Қазақстанда кімдер аллергиядан тегін дәрі-дәрмек ала алады?
СҚ-Фармация Қазақстанда кімдер аллергиядан тегін дәрі-дәрмек ала алатынын айтты

СҚ-Фармация Қазақстанда кімдер аллергиядан тегін дәрі-дәрмек ала алатынын айтты, - деп хабарлайды Мalim.kz тілшісі.
Аллергияға қарсы тегін дәрі-дәрмектер бәріне бірдей қол жетімді емес – олар негізінен аллергиялық ринитпен ауыратын балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында беріледі.
Қазақстанда қанша адам есепте тұр?
Статистикаға сәйкес, әлем халқының 40%-ы аллергиялық аурулардан зардап шегеді, Қазақстанда 14 мыңға жуық адам есепте тұр. Біздің елімізде аурудың ауырлығына байланысты аллергодиагностиканың барлық түрі тегін медициналық қызметтер тізіміне енгізілген.
Қанша дәрі сатып алынған?
2025 жылға Бірыңғай дистрибьютор тізбесіне антигистаминдік препараттардың 9 атауы кіреді. Бүгінгі таңда 185,87 млн. теңге сомасына жалпы саны 7 545 347 дәрілік заттардың 8 атауы сатып алынды.
Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде республиканың медициналық ұйымдарына 3,59 млн. теңге сомаға жеткізу жүзеге асырылды. Осы атаулар бойынша стационарлық көмек көрсету үшін еліміздің медициналық мекемелеріне 48,01 млн. теңге сомасына жөнелту жүзеге асырылды.
Медициналық ұйымдарды үздіксіз дәрілік қамтамасыз ету мақсатында препараттарды дистрибуциялау кесте бойынша жүзеге асырылады, ал қорларды бақылау нақты уақыт режимінде ақпараттық жүйелер арқылы жүргізіледі.
Дәрігерлердің ұсыныстары:
• Антигистаминдерді алдын-ала бастаңыз, әсіресе маусымдық аллергиясы бар адамдар.
• Тиімді емдеуді таңдау үшін аллергия белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралыңыз.
• Алдын алу шараларын сақтау – аллергендермен байланыста болмау және желді ауа-райында қорғаныс маскаларын кию.
Еске салайық, СҚ-Фармация кез-келген маусымда азаматтардың денсаулығына ықпал ете отырып, халықты сапалы және уақтылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.
Фото: pixabay.com