Сұраған Рахметұлы:  «Жағымпаздық дерті науқаншылдықтан шықты»

Қазақстанда әдебиетті, поэзияны өте жоғары деңгейде қолдайды. Соғұрлым науқаншылайды.

Malim Админ

  • 17.03.2022

 -    Сұраған аға, Елордаға, атамекенге біржола қоныс аударып жатыр екенсіз. Алғашқы әсеріңізді бөліссеңіз... Қаланы қалай қабылдадыңыз?

- Елордаға, Есіл бойына қоныс аударған жайымыз бар. Елге келу  бірнеше жыл бұрын жоспарда болған. Жағдайдың бәрі тұрғылықты жерде болғанмен, руханиятымыздың дені осы қалада өніп жатыр. Өзім елде, көңіл-күйім селде болды. Сосын ойлана келе көшетін болып шештім. Әсер деген әр адамда әр түрлі болады. Мен келгеннен бері қарай біраз оқиғалар болды. Мынау тәж тажал, әр түрлі дербес және саяси ахуал. Бұлардың барлығы үлкенді-кішілі түрлерімен адамзат басынан өткен оқиғалар. Әр түрлі дерт-дербес, қиын-қыстау жағдай, үлкен соғыстар. Егер соғыс болмаса бізде батырлар болмайтын еді, егер ұлт-азаттық көтерілістер орын алмаса күрескер ақындар, Махамбеттер болмас еді ғой. Сондықтан, бұл да бір тарихтың кішкентай болса да жаңғырығы. Қандай бір жерде азаматтық соғыстың үлкен-кішісі болмайды. 

- Дәл Қаңтар оқиғасы кезінде елге келдіңіз. Шат-шадыман  көңіл-күйіңіз су сепкендей басылып қалған жоқ па?

- «Мен ұрлыққа барғанда ай жарық болды» деген секілді бұрын мереке күндері   келгенде субұрқақтар атқылап, отшашулар атылып, салтанатты жиындар болып жататын болса, сырттан келгенде біртүрлі танкімен қоршалған қаланы көрдім, тұмылдырық киген әскерлер қарсы алды. Дегенмен де бұл тек қана бізде болып жатқан оқиға емес, дүние жүзін қамтып жатқан мәселе, саяси ахуалдың бір ұшы.  Мен үшін қиын жағдай емес, өзім әлемдік геосаясатты елдердің тарихнамаларын зерттейтін адаммын. Екіншіден, әлеуетті елдердің арасындағы әр түрлі қайшылықтарының себебіне байланысты жазамын. Қазақстан туралы да көп жаздым.  Сондықтан қалыпты жағдай ретінде қабылдадым. Жақсы әсерлер қалса екен деп ойлаймын. 

 

Көзқарасы қартайған жастар... Танымы зағиптенген қарт қаламгерлер...

 

-Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Жүздері  жалындаған аса талантты жас ақындар шықты әдебиет майданына. Солардың көш басында - Сұраған» деп жазғанын білетін едік. Қазіргі жас буын тек алдына ғана қарап, соңына көз салмайтын ақсақалдарды көп көрді. Көзқарастардың сәйкесе бермеуі де заңды шығар. Жас толқын қалыптасқан өлшемдерден шығып, ұйқассыз өлең жаза бастады. Байқауымызша, Сіз алпыстың асқарындағы ақсақалға айналсаңыз да өзіне етене санайтын жастар аз емес. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз?
-Қай уақытта да үлкен мен кішінің арасында қайшылық болмай тұрмайды. Ақсақал болған кезде «осы жастарды-ай!» деп айтатыны сияқты, жастардың да ақсақалдарға сын көзбен қарайтын жағдайы бар. Бүгінгі Тәуелсіздік кезіндегі жастарда ескі көзқарас пен жаңа көзқарастың қарама-қайшылығы кездеседі. Аға буынның өзіндік шекара-шегі бар, өмір сүрген дәуірі-кешегі қызыл дәуір. Социалисттік реализм, марксизм немесе совет әдебиеті. Мәскеуде М.Горький атындағы әдеби институты болды. Көп ақындар сонда барып оқыды. Орыс классиктері, аудармашыларын, батыстың ақын-жазушыларын алып келді. Бірақ олар сондай бір күшті деңгейде бере алған жоқ. Оларды орыстар жақсы оқығанымен, шеттегі біз сияқты бұратана халықтың ақын-жазушыларына қолжетімділігі аз еді, сондықтан әртүрлі  факторлар пайда болды. Социалистік қоғамның бір жүйесі-ақын- жазушыларды іріктеп алып, жоғары бағалады. Сыйлықты солар алады. Қара  теңізге солар барады дегендей. Олардан басқалары екінші деңгейдегі адамдар санатында көрінді. Жастар мен аға буынның арасындағы қайшылықтар осылайша жақсы деңгейге келген жоқ. Ағалар да жас болған, жастар да қартаяды. Жүйе екеуін екі бөлек көрсетеді. Көзқарас жағынан деп айта алмаймын. Көзқарасы су жаңа жастар бар, көзқарасы су жаңа қарттар бар. Көзқарасы қартайған жастар бар, көзқарасы зағиптенген қарттар бар. Бұл - трагедия. Трагедияның бетін тырнай беруге  болмайды, өйткені қарттарымыз ренжіп қалуы мүмкін, жастарымыз қарттық деңгейге барғанда өзінен-өзі ұялары анық. Жағдайдан  шығудың ең дұрыс жолы – сыйластық, береке-бірлік. Алпысқа келгеннен ақыл сұрап, жас пен аға буынның ара байланысын жақсы деңгейге көтеретін жақсы аура қалыптасса екен деймін.  Әдебиет турасында айтар болсақ, ақсақалдық, балаң шақ және де орта буын, осылардың арасында  белгілі деңгейде құбылыстар байқалады. Жас поэзия, кемелденген поэзия, қарт поэзия. Жастарға әрине күшпенен «аға буынды оқы, бұл алдыңдағы темірқазығың, артынан еруге тиіссің» деген талап қойылмау керек. Егер қойылатын болса қоғам жоқ деген сөз. Ол жерде көзқарас болмайды. Біздегі еркіндіктің «түрмесінде» қызмет ететін екі топ бар. Біріншісі- ақындар, екіншісі- жазушылар. Еркіндік бізге аса қиын жағдайда келді. Қан шықпады дегені болмаса бүгінге дейін тырнақшаның ішінде қанды майдандар болып жатыр. Қарттардың еңсесі түскен жағдай болуы мүмкін. Осылардың емі-әдебиет. Әдебиет- барлық қатерден құтқаратын тәңірдің сөзі. Ымнан, үннен басталып бүгінге дейін келген адамның поэтикалық санасындағы керемет құбылыстардың барлығы қоғамды қашан да реттеп келді. Өскелең жастарға өмір сыйлады, өткендерге екінші өмір берді.   Кей жағдайда жас ақындар жалындап келген кезде қарт ақындардың қалай да ауласына кіріп, құрметпен қарап кіруіне жол ашық. Немесе ешқашан қарамай өтуге құқылы бола тұра қазақ болмысында «қарттарды сыйлау» деген дәстүр бар. Сол дәстүрдің салмағы ауыр, сұрауы да қиын. Жастар қарттармен  ақылдасып, көзқарасымен санаспаса да көргенінен тәлім алу жағдайларын қарастырса деп ойлаймын. Менің өлеңдерімді көп жағдайда оқитын жастар барын білемін. Патша көңілімде «оқиды-ау» деген сезік бар.  Оқып жүрген жастарға оң ниетпен жақсылық тілеймін, оқымай жүрген жастар болса оқы деп айтпаймын. Ол талап емес. Өлеңді күшпен оқыта алмайсың. «Мені таңда, Абайдан кейінгі ақындардың ішінде мен бармын» деп айтуға болмайды. Бұл қате пікір. Оқығандарға да, оқымағандарға да, іздеп жүргендерге де, іздемегендерге де –алғыс. 

 

- Жеке шеберханаңызға абайсызда еніп кетіппін.  Өзіңізбен бетпе-бет келген кезде қандай сезімдерді бастан өткересіз?
- Ақындар көп жағдайда өзінің уысында, өзінің шеңберінде тұрады. Сол шеңбердің ішінде қанша ой, қанша сана, қанша философия, қанша дүние өмір сүреді. Ақын өзімен-өзі емес, өзінің ішіндегі болмыспен өмір сүреді. Өзіндік ой-санасымен тілдеседі. Тілдесудің нәтижесінде ақын фольклорист, философ, лирик. Көзі де сөзі де керемет бояудан тұратын дүние. Ақынның сыртқы имиджі мен ішкі санасын былайғы жұртшылық көріп, сонымен бой түзейді. Сол тақылеттес болсам деп ойлайды. Сол ақынның өлеңімен өмір сүрсем екен деп те топшылайды. Өкінішке орай, элиталы, атақты оқырмандарды туғыза алмадық. Ең қатерлі себебі- тілдік күрделілік. Мысалы, Жапонияда  тек жапон тілінде Башоны оқиды.Түркияда атақты түрік поэзиясының жеті кереметін түрік тілінде оқиды.Орыстар өз тілінде. Ал бізде өзге тілде оқитын «армия» бар. Сол «армия» бір кезде қазіргі жас буынды оқиды.  Мені оқымады деп қарауға болмайды. Қазіргі жастардың дәуірі өте қызық. Қазіргі жастар- Ұлы Тәуелсіздіктің авторы.Тәңірдің ең ғажайып құлы. Біздің бақытымыз-осы жастарды көріп өтетінімізде. Сондықтан, келешекте қазіргі жастарды көп оқиды. Тәуелсіздік- керемет мұң, ауыр өркениет, ғажайып трактаттар, таза лирика, ақ-қара өлеңдер. Қазіргі жастарда өте ауыр жүк бар. Жастар тоқырамайды. Қазіргі жастар ертеңгі әлем поэзиясына қарай келе жатыр. 

- Өткенде елге келген кезіңізде бір ғажап әңгіме айтқан едіңіз. Шетелдік жазушылардың Моңғолияға жиі келіп, әдеби мәжіліс құрып тұратыны жөнінде. Шетелдік қаламгерлер Тұманбай Молдағалиевтің  өлеңдеріне қызығушылық танытыпты... 
- Моңғолияда әлем әдебиетшілерінің халықаралық ұйымы бар. Соған жазушылар жиі келіп тұрады. Монғол поэзиясын қарайды. Шыңғысханға дейінгі және кейінгі дәуірді салыстырады. Қытай поэзиясының ерекшеліктерін Моңғол поэзиясымен салыстырады. Делегация сонымен қатар Қазақстан ақындарының поэзиясы туралы да сұрайды. Аударма туралы сөз болады. Қаның қайнап қазақ болып туғаннан кейін міндетті түрде өзіңнің қандастарыңның өлеңдерін әр жерінен үзіп-жұлып айтып бересің. Олар қазақтың кейбір керемет сөздеріне тоқталып, ойланып қалады. Мен шетелдік ақындарға ақын Тұманбай Молдағалиев жөнінде айттым. «Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып келеді Алматыға», «Көзімді жұмсам да көрем сені» деген өлең жолдарын мысалға келтірдім.  Сол уақытта олар таңғалыстарын жасырмады. Қалай сонда деп. Қазақ ақындарының образды ойлау жүйесі, сезімталдығы, лирикалық бояуы дегені қандай,ә! Осыны естіген олар ақынның аты-жөнін жазып алып, аударуға кірісетінін айтты. Бұл-ерекше типтік ой, батыс, шығыс, қытай, жапон әдебиеттерінде жоқ. 
Башоның 16 жол хайкуі бар. Солхайкудің  үш жолын қазақ сөзімен аударатын болсаң түсініксіз болуы мүмкін. Қазақтың сөзі басқаша. Үш жасар бала әкесінің киімін кигенмен бірдей. Қазақтың қара өлеңіндегі ерекше сурет, ырғақ бәрі әлемдік деңгейге жетпей жатыр. Қазақы қаймананың қара жүрегін жарып шыққан қара өлең. Екінші деңгей дегеніміз - осыдан 6-7 ғасыр бұрынғы атақты жыраулардың жырлары. Міне осылар әлемдік деңгейде аударылмай жатыр. Егер Доспамбет, Бұхар жырау, Шалкиіздер тәржімаланса дүние жүзіндегі ақын-жазушылар қазақ поэзиясына назар аударар еді.  Соған бару үшін бізге «қазақтың терезесін» берді. Ол терезеден сыртқа қарайтын қаншама көздер бар. Бір терезе болғанмен мың түрлі саңылау бар. Ақ өлең, қара өлең, соның ортасында әр түрлі ағымдарға сыйысатын әр түрлі ырғақ, лирика, эпос, философия. Өзінің шеңбері, өзінің кеңістігі қалыптасқан дүние. Тамыры үзілмеген отырықшы өркениеттің  саналы өнімдері. Қара өлеңнің ішінде «Дәйім менің мінгенім» деп бастайды. Қазір сол дәйім мінген аттарды санасаң жүз шақты аттың поэтикалық суретін сипаттап шығады. Өмірі таудың үстіне шығып көрмеген халықтар бар. Өмірі қарды көрмегендер де бар.  Біздің ақындардың өлеңдерінде төрт мезгіл бар.  

- Енді аударма саласына келсек, өзіңіз біраз шетелдік ақындардың өлеңдерін қазақша сөйлетіп жүрсіз. Аудармадағы олқылықтар мен ізденістер жөнінде айтсаңыз. 
- Жалпы аударма деген күрделі дүние. Роман, әңгіме, прозалық шығармалар жақсы аударылады. Поэзияны аудару өте қиын. Өлеңді тәржімалау үшін білім, білік керек. Қай елден аударасың сол елдің болмысын, сөздің иісін сезіну керек. Әйтпесе сәтті аударма шықпайды. Аударманы дамыту үшін оқырманмен санасу керек. Оқырманды «соқыр» деп өзіміздің аударманы тықпалай берсек, аударма өспейді. Оқырмандар аударманы жанр деп есептесе онда кешегі, бүгінгі, ертеңгідей жақсы аудару керек. Әсіресе өлеңді.  Аударған өлеңнің ең жақсысы елу пайызға жету керек. Төмен түссе онда ол аударма емес. Сәл жоғары болса ақынның ішкі жан дүниесінен туғаны деп түсінуге болады. Түркі тілдес халықтардың бір-біріне тілдері орайлас болғандықтан аударма жасау оңайырақ болады. Дүние жүзінде 1600 тілдің  700-і тіршілік етіп жатыр. Өлеңді 700 тілге аудару дегеніміз қандай қиын. Оның үстіне сөзі дала сияқты кең қазақтың өлеңін аудару өте күрделі болады. Сондықтан аударманы санамалай беру қиын, бірақ айтпауға болмайды. Мысалы, бір тілді ағылшынға аударады, ағылшыннан қазақшаға аударды. Ол ұзақ өмір сүрмейді. Поэзияны әлемдік деңгейге көтеру үшін мемлекеттік деңдейде саясат керек. Мұндай аударма ең үлкен сыйлық «Нобельге»  барады. «Нобель» комитеті аударма оқиды. Оқып жүрген деңгей бір деңгей болатын болса ертеңгі күні жоғары болады. Төмен деңгейде аударатын болса қолға алмаған дұрыс. Жақсы өлеңді қай жерден де тауып алып аударады. Мысалы, Қытайда Хайзы деген ақын болды.Өмірден өтіп кетті қазір. Бүгінгі күні сол ақынның өлеңдерін қолжазба ретінде адамдар алып оқып жүр. Күллі Қытай оқиды. Бір миллиардтан астам этникалық топ оқиды. 

 

-Қазақ аудармашылары өлеңді  көбіне еркін аудармаға салып тәржімалайды. Менің ойымша еркін аудармаға жүгіну деген- белгілі бір деңгейде ақынның түпнұсқаны игере алмауы сияқты. Игере алмаса да жақындауға болады ғой.
-Түпнұсқаны игеру деген әсіресе өлең аударатындар үшін мүмкін емес. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөз бар. Ұқсату керек. Мысалы, бір керемет өлеңді оқысаң қалай қазаққа жақындату керек дегенді ойлайсың. Абайдың аудармалары арқылы қазақ даласын басқа тілді елдер таныды. Ал қазіргі дәуірде аударуға оңтайлы. Мысалы, қазіргі ақынды аудару жеңіл, қытайдың ақынын аудару сәл күрделі, Абай қиындау, ары қарай Бұқарды аудару тіпті қиын болуы мүмкін. Машақатты шаруа. Аударма жасау жағынан дүние жүзінде француздар мен ағылшындар озық. Ағылшындар басқа елдің поэзиясын оқуға жол ашып отыр. 

 

-Әдебиет нарықтың талаптарына бейімделуі керек екенін заман дәлелдеп отыр. Бұл туралы айтқанда әдеби агенттер ойға оралады. 
-Біз жалпылама әдебиеттің ішінде жүрміз. Әдебиет қазақты қай жағынан да көрсететін жанр. Бахтиннің жанр туралы айтқан қағидаттары бар. Американың Оливен деген жанртанушы, әдебиеттанушысы бар. Еңбектерін оқысаң «жанрдағы дүние өмір сүре ме,менде бар ма?» деген мәселе туындайды. Синтаксистік, лирикалық дүниелерді қарап отырып ойланасың. Бахтин «жанр өмір сүреді, жоғалуы мүмкін, бірақ қайта жаңғырады» деген. Натюрморт жанры қайта оралып келеді. Новелла біздің қоғамға жақындап келе жатыр. Соның ішінде повесть өмір сүре ме? Көп жағдайда повесть өмір сүретін болса монороман, шағын романдарды не деп атаймыз? Керемет эпостар бар. Соңғы кезде пейзаж жазылмай жатыр. Пейзаж жазып жүрген ақындар бар ма? Жоқ. Ескірді. Санаулы ғана қалды.  Бір уақыт өткеннен кейін қайта жаңғыруы мүмкін. Тарихи романды алайық. Мәселен,  «Аласапыран». Бүгінгі күні оны тарихи деп айтуға бола ма? Біз айтамыз. Ал батыста деректі роман деп атайды. Осылардың бәрі нақтылану керек. Қыздардың өлеңдерінде ерекше сыңғыр бояу қалып, жалыныш басталды. Поэзияда мінез болу керек. Мысалы, элегия жанры жоғалып барады. Жастардың көбісі оданы көтеріп жатыр. Одашылдық дегеніміз поэзияның жауы. Даңғаза қиын дүние. Бұны сәл шегере тұрған жөн. 

 

Ода – қатерлі дүние

 

-Ода демекші әдебиетте осындай бір тенденция қалыптасып барады. Жағымпаз ақындар жиі сыналып та жатыр... 
-Жағымпаз ақындарды азайтатын екі жанр бар еді. Ж.Әбдіраш дамытқан эпиграмма жанры. Сосын пародия. Осы екеуі «төсек тартып» жатып қалғаннан кейін жағымпаздық етек алды. Мақтаудың жөні бір басқа. Ода деген қатерлі дүние. Ал жағымпаздық науқаншылдықтан шықты. Қазақстанда әдебиетті, поэзияны өте жоғары деңгейде қолдайды. Соғұрлым науқаншылайды. Алайда шын әдебиетті жоғары деңгейде жарнамалай алмай жатыр. Жапонияда ақынның шығармасын мемлекет өзі аударады, өзі әлемдік нарыққа жібереді. Өздері «Нобельге» ұсынады. Жапонияда жиырмадан аса «Нобель» сыйлығын алған ақын бар. Біздің хәл әзірге осындай болып тұр. 

 

-Жалпы, қаламгерлерді көбінесе бір шеңбердің ішіне салып қояды. Түрлі байқау, конкурстар белгілі бір тақырыптарға арналған. Мұның соңы қайта апарып соғады?  
-Жағымпаздық дегеннің бір үлгісі бар. Белгілі бір деңгейде өлең жазасың деп тапсырыс береді. Ақынмен, оқырманмен санаспай тапсырыс беру- мақтау жаз деген сөз.  Мақтау үшін қаламгер ақша алады. Соңында өлеңі өлең емес болып шығады. Қолдан келсе, науқаннан тысқары жүрген дұрыс.

Метапоэма, монопоэма деген бар. Ол жанр ретінде енді қабылданып келе жатыр. Айталық, нағыз поэзия деген қалай да поэма жазу емес. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған кезде ақыннан поэма сұрайды. Бұл нағыз содыр дүние.  Оқырманмен де поэзия әлемімен де санаспау. Мысалы, жапондық Башо 16 жол кайкумен дүниенің есінде қалды. Ли Байда тек қана өлеңдер. Менің ойымша, поэманың формасын әр түрлі етіп  өзгерту керек. «Сұлушаш», «Құлагер» поэмаларынан артық поэма өтпейді.  Олар өз дәуірін жырлады және өз дәуірімен кетті. 70-жылдардың ортасында өлеңмен төгіп тұрып роман жазғандар болды. Поэма - ерекше талантты, төзім, жауапкершілікті талап ететін дүние.  Қаламгерлеріміз драманың өзін өлеңмен жазып жатыр. Бұл енді жақсы дүние.

 

-Бізде поэмалардың көпшілігі жекелеген батырларға, нақты бір тұлғаларға арналған. Поэманың тақырыптық ауқымын өзгертетін уақыт жеткен шығар... 
-Бір адамның ғұмырнамасын қарасөзбен жазып, соны өлең қылып жібереді. Бұл науқаншылаудың ең сорлы түрі. Жан-жақты қарау керек. Осы да поэма ма? Әлде жанры басқа бола ма? Қай бағытта айта алады. Біраз ойлану керек. 

 

Мемлекеттік сыйлықты Исраил Сапарбай, Тұрсын Жұртбай мен Светқали Нұржанға беру керек 

 

-Дәстүр бойынша биыл елімізде мемлекеттік сыйлық  тағайындалды. Айтулы марапатты бұған дейін қаншама ақын-жазушы алды. Биылғы берілетін мемлекеттік сыйлыққа қай қаламгерлердің түскенін және алғанын қалар едіңіз?
-Мемлекеттік сыйлық деген –мемлекетке ақын-жазушылардың маңдайынан иіскету деген сөз ғой. Абыз ақсақал баланың маңдайынан сүйіп, батасын беріп, сәлемдеме ұстатады. Мемлекетке бетінен сүйгізу деген ол абырой. Қалам ұстаушылар мемлекеттік сыйлықты алғанша жаны қалмай ұмтылады, алғаннан кейін ұмытылады. Қазақстанда мемлекеттік сыйлықты берсе де, ақын-жазушының қанын ішіп барып береді. 80-жылдары Монғолияда өте көп өлең жазған бір ақын болды. Мемлекет басшысы оны кездесуге шақырады. Ақын өлең жаздыратын шығар деп ойлап барады. Екеуі сөйлесіп отырғанда сырттан журналистерді кіргізеді. «Сізде мемлекеттік сыйлық бар ма?» деп сұрайды мемлекет басшысы. «Жоқ» десе, «онда, сіз алыңыз» деп қолын алып, медальін кеудесіне тағып береді. Мемлекет өзі кімге беремін десе соған беретін сыйлық бұл. Том-том кітап жинап, көп қағаз жинап, бір тобы мақтап, бір тобы даттап, ең соңында көпке топырақ шашып ала алмай қалатын жағдайлар аз емес. Сондықтан мемлекет аталған сыйлыққа мемлекетшілдік көзбен қарау керек. 

Мысалы, Қазақстан Президентінің құзырында бәрі тұр. Қай жазушыға береді, қай жазушының алуына болмайды оған белгілі. Алақанында тұрған дүниені беру үшін қаншама адамды сүзгіден  өткізуге болмайды. Жеңілдетуге болады ғой. Трайбализмнің,  үкіметті мақтағанның керегі де жоқ. Лайықсыз адам мемлекеттік сыйлық алатын болса оқырмандар өзі бағасын айтады. 80 жастағы Исраил Сапарбай қандай керемет ақын, 70-тің асқарына шыққан, бір өзі бір академияның жұмысын атқарған ғалым Тұрсын Жұртбай неге алмайды, 60 жасқа келген Светқали Нұржан кімнен кем. Тыныштықбек Әбдікәкімұлының мемлекеттік сыйлықты алғаны дұрыс болды. Алуға тиісті адамдар солай алу керек. Гүлнар Салықбай алды, ол лайықты.

 

Ақындардың руына қарап бәйге береді

 

-«Досханға хат» деп жас қаламгерлерге арнаған лебізіңізді мақалаңыздан оқыдық.  Қазіргі жас буын жөнінде айтыңызшы. Бүгінде Досхан неге сізден бойын аулақ салып кетті?
-Досхан ол кезде жақсы әңгімелер жазды. «Квантын» оқып өте жақсы әсер алдым. «Досханға хат» деген Досханның айналасындағыларға жазылған. Біраз ақындарды атадық. Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева,Файзулла Төлтай, Құралай Омар, Сағыныш Намазшам, Алтыншапақ Хаутай, тағы басқалары бар.  Жас ақындардың қазіргі қозғалысы, әлемге, поэзияға деген көзқарасы мүлдем өзгеше. Гүлманат Әуелхан, Жақсылық Қазымұрат, Еділбек Дүйсен, Бауыржан Игілік, Жұлдызай Ысқақ, Саян Есжан, Арман Шеризат, Жарқынбек Амантай, Нұржан Қадырәлі, Шерхан Талап, Асылан Тілеген және өзге де қаламгерлердің шығармаларын оқып жүремін. Бүгінгі жас ақындарды оқу керек. Поэзияның деңгейі жастардың мінезінен көрініп тұрады. Жастар қорқатын дүние жоқ қазір. Алайда олар абай болуға тиіс үш дүние бар. Біріншіден, олар басқаға еліктеп кетпеу керек. Екіншіден, саясатқа кетіп қалмағаны абзал. Үшіншіден, тек қана өзінің ауылын, өзінің руын жырлайтын деңгейге түспеуі  керек. Бұл-қорқыныш. Қолда тұрған игілікке жете бергенде айырылып қалу деген сөз.  Қазіргі уақытта жазам дегенге барлық мүмкіндік бар. Қазіргі жастардың өлеңінде әр қилы бояу, керемет лирика, хош иіс аңқыған мұң бәрі-бәрі бар. Алты шумақ өлең жазсаң үш шумағы негізгі жан болады да қалған үш шумағы қосымша бояулар ғана. Ақын суретшілермен, қылқалам шеберлерімен байланысып тұрғаны жөн.

 

-Біздің ақындар мен суретшілер арасында аса тығыз байланыс жоқ секілді... 
-Байланыс жоқ. «Мәдениет» порталы мен Қарағанды әкімшілігі өткізген «Сөз бен сурет» байқауы  бір рет қана болды. Қаншама қабысқан, табысқан дүниелер. Бір кеменің үстінде келе жатқан суретші мен ақын екеуі бір-бірін танымады десе онда қазақ мәдениеті, қазақ өркениеті, қазақ өнері не болады?! Сондықтан суретші өлең оқу керек, ақын суретшінің сызғанын тани білу керек. Бірі сызатын, бірі жазатын суретші. Екеуі бірдей. Ақынның ой-санасы тұнып тұрған сурет.  Басқа ешкім көре алмайды. Оған суретші де жете алмауы мүмкін, жету үшін ақынның өлеңін оқу керек. Философия- тек ақынның өлеңдерінде ғана қалды. Жазба дүниелердің барлығы-бүгінгі оқудың қалдығы. Адамдар философияға қарамайды. Философия адамдардың ой-санасынан алыстап кетті. Ақынның ой-санасынан шыққан жалғыз ақық, мөлдір, кәусар ой өлеңінде ғана тұр. Соны теріп алса философияның өзегі сол болмақ.


-Жастардың көпшілігі аға буынның көңілінен шығу үшін комплексінен аса алмай жүреді. Сондықтан да олар жаңа дүние жаза алмай жүр. Жазса аға буынның ықыласынан ажырап қалатындай... 
-Ақындардың ең қатерлі комплексі осы. Біреуден ығып, біреуден қорқып, біреудің ық жағында жүріп, жел жағында жүріп қалай бас изеп өтіп кетем деп жүреді. Ол да құлдықтың бір түрі.   Шала туған ақындарды толықтыру үшін ақындар керек. Сол ақындардың өлеңдерін қарттар да оқып   мәз болу керек. Өлеңнен әсер алу керек, сол өлеңге жылау керек, сол өлеңге бата беру керек. "Ұнау" деген сөзді "жылау" деген сөзбен ауыстыру керек. Өлең оқып жатқан кезде залда жылап отырған адам таба алмайсың. Өйткені жан дүниесімен тыңдай алмайды. Екінші жағынан жанындағы адамдардан тартынып отырады. Ақындардың руына қарап бәйге беретін жағдай бар. Бұл нағыз қатерлі дүние. Қандас, оралман деген бір "ру" пайда болды. Сыйлықты, орынды үлестіріп жатқанда "мынау Арғын, мынау Найман, мынау оралман, бермесе болмайды" деп жатады. Әділетті жазылған өлеңге ешкім дау айтпау керек қой.

 

-Шығармашылық жұмыстарыңыз қалай жазылып жатыр? Баспаға дайындап жатқан жеті кітабыңыз жөнінде айтып берсеңіз.
-Қазір екі романым дайын тұр. Түрік ақындарының өлеңдерін аудардым. Монғолия ақынының «Құпия шежіренің» әлемдік деңгейде жазылған нұсқасын тәржімаладым. Анадолы жазбалары және бірнеше эсселерім бар. Эссе  деген қарапайым бола тұра шымыр дүние. Эссені жанр ретінде қарастыруға болады. Әзірге қолда бары – осы! 

-Сұхбатыңызға рақмет, аға!

Әңгімелескен: Олжас Қасым  
 

Байланысты жаналықтар

Ерлан Қарин: Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтары - идеологияның маңызды бағыты

23.10.2024

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері анықталды

23.10.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

06.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024
MalimBlocks
Ерлан Қарин: Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтары - идеологияның маңызды бағыты

Президенттің Атыраудағы отырыста айтқан идеологиялық тезистері нақты қадамдар мен бастамалар арқылы жүзеге асырылып жатыр

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері анықталды

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.