freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Дұшпаныма да тілемес едім..." – Мұхтар Шаханов туралы ел естімеген шындық мәлім болды (ВИДЕО)

Қоғам
"Дұшпаныма да тілемес едім..." – Мұхтар Шаханов туралы ел естімеген шындық мәлім болды (ВИДЕО)
ашық дереккөзден. Суретте: Мұхтар Шаханов

Тарихшы әрі қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші ақын Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында Мұхтар Шахановтың тағдыры аса күрделі болғанын айтып, оның өмір жолын оңай болмағанын жеткізді.

"Құдай Мұхтар Шахановқа үйіп-төгіп бақ та, сор да берген. Ол кісінің өмір жолын сырттай көп адам білгенімен, қасында жүрген адам ретінде айтарым – ондай тағдырды дұшпаныма да тілемес едім. Туғаннан соңғы демі шыққанша бүкіл өмірі арпалыспен өтті", – деді ол.

Сонымен қатар қоғам белсендісі ақынның жерлеу рәсімі де қызу талқылаумен өткенін атап өтті. Алғашында Алматыдағы Кеңсай зираты қарастырылса, кейін туған жері Отырарға жерлеу туралы шешім қабылданған.

"Басында Кеңсайда жерлейтін болды. Кейін Отырарға қоятын болды. Өмір жолы қандай болса, жерлеуі де сондай айқай-шумен өтті", – деді қоғам белсендісі.

Жұмамұрат Шәмші Мұхтар Шахановтың шығармашылығына жоғары баға беріп, оның поэзиясының өзіндік ерекшелігін ерекше атап өтті.

"Мұқаңның поэзиясына ғашықпын. Ешкімге ұқсамайтын өз жолы бар. Оны мойындау керек. Шығармашылығына сөз жоқ, өлеңдері інжу-маржан. Бірақ ол да пенде, кемшіліксіз адам болмайды", – деді Жұмамұрат Шәмші.

Айта кетейік, Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақынның соңғы аманаты орындалып, ол туған жері – Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесі маңына жерленді.

Сондай-ақ танымал блогер Қайша Керей әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың абыз ақсақалы Мұхтар Шахановтың өмірінің соңғы сәттерінен түсірілген бейнемен бөлісіп, әсерлі жазба жариялаған еді. Сонымен қатар Мұхтар Шаханов көзі тірісінде қоғамдағы шындықты айту жолындағы күресі мен бастан өткерген қиындықтары туралы ашық пікір білдірген еді.

Мұхтар Шаханов туралы

Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Ол журналистика мен әдебиет саласында еңбек етіп, "Жалын" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар КСРО және Қазақстан Парламентінде депутат болып, 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.

Ақынның шығармашылығы қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Оның поэзиясы философиялық тереңдігімен, азаматтық үнінің айқындығымен және ұлттық рухымен ерекшеленеді. Мұхтар Шаханов көптеген халықаралық және мемлекеттік марапаттарға ие болып, түркі әлемінде кеңінен танылған тұлғаға айналды.

Ақынның жарқын бейнесі, қайсар мінезі мен елге сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу