Тарихшы: Қазақтар туралы тың деректерді поляк оқымыстыларынан таптық
Поляктар өзінің тарихын сарматтармен байланыстырады
Тарихта қазақтың даңғайыр өлкесі мен оның өмір сүру дәстүріне көптеген халық өкілдері қызығушылық танытқаны белгілі. Солардың бірі – поляк ұлтының тұлғалары. 1246 жылы поляк жиһангезі әрі монах Бенедикттің италиан Джованний Карпинимен монғол империясына сапары кезінде Орталық Азияны басып, қазіргі орталық, шығыс Қазақстан жеріне саяхат жасағанын мұрағат деректері дәлелдейді. Тарихшылардың айтуына қарағанда, атақты Марко Поло Ұлы далаға одан отыз жыл кейін келген. Сол себептен де Бенеддикт пен Джовванний қазақ өлкесіне табаны тұңғыш тиген Еуропалық жиһанкездер саналады. Бенеддикт пен Карпини қазіргі заманғы қазақтардың арғы ата-бабаларының - орталық Азияның көшпенді халықтарының сара сүрлеулі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын айғақтайтын көптеген тарихи құнды жазба қалдырған. ХIХ ғасырдың 30 жылдары Қазақстан аумағына Патшалық Ресейден азаттық жолында билік диктатурасына қарсы болған саяси күрескерлер жер аударылды. Бұл – қазақ еліне отарлау шараларын жүргізбек болған Империяның бір әрекеті еді. Патшалық Ресей көптеген интеллигент өкілдерін жер аударып, оларды әр аймаққа қоныс аудартты.
Тарихшы, саясаттанушы Жандос Қарынбаев пен дипломат Марғұлан Баймұхан тағдырлас қазақ пен поляк ұлтының мәдени қарым-қатынастары жөнінде зерттеу жүргізіп, «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітап шығарған. Көлемді еңбекте ондаған тарихи тұлғаның өміріне қатысты мақалалар, мұрағаттық қолжазбалар, ғалымдардың шығармашылығы мен естеліктері, этнографиялық зерттеулерлердің өңделген нұсқасы топтастырылған. Мысалы, Адольф Янушкевич, Густав Зеленскийдің қазақ тұлғаларымен байланысы, Шоқанның ұстазы Карл Гутковскиймен ара-қатынасы басқа да тақырыптар жөнінде қызықты деректер бар. Malim.kz тілшісі кітап авторларының бірі Жандос Әуелбекұлымен сұхбат жасап, бұған дейін бізге белгісіз болып келген тарихи деректерді назарларыңызға ұсынып отыр.
- Жандос Әуелбекұлы, қазақ – поляк байланыстарының тарихы жөнінде ауқымды еңбегіңіз жарық көргені белгілі. Тағдыры ұқсас қос ел, олардың әйгілі тұлғалары арасындағы қарым-қатынастарды зерттеу қалай жүргізілді?
- Бұл еңбекті сол кездегі Қазақстанның Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұқанмен бірігіп жаздық. Ол Польша университетін бітірген. Сол елдің тарихын, тілін, мәдениетін, дәстүрін жақсы білетін азамат. 2018 жылы екеуміз жүздесіп, ой-пікіріміз бір жерден шықты. Марғұланның да жинап жүрген материалдары бар екен. Өзара күш біріктіріп кітап жазу туралы шешімге келдік. Бұл жинақты жазып шығуға үш жарым жыл уақыт кетті. Кітап «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» деп аталады. «Мұнда әйгілі жандардың арасында қандай байланыс болды?»,-деген сұраққа жауап беріледі. Тарихты жасайтын тұлғалар болғандықтан, олардың өміріне тереңірек үңілуді жөн санадық. 12 тараудан тұратын жинақтан қазақ-поляк байланыстарының тарихы біршама тереңдеу екенін аңғарасыз.
Ертеде еліміздің батысында, төменгі Еділ мен Жайық алабында сармат тайпасы өмір сүргені белгілі. Поляктар өзінің тарихын сол сарматтармен байланыстырады. Орта ғасырларда «Сарматизм» идеологиясы туды. Қазақ өз ішінде ақсүйек, қарасүйек деп бөлінгені мәлім. Поляктарда да ақсүйектер тобы бар. Ру ретінде қарастырылмайтын болуы керек, оларды шляхта деп атайды. Бұл патшалар тарапынан берілетін ақсүйектік титул. Сол шляхталар генеологиялық бастауын сарматтардан алады деген сенім бар. Сонымен қатар, ертеде әйгілі жиһанкез Плано Карпини Алтынордаға саяхат жасап келген. Карпинидің тобында Бенедикт Поляк (Бенедиктус Полонус) деген ғалым болыпты. Соның жазбаларында қазіргі қазақ жеріндегі өзен-көл, тау, жер атаулары туралы ақпараттар кездеседі. Ал бертіндегі ынтымақтастық Ресей империясы кезеңінен бастау алған.
- Кітап «Янушкевичтің арманы» деген тараумен басталған. Бұған дейін тұлғаның күнделіктері мен хаттары кітап болып шыққаны мәлім. Түпнұсқа кітабын оқығанда қандай да бір айырмашылық байқалды ма? Адольф қазақтың қандай тұлғаларымен жүздесіп, дидарласты. Тың мәліметтерді алдыға тарта отырсаңыз...
- Адольф Янушкевич 1856 жылы жылы еліне оралады. Өз өмірінің ширек ғасырын Сібір жерінде, қазақ даласында өткізген тұлға. Янушкевич туралы айтқанда біздің жекелеген азаматтар сауық-сайран құрып жүрген саяхатшы ретінде бейнелейтінін байқап қаламыз. Шын мәнісінде поляк перзенті тағдыры тақсыретпен өткен трагедиялық тұлға. Ол Польшаның тәуелсіздігі үшін қару алып, теңдік үшін шайқасқан. Көтеріліс барысында казактар оны қолына түсіріп, Сібірге жер аударған. Алдымен Тобылға, сосын Есіл өңірінде, кейін Омбыда болған. Янушкевичтің қазақ тілін терең меңгеруі, етене жақын тануы, халықтың дәстүрі мен тарихына бойлауы Омбы кезеңіне тиесілі. Қаладағы Сібір қазақтарының басқармасында қызмет етеді. Тұрғылықты халықпен жүзбе жүз кездесіп, пікірлеседі. Ол кезде қазіргідей емес, қазақтар өздерінің ана тілінен басқа тілді білмейтін. Ресей империясының шенеуніктері де елді билеу үшін қазақ тілін меңгеруге мәжбүр болды. Сол мақсатта Адольф Янушкевичті пайдаланған сәттер аз кездеспеді. Саяси күрескер қазақ даласында көрген-білгенін, түйгенін күнделігіне жазып отырды. Достарына, туған-туыстарына, әсіресе анасы мен бауырларына көбірек хат жолдап тұрды. Анасы Текла Янушкевичтің қолында 600-ден астам хат сақталған екен. Адольф еліне барған соң 1957 жылы туберкулез дертінен көз жұмғаны белгілі. Көзі тірісінде бауырлары күнделіктерін оқып, этнографиялық бағыттағы құнды еңбек екенін айтады. Кітап қылып шығарайық деген ұсынысына Янушкевичтің өзі қарсы болыпты. Көз жұмған соң оның жан досы, айдауда бірге болған поляктың көрнекті ақыны Густав Зеленский күнделіктер мен хаттарын алып, Парижде тұратын Устахи мен Роумальд деген бауырларына апарып берген. Олар сол жақтан Вильнус университетінде бірге оқыған танымал досы Феликс Вратновскийге өмірбаянын жазғызады. Кітаптың түпнұсқасында еңбектің жартысына жуығын тұлғаның өмірбаяны алып тұр. Қалған бөлігі хаттар мен естеліктерден құралған. 1861 жылы кітап баспа бетін көрген.
- Түпнұсқа деп қалдыңыз. Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» кітабы 1966 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің доценті Фаина Стеклованың аудармасымен шыққанын білеміз. 1979 жылы еңбек қазақ тілінде жарық көрді. Аударма кітаптарды түпнұсқамен салыстырғанда қандай да бір айырмашылық байқалды ма?
- Әрине. Түпнұсқадан оқысаңыз сол кезеңге еніп кеткендей күй кешеріңіз анық. Өз басым фильм көріп отырғандай әсер алдым. Кітап 19-ғасырдың алғашқы жартысындағы поляк тілінде жазылғандықтан архаизм сөздер көп ұшырасады. Француз, неміс, орыс сөздері жиі кездеседі. Еңбек аралас тілде жазылған.
Біздің оқырмандар поляк перзентінің қазақ дасындағы қызметін біледі. Бірақ оның жастық шағы, қалыптасу кезеңдерінен бейхабар. Арғы тегі, қандай ортада өсті, біз осы жағын тарқатып жазуға тырыстық. Янушкевичтің ақсүйектер тобынан, белгілі әулеттен екендігін көрсетуге күш салдық. Вильно университетінде Адам Мицкевич, Антони Одинец сияқты поляктың айтулы тұлғаларымен қатар оқығандығын ашып жаздық. Бұл еңбекті жазу барысындағы бір жаңалық – біз Янушкевичтің махаббаты Стефаниямен тығыз байланыста болғандығын оқырманға ұсындық. Алайда, екеуі үйленбеген. Янушкевичтің әкесінің інісі Украинаның батысында Каменск Подольский деген қалада тұрған. Оның перзенті болмағандықтан Адольфті бауырына басады. Жастық шағы сол жақта өтіп, университетті бітірген тұлға Стефаниямен кездесіп, көңіл жарастырған. Күрескер айдауда жүргенде де онымен хат алмасып тұрған. Мүмкін, Адольфтің бекзаттығы, мейірімділігі шығар, «қылмыскер» болып жүріп онымен қалай үйленемін деп алмасқан жүзігінен бас тартқан. Көп жағдайда сүргінде болған поляктардың көбі көңіл қосқан аруларын өзіне қарай алдыртқан.
- Кітапта Сүйік сұлтан туралы да қызық ақпараттар бар екен...
- Ғалым ретінде туындыдан дипломатиялық этикеттің сақталуын байқаймыз. Мәселен, Сүйік сұлтан таудан түсіп келе жатқанда қазақ әуені ойнап тұрғаны жазылады. Оның алдынан Виктор Ивашкевич шықты делінеді. Бұл дегеніңіз әр мемлекетке тән елшілік құрмет деп түсінеміз. Янушкевичтер болған экспедицияны Вишневский бастап келгені мәлім. Сол уақытта Сүйік сұлтанды лайықты деңгейде қарсы алғандығы ерекше екпін түсіре жазылады. Жинақта мынадай бір тың дерек ұшырасады. Ойжайлауда болған кезде қазақ сұлтандары бізге қарай келіп, бірге дастархандас болдық деген жолдар бар. «Бірақ, бізбен көп сөзге бара бермейді. Бәлкім жағымсыз әсер туғызбайын деген оймен жасайтын болар» деп келтіреді. Осы тұстан-ақ дипломатияның бір сипатын аңғарамыз. Көне күнделікте атақты Жанақ Сағындықұлы, Орынбай Байқожаұлы, Жазық Меңаяққызы сынды өнерпаздарымыз жөнінде кеңірек тарқатып жазады. Әсіресе маған Жазық Меңаяққызы жайындағы жолдары ерекше әсер етті. Сарыарқада, Жетісу мен еліміздің шығыс аймағына аты әйгілі ару туралы тебірене толғайды. Меңаяққызымен сұхбаттас болған екен. «Мен Жазықтай ешбір примадоннаны тыңдамаған сияқтымын, ерекше әсер алдым»,- дейді. Жүзі көркем, әнді де келістіре шырқайды деп сүйсінген. Әнші Янушкевичке «Құдай мені зағип қылып жаратты, бірақ дарын берді, өнер дарытты» деп айтқан. Осындай қаншама деректер қамтылған. Мақсатымыз – қазақтың атақты тұлғаларын поляктарға кеңінен таныту, ал поляктың көрнекті перзенттерін біздің оқырмандарға дәріптеу. Кітаптың толымды болып шығуы үшін айдауда бірге болған замандастарының да жазбаларын қолданып, солардың көзімен қарадық.
Жалғасы бар.