандығын сүйгендіктен осында жүр. Құралай Ешмұратова екеуміздің шәкіртіміз, қазіргі әріптесіміз Әбу-Самат деген баламыз бүгінгі таңда театрдың үздік актерлерінің бірі. Өзі төрт жыл бойы ақылы бөлімде оқыды. Кейде: «Төрт жыл ақылы оқыдым берген айлықтарың сол ма?»-деп бұрқан-талқан болады, сонда мен: «Ей, Әбу, сен алдыңдағы ағаң маған қарасайшы, мен де талай мәрте кетемін дедім, бірақ  райымнан қайттым»-деймін.

Бір қызық айта кетейін, Нұржан Ахметов деген інім бар. Сол 1997 жылы Алматы қуыршақ театрына келді. Жұмыстан шығамыз, сонда Нұржан: «Мен ертең жұмысқа келмеймін жолға төлейтін ақшам жоқ»,-деп міндетсініп тұратын. Оның демеушісі - мен. Бір күні көңілім соққанда: «Нұржан,  мынау ертеңгі жолақың»,- деп 100 теңге беретін едім. Арасында бермейтінмін. Інім ғой, ондайда мені іштей сөгіп, біраз жерге апарып тастайды екен. Қазір «Неге сол кезде сізге міндетсіндім»-деп күледі. Кейде өзіміздің бала-шағамызды ұмытамыз. Халықаралық балалар күні жұрт ұл-қызымен қыдырып жатқанда, біз: «Қоя тұрындар, кейін қыдырамыз, театрға барып спектакль ойнап келейік»-дейміз. Мереке күндері өзіміздің балаларымызға қарайлауға мүмкіндік болмайды. Кейде спектакль шықпай жатқан күндері біз демалыссыз жұмыс істейтінбіз. Оның бәрі мамандықты қадір тұтқаннан, жұмысқа деген адалдықтан. Екі қолға бір күрек табылады, бірақ театрды ештеңемен айырбастай алмаймыз. Осылай еңбек етіп жатқан барлық әріптестерімізге рахмет!

- Қуыршақ театрының түйткілді мәселелері оң шешімін тапсын дейміз. Енді алдағы жоба-жоспарларыңызға  тоқталып өтсеңіз?

- Алда «Сиқырлы сағат» жаңа жылдық қойылымын жоспарлап отырмыз. Келесі жылы екі жаңа спектакль  сахналау жоспарда тұр. Өзіме келетін болсам, келесі жылы 50 жасқа  толамын. Соған арнайы  тапсырыспен  Қуат Ежембекке жаздырған «Атамның өсиеті» ертегісін көрерменге ұсынбақпын.  

- Сұхбатыңызға рахмет!

Байланысты жаналықтар

«Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды»: Болат Әбділманов ер адамдарға үндеу жасады

20.11.2024

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

07.11.2024

Протезді көрсетпеу үшін ұзын белдемше киіп шықтым – Тамара Асар

29.10.2024

Танымал актер қатерлі ісікке шалдығуына қандай сусын әсер еткенін айтты

22.10.2024

"Энергетик іштім": Қатерлі ісікке шалдыққан Мұрат Бисембин бар сырын ақтарды

18.10.2024
MalimBlocks
«Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды»: Болат Әбділманов ер адамдарға үндеу жасады

Танымал актер «Жезтырнақ» фильмінің идеясын сынады

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

Биыл көрнекті режиссердің туғанына 85 жыл

Протезді көрсетпеу үшін ұзын белдемше киіп шықтым – Тамара Асар

Өнер иесі аяғына киген протездердің ауыр болғанын атап өтті

Танымал актер қатерлі ісікке шалдығуына қандай сусын әсер еткенін айтты

Актер 6 жылдан бері спортпен айналысып, арасында ашығып тұрған

"Энергетик іштім": Қатерлі ісікке шалдыққан Мұрат Бисембин бар сырын ақтарды