Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ерекше балалардың ата-аналарын тек дәлелді медицинаға сенуге және әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа ермеуге шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрлік мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «аутизмді толық емдеу», «псевдоаутизм» және басқа да шындыққа жанаспайтын теориялар туралы ақпараттар жиі таралып жатыр. Осыған байланысты қазақстандықтарға мұндай мәліметтерге сыни көзқараспен қарап, тек дәлелді медицинаға сенуді ұсынып отыр.
Ведомство түсіндіруінше, аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) - халықаралық медициналық қауымдастық мойындаған нейродаму ерекшелігі болып отыр.
«Аутизм “тәрбиенің нашарлығынан”, гаджеттерден немесе вакцинадан пайда болмайды. Бүгінде аутизмді “тез әрі толық емдейтін” ғылыми дәлелденген әдіс жоқ. Ғажайып терапиялар, күмәнді препараттар мен псевдоғылыми тәсілдер туралы уәделер отбасыларды адастырып қана қоймай, кәсіби көмек алуға қажет қымбат уақытты жоғалтуы мүмкін. Бала үшін ең маңыздысы - ерте анықтау, уақытылы түзету көмегі, мамандардың қолдауы және отбасының қатысуы. Балалардың денсаулығы - хайп, манипуляция және жалған сенсация тақырыбы емес», - деп мәлімдеді министрлік.