Президент Зайсан мен Қатонқарағайда туризмді дамытуды тапсырды
Мемлекет басшысы осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек дейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі әуе маршруттарын және әуежайлардың инфрақұрылымын дамытуға мұқият қарауды тапсырды. Оның ішінде Шығыстағы Қатонқарағай, Зайсан өңірлерінің туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет екеніне назар аудартты.
Мемлекет басшысы осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек дейді.
– Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет. Жыл сайын Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек. Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шығыс Қазақстанда осы саланың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген мамандар Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірді.
Ішкі туризм саласының сарапшысы әрі «Атамекен» ҰКП ШҚО туризм кеңесінің мүшесі Сымбат Рамазановтың айтуынша, туристік индустрия саласында жүрген кәсіпкерлерге дәл қазір мықты қолдау қажет.
- Президент биыл еліміздегі ішкі туризмді дамыту бойынша алқалы жиын өткізіп, туристік саланың маңыздылығын атап өткен болатын. Ал бүгінгі Жолдауында Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай мен Зайсан аудандарының туристік әлеуетін арттыру керектігін айтты. Катонқарағай - шығыстағы брендке айналған мекен. Жыл сайын Мұзтау мен Рахман қайнары, Қаракөлдің тылсым табиғатын аңсап келетін туристердің саны артып келеді. Катонқарағайдың өзінде бірнеше туристік бағыт бар. Олар экологиялық туризм, маралдың мүйізі қолданылатын емдік-сауықтыру туризмі, Берел қорымдарындағы археологиялық туризм, балық аулау тағы бар. Осының барлығына жету үшін, Президент айтқандай, сапасы жоғары жол инфрақұрылымдары қажет.
Сымбат Рамазанов Зайсан ауданының туристік әлеуеті де Катонқарағайдан кем түспейтінін айтып отыр. Зайсанның ең ұтымды жері - Қытаймен шекаралас. Қазір екі ел арасындағы визасыз режим ашылғалы Қазақстанға келетін қытайлық туристердің саны анағұрлым артты. Олардың барлығы «Майқапшағай» бекеті арқылы өтіп, Зайсан қаласына келеді.
- Мен өзім Зайсан арқылы Қытайдың Жеменей, Бейтун қалаларында бірнеше рет болдым. Ол жақтың инфрақұрылымы мен туристік нысандарын салыстыруға келмейді. Біздің қолымыздан да келеді, тек үкімет тарапынан туристік индустрия саласында жүрген кәсіпкерлерге дәл қазір мықты қолдау қажет, - дейді сала сарапшысы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Катонқарағай ауданындағы Патшалар жазығында елімізде баламасы жоқ ашық аспан астындағы мұражай ашылған болатын. Берел қорғандарына келушілер жер астына түсіп, құнды археологиялық қазбаларды жақыннан көре алады. Сақ бабаларымыз жерленген мекенді көруге келетін жұрттың қатары қалың, сондықтан Патшалар жазығы ала жаздай адам аяғынан арылмайды. «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Алмас Сарбасовтың сөзінше, жылына 11 мың туристке дейін келеді.
- Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауын тыңдадық. Бұл Жолдауда өзіміздің жерімізге тікелей айтатын болсақ, Катонқарағайда әуежай салу, инфрақұрылымды дамыту туралы тұсы көңілге аса қонды. Біз туристік аймақта орналасқандықтан, жақсы бір әуежай қажет-ақ. Өйткені жылдан жылға туризмнің дамып жатқанын өзіміз көріп отырмыз. Туристердің саны да көбейіп келеді. Ұшақпен қатынас іске қосылса, туристердің саны бұдан да екі есе артып кетеді деп сенімді айтуға болады. Себебі көлікке қарағанда ұшақпен жылдам келіп-кете алады. Бұл жергілікті халыққа да тиімді болар еді. Әуе қатынасы дамыса, адамдар келушілерге такси қызметін де ұсына алады, - дейді Алмас Тілеужанұлы.
Ел Президенті Жолдауда биыл 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатқанын, алдағы уақытта бағдарламаның ауқымы кеңейіп, тағы 10 мың шақырым жол қамтылатыны жайлы да айтқан болатын.
– 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алмас Сарбасов жол мәселесінің де туризмді дамытуда маңызы зор екенін айтып отыр.
- Президенттің жол мәселесіне қатысты айтқаны да жақсы болды. Облысаралық, ауданаралық жолдардың 10 мың шақырымға дейін жеткіземіз деп жатыр ғой. Бұл өте жақсы жаңалық, туризмді дамытуға үлкен үлес. Туризм үшін ұшақ қажет дедік қой, сапалы жол – одан да қажет дүние, - дейді ол.
Қазір аймақ тұрғындары туристік операторлық қызметті қолға алып жатыр. Осы салада өзінің шағын кәсібін бастап, туристерді өңірдің табиғатымен, тарихымен таныстырып жүргендердің бірі – Дарын Нұрсапаров. Ол да Мемлекет басшысының Жолдауындағы туризмге қатысты айтылған ұсыныстарға риза екенін жеткізді.
- Жолдаудың көңіліме ерекше қонған жері осы туризм саласы болды. Өзім де осы тақырып жайлы айтыла ма екен деп күтіп отырған едім. Президенттің Катонқарағайдың атын атап тұрып, шағын авиацияны дамыту мәселесін көтергені тегін емес деп ойлаймын. Бұл дәл қазір ауадай қажет. Катонқарағай – таулы жер, сондықтан оған жету қиын, шыны керек, жолы да нашар. Жолдар да жөнделеді деп айтылды ғой. Осының барлығы жақсы әсерін тигізеді деген сенімдемін. Мысалы, Марқакөл жақтан Ескі Аустрия жолын асып өтетін асфальт жол салынса деген бұрыннан бергі арманым бар. Қазір Қанасқа қарай трансшекаралық туризмді дамыту мәселесі айтылып жатыр ғой. Сол Ескі Аустрия жолы қолға алынса, ол да бір Алтайдың інжу маржанына айналар еді. Бұл жолдың Марқакөлде туризмді ілгерілетуге оң әсер ететіні сөзсіз, - дейді ол.
Дарын Нұрсапаров шағын авиацияны дамыту мәселесі Президенттің тапсырмасымен жылдам қолға алынса, Катонқарағай жақын арада әлемдік деңгейдегі брендке айналатынына сенімді.
- Аймақ билігі осы бағыттағы жұмыстарды жылдамдатса деймін. Жалпы шағын авиация, әуежай мәселесі бұрыннан айтылып келе жатқан. Он жылдан асып кетті десе болады. Дегенмен, оның жүзеге асатынына сенім аз еді. Енді Мемлекет басшысы Жолдауда мәселе етіп көтерген соң, үміт пайда болды. Өйткені Президенттің Жолдауында айтылғанның бәрі қазір іс жүзінде орындалып жатыр, - деді Дарын Нұрсапаров.
Жергілікті туризмді өзіндік ерекше тәсілмен гастрономиялық туризм бағытында дамытып жүрген белгілі кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровтың айтуынша, ішкі әуе маршруттары Шығыс Қазақстанға аса қажет.
- Мемлекет басшысының Жолдауда курорттық, яғни туристік аймақтар болып саналатын Катонқарағай мен Зайсан өңірлерін атап өткені көңілімізге аса қонымды болды. Осы екі ауданның әуе бекеттік және әуежайлық мүмкіндіктерін дамыту мәселесін қос қолдап қолдаймыз. Сонымен қатар туристердің көбеюіне байланысты, аймақта экологиялық қауіпсіздікке де көңіл бөлінсе дейміз. Бізге осы аудандарда санитарлық полиция құру керек. Сондай-ақ дәретхана мен санитарлық зонамен қамтамасыз ету де - өзекті мәселе. Қоқысты жинау, шығару және жою жұмыстарына да бюджеттен қаражат бөлінсе. Өйткені турист көбейген сайын бұл да өзектілене түседі, - дейді Мұхтар Серікұлы.
Аймақта туризм саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандардың бірі саналатын кәсіпкер әуежай салумен қатар жергілікті халықтың туристік сауатын ашу қажет деп есептейді. Ол үшін мектеп қабырғасынан туристік үйірмелер ашып, адамдарды арнайы курстардан өткізу керек дейді. Бұл әсіресе Катонқарағай мен Зайсан аудандарында қолға алынуға тиіс.
Халықаралық стандарттағы туроператор Олжас Шәріпбек те Жолдауға қатысты өз ойымен бөлісті.
- Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан біз үшін, яғни туризм саласында жүрген кәсіпкерлер үшін өте жағымды жаңалық естідік. Бұл – Катонқарағай, Зайсанның туристік әл-ауқатын жақсарту. «Үйге келген қонақ ауладан бастап сынайды» дейді ғой. Көрші мемлекеттерден туристерді кіргізу үшін ең алдымен инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Ол дегеніміз – ең бірінші кезекте жол және жол бойындағы сервис, яғни таза әжетханалар, дәмді тамақ істеп беретін дәмханалар, қонақүйлер. Бізде бұл жағында біраз мәселелер бар. Сондықтан бірінші кезекте ифрақұрылымды қолға алсақ, кәсіптің түр-түрі дамиды. Одан кейін шекаралық аудандарға туризм саласында арнайы жобалар жасалып, кәсіп көздеріне жеңілдікпен несиелер берілсе. Сонда турагенттердің жұмысы да жеңілдеп, жергілікті жерде экономикалық өсім де байқалады, - деді Олжас Шәріпбек.
Айта кетсек, Шығыс Қазақстан – еліміздегі туристік әлеуеті жоғары облыс. Өр Алтайдың төсінде орын тепкен өңір әсем табиғатымен, тарихи-танымдық мұражайларымен, сауықтыру кешендерімен, тау-шаңғы курорттарымен, демалыс базаларымен танымал. Мұнда демалушылар үшін кең мүмкіндіктер ұсынылады. Туристік нысандар да алуан түрлі, қысқы да, жазғы да туризмді дамытуға болады. Аймақта үш шипажай, 19 пантотерапия, төрт тау шаңғысы курорты, 84 қонақ үй мен 230 демалыс базасы, барлығы 20 051 төсек-орынға шақталған 340 туристік нысан бар.
Облыс орталығы – Өскемен қаласы да көлік және сауда жолдарының торабында орналасқан. Сондықтан ертеректе бұл шаһарды «Таулы Алтайдың қақпасы» деп те атаған.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста туристік көрсеткіштер жыл сайын артып келеді. Өткен жылдың тоғыз айында аймақтағы туристік нысандардың қызметіне еліміздің 281 мың азаматы жүгінген, көрсеткіш 14 пайызға өсті. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанға келіп-қайтқан шетелдік туристер саны да артып отыр. Үш тоқсан қорытындысы бойынша шетелден келген туристер есебі 15 мыңға дейін жеткен, өсім 17 пайызды құрады.
Фото: Altainews.kz