Ақтөбеде оқушылардың жаппай улануы: шаян таяқшаларының неден жасалғаны анықталмады
Қобда ауылында бүтін бір сыныптың оқушылары қытай тағамынан уланды

Ақтөбе облысында оқушылар жаппай уланған кептірілген шаян таяқшаларының құрамын санитар мамандар анықтай алмай отыр. Қауіпті тағамның неден жасалғаны әлі күнге дейін белгісіз. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Қобда ауылында бүтін бір сыныптың оқушылары қытай тағамынан уланған соң, мамандар химиялық және микробиологиялық зерттеулер жүргізген. Бірақ химиялық қауіпті элемент таппаған. Ішек ауруларын қоздыратын бактерия да жоқ болып шықты. Десе де қорапта болған шынымен шаян таяқшалары ма, әлде басқа ма, оны ешкім дөп басып айта алмайды. Қандай қоспа мен тұздық салынғанын да зертханада таба алмапты. Кептірілген шаян таяқшаларының сыртқы қорабында тек қытай тілінде жазылған. Құрамымен танысу таңбалары көрсетілмеген. Айта кетейік, дүкеннен қытай тамағын сатып алған он жасар қыз оны сыныптастарымен бөліп жемек болған. Бірақ дәмін татып көрген жеті бала мен жанында тұрған 16 оқушы иісінен уланып қалды. Бәрінің тынысы тарылып, жүрегі айныған. Қазір уланған оқушылар мектепке барып жүр.
Зерттеуде өнімнің Кеден одағының регламенті, талаптарына, таңбалануына сай емес екені анықталды. Атауы, құрамы, жарам мерзімі, сақтауы және қолдану шаралары, құндылығы мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілмеген, - деп түсіндірді Ақтөбе облысы санитария-эпидемилогияны бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.
Коллаж: NewTimes.kz