Алматы туризм ошағына айнала алмай отыр

Алматының фотолары туристік буклеттерде әдетте ұшар құс биігінен келтіріледі. Ол түсінікті де: адам бойының биігінен көрінетін келбеті қалмай барады.
Алмалы қала өзінің дәстүрлі түрде мықты жерлерін әдейі балталап жатқандай. Мысалы, United Research Technologies Group жүргізген сауалнамада қазақстандықтардың 33.3 пайызы өзі үшін Алматының ең алдымен – тау екенін, 25.2 пайызы - алма екенін, 21 пайызы - «Медеу» мұз айдыны екенін айтқан. Дәл сол уақытта, бұл тек жарнама мен әдебиеттен қалыптасқан ассоциация ғана болуы мүмкін. Себебі, үздік үштікте аталған нысандар қазір қаламен үйлесіп тұрған жоқ.
Ең басты кінәні - «жабайы құрылысқа» артуға болады. Ғимараттардың тығыздығы барған сайын қала кеңістігін тарылтып қоймай, тау пейзажын қалқалай түсуде. Алматы қазір - «табиғат аясындағы, тау ішіндегі сағым қала» емес. Бұл мәселеге ақыры мемлекет басшысының өзі назар аударуға мәжбүр болды. 3 маусым күні Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуі кезінде, қаланың бас жоспарына тау бөктеріне құрылыс салудың алдын алу шараларын тез арада енгізуді тікелей жүктеді. Ресми тілден аударсақ, бұл – Президент әкімге тау бөктеріне құрылыс салуға тікелей тыйым салды деген сөз. Туризм менеджері, кәсіпкер Кеңес Мадалимов Алматы қаласының туристік инфраструктурасы барған сайын оңайлаудың орнына күрделеніп бара жатқанын айтады.
- БАҚ беттерінде де жиі айтылып жүр. Турист, қаланың табалдырығы – аэропортты аттай сала көңілі түседі. Лас әжетханалар, мазаны алатын таксистер, тағысы тағылар. Соңғы кездері өз азаматтарымыз да Алматыға тек транзиттік қала ретінде келетіні байқалады. Менің өз бажайлауымша, Алматы деп келгеннен, Ыстықкөлге өтіп кетуге келетіндер көп. Шетелдіктер де, бір-екі күн аялдаған соң, Ташкентке кетуге тырысады.
Маманның айтуынша, қаланың тығыздығы да еркін серуенге қолайлы емес. Бейберекет көлік кептелісі туристің кез келген жоспарын быт-шыт қылады. Алматы туристік аймақтарға ғана мән беріп, қаланың өзі оның бөлшегі ретінде қаралмайтыны да жиі сынға ұшырап жүр.
Басты мәселе - құмырсқа илеуі іспетті тұрғын үйлердің бейберекет салынуы. Жақында болған жанжал осының көп көріністерінің бірі. 2 шілде күні Мәжіліс депутаты Пономарев, Алматыдағы RAMS компаниясы «Алматы парк» жобасын іске асырып жатқанын және «Сейфуллин мен Тимирязев қиылысындағы кішкентай жер телімінде құрылыс салушы бес 10 қабатты ғимараттың ортасында 40 қабатты VIP-человейник салуды жоспарлап отырғанын» хабарлаған болатын. Оған жауап ретінде Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы тоғыз қабат пен 35 метрден биік ғимараттар салуға тыйым салынған ауданда 40 қабатты тұрғын үй кешенін – «VIP-человейник» деп аталатын нысанды салуға рұқсат беруге болатынын жарялады. Депутат ең алдымен - Президенттің нүктелі құрылыстарға тыйым салғанын еске салған болатын. Алайда қала шенеуніктері бұл құрылысты салар алдында қоғамдық тыңдаулар болмағанын бірнеше күннен кейін барып мойындады. Алматы елдің ең бай қаласы ретінде бизнес көзі ретінде талас тудыратыны жасырын емес. Бұған тек қуануға болар еді. Бірақ ондаған жыл бойы қаланың сәулеті мен жер телімдерін меншіктеу саласы сыбайлас жемқорлық, рейдерлік басқыншылық сияқты жанжалдардан көз ашпай келеді. Дәл сол уақытта, Алматы қаласы әлемдік жиһанкездердің арасында Өзбекстанға өтіп кететін транзиттік мекен рөлінде көбірек танылып жатыр.
Туризм маманы Кеңес Мадалимовтың айтуынша, көп туристер үшін Алматы қаласы Өзбекстанға «палау-турға» бара жатқандар үшін бір қонып кететін жер ғана. Ақшаны 2 күн немесе одан көп аялдайтын туристер ғана көп қалдыратынын ескерсек, бұл орасан зор шығын дейді ол. Маманның айтуынша, Алматының таудағы туристік нысандары жаппай келетін туристер үшін тым қымбат.
Фото: t-j.ru

Ең көп оқылған
