Субұрқақта шомылу неліктен өте қауіпті?

Ыстық күндері балалардың қалалық субұрқақтарда су шашып ойнап жүргенін жиі көруге болады. Алайда олар бұл әрекеттің денсаулыққа елеулі зиян тигізуі мүмкін екенін түсіне бермейді. Субұрқақтарда шомылуға қатаң тыйым салынған, деп хабарлайды Malim.kz.
Астаналық құтқарушылар фонтандарда шомылудың қауіпті екенін еске салды.
«Механикалық жарақат алу қаупі жоғары: тегіс емес беттер, су ағындары, декоративті элементтер, сондай-ақ олардың ішіне орнатылған құбырлар мен сорғылар құлау мен жарақатқа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар көптеген субұрқақ жарықтандыру және басқа да электр жабдықтарымен жабдықталған, ал бұл тоқ соғу қаупін туындатады», - делінген хабарламада.
Сол себепті барлық субұрқақта шомылуға тыйым салынғанын білдіретін арнайы белгілер орнатылған.
Субұрқақтар – қаланы көріктендіру элементтері. Олар ауаны ылғалдандыруға және эстетикалық мақсаттарға арналған. Бұл құрылғыларда суды сүзгіден өткізу және тазалау жүйелері қарастырылмаған.
«Субұрқақтар қоғамдық орындарда орналасқандықтан, олардың суы тез ластанады: ішіне қоқыс, жапырақ, шаң-тозаң, жәндіктер түседі. Онда қаңғыбас жануарлар мен құстар да шомылуы мүмкін, ал олар түрлі инфекциялардың тасымалдаушысы. Су – вирустар мен бактериялар үшін қолайлы орта. Ал ауа температурасының жоғары болуы микроағзалардың тез көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан фонтанда шомылуға ғана емес, тіпті қолды немесе жеміс-жидекті жууға да болмайды. Мұндай әрекеттерді тек ауыз суға арналған арнайы орындарда ғана жасау керек», – деп ескертті Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев.
Зертханалық талдаулар көрсеткендей, мұндай суларда энтеро- және ротавирустар, ішек таяқшалары, сальмонеллалар мен шигеллалар (дизентерия қоздырғыштары) сияқты жедел ішек инфекцияларын қоздыратын патогенді микроағзалар болуы мүмкін. Әсіресе бауырды зақымдайтын және оның қызметіне ауыр нұқсан келтіретін А гепатиті вирусынан сақ болу керек.
Фото: istockphoto.com

Ең көп оқылған
